Сәрсенбі, 5 Қазан, 2022

Әйелдердің зейнет жасы қайта қарала ма?

Әйелдердің зейнет жасы төмендеуі мүмкін. Талайдан бері қоғам талқысына түсіп, көптің көкейтесті мәселесіне айналған тақырып қайта қаралмақ деп хабарлады turkystan.kz «Хабар 24» арнасына сілтеме жасап.

Бүгін мүдделі топ пен сала басшылары кездесіп, бір тоқтамға келді. Енді жыл сайын көтеріліп отырған зейнет жасы осы күйде уақытша тоқтап, 58 жастан лайықты демалысқа шығу мүмкіндігі қаралады.

Елімізде егде жастағы әйелдердің зейнетке шығу жасын төмендету соңғы кездері жиі көтеріліп жүр. Осы мәселе төңірегінде түрлі тартысқа куә болып келеміз. Әр тарап арқанды өз жағына тартады. Бірі ала қап асынған аналар зейнетке 58 жастан шықсын десе, енді бірі «қордың түбі көрінді» деп қордаланған мәселені қаз-қалпында қалдыруды құптап жүр. Арнайы қозғалыс та құрылды. Түптің түбінде, сол қозғалыс мүшелері бүгін сала басшыларымен кездесті.

«Бастамашыл топтың ұсынысы қабылданды, енді бірігіп жұмыс істейтін боламыз. Қазір 60,5 жастан зейнетке шығып жатыр. Ал 2023 жылдың 1 қаңтарынан бастап 61 жастан шығатын болады. Жыл сайын жарты жылға көбейіп отыратын болады. Осы бастамашыл топтың ұсынысы бұл жасты уақытша тоқтату», – деді Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-минстрі Назгүл Сағындықова.

Қозғалыс мүшелері «зейнет жасын уақытша тоқтатудың өзі жартылай жеңіс» дейді. Енді белсенділер әйелдердің 58 жастан бастап өз еркімен зейнетке шығу мүмкіндігі үшін күреспек. Яғни жасы жеткен әйел зейнетке шығу-шықпауын өзі таңдауға мүмкіндік тууы мүмкін.

«58 жасты бір уақытта тоқтатпайтынын бәріміз біліп отырмыз.  63 жастан 58-ге түсіру деген қиын. Қазіргі 60 жарымды тоқтатып жіберіңіз. Содан кейін 58 жастан бастап мүмкіндік беруді талап етудеміз», – деді  белсенді Жанар Жібегенова.

Сонымен арнайы құрылған жұмыс тобы мәселені белсенділермен бірге жан-жақты қарайтын болып келісті. Алғашқы шешімдер жаз аяғына дейін шығуы тиіс. Жалпы, жұмыс жылдың соңында қорытындыланады.

Ұқсас жаңалықтар

Back to top button