Мәжіліс депутаттары Ақтөбедегі көпқабатты үйлердің құрылысымен танысты

Мәжіліс депутаттары Ақтөбедегі көпқабатты үйлердің құрылысымен танысты

Мәжіліс депутаттары Ақтөбедегі көпқабатты үйлердің құрылысымен танысты
ашық дереккөзі

Мәжіліс депутаттары, «AMANAT» партиясы фракциясының мүшелері Сергей Симонов, Аманғали Бердалин және Ғалымжан Елеуов партияның Жол картасы аясында Ақтөбеде салынып жатқан көп қабатты үйлердің құрылысы алаңында болды.

Құрылыспен танысу барысында мәжілісмендер құрылыс сапасын, жұмыс қарқынын бағадап, қаражатты игеру мәселелерін талқылады.

Айта кетсек, қазір Нұр-Ақтөбе шағын ауданында 1425 пәтерлі 11 көпқабатты үй салынуда. Жергілікті мердігер « Ақтөбе Сәулет» ЖШС 9 қабатты бес панельді үйдің құрылысын қолға алды. Құрылыс жұмыстарын биыл аяқтау жоспарланып отыр. Жалпы биыл облыс бойынша 1 миллион 200 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға беріледі.

Өзекті мәселелерді талқылау барысында Мәжіліс депутаттары құрылыс қарқынына құрылыс материалдарының қымбаттауы әсер ететінін атап өтті.

Атап айтқанда, Аманғали Бердалин осыған байланысты жыл сайын шығындар коэффициентін арттыру қажеттігі туындайтынын хабарлады. Депутаттың айтуынша, құрылыста пайдаланылатын жергілікті құрылыс материалдары халықты қолжетімді тұрғын үймен қамтамасыз етудің бір тәсілі болуы тиіс.

«Үкімет құрылыс қарқынын өткен жылдар деңгейінде ұстап тұру үшін қолдан келгеннің бәрін жасауда. Бұл үшін құрылыс салушыларға қажетті жағдайлар жасалуда. Құрылыс материалдары бағасының өсуін ескере отырып, сметаларға түзету жүргізіледі. Өткен жылдан бері тоқтап тұрған нысандар мәселесі бақылауда тұр. Олар бойынша сараптама жүргізіледі. Сметаларды түзетуді ескере отырып, бұл нысандардың құрылысы қаржыландырылады»,- деді Сергей Симонов.

Мәжіліс депутаттары бұған дейін Ойыл, Байғанин, Мәртөк аудандарында халықпен кездесулер өткізіп, жергілікті жерлердегі ахуалмен танысқанын айтты. Олар тұрғындар көтерген маңызды мәселелерін зерттеп, жүйелеп, Үкіметпен бірлесіп шешетін болады.

«Біз аудан тұрғындарымен, қоғамдық пікір көшбасшыларымен, көпбалалы аналар мен жастармен кездестік. Кездесу қорытындысы бойынша және әрі қарай жалғасқан қоғамдық қабылдауларда ауыл шаруашылығы мәселелері, әсіресе, тері, жүн және ет экспортын дамытуға бағытталған, малды егу және мемлекеттік бағдарламаларға қатысты мәселелердің өткірлігі байқалды. Көтерілген мәселелер өте өзекті және жергілікті атқарушы органдар, орталық мемлекеттік органдар мен депутаттар тарапынан да ерекше назар аударуды талап етеді деп ойлаймын. Сұрақтарды жеке бақылауға алдым», - деді Ғалымжан Елеуов.

Айта кетсек, 14 шілдеге дейін депутаттар Хромтау, Әйтеке би ауданы халқымен кездеседі.