Жасөспірімдер арасында «Елорда кубогі» футбол фестивалі өтті

Жасөспірімдер арасында «Елорда кубогі» футбол фестивалі өтті

Жасөспірімдер арасында «Елорда кубогі» футбол фестивалі өтті
ашық дереккөзі
Нұр-Сұлтанда 2012, 2013 жылы туған жасөспірімдер арасында «Елорда кубогі» қалалық ашық футбол фестивалі өтті деп хабарлады turkystan.kz. Футбол фестивалінің ашылу салтанатына  қалалық Спорт басқармасының басшысы С.Жылқыбаев, Нұр-Сұлтан қаласы Футбол федерациясының президенті Д.Лория, №8 БЖМОРСМ басшысы Д.Курамаев және  футболдан Қазақстан ұлттық құрамасының ойыншылары қатысты. Өз кезегінде жарысқа қатысушылар фестивальдің жас қатысушыларына сәттілік тіледі.
«Бұл футбол фестивалін өткізудегі басты мақсат – жастарды бұқаралық спортқа тарту, оларды салауатты өмір салтын ұстанып, шымыр, сергек болуға ынталандыру. Доп додасына қатысушыларға сәттілік пен жеңіс тілеймін», - деді қалалық Футбол федерациясының президенті.
Фестивальге елордадағы орта мектеп оқушылары және қалалық футбол бойынша №8 БЖМОРСМ  тәрбиеленушілері, жалпы 260-тан аса жеткіншек қатысты. Турнирде екі жас санатындағы (9 және 10 жас)  футболшылардан құралған 16 команда өзара мықтыны анықтады. Ойын нәтижесінде 2012 жылғы жасөспірімдер арасында «№8 БЖМОРСМ (а)» командасы қарсылас шақ келтірмей, «Елорда кубогінің» жеңімпазы атанды. Екінші орынды «Айбын» командасы алса, үздік үштіктен «№8 БЖМОРСМ (б)» спортшылары көрінді. Ал 2013 жылы туған жасөспірімдер арасында «Айбын» командасы жеңіске жетті. Екінші орынға ерекше атаумен көзге түскен «Футниндзя» командасы жайғасты. Елордалық «Фабрика» командасының спортшылары үздік үштікті түйіндеді. Екі жас санатындағы жеңімпаздар мен жүлдегерлер медаль, кубок, грамота және бағалы сыйлықтарға ие болды.