Ақмола облысынан қола дәуіріне жататын құнды жәдігерлер табылды
Ақмола облысынан қола дәуіріне жататын құнды жәдігерлер табылды
Ақмола облысынан кейінгі қола дәуірінің жәдігерлері – әшекей бұйымдар мен қыш ыдыстардың қалдықтары табылды. Археологтар жәдігерлерді ежелгі Кеңөткел қорымын зерттеу кезінде тапты деп хабарлады turkystan.kz.
Кеңөткел қонысы – Ақмола облысындағы ең үлкен қоныстардың бірі. Бұл жер сонау 1980 жылдардан бері зерттеліп келеді. Биыл маусымның 6-сынан бастап, археологиялық қазба жұмыстары жүріп жатыр.
Зерттеу барысында археологтар қола дәуірі кезеңіндегі тұрмыстық заттарды тапты.
«Біз алғаш рет шағын пішінді қыш ыдыстарды таптық. Бұл - кейінгі қола дәуірі. Мұнда ою-өрнектер жоқ, бірақ ерте темір дәуірінің ежелгі түркі жазбаларына ұқсас жазулар бар. Жалпы, басқа керамикалық ыдыстардағы өрнектер біздің дәуірімізге дейінгі 17-15-ғасырларда осы аймақта өмір сүрген адамдардың дүниетанымы, сенімі мен мәдениетінен хабар береді», – деді облыстық тарихи-мәдени мұраны қорғау және пайдалану орталығының басшысы Жасұлан Үкеев.