Мектепке дейінгі ұйымдарды лицензиялау мәселесі талқыланды

Мектепке дейінгі ұйымдарды лицензиялау мәселесі талқыланды

Мектепке дейінгі ұйымдарды лицензиялау мәселесі талқыланды
ашық дереккөзі
«AMANAT» партиясы жанындағы Білім беру және денсаулық сақтау мәселелері жөніндегі республикалық қоғамдық кеңестің кезекті отырысында мектепке дейінгі білім беруді дамыту проблемалары мен даму перспективалары талқыланды. Оқу-ағарту бірінші вице-министрі Шолпан Каринованың айтуынша, партияның сайлауалды уәделерін іске асыру аясында Нұр-Сұлтан қаласында мектепке дейінгі білім беруді ваучерлік қаржыландыруды енгізу бойынша пилоттық жоба жүргізілуде. Шолпан Каринова
«Бұл – дербестендірілген қаржыландыру. Ваучерлік қаржыландырудың басты айырмашылығы – білім беру ұйымдарын таңдау құқығын және олардың қызметтеріне ақы төлеу үшін бюджет қаражатын тікелей ата-аналарға беру. Ата-ананың атына банкте шот ашылады, онда ай сайын мектепке дейінгі ұйымның қызметтерін төлеуге бюджет қаражаты аударылады», - деді вице-министр.
Шолпан Каринова мектепке дейінгі ұйымдардың (МДҰ) қызметін лицензиялау мәселесіне жеке тоқталды. Еске сала кетейік, бұл тәжірибеден 2012 жылы бас тартқан еді.
«Реттеушілік әсерді талдауды жүргізу қағидаларын әзірледік, жобаны қоғамдық талқылау жоспарланып отыр. Мектепке дейінгі ұйымдарды мемлекеттік аттестаттау жұмысы жаңа форматта жүргізілуде. Мемлекеттік аттестаттаудың жаңа ерекшелігі – МДҰ-ның өз  қызметін өзі бағалауы, мамандар арнайы барып тексермейді, тікелей байланыс болмайды. Аттестаттау 5 жылда 1 рет өткізіледі, ата-аналармен сауалнама жүргізіліп, балалардың білім деңгейі анықталады, материалдық-техникалық база, штаттық құрам тексеріледі және т.б.», - деп атап өтті ол.
Кеңес мүшесі, «Қара шаңырақ» РҚБ төрағасы Баян Ахатай, мысалы, дәріхана лицензиясыз ашылып, жұмыс істей алмаса, онда балабақша неге қалай болса солай ашылуы тиіс деген ойын ортаға салды. Баян Ахатай
«Бүгінде бақылау органдарының ешқайсынан рұқсат алмай, жұмыс бастау жөнінде хабарлама бермей-ақ жұмысын жылдап жасап жатқан балабақшалар баршылық. Осындай бір балабақшаның басшысымен сөйлескенімде «балалар не жеп, не ішіп жатыр, қандай сабақтар өтуде – бізбен ешкімнің шаруасы жоқ» дей отырып, СЭС-тың рұқсатын 7-8 жылдан кейін алғанын алға тартты. СЭС қызметкерлерімен сөйлескенімде олар шағын және орта бизнес өкілдерін бақылап, тексере алмайтындарын, бірақ осындай балабақшалардың барын растады. Қазір ешқандай тексеру жүргізілмейтін пәтерлерден ашылған мұндай балабақшалар өте көп», - деді Баян Ахатай.
Өз кезегінде кеңес мүшесі, «OYNA» балалық шақ институты» ҚБ төрағасы Гауһар Киикова мектепке дейінгі білім беру сапасын зерттеу нәтижелерімен бөлісті. Сонымен, ең көп кездесетін проблемалардың бірі: пәндік-кеңістіктік ортаның жеткіліксіз жабдықталуы (ойыншықтар аз), оқу жоспарларында ойындарға бос уақыт қарастырылмаған, көбінесе гигиена ережелері, сондай-ақ қауіпсіздік стандарттары сақталмайды. Гауһар Киикова
«Қызметкерлер балалар арасындағы жанжалдарды шешуден үнемі қашқақтайды. Олар балалардың әлеуметтік-эмоциональды даму ерекшеліктерін білуде біліксіздік танытады. Бұл – барлық балабақшаларда жиі кездесетін мәселе. Біз өз зерттеуіміздің барысында ECERS шкаласын негізге алдық, онда жоғары балл – 7, ал ең азы – 3. Қазақстандық балабақшалар тек 2,13 балл алды. Жағдайды түзету үшін балаларды ерте жастан дамытуға мемлекеттік қаржыландыру көлемін ұлғайту, тәрбиешілер, әдіскерлер мен басшылар үшін біліктілікті арттыру курстарының санын арттыру, балаларды дамыту ғылыми-зерттеу зертханасын ашу және т.б. қажет», - деді ол.
«Әділет» республикалық орта және мектепке дейінгі білім беру қауымдастығының төрайымы Динара Құдайқұлова жекеменшік балабақшаларды қаржыландырудағы әділетсіздіктер туралы айтып берді. Динара Құдайқұлова
«Педагог мамандардың, тәрбиешілердің еңбекақысының өскеніне қарамастан, мектепке дейінгі білім беру сапасы жылдан-жылға төмендеп барады. Енді араға 10 жыл салып, лицензиялауды қайта енгізбек, мен мұны қолдаймын. Тек осы 10 жыл ішінде жеке ванна бөлмелері, бассейні, жатын бөлмелері бар барлық қолайлы жағдайды жасағандар жертөледе немесе пәтерде шағын орталық ашқандармен бірдей қаражат алды. Ал рұқсат беру құжаттарының тізімінде тек санитарлық анықтама мен балабақшаның жұмыс істеп жатқанын растайтын хабарлама ғана, бары сол», - деді ол.
«AMANAT» партиясынан сайланған Мәжіліс депутаты Лариса Павловец тамақтану сапасын бақылау мәселесін қозғады. Лариса Павловец
«Бұл Оқу-ағарту министрлігінің функциясы бола ма, әлде Денсаулық сақтау министрлігіне жүктеле ме? Оқу-тәрбие аспектісінен басқа, балалардың денсаулық жағдайын да назардан тыс қалдыруға болмайды. Артық салмағы бар, немесе салмағы жетпейтін, ерекше қажеттілігі бар балалар бар, ал тамақтану ескі тәсіл бойынша жалпылама ортақ үстел түрінде жүреді», - дейді халық қалаулысы.
Айта кетсек, қазіргі уақытта елімізде 11 мыңнан астам мектепке дейінгі ұйым жұмыс істейді, оларда шамамен 1 млн. бала тәрбиеленуде. Мемлекеттік мектепке дейінгі ұйымдар желісі 5834 бірлікті құрайды, оларға 500 мыңға жуық бала барады. Ал 5205 жекеменшік ұйымға 450 мың бала барады. Өткен жылы «AMANAT» партиясының сайлауалды бағдарламасын орындау мақсатында еліміз бойынша 45,2 мың орындық 534 мектепке дейінгі ұйым ашылды. Сондай-ақ, жиын барысында партия Хатшысы Эльдар Жұмағазиев Кеңестің жаңа төрағасын таныстырды. «AMANAT» Саяси кеңесі Бюросының шешімімен Кеңеске Мәжіліс депутаты, «AMANAT» партиясы фракциясының мүшесі Жұлдыз Сүлейменова төрағалық етеді. Жұлдыз Сүлейменова Эльдар Жұмағазиев