Жаңалықтар

OLX-тен Kazpost-қа: Алаяқтар қалай алдап жүр? (Зерттеу)

ашық дереккөзі

OLX-тен Kazpost-қа: Алаяқтар қалай алдап жүр? (Зерттеу)

2020 жылдың көктемінен бастап өмірімізге етене енген онлайн әлеммен бірге оңай ақша табуды кәсіпке айналдырып алғандардың саны артты. Олар жердің кез келген нүктесінде отырып сіздің картаңыздағы ақшаны пайдалана береді. Жыл өткен сайын бұл мәселе өршімесе, азайған жоқ. Осы ретте turkystan.kz сайтының тілшісі алаяқтардың жаңа әдісіне зерттеу жасап көрді.  Киім-кешектен бастап тамақ өнімдерін көзбен көріп, қолмен ұстамай-ақ онлайн өмірде тапсырыс беріп, төрт қабырға ішінде жамбастап жатуға жаман үйрендік. Тапсырыс келсе жақсы, келмесе ше? Мұндай жағдайда дүкен иесімен сөйлесуге, мәселені шешуге болады. Ал сіз өнімді сатуға қойып, оны алатын адам «аламын» деген сөзбен арбап, сізге ақшаны аударып жібергендей көзбояушылық жасап, банк картаңызда тұрған ақшаны сыпырып алса не істейсіз? Дәл қазір алаяқтар OLX арқылы тауарын сатуға қойған адамдарды алдап, ақшасын алудың мынандай бір әдісін ойлап тапқан: Сіз OLX-ке өзіңіздің Macbook Air маркалы ноутбукті сатуға қоясыз. Бағасы шамамен 270.000 теңге. Сатуға шығарған өнім 2-3 күн сатылмай тұрады да, бір күннің ішінде сатып алушы табылып, сізбен өте жылдам сөйлесіп, барынша жақын коммуникация орнатуға тырысады. Бірінші кезең аяқталды. Екінші кезең бағаны түсіруге, келісуге қарай ойысады. Күмән келтіріп, артынан сенімді адамның әрекетін жасап отырған алаяқ сізге суреттегідей Kazpost жеткізу қызметінің скрин бетін және оның сілтемесін ұсынады (сілтеме төменде). Үшінші кезең. Алаяқтың сізге алдымен жіберген скрин форматтағы суреті көзіңізді алдауға жақсы тәсіл. Себебі скриндегі суреттен кейін сілтеменің құрылымына мән де бермейсіз. Яғни шынымен де Kazpost жеткізу қызметінің ресми сайты екен деп қаласыз. Мән беріңіз: алаяқ сіздің сенімге кіру үшін: «мен пошта арқылы жеткізу қызметін және тауардың құнын төлеп қоямын!» деп ағынан жарылғандай болады. Мұндай жағдайда кез келген адам сенім артады. Бәрі ретімен, ақырын-ақырын нобайға қарай ыңғайланып келе жатқандықтан күдік әлі туындамайды. Төртінші кезең. Алаяқ жіберген ақшаны күтіп отырсыз ба? Дәл өзі. Ол сізге қайта-қайта «ақшаны алдыңыз ба?» деп жаза береді, сіз картаңызды ашып, минут сайын тексеріп «келмеді» дейсіз. Осылай жалғасып жатқан 15-20 минут ішінде сізге төменде тұрған үлгідегі скрин келеді. Біз әлі күдіктенбедік. Міне, осындай әдіс арқылы алаяқтар банк картаңыздағы ақшаны оп-оңай шешіп алып, жүре береді. Сондықтан міндетті түрде онлайн сауда жасаған кезде кез келген сілтемеге, ресми мәліметке, жалпы ақпаратқа жіті мән беріңіз. Себебі алданып қалу үшін картаңыздағы ақшаның 20%-ы мен 30 минут жеткілікті.