Вакцинаны 60-тан асқандар жиі салғызып жатыр

Вакцинаны 60-тан асқандар жиі салғызып жатыр

Вакцинаны 60-тан асқандар жиі салғызып жатыр
ашық дереккөзі
Елімізде мамыр айының ортасынан бастап коро­на­вирустың жаңа штамы «стелс-омикрон» тарай бастады. Маусым айында вирус жұқтырғандар саны күрт артып, осы аптада Алматы қаласы «сары» аймаққа өтті. Эпидемио­лоиялық жағдай тұрақты, республика «жасыл» аймақта дегенімізбен, Нұр-Сұлтан қаласында да ауру жұқтырғандар саны артып барады. Алматы санитарлық-эпиде­мио­логиялық бақылау департаменті м­а­мандары «стелс-омикронды» вакцина салдырмағандар мен қайталап екпе алдырмағандардың жұқтырғанын айтады. Олардың айтуынша, екпені бір жылдан астам уақыт бұрын алғандар да ауру жұқтыруы мүмкін. Өйткені «стелс-омикрон» әлсіреген иммунитетті бұзып, ағзаға ену қабілетіне ие. Елімізде коронавирусқа қарсы ұжым­дық иммунитет толық қалыптас­қан. Екпе алғандардың жалпы саны 11 млн, ал 5 млн адам қайталап екпе сал­дыр­ған. «Бір тәулікте орташа есеппен 10 мың адам екпе алады, жазғы демалыс ке­зеңіне байланысты адамдар көбірек вакцина жасата бастады. Бүгінде 2 млн доза­ға жуық вакцина қоры бар», – деді Денсаулық сақтау министрі Ажар Ғи­ният. Министрлік адам көп жиналатын жерлерде бетперде тағуды ұсынды. Сон­дай-ақ бұрынғыдай қатаң шектеу шара­лары енгізілмейтінін хабарлады. Санитарлық-эпидемиологиялық сараптама және мониторинг ғылыми-прак­тикалық орталығы филиалының ин­фекциялық және паразиттік аурулар­дың алдын алу басқармасының басшысы Лена Қасабекова вирустың мутациясы жүріп жатқандықтан, індет қаупі әлі сақталатынын атап өтті. «Пандемия өтті деп айтуға ерте. Коронавирус инфек­циясының оқшауланған жағдайлары әлі де Қазақстан аумағында тіркеледі», – деп атап өтті. Вирус жылдам таралса, алдағы уа­қытта қатаң шектеу шараларына қайта ора­ламыз ба деген сауал көпті мазалай­тыны анық. Осы орайда газетіміз қара­пайым халықты мазалайтын маңызды сұрақ­тарды жинақтап, маманға жолда­ған болатын. Рауан НҰРКЕНОВ, №36 қалалық емхананың жалпы тәжірибелік дәрігері: – Коронавирус штамдарының бір­неше нұсқасы бар. «Омикрон», «дельта», «стелс-омикрон» штамдары­ның қауіптілік деңгейі қандай? – Коронавирус пандемиясы бас­тал­ғалы бері вирустың түрлі штамы шық­­ты. «Дельта» таза штамм болған­дық­тан, адам ағзасын ауыр клиникалық өзгерістерге алып келді. Адамда жалпы әлсіздік пайда болып, иіс және дәм сезу қасиеттері жо­ға­лып, созылмалы ауруларының ас­қынуы­­на әсер етті. «дельта» штамы кейін мутацияға ұшырап, «омикрон» шта­мына қарай өтті. Қазіргі кезде «омик­рон», «стелс-омикрон» штамдары қара­пайым тұмау сияқты өтіп жатыр. Нақ­ты бел­гілеріне жөтел, иіс сезудің жо­ғалуы, дене қызуының кө­терілуі және ең бастысы – жалпақ үл­кен сүйектердің сырқырауы. Нақ­тырақ айт­сам, жамбас және жауырын сүйек­тері маңайында ауыру сезімдерінің пайда болуы. – Жаңа штамм белгілері байқал­ған науқастарды емдеу шаралары қалай жүзеге асырылып жатыр? – Еліміз бойынша ПЦР оң нәтиже көрсеткен әрбір науқас ортақ базаға тіркеледі. Әр қала бойынша күнделікті статистика жүргізіліп отырады. Біздің басты міндетіміз – уақытылы көмек көрсету және науқасты ауруханаға жат­қызу керек пе немесе үй жағдайында ем­деуге бола ма, соны анықтау. – Қазір қандай науқастарға үй жағ­дайында емделуге рұқсат бере­сіздер? – Науқастың үй жағдайында емделуі оның көңіл күйіне, қал-жағдайына, қандай да бір асқынулары бар ма, соған бай­ланысты. Егер пневмония түріне өтіп, өкпе зақымдануының пайыздық көрсеткіші жоғары болса, ауруханаға жатқызамыз. Клиникалық көрсеткіштері тұмауға ұқсас, амбулаториялық жағдай­да емделуге келетін болса, ондай науқас­т­арға дәрігер бекітіледі және үй жағ­дайында дәрігердің бақылауында болады. Үйдегі карантин соңғы шыққан қаулы бойынша 10 күнге созылады. Осы 10 күн ішінде науқаспен қарым-қаты­наста болғандардың барлығы бақылау­да болады. – Елімізде вакцина қоры жет­кі­лік­ті ме? Екпені кімдер алып жатыр? – Еліміз бойынша 4 түрлі вакцина бар. Бұл қазір QazVac, Спутник V, Vero Cell және Pfizer екпелері. Қазір көбіне қа­зақстандық QazVac вакцинасы жүр­гізіледі. Бүгінде Алматы қаласы бойынша 1 күнде шамамен 1 200-1 300 адам вак­цина алады. Біздің емханада бір күнде 400-дей адам екпе салдырады. Вакци­наны, әсіресе егде жастағы, 60-тан асқан­дар мен созылмалы аурулары бар адам­дар жиі салғызып жатыр. – Шетелге шығатындар Pfizer вак­цинасын алуы керек, ал ол тап­шы деп жатыр. – Шетелге шығу үшін Pfizer немесе қандай да бір вакцинаның болуы мін­деттелмеген. Бірақ алдын ала шетелге шығуды жоспарлағандар вакцинаның басқа да түрлерін алып жатыр. – Вакцинаға әлі де сенбейтіндер кез­деседі. Оларға айтарыңыз бар ма? – Коронавирустың алдын алудың ең бас­ты шарты – екпе алу. Атынан ат үрке­тін небір қиын аурулар вакциналаудан соң басылып, науқастардың беті бері қа­рай бастады. Оң нәтижеге жетуге вак­цина ғана көмектесе алады. Науқас­тар­мен сөйлессеңіз, екпе алған дұрыс дейді. Мұны статистикалық деректер де дәлелдеп отыр. Қазақстандық вакци­на­ның сұранысқа ие болуы да бекер емес. Мысалы, Спутник – векторлық вакцина. Ал қазақстандық вакцина гено­тип­тен­ген. Сол себепті вакцина алғаннан кейін науқас өзін өте жақсы сезінеді. Осы ретте әр адам өзінің жеке бас гигиенасын сақ­тап, көпшілік жиналатын жерден ау­лақтау болғаны дұрыс. Себебі корона­вирус әлі айналып келе беретін болады, оған ешқандай кепілдік жоқ. – Таралып жатқан жаңа штамнан балаларды қалай қорғаймыз? Күзде ба­лалар офлайн оқуға көшсе, вирус­тың таралуы көбейіп кетпей ме? – Балалардың жеке бас гигиенасын сақтауы, ауырғандармен байланыста болмауы өте маңызды. Жаз айларында мек­тепке дейінгі дайындық орта­лық­тарына жіберсеңіздер, күнделікті бет­перде тағып, қолын жуып, жеке ги­гиенасын сақтау керек. Сонда алдын алу процесі жақсы жүреді. – Бұрын ауырып жазылған, бір­ақ жаңа штамм жұқтырғандар бар ма? Олардың қазіргі жағдайы қан­дай? – Вакцина алған адамға енді ко­ронавируспен ауырмайсың деген ке­піл­дік берілмейді. Вакцина аурудың алдын алады және адам қайта ауырған күн­нің өзінде оны жеңіл өткереді. «Дельта» шта­мымен ауырғандар арасында «омик­рон» жұқтырғандар да кездесіп жа­тыр тәжіри­беде. Алайда қайтадан ауыр­ған кезде жеңіл өтіп жатқанын көріп отыр­мыз. – Ауырған адам үй жағдайында қа­лай тамақтануы керек? – Дене қызуы көтерілген адамның та­маққа тәбеті болмайды. Бірақ соған қарамастан науқас өзін қолға алып, им­мунитетіне көмектесіп, сапалы тамақ­тануы керек. Соның ішінде сорпалы та­мақ­тар, тауық және балық өнімдері, көкөністер, жемістер ағзаға күш береді. Әртүрлі дәрумен кешенін дәрі, капсула түрінде ішкеннен гөрі тамақ түрінде қабылдаған дұрыс. – Коронавирус басталғалы био­ло­гиялық белсенді қос­па­ларды қ­а­был­даушылар саны арт­­ты. Осы дәру­мендерді дәл ауы­рып жатқан кезде қолданудың пай­дасы бар ма? – Біз дәрігерлер ББҚ тағайындай ал­маймыз. Оған әр адамның қаржылық жағдайы көтермейді. Ал адам ауырып жатқанда ББҚ-ды іздеп табудың өзі қиын. Науқас өзіне дәрі іздей ме, дәру­мен іздей ме? Егер мүмкіндігі болса, өзі үшін алдын алу шарасы ретінде ББҚ қа­былдауға болады. Алайда алдын ала анализ тапсырып, ағзаға қаншалықты мөлшерде қажет екенін анықтап алған дұрыс. – Коронавируспен бұрын ауыр­ған­дар тершең болып кеттік деп жа­тады. Мұның себебі неде? – Адам коронавирустан жазылса да ви­рус­тың кей белгілері анда-санда бай­қалуы мүмкін. Тамағы жыбырлап, кеу­десінде ауырсыну сезімі болады. Ең жиі кездесетіні – тершеңдік. Аурудан айық­қан адам шектен тыс терлей береді. Бұдан қорқудың қажеті жоқ, өзі жайлап ба­сылады. – Әңгімеңізге рақмет!

Арайлым Бимендиева