Жаңалықтар

Түркияның ұлттық құрамасындағы Әли Бөкейхан

ашық дереккөзі

Түркияның ұлттық құрамасындағы Әли Бөкейхан

Әли Бөкейхан Сүрер Германияның Гейдельбург қаласында туып-өскен. 8 жасынан бастап регбимен айналысқан ол Гер­мания жастар құрамасы сапында ойнап, біршама жетістікке жеткен. Ал 18 жасында Түркия ұлттық командасына шақырыл­ған. Бір ай бұрын Қазақстанға келіп қайтқан Әли Бөкейхан алдағы уақытта Алматыда жұмыс істегісі келетінін айтады. Отандық спорттың беделін көтеруге де кетәрі емес. Қазақ­станда болған сегіз күнді өміріндегі ең бақытты сәтіне теңеген қандасымызға хабарласып, әңгімеге тартқан едік.

– Есіміңіз Әли, ал тегіңіз Бөкейхан деп ойлап жүрсем, қателесіппін. Мен секіл­ді есіміңіздің Әли Бөкейхан екеніне таңғалатындар көп шығар.

– Көбі сіз секілді жаңылысып, сұрап жата­ды. Менің есімім – Әли Бөкейхан, ал тегім – Сүрер. Ата-анам есімімді қазақ зиялыларының көш­б­асшысы болған, қазақ ұлтының жоғын жоқ­тап, мұңын мұңдаған Әлихан Бөкей­хан­ның құрметіне қойған. Қытайдың Баркөл ау­данында туып-өскен атам 70 жыл бұрын қытайлықтардың қысымынан қашып, Ги­малай асып, Тибеттен өтіп, Үндістан мен Пәкістан арқылы Түркияға жеткен. Оны тарих­тан білетін боларсыз. Түркияға қоныс­танған қазақтың көбі жақсы жағдай, жалақысы жоғары жұмыс іздеп Еуропаға көшкен. Сол кезде менің де ата-анам Герма­нияның оңтүстік-батысында орналасқан Гейдельберг қаласына келіп тұрақтаған. Отбасымда Рәбия есімді егіз қарындасым бар. Сондай-ақ Шағатай және Құбылай есімді егіз інім тағы бар. Төртеуміз де дәстүрлі ортада өсіп-өндік. Ата-анам Қазақстаннан алып келген бұйымдар мен жабдықтарды көзге көрінетін жерге қойып, олардың бізге қатысы бар екенін санамызға сіңіріп өсірді. Олар үйдегі қабырғаға біздің мәдениет туралы түрлі картина мен ұлттық аспаптарды әдейі іліп қоятын. Мысалы, қазір менің жеке бөлмемде домбыра ілулі тұр. Осындай ортада тәр­бие­ленген біз жастайымыздан қазақ әнін тыңдап өстік. Тіліміз қазақша шықты. Әдепкіде үйде тек қазақша сөйлестік. Сосын түрік тілін үйрендік. Өйткені ата-анамның барлық туысы Түркияда тұрады, онда барған сайын түрікше сөйлеп, ол тілді қалайша мең­геріп кеткенімізді сезбей қал­дық. Содан кейін Гейдель­бергте мектеп табалдыры­ғын аттаған соң неміс тілін үйрендік. Себебі Германияда неміс тілін білмесең, мек­тепке бара алмай­сың. Осылайша, түрік пен неміс тілін көп қолдан­ған­дықтан, қазақ тілі ұмыт қала бер­ді. Оған қоса, Гей­дельбергте екі-үш қазақ отбасы ға­на тұрады. Десе де, қазақ көп шо­ғыр­ланған Мюн­хен не­месе Кельн қала­лары­на жиі барып тұрамыз. Қазір қазақша түсінгеніммен, емін-еркін сөйлей алмаймын. Бірақ қазір қазақ тілінде жазып, сөйлеуді қайта қолға алдым.   [caption id="attachment_187612" align="alignleft" width="321"] Кішкентай Әли Бөкейхан анасымен бірге

– Сегіз жасыңыздан бастап регбимен айналыссаңыз да, заңгердің оқуын оқыпсыз. Сонда бұл спортпен хобби ретін­де шұғылдандыңыз ба?

– Бала кезде бірнеше спорт түрінен, атап айтсам, футбол ойнау, гимнастика, суға жүзуге үйрететін секцияларға жиі бардым. Сонымен қатар жекпе-жек түрлеріне де қатты қы­зықтым. Қазір, мысалы соңғы төрт жыл бойы бра­зилиялық джиу-джитсумен айналысып жүрмін. Университетке құжат тапсырарда неліктен спортқа қатысты мамандықты таңдамағанымды сөз етер болсам, Германияда өмір бойы тек футбол ойнайтын болсаң, ұзақмерзімді перспектива жоқ екенін жақсы түсіндім. Мені маман ретінде танытатын басқа нәрсемен айналысқым келді. Жаңа бір дүниені үйренгім келді. Сөйтіп, заңгер мамандығын таңдадым. Қазір спорттың соңы­на түсіп алмай, осындай шешім қабыл­дағаныма қуаныштымын. Өйткені оқыған-тоқығаным қазір спорттан қол босаған уақытта жұмыс істеп жүрген ІТ компанияда пайдама жарап жатыр. Мен онда ақпарат қауіпсіздігі және деректер құпиялылығын бақылауда ұстаймын. Негізі, спорт десе ішер асын жерге қоятын мен онда жұмыс істеймін деп жоспарлаған емеспін, тек ол жерді қызметкерлеріне жақсы қарайтын, жоғары сапалы қызмет көрсететін компания ретінде танығандықтан, басшыларының бірлесіп жұмыс істеу туралы ұсынысын қуана-қуана қабылдадым.

– Бізге мәлім де беймәлім регби спор­ты сізді несімен қызықтырды?

– Негізі, регби спортына қалай «бас сұқ­қанымның» өзі – бір қызық оқиға. 2-сынып оқып жүргенімде денешынықтыру пәнінің мұғалімі кабинетке келіп «Мектебіміздің аты­нан құрылатын командада кім регби ойна­ғысы келеді?» деп сұрады. Ол кезде регбидің қандай спорт екенін білмеймін. Мүлде бейхабармын. Бірақ мұғаліммен бірге ере барсам, сол кездегідей аптап ыстықта сыныпта отырмайтынымды, тақтаға шығып сабақ айт­пайтынымды түсіндім де, қолымды кө­теріп, ол кісімен бірге еріп кеттім (күліп). Сөйтіп, ста­дионға барып, регби ойнаушылар қатарына қосылғаным бар. Содан бері бұл спорттың маған ұнағаны соншалық, арада қалайша 20 жыл уақыт өтіп кеткенін білмей қалдым. Сол 20 жылдың алғашқы он жылын Германияда өткіздім. Карьерамды жергілікті клубта бас­таған мен деңгейі жоғары бірінші бундеслигада сынға түсетін бірнеше неміс клубында ой­надым. Сосын Германия жастар құрамасының сапына қабылданып, көптеген халықаралық турнирге қатыстым. Құрамамен бірге Фран­цияда өткен Еуропа чемпионатында сәтті өнер көрсеттік. Сосын 18 жасқа толған соң Түр­кия ұлттық құрамасының сапында ойнау мүм­кіндігіне ие болдым. – Бізді қызықтыратыны сол: түрлі жарыста әлеуетіңізді байқаған түрік бап­керлері сізді құрамаға өздері шақырды ма?

– Негізі, мен көптен бері интернеттен Түр­кияда регби спортының қалай дамығанын, қандай клубтар барын қарастырып, қызығып жүретінмін. Бірде Түркияға демалысқа барған кезде Ыстанбұл сыртында орналасқан регби клуб­тың өкілдерімен таныстым. Ол клубтан көп дос тауып, ақырында олармен етене ара­ласып кеттім. Содан соң Түркия ұлттық құрамасының бапкерлері команда сапында ойнау туралы ұсыныс айтты. Бұл ұсынысты ойланбастан бірден қабылдадым. Мұндай шешімді Германияны ұнатпағаннан немесе ұлтқа бөліну себебінен қабылдағаным жоқ. Тек Түркия елі осыдан 70 жыл бұрын қиын-қыстау заманда жат елге үдере көшкен ата-әжемді, оның бауырларын құшағын жая қарсы алып, қолындағы барын олардың алдына салып, жан жылуын аямады. Әулетімізге үй беріп, жаңа өмір бастауға жағдай жасап берді. Сол үшін оларға кішігірім болса да алғысымды осылай жеткізгім келді.

– Германия елі­нің азаматы бола тұра, Түр­кияның ұлттық құрамасы са­пын­да еш ке­дер­гісіз ойнай беру­­ге бола ма сон­да?

– Иә. Егер ата-әжең немесе ата-анаң Түр­кияда туса болмаса сол елдің азаматы болса, саған ұлттық құ­ра­ма­сында ойнау­ға рұқсат бері­­леді. Бүгінде Түр­кияның ұлт­тық ко­ман­да­сында ой­нап жүр­геніме он жыл бол­ды. Біз жы­лына екі рет бас қосып, қата­рынан бірнеше ойын­ға қатысамыз. Кө­біне Аустралияда өтетін жарыстарда бақ сынай­мыз. Ал клуб­тық деңгейдегі карьера­ма тоқтал­сам, қазір Герма­ния­да бәсе­келестік қы­зып тұрған бірінші бундес­лигадағы клуб­­та ойнаймын. – Осыдан бір ай бұрын сізбен бірге Семейге келген қан­дас Үмітхан Гүлерюз «Қазақ­станға бармаған сырттағы қазақ өзін «қазақпын» деп ойламасын» деген еді. Сіздің де бұл са­пардан алған әсеріңіз­ді білгіміз келеді.

– Үмітхан қатты айтқан екен (күліп). Бірақ бұл расымен солай. Қазақстанды көрмей тұрып, қазақтар туралы көп нәрсені білемін деу ағаттық екен. Германияда, Түркияда қа­зақтар көп тұрса да, бәрібір басқаша күй ке­шесің. Қазақы ортаны, мәдениетімізді түсіну үшін расымен Қазақстанға бару керек екен. Қайдан шыққаныңды, түп-тамырыңды тану үшін атажұртқа бару қажет екен. Ыстанбұлда 70 жыл бұрын көшке еріп келген соңғы ұрпақ – ақсақалдарымыз бас қосқанда нағыз қазақтың қандай екенін байқайсың. Ал олардан тараған ұрпақ, өкінішке қарай түріктілді ортаға бейімделіп, көп нәрседен қол үзіп қалған. Сыртта қазақтардың басын біріктіретін түрлі іс-шара өтеді, мысалы дүниежүзі қазақ­тары­ның құрылтайы жыл сайын ұйым­дастырылады. Бұл бізді рухтандырады, бірақ онда қазақ мәдениетін толығымен тани ала­мын деп айта алмаймын. Онда көбіне Еуро­пада «еуропаша» өмір сүретін қазақтар бас қосады. Дегенмен жоқтан бар жақсы де­гендей, қазақтар бір-бірін көргенде мар­қайып қалатынын байқаймын. Семейге барғанда өзімді әлемдегі ең бақытты жанның бірі се­зіндім. Өмірімдегі ең керемет демалыс осы болды. Көп жерге бардым, көп елге саяхат жасадым, бірақ Қазақстанда барлығы басқаша екен. Сосын Еуропада Қазақстандағыдай қалың қазақты көрмейсің ғой. Кілең қазақтардың арасында жүргенімді сезінгенде өз үйімде жүргендей болдым. Басқа елде туып-өссең де, мен де сол күндері сенімен бірге Семейдің топырағын басып жүрген бұқараның бір бөлігі екенімді сезіндім. Ондағылар мені енді танып жатса да, бөтен емес екенімді сезіндірді. Бізге Германияда осындай атмосфера жетіспейді. Негізі, Қазақстанға бұған дейін бір рет келгенмін. Бірақ ол кезде кішкентай болғандықтан, есімде ештеңе жоқ. Ал өткенде екінші рет келгенде айналам­дағының бәрін саналы түрде қабылдаған­дықтан, айрықша сезімді бастан кешірдім. Семейде өткен төрт күннен соң қайтар билетімді ауыстырып, Алматыда тағы төрт күн болдым. Осы сегіз күннің ішінде маған адамдар, тағамдар, музыка, бәрі-бәрі қатты ұнады. Тіпті, бірнеше сағатқа жалғасатын Алматының кептелісі де ұнады (күліп). Өйтке­ні кілең қазақтардың ортасында жүргендіктен, айналама таңырқай қарап, марқайып жүріп, ештеңеге бас қатырмадым. Бәрінен бұрын Қазақстанның тұмса табиғатына таң-тамаша болдым. Көздің жауын алатын Көктөбе, Медеу, Қайыңды, Көлсай жақта әбден қыдырдым. Алматының базарын араладым. Бұл сапардан соң Қазақстанда еш кедергісіз жұмыс істей алатыныма көзім жетті. Соны ойлап жүріп, 2-3 жыл осында келіп жұмыс істеп жүргенімді елестеттім. – Қай қалада, не шаруа ат­қар­мақ ойыңыз бар?

– Қазір менде онлайн жұмыс істеуге мүмкіндік бар. Сондықтан сәті түсіп жатса, Қа­зақстанда, соның ішінде Алматы қаласында біраз уақыт жұмыс істеп көргім келеді. Неліктен Алматы десеңіз, демалыс күндері Шымкент, Түркістан, тіпті Ташкент пен Бішкекке саяхат жасап, түркі әлемін тануға тамаша мүмкіндік бар екенін білдім. Қандай жұмыс болса да істеуге әзірмін, кез келген ұсынысқа ашықпын. Кез келген саланы игеріп кете алатыныма сенімім мол. Қазақстанда спорт саласын ілгерілетуге де үлес қоса аламын. Спортшы ретінде де өзімді таныта аламын. Бірақ регби спортының Қазақстанда онша дами қоймағанын білемін. Дегенмен жылдар өткен сайын дене қалыбыңды ұстап тұру да оңайға соқпайды. Оның үстіне, маңызы жоғары басқа нәрсеге басымдық бересің. Отбасы, ошақ қасын ойлайсың. Қазір Алматыдағы бірнеше жұмыс орынға түйін­демемді жіберіп қойдым. Бірақ алматылықтар семейліктерге қарағанда көбіне орысша сөйлейді екен. Сол жағы қиын бола ма деп отырмын. Мен орысша бірде-бір сөз білмеймін (күліп). – Қазақстан спортын бақылайтын бо­ларсыз?

– Иә. Бокстан Геннадий Головкин мен ал­ма­тылық боксшы Ерболаттың жанкүйерімін. Ал ережесіз жекпе-жектен Шавкат Рахмонов­тың шеберлігіне тәнтімін. Өткен аптада болған кездесуінде оған сырттай болысып, экран алдында тақымымды қысып отырдым. Сосын Ресейде туып-өскен қазақ Дамир Ысма­ғұловтың спорттағы аяқ алысын бақылаймын.

– Әңгімеңізге рақмет!

Сұхбаттасқан Әлия ТІЛЕУЖАНҚЫЗЫ