Жаңалықтар

Жаңа бағыттағы әдебиеттің дамуы, жаңа әдеби сыйлық және Шархан Қазығұл

ашық дереккөзі

Жаңа бағыттағы әдебиеттің дамуы, жаңа әдеби сыйлық және Шархан Қазығұл

ХХ ғасырдың соңғы онжылдығында әлемдік текетірестің бір жағында тұрған КСРО мемлекетінің күйреп, оның орнына әлем картасында 15 тәуелсіз мемлекеттің пайда болуы, сондай-ақ Еуропада КСРО ықпалында болған көптеген елдің бірнеше мемлекетке бөлініп, жаңа бағытта дамуға бет алуы әлемнің геосаяси жақтан ғана емес, рухани жақтан да өзгеруіне алып келді. Әдебиет пен өнердің кеңестік социалистік реализм құрсауынан босауы рухани азат­тыққа ұмтылған елдердің ұлттық һәм мем­лекеттік бағытын айқындау жолына үлкен әсерін тигізді. Бір кезде халықтар арасындағы мәселенің тарихи қарым-қатынастар жағына тереңдемей, яғни кейінгі социалистік идео­логия саясаты орнықтырған «халықтар дос­тығы», «интернационализм», тағы басқа мә­селелерді пафоспен жырлау, ХХ ғасырда түрлі ұлттық мемлекеттің пайда болуына «ағалық» еткен «ұлы орыс халқының» тарихи салмағын әр шығармада көзге шұқып көрсетіп отыру, өзгелер сияқты қазақ халқының тарихтағы орны туралы ақиқатты бүркемелеп, оларды артта қалған, мәдениеті болмаған етіп көр­сету секілді қаптаған тезистерді уақыт желі әп-сәтте ұшырып әкетті. Әдебиет пен өнер, тарих пен саясаттану уақыт талабына қарай жаңа­рып, жаңа кеңістікке қарай самғады. Әрине, етқызумен кеңестік кезде жа­сал­ған әлі маңызын жоя қоймаған құн­ды­лық­тарды, оның ішінде әдебиет пен өнер мүлкін түгел терістеп, 75 жылға жуық төгілген тердің арқасында саясатқа аса ұрынбаған, белгілі бір кезеңде ұлттың өзін сақтау иммунитетіне пайдасы тиген туындыларды да мансұқтай салу секілді орынсыз әрекеттер болмай қалған жоқ. Шын мәнінде, дәуірлер ауысқанда ондай «бекерлеулер» болмай тұр­майды. Алай­да бәріне уақыт сарапшы десек, замандар сы­нынан өткен туындылар біздің саяси, руха­ни көзқарасымызға тәуелсіз өмір сүре бере­ді. Әрине, оның ішінде ақиқатты ұста­нып, адам жанының азаттығы мен ұлт­тың болмысын таныған, дәріптеген туындылар да бар. Демек, кеңестік кезеңде жазылса да Мұхтар Әуезовтің «Абай жолы» эпопеясы, Әбдіжәміл Нұрпейісовтің «Қан мен тер» трилогиясы, Тахауи Ахтановтың романдары, Мұхтар Мағауиннің «Аласапыран» дилогиясы, Әбіш Кекілбайдың повестері, басқа да ірі жанрдағы прозалық шығармалар, сол сияқты ХХ ғасыр­дағы қазақ поэзиясының ренессансын жа­саған көптеген ақынның шығармалары өзінің құнын жоймақ емес. Десек те, жаңа дәуір әдебиеті өз бағытын іздеуге тиіс. Бұл жағынан алғанда да соңғы 30 жылдық әде­бие­тімізге келіп қосылған шығармалар қатарын­да жаңа бағытқа ұмтылуы ғана емес, өзінің көркемдік деңгейімен де әлемдік алдыңғы қатарлы әдебиеттер қатарында насихатталуы тиіс шығармалар табылады. Мәселен, қазіргі технологиялық жағынан тез дамып жатқан заманда енді аса көлемді шы­ғармалар жазылуы қиын және оған оқыр­мандар тарапынан сұраныс болмауы мүмк­ін деген көзқарастардың өзі кейде біржақты екенін сездіре отырып, тәуелсіз қазақ әдебиетінің табысына айналған туындыларды талдап таратып отыратын әдеби кәсіби сынның еңсе көтере алмай жатқаны себепті дер кезінде лайықты бағасын ала алмай жат­қан көрнекті жазушы Сайлаубай Жұба­тыр­ұлы­ның «Абыржы» трилогиясы бүгінгі қазақ әдебиетінің жанрлық, формалық жағынан үлкен жаңалық екенін ашып айту жөн. Дегенмен мұндай жетістіктер жеке-жарым қаламгерлердің жетістігі екенін, бүгінгі әдебиетіміз тұтастай алғанда жазатындардан кенде емес, бірақ көркемдігі биік шығар­ма­лардың әлі де аз екенін де жасырмауымыз керек. Әдебиетті жасауға қолына қалам ұстағандардың бәрі қатысады, бірақ оның сал­мағы қашанда таланттардың еңбегіне байланысты. Алайда су құймаса, гүл өспейтіні секілді қаламгерлер де материалдық жағынан қолдау көрмесе, әдебиет өспейді. Біздің елімізде қаламгерлерге жастарға да, жаса­мыстарға да арналған мемлекеттік сыйлықтар бар. Сол сияқты кезінде қазақ меценаттары беріп тұрған «Тарлан» сияқты сыйақысы қомақты сыйлықтар болды. Бірақ мұның бәрі түптеп келгенде әділдікпен үлестіріліп, өмірін әдебиетке арнаған таланттардың бәрі қарқ болып жатқан жоқ. Мемлекет тарапынан берілетін сыйлықтар да ел көлемінде таныл­ған қаламгерлерге беріледі демесек, кейде одан қазақ әдебиетін дамытуға үлес қосқан және оны өзге елдерге таныта алады-ау дейтін ақын-жазушыларымыз құр қалып жатады. Ендеше бүгінгі дәуірдің ойлы азаматтары не істемек керек? Әдебиетті дамытуға тәуелсіз көзқарас қана емес, тәуелсіз марапаттау ар­қылы да ой еркіндігі мен көркемдікке жол аша­тын істерге мұрындық болу қажет. Қай халық та өзі туралы жоғары пікірде, өзін өзгеден кем санайтын ұлт жоқ. Сондықтан кейде «қазақ талантты халық қой» деген сөзді жақтырмай, қазақтың өзге­ден несі артық деп жататынымыз жалған емес. Бірақ ел жасамағанды жасап, тіпті әлем­де сирек кездесетін жобалардың өмірге келуіне ықпал жасап жататын жастарымызды көріп тұрып қалайша қазақтың басы идеяға толы талантты халық екеніне шек келтіруге болады? Қоғамдағы рухани тұрғыдағы ұлттық бір­лік күшейіп келе жатқан шақта бүгінгі парасатты қазақтың өз халқын әлемдік ақыл-ой биігінен көруге деген ынтасы қуантады. Сондықтан дүниежүзілік әдеби үдерісті бақы­лап отырған интеллектуалдардың жаңа жо­балары пайда болып жатыр. Соның бірі – Қа­зақстанда Ерлан Асқарбеков жоба-идеясы негізінде ұйымдастырылған үздік қазақ­стандық романдарға берілетін Mecenat.kz әдеби сыйлықақысы. Mecenat.kz сыйлығы бай­қау өткізу арқылы жеңімпазы анықталып, оған ай сайын 500 АҚШ доллары көлемінде өмір бойы төленеді. Сыйлықтың демеушісі Freedom Holding Corp инвестициялық тобының негізін қа­лаушы және мажоритарлық акционері Тимур Турлов. Биыл алғаш рет өткізілген конкурсқа қазақ және орыс тілдерінде 67 роман түскен. Солардың арасынан халықтың интернет арқылы дауыс беруі нәтижесінде белгілі публицист, қазақ баспасөзіндегі танымал тұлғалардың бірі Шархан Қазығұловтың «Күлпет» атты романы жеңімпаз деп табылды. Шілденің 5-і күні Алматыдағы «Алматы» қонақүйі кешенінің 2-қабатында орналасқан «Астана» конференцзалында әдебиеттің даму мәселелеріне арналған дөңгелек үстел фор­матында іс-шара өтіп, онда Mecenat.kz cый­лықақысының биылғы жеңімпазына жүл­десін тапсыру рәсімі өткізілді. Іс-шараға Мәдениет және спорт министрлігінің Құжатты басқару мен мұрағат ісі жөніндегі комитет төрағасының орынбасары Ақтілек Тәжі, АҚШ-тың Нью Йорк қаласында тұратын ақын Бақыт Кенжеев, халықаралық Freedom Holding Corp иесі, меценат Тимур Турлов, Mecenat.kz сыйлығының негізін салушы Ерлан Асқарбеков, «Қазақфильм» АҚ прези­денті Ақан Сатаев, Жазушылар одағы төраға­сының бірінші орынбасары Ақберен Елгезек, Zerde Publishing бас директоры Инара Саруар, «Дактиль» журналының қазақ бөлімінің редакторы, жазушы, драматург Әлішер Рахат, Mecenat.kz жобасының сарапшысы Бақытжан Канапьянов, авторлық құқық жөніндегі сарап­шы Темірлан Төлегенов, әдеби агент Расул Шыбынтай, сондай-ақ баспа өкілдері, продюсерлер, мәдениет қайраткерлері, БАҚ өкіл­дері, қонақтар және көпшіліктің дауыс беру қорытындысы бойынша көп дауыс жи­наған байқау жеңімпазы мен 10 финалисі қатысты. Жиын соңында Mecenat.kz байқауына «Күл­пет» романымен қатысып, оның биылғы жеңімпазы болған Шархан Қазығұловпен қысқаша сұхбат жасадық: – Шархан аға, ең алдымен сізді Mecenat.kz әдеби сыйлығының жеңімпазы болуыңыз­бен құттықтауға рұқсат етіңіз! – Рақмет! – Сізге роман жазу идеясы қашан келді, көр­кем шығарма жазуды бірден романнан бастау қиын болмады ма? – Бұл романды жазу көптен ойымда жүрген. Сондықтан да қиын бола қойған жоқ. – Өмірде роман кейіпкерлерінің про­тотиптері болған ба? – Кейбір кейіпкерлердің прототиптері өмірде болды. – Романыңыздың бас кейіпкері Ауған соғысына қатысқан һәм АҚШ мемлекетінде өмір сүрген, бұл екі елдің өмір салты сізге қан­шалықты таныс? – Кейбір масштабты ойларымды айту үшін дәл осы екі мемлекетті локация етіп алуға тура келді. Соншалықты терең білудің қажеті де болмады. – Романыңыздың көлемі 13 баспа табақтай ғана, мұнша аз көлемге романның жүгін арту қиын емес пе? Романның көлемінің шағын болуын өзіңіз қадағаладыңыз ба, әлде шығар­маның жазылу формасы соған әкелді ме? – Роман көлемі жағынан халықаралық форматта жазылуын саналы түрде таңдап алдым. – Бұрын бірыңғай публицистикамен айналысқан қаламгерсіз, сондықтан про­залық шығарма жазғанда тілдік жақ­тан қандай да бір қиындықтар болды ма? – Романымды оқыған адам дәл осы тілдік тұрғыда аса бір қинала қоймағанымды ең алдымен байқар еді. – Алғашқы романыңыз Мecenat.kz cыйлығына ие болды, бұл сізге бола­шақ­та жазушылықпен тұрақты айналысып, әлі көптеген роман жазуға жағдай жа­сай­тын шығар? – Алдағы өмірімді айтып, құдайды күлдіргім келмейді. – Сізге әлем және қазақ әдебиетіндегі қандай романдар ұнайды, өз рома­ныңыз­ға солардың қайсысының әсері бол­ды деп санайсыз? – Сұрақтың бірінші бөлігіне оқырман ретінде жауап берсем, қазақтан Әбдіжәміл Нұрпейісов, Төлен Әбдік, Рахымжан Отарбаевты айтар едім. Шыңғыс Айтматов – мен үшін әлемдік деңгейдегі жазушы. Ал сұрақтың екінші бөлігіне келсек, маған Дулат Исабеков қатты әсер етті деп айта аламын. 1979 жылы «Қарғын» романын оқығаннан кейін «Күлпетті» жазуды армандағанымды жасыра алмаймын. Өмірдің ең үлкен мәні – сабырлық. Романымды жазуға асықпағаныма әлі қуанып отырмын. – Қазақ жазушылары тарихи та­қырып­қа көп барады, сізде де тарихи роман жазуға ниет бар ма, әлде белгілі бір тақырыпқа байланбай еркін жазған­ды қалайсыз ба? – Қажығали ағамның «Тар кезеңінен» кейін тарихи тақырыпты жазудың қан­ша­лықты қиын екенін түсіндім. Оның үстіне, мен соншама зерттеуді қажет ететін жұмыс­пен айналысатын жастан кетіп қалған адам­мын. – Уақытыңызды бөліп сұхбат берге­ніңізге алғыс білдіремін. Шығармашы­лы­­­­­ғыңызға табыс тілеймін. P.S. Шархан Қазығұл – қазіргі қазақ журналистикасында өзіндік стилімен ерекшеленетін танымал тұлғалардың бірі. «Нұр Астана» және «Айқара» республикалық басылымдары мен Qogam.kz порталы сияқты жобаларды жүзеге асырған журналист бірнеше публицистикалық кітаптың авторы. Бұқаралық ақпарат құралдарының барлық түрінде өзін таныта білген. Сонымен қатар PR-маман ретінде де қызмет етті. Ол Қазақстан Президенті, Үкіметі және «ҚазМұнайГаз» ұлттық компаниясы баспасөз қызметтерінде ұзақ жылдар бойы жемісті еңбек етті. Халықаралық ақпараттандыру академиясының академигі Шархан Қазығұл Л.Гумилев атындағы Еуразия Ұлттық университетінің Журналистика және саясаттану факультетінде студенттерге дәріс берді. Қазір зейнет демалысында. Қаламгердің «Күлпет» романы кеңестік кезеңде сол дәуірдің саясатына қарсы болып өткен көзі ашық, көкірегі ояу азаматтың ұрпағы Әбужанның бастан кешкен оқиғаларын баяндайды. Күлпет – жан азабы деген сөз. Әкесінен жиырмадан өтіп, медициналық жоғары оқу орнында оқып жүргенде айырылып, кейін бір кезде әділетшіл әкесімен өштескендердің кесірінен Ауған соғысынан бір-ақ шығып, одан әрі Америкаға өтіп кетіп, ақыры туған жеріне оралып, бір кезде өзін сүйген және қанша жыл бойы өзін күткен қазақ аруымен қосылып, мұратына жеткен Әбужанның тағдырына арналған роман бір деммен оқылады. Оқиғасы қызықты, баяндалуы шымыр да татаусыз бұл шығарма – бүгінгі қазақ романдарының алдыңғы легінен орын алатыны сөзсіз.

Ахмет ӨМІРЗАҚ