Ұлтты ұйыстырған құрылтай

Ұлтты ұйыстырған құрылтай

Ұлтты ұйыстырған құрылтай
ашық дереккөзі

Қазақстан бүгінде жаңа даму жолына түсті. Қазір әлемде болып жатқан күр­делі өзгерістер қоғамдағы мәселелерге жаңа көзқараспен қарауды талап етуде. Осы орайда Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен құрылған Ұлттық құрыл­тай ел өміріндегі жаңа тарихи кезеңге жол ашып берді. Ұлттық құрылтай – ұлтты ұйыстырудың, халықты ынтымақ пен бірлікке үндеудің, мемлекеттік саясатты жалпыұлттық негізге көшірудің, ел мен жердің рухын ұлттық болмыспен ұштастырудың айқын көрінісі. Сын-қатерге толы тарихи кезеңдегі бұл бастама қаңтар қасіретінен халықтық сабақ алудың, Жаңарған Қазақстанның жаңашыл жолын ашудың тұсаукесер тағылымы болмақ. «Құрылтай шақыру – ертеден келе жатқан ата дәстүріміз. Бабаларымыз маңызды мәсе­лелерді осындай алқалы жиында талқылаған. Халық өзара ақылдаса отырып, бір тоқтамға келген. Мұндай шешімдер бүкіл елді біріктірген. Төл тарихымызда ұлт тағдырын шешкен құрыл­тайлар болған. Оның көбі халқымыз үшін маңызды кезеңде өткізілген. Талас құрыл­тайынан кейін Алтын Орда дербес мемлекет бол­ды. Қарақұм және Ордабасы құрылтайлары жұртымызды ел қорғауға ұйыстырды. Орын­бордағы бірінші қазақ құрылтайында Алаш партиясы құрылды. Екінші құрылтайда Алаш автономиясы жарияланды. Егемендік кезеңінде Дүниежүзі қазақтарының алғашқы құрылтайы өткізілді. Бұл жиында сырттағы қандастарымыз атамекенге шақырылды. Біз бабалар жолын ұстанып, құрылтай шақыру дәстүрін жаң­ғырттық. Елдігімізді нығайтып, бірлігімізді бекемдейік деп бүгін бас қосып отырмыз», – деді Мемлекет басшысы құрылтайды ашқан кіріспе сөзінде. Ұлытау төріндегі Ұлттық құрылтайды халқымыз қуана күтті. Расында да, жаңа облыс атанып, оның үстіне тарихи Ұлытау жеріндегі құрылтайдың мәні мен мақсаты жалпы жұр­тымызға ортақ мәселе болатын. Тарихи жиында айтылған ұтымды ой-пікір­лер, ұсыныстар, шешімдер мен тұжы­рым­дар Жаңа Қазақстанның дамуына қатысты ең көкейкесті мәселелерге қозғау салды. Ұлттық құрылтайда талқыланған тақырыптардың бар­лығы да ел өмірінің жарқын болашағын қам­тамасыз етіп, жаңа қоғамда жасалатын жаңа қадам­дар жайы кеңінен сөз болды. Бүгінгі қоғамда қордаланған мәселелерге жаңа қырынан қараған, халықтың көкейінде жүр­ген көкейкесті сұрақтарға жауап берген құрыл­тайда Мемлекет басшысы бірінші кезекте қан­дай міндеттерді шешуі керек екеніне жан-жақты тоқталды. Құрылтайда ел Жаңа Қазақстанға бет алған жаңашыл көзқарастың куәсі болды. 30 жылдық кезеңнің осал тұстарын қайта қарап, елдікке ұмтылудың қажеттілігі осы құрылтайдың күн тәрті­біне көтерілді. «Құрылтай – белгілі бір адамдар ғана бас қосатын жер емес. Ол, шын мәнінде жал­пыұлттық жиынға айналуы керек. Бұл – өте маңызды міндет. Біз жаңа цифрлы техно­логияның мүмкіндігін кеңінен пайда­лануымыз қажет. Сонда мемлекет пен халықтың қарым-қа­тынасы барынша тиімді болмақ. Мен «Құрыл­тай» деген арнайы мобильді қосымша әзір­леуді ұсынамын. Сол арқылы халық елді жаңғырту туралы ой-пікірін онлайн режимде айта алады. Жұрт реформаның нақты пайдасын көруі қажет», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев. Құрыл­тай деген қарапайым, бірақ қазіргі кезеңге дейін сирек айтылып, аз қолданылып келген тарихи термин Мемлекет басшысының жаңашыл бастамасының нәтижесінде жалпыұлттық терминге айналды. Ұлытау ұлттың басын қосты, ұрпаққа ұла­ғат қалдырды. Ынтымақ туы осы жерде кө­теріл­­ді, ортақ ұран осы жерде айтылды. «Бұл жерде барлық рудың таңбасы тасқа жазылған. Сол арқылы бабаларымыз ұлт бірлігін көрсеткен. Қаныш Сәтбаев «Еліміздің ту тіккен жері – Таңбалы тас» деген. Өкінішке қарай, қастерлі жазулар кейін әбден бүлінді. Ел азаматтары Ұлытауға ескерткіш қойып, тастағы таңбаларды жаңғыртты. Бірақ бұл жеткіліксіз деп ойлаймын. Мұнда қазақтың бірлігін әйгілейтін сәулетті нысан тұруы керек. Мен Әулие­таудың етегінде Мемлекеттік рәміздер алаңын ашуды тапсырамын. Қасиетті өңірде көк байрағымыз асқақтап тұруға тиіс. Сол ар­қылы ұрпақтар сабақтастығы жалғасып жат­қанын көрсетеміз», – деді Мемлекет басшысы. Тарихи Семей жерінің, жер жәннаты Же­тісудің облыс болып қайта ашылуы Қоғамдық сенім кеңесі тұсында біраз әңгіме болып, ха­лықтың үмітін оятқан болатын. Ел сөзі ел басшысының құлағына жетті. «Еститін мем­лекет» халық тілегін іске асырды. Президенттің пайымдауынша: «Ұлттық құрыл­тайдың ең басты міндеті – ұлтты ұйыс­тыратын парасатты, тың идеялар мен ұсы­ныстарға айрықша мән беру». Осы орайда Пре­­зидент Қасым-Жомарт Тоқаев құрылтай жұмысы барысында басшылыққа алынуға тиіс негізгі мәселені атады: «Бірінші. Жалпыұлттық бірлікті нығайту. Ең алдымен, ұлттың жаңа сапасын қалып­тастыруға айрықша мән беруіміз қажет. Сонымен қатар қоғамды алға жетелейтін құн­ды­лықтарды қалыптастыруымыз керек. Біз орнықты демократиялық институттар құрамыз десек, саяси жауапкершілік мәдениетін дамытуымыз қажет. Шын мәнінде, нағыз отаншылдық қасиетті қалыптастыруға тиіспіз. Сонда радикализм мен экстремизмге тосқауыл қоямыз», – деді Мемлекет басшысы. Президенттің пікірінше, ұлтты ұйыс­тыратын бірінші қасиет атаққұмарлық емес, еңбекқорлық. «Отбасын асырау үшін табанды еңбек етіп жүрген, заңға бағынатын адамдар құрметке ие болуы керек. Өкінішке қарай, бізде көше бұзақылары, жауапкершіліктен жұрдай блогерлер және масылдық пиғылдағы айқай шығаратын адамдар бүгінгі күннің батырына айналды. Түрлі деңгейдегі шенеуніктер со­лардың ғана талабын орындауға жүгіреді. Ор­талықтағы және аймақтардағы билік бар­лық азаматтың мұң-мұқтажына бірдей қарауға тиіс», – деді Мемлекет басшысы. Бұл да мем­лекеттік қызмет реформасын жаңа талапқа сай жүргізу керек екенін көрсетіп отыр. Құрылтайда бұл мәселе де назардан тыс қалған жоқ. Президент жүргізіліп отырған реформа­лардың мән-маңызын халыққа дұрыс түсін­діруді екінші маңызды міндет ретінде атады. Қазір бұл жаңғырулар біртіндеп жалпыұлттық сипатқа ие бола бастаған. Мемлекет басшысы халық­тың жаңа технологиялар арқылы ауқым­ды реформаларға қатысуын үшінші маңызды міндет ретінде атады. Сонымен қатар Президент елімізде ана тілі­не деген құрметтің жоғары болатынын ше­ге­леп айтты. «Жақында әйгілі Apple компаниясы қазақ тілін iOS-тың тілдер жүйесіне қосты. Әлемнің 40 тілінде тарайтын Nickelodeоn телеарнасы қазақша көрсетіле бастады. Жастардың бастамасымен National Geographic журналы алты жылдан бері ана тілімізде жарық көреді. Осындай көптеген жағымды жаңалық бар. Сондықтан қатты алаңдауға негіз жоқ деп ойлаймын. Десек те, осы саладағы жұмы­сымызды даңғаза жасамай, табандылықпен жүр­гізуіміз қажет. Қазақ мемлекеті аман тұрғанда, қазақ тілі жасай береді. Бұған еш­қандай күмән болмауы керек», – деді Мемлекет басшысы. Ұлттық құрылтайдың құрамына 117 адам енген. Олардың қатарында барлық облыстың, сан түрлі саланың, әр буынның өкілдері бар. Осы орайда Мемлекет басшысы Ұлттық құрылтай жұмысын ұйымдастыру жайында ой-пікірін білдіре келе: «Біз көпті көрген ел ағаларының ақыл-кеңесіне жүгінеміз. Белсенді азаматтық ұстанымы бар орта буынның тәжірибесін ескереміз. Жаңаша ойлайтын жастардың тың идеяларын қолдаймыз», – деді Президент қорытынды сөзінде. Президент құрылтай қозғау салған мәселелерді тиянақты іске асыру – еліміздің жасампаздық дамуын жаңа белеске көтеретінін айрықша атап өтті. Бұл орайда жауапкершілік әрбір Қазақстан азаматына жүктелетіні сөзсіз. Басты жиында «Еститін Үкімет» қағидатта­рын жетілдіріп, билік пен халық арасындағы байланысты күшейтуге ерекше назар ауда­рылды. Мемлекеттік тіл мәртебесін көтеру­ден бастап саясат, экономиканы өркендету, білім, ғылымды дамыту, ұлттық тәрбие мәселелері кеңінен қозғалды. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың пайымдауынша, ұлттық болмысты сақтай отырып, Қазақстан өз ішіндегі саяси тұрақтылықты, әлеуметтік келісімді және экономикалық жаңаруды күшейте беруге тиіс. Сонымен, Ұлытауда өткен Ұлттық құрылтай тарих сахнасына көтерілді. Онда айтылған ойлар мен ұсыныстар, идеялар мен пікірлер, арыз-өтініштер алдымызда аса ауқымды жұмыстар тұрғанын көрсетіп берді. Ұлттық құрылтай тарихи сана мен рухани өзгерістердің жаңа кезеңінің уақыты келгенін, мемлекеттік тілдің мәртебесі мен міндетін терең ұғынудың, ғылым мен білімді, жаңа технологияларды дамытудың, озық ел болудың тарихи тұжырымын жасады. Осы міндеттерді береке-бірлік танытып, бірге жүзеге асыру міндетіміз.

Жансейіт ТҮЙМЕБАЕВ, әл-Фараби атындағы ҚазҰУ басқарма төрағасы-ректоры