Арқаға ажар берген ару қала

Арқаға ажар берген ару қала

Арқаға ажар берген ару қала
ашық дереккөзі
Сонау 1997 жылы Ақмола қаласы ресми түрде еліміздің астанасы атан­ған болатын. Содан бері 25 жыл өтіпті. Бүгінде елорда еліміз үшін түбегейлі маңыз­ды шешімдер қабылдайтын, әлем халқы үшін «Бейбітшілік қаласы» атанған ірі саяси, қаржы, экономикалық орталыққа айналды. Астана әлемнің атақты қала­лары­мен тең тұрып, әлемдік мәселелерді тал­қылайтын халықаралық диалог орнатуда да жақсы тәжірибе жинады. Байғұтты ТОРТАЙ, архитектор, Қазасқтан Сәулетшілер одағының мүшесі: Ақорда – ерекше сәулет жобамның бірі
Астана Алатаудың баурайынан Сарыар­қа төсіне қоныс аударғаннан кейін көп күт­тірмей бас қаланы дамыту, көркейтуге ба­ғытталған жұмыстар басталып кетті. Архи­тектура факультетін бітіргеннен кейін жас маман ретінде мені Таразға, бауырым Арап­байды (ол да сәулетші) Ақтөбеге жұ­мысқа жіберді. Алайда екеуміз де бас қалаға қоныс аударып, ел дамуына үлес қоссақ деп армандап жүрдік. Содан сәулетші Қалдыбай Монтақаевтың компьютерлік бағдар­лама­мен жұмыс істей алатын сәулетшілерді із­дес­тіріп жатқаны туралы естіп, өз жұмы­сы­мызды көрсеттік. Бір айдан соң хабарласып, бірге жұмыс істеуді ұсынды. Бұл 1999 жыл­дың аяғы еді... Ағайынды Тортаевтардың қаламы мен қиялынан туған ерекше сәулет жобасы – Ақорда. Мемлекет тарихында бір рет қана са­лынатын орданы бірнеше автор идея­мызды біріктіре отырып, екі жылда жоба­сын сызып, жасап бердік. Шетелдіктер қа­тыс­қан конкурста 17 жобаның ішінен үздік деп танылуымыздың өзі үлкен жетістік еді. Жобаның авторы ретінде ғимараттың өзіне тән ерекшеліктерін ескерту, маңыздылығын түсіндіру менің мойнымда болды. Ғи­марат­ты сыртынан қарасаңыз төрт­бұрышты, ал ішіне ­кірсеңіз, үлкен кеңістік. Тіреусіз са­лын­ғаны талай адамды таңдай қақтырды. Ақордадағы әр залдың өзіндік маңызы бар десе болғандай. Күмбезді залда сән-сал­танатты шаралар өткізіледі. Ішіне кірген кез­де жан сарайың жарқырап ашыла түс­кендей боласың. Жиын залының табалды­ры­ғын аттаған сәттен бойыңды жинап ала­сың. Резиденцияның қабырғалары өт­кізілетін шараның маңыздылығынан хабар беріп тұрғандай. Ішкі дизайнын жасаған италиялық мамандар түстерді де сәйкес таң­дай білген. Келген қонақтарды салта­натты түрде қарсы алатын жердің маңыз­ды­лығын ескере отырып, конструкциялық шешімнің арқасында көлемін мүмкіндігінше ұйымдастырдық. Жобаны жасау барысында жердің отыруы, жауын-шашынның әсері мен оған түсетін салмақты да ескердік. Құры­­лысы 2001 жылы басталып, 4 жылға созылған көркі көз тартатын әсем ғимарат қалаға ерекше көрік беріп тұр. Бірнеше жыл бұрын ағылшындық Theestle.Net порталы әлемдегі президент сарайларын салыс­тырып, рейтингін анықтаған болатын. Еңсесі биік, хан сарайындай келбеті бар, салиқалы да тәкаппар Ақорда үздік үштікке енді. АҚШ-тың Ақ үйі ең үздік сарай деп та­нылса, екінші орынды – Тәжікстан пре­зидентінің Ұлт сарайы – Касри Миллат ие­ленді. Астана алғаш құрылған кезде үлкен үш-ақ көше болатын: қазіргі Бейбітшілік, Республика және Жеңіс даңғылы. Ал көзге түсер ғимараттардан – қазіргі ескі орта­лықтағы қалалық әкімдік, бұрынғы Парламент үйі, Сыртқы істер министрлігі бол­ды. Жолы дұрыс салынбаған қалада бат­пақ кешіп жүріп сан түрлі ғимараттың бой көтеруіне атсалыстық. Сол кезде «Елорда қашан астана атына лайық әдемі қала болар екен?» деп ойлайтынмын. Бірақ бәрі де тез екен. Құрылысы қарқынды жүрген қалада 2-3 жылдың ішінде әкімшілік нысандары пайдалануға берілді. Ақорда мен Үкімет үйінің айналасына әсем ғимараттар салына бастады. Бауырым Арапбай екеуіміз Ақор­дадан бөлек, Үкімет үйі, Жоғарғы Сот сын­ды жалпы саны 30-дан астам ғимараттың сыз­басын сыздық, авторы атандық. Осы қалада өстік, өркендедік, балаларымның болашағы елордамен тығыз байланысты. Қаланың күн сайын сұлуланып, ерекше көркеюі қиялға қанат бітіреді.
Әбілғазы ҚҰСАЙЫНОВ, мемлекет және қоғам қайраткері: Еуразия кеңістігіндегі ірі орталық
– Осыдан 25 жыл бұрын 1997 жылы 10 жел­тоқсанда Алматыдан елордаға қоныс аудардық. Сол кезде астана 250 мың халқы бар, екі және бес қабатты Хрущев заманынан келе жатқан үйлері бар шағын қала бола­тын. Бүгін осыны жастарға айтсақ ертегі сияқ­ты көрінуі мүмкін. Мен ол кезде Пар­ламент депутаты болдым, кейін осы қалада бірнеше жыл қатарынан мемлекеттік қызметтерді атқара жүріп, ел дамуына үлес қостым деп айта аламын. Жасыратыны жоқ, Алматыдан қоныс аударып келгенде далаға келгендей күй кешкеніміз рас. Ауа райы да қолайсыз тиді, қы­сы суық әрі ұзақ, жазы ыстық. «Қашан елі­міздің бас қаласына айналады?» деген күдік­ті сауал көкейде тұрды. Біз келген жыл­дары қалада бірді-екілі ғана тамақ­тана­тын орын болды. Орталықта Республика көшесінде «Меруерт» мейрамханасы бар еді, сосын «Тереза» деген шағын мейрамхана болды. Осы екеуінен өзге тамақтанатын жер жоқ. Қалада көшелер де аз, жол салынбаған көшелердің миы шыққан батпақ болатын. Астана бүгінгідей әсем қалаға айналу үшін бәріміз еңбек еттік. Өзім Көлік және ком­муникация министрі болған тұста қаланың іш­індегі және қаладан шығатын жолдарды жа­садық, ескі көшелерді жөндедік. Осылай үлкен қарқынмен басталған ауқымды жұ­мыстар көп өтпей нәтижесін көрсете бас­тады. Елорда 25 жылдың ішінде адам танымастай өзгерді. Бұрынғы қала мен қазіргі қала салыстыруға келмейді, айыр­машылық жер мен көктей. Мектеп, ауру­хана, концерт залдары, театрлар, универ­ситеттер, Есілдің сол жағалауы мен оң жа­ғалауын байланыстыратын әдемі көпірлер, сан алуан тұрғын үй және бизнес кешендері көздің жауын алады. Ең бастысы, халық саны көбейді. Елорда жастардың қаласына айналды. Бүгінде елорда халықаралық дең­гейдегі іс-шаралар өтетін Еуразия кеңіс­тігіндегі ірі орталық. Сіздердің газеттеріңізді пайдалана отырып, астана тұрғындарын, бүкіл қазақстандықтарды қала күнімен құттық­таймын. Бізге қазір ең бастысы –бейбіт өмір, халықтың әл-ауқатының жақсаруы. Білімді жастар көбейсін деп тілеймін.
Кентау НАЗАРБЕК, композитор, әл-Фараби атындағы оқушылар сарайы вокал бөлімінің меңгерушісі: «Астана» туындысын 7 жыл жаздым
– Астанаға алғаш қоныс аударғанда қала халқы 600 мың болатын, қазір мил­лион­нан асты. Сол жағалаудағы Сауран кө­шесінен ары қарай айдала болатын. Ал бүгін сол аумақта тұрғындардың сүйікті де­малыс орнына айналған Ботаникалық бақ жайқалып тұр. Кейінірек салынған ЭКСПО кешені бүгінде елорданың туристік және қаржылық орталығына айналды. Астана Сарыарқа төсіне қоныс аудар­ғаннан бастап еліміздің шартарабынан ағыл­ған жұрттың көші тоқтамақ емес. Кө­кейінде елдің бас ордасымен бірге дамимын, ертең­ге нық қадам басамын, болашағымды астанамен байланыстырамын деген үкілі арманы бар жастарға жол ашық. Астананың күн санап көркейіп, аз уақытта еліміздің ғана емес, әлемнің астанасы атағына ие болуына әрбір қазақстандықтың қосқан үлесі зор деп білемін. Елорда еліміздің рухани орталығына ай­налуға да жайлап қадам басып келе жа­тыр. Халық пандемиядан кейін адамға ден­саулықтан соң ең керегі рухани байлық еке­нін сезіне бастады. Хакім Абай: «Жар­тасқа бардым, Күнде айғай салдым, Одан да шықты жаңғырық» дейді ғой. Сол сияқты бізде де даңғаза шоу, жеңіл әзілдерге қы­зығушылық көп болатын, ал қазір бұл азайып, руханиятқа бетбұрыс жасалды. Руханияттың биік деңгейі – есті дүние ғой, ол спектакль, әдемі кеш, концерт бол­сын, бастысы тәрбиелік мәні бар дүние бол­ғаны жақсы. Мұндай рухани дүниелер науқаншылдыққа емес, шынайылыққа құрылуы тиіс. Менің бас қаламыздың мәдениетіне, руха­ниятына қосқан үлесімнің бірі – «Астана» атты туындым. Әні мен сөзі өзім­дікі. Бұл туындыны 7 жыл жаздым. Ерлан Рысқалидың орындауындағы «Мен қазақ­пын» толғауы да тарихқа бойлай отырып жазылған патриоттық туындымның бірі. Өзім отаншылдық өлеңдерге бойұсына отырып, болашақ ұрпақтың танымына, пайымы мен парасатына әсер еткім келеді. Ал елордамыздың туған күнінде еліміз аман, жұртымыз тыныш болсын деп тілей­мін. Қазақ үйлі, қазақ күйлі болса екен. Ұрпағымыз ұлт тілін терең меңгерген, салт-дәстүрін дәріптеген, елі мен жерін сүйетін патриот болсын. Балаларымыз ұлтжанды емес, ұлтшыл болып өскей. Қаланың әр бұры­шынан қазақылықтың иісі шығып тұр­са деймін.

Арайлым ЖОЛДАСБЕКҚЫЗЫ