Депутаттар ел ішінде болады

Депутаттар ел ішінде болады

Депутаттар ел ішінде болады
ашық дереккөзі
Демек, депутаттардың демалысы басталды. Екін­ші сессия несімен есте қалды? Қос палата биыл қан­дай мәселелер көтерді, қандай заң жобалары әзір­ленді? Халық қалаулыларының жоспары қандай екенін білмекке «AMANAT» фракциясының депутат­та­рына хабарласып көрдік. Олардың сөзіне қараған­да, биыл негізгі күш партияның жанынан құрылған «Жер аманаты» комиссиясының жұмысына жұмыл­дырыл­мақ. Мәжіліс Спикері Ерлан Қошанов па­латалардың атқарған жұмысының нәти­жесін сандармен дәйектеді. Оның мәлім­демесіне сүйенсек, екінші сессия кезінде пала­талардың бірлескен 4 отырысы өткен. Одан бөлек, Мәжілістің 42 жалпы отырысы өтіп, онда 271 мәселе қаралыпты. Ал Сенат­тың 42 жалпы отырысында 148 мәселе көтерілген. Жалпы, қос палатадағы 127 заң жоба­сы­ның 78-і қабылданды. Қазір осы Парла­мент қабылдаған заңдардың 66-сына Пре­зидент қол қойып, күшіне енген екен. Со­нымен қатар депутаттардың бастама­сымен 27 заң жобасы әзірленіпті. Қазір олар­дың 19-ы қабылданды, тағы 8 заң жо­басы бойынша жұмыс жалғасып жатыр. Мәжіліс Спикерінің айтуынша, депу­таттар бастамашы болған заңдардың бір­қатары Мемлекет басшысының тап­сыр­маларын орындауға бағытталған. Со­лар­дың ішінде «Қазақстан Республикасындағы Адам құқықтары жөніндегі уәкіл туралы», Қар­жы пирамидаларының қызметіне қар­сы іс-қимыл мәселелері жөніндегі, «Қа­зақстан Республикасының сот жүйесі мен судьяларының мәртебесі туралы» заңдар қабылданды. Ерекше күтімді қажет ететін адамдардың өмір сүру сапасын жақсарту мә­селелері жөнінде де заң мақұлданды. Со­ның нәтижесінде 13 мыңға жуық ата-ана ба­лалары ем алған кезде шығатын шы­ғындардың 70 пайызына өтемақы ала ала­тын болды. Cонымен қатар Ерлан Қоша­нов Парламент Баланың құқығын қорғау, білім беру, ақпарат және ақпараттандыру мәселелері бойынша құжат қабылданғанын айтты. Оған қоса, екінші сессия кезінде Пар­ламент елдің сыртқы саясаттағы басым мін­деттерін іске асыруды бекітетін, шет­елдермен және халықаралық ұйымдармен ынтымақтастықты нығайтуға бағытталған 27 халықаралық шарт пен мемлекетаралық келі­сім ратификацияланған. Сессия бары­сында Парламент депутаттары 13 ха­лық­аралық парламенттік ұйым шеңберінде бел­сенді жұмыс істеді, 360 халықаралық іс-шараға қатысты және шетелдің 24 пар­ламентімен ынтымақтастықты жүзеге асырды. Мәжіліс Төрағасы өткен сессияда де­пу­таттық сауалдармен де көптеген мәселе кө­терілгенін айтты. Жалпы, Парламент депу­таттары сессия кезінде Үкімет пен басқа да мемлекеттік органдардың атына 494 депутаттық сауал жолдапты. Сондай-ақ ауыл шаруашылығын да­мыту, «Жаңа Қазақстан: жастар және жаңғыру» және «Қазақстанның су саласын да­мыту перспективалары» тақырыбына арналған 3 парламенттік тыңдау өткізілген. Мемлекет басшысы қоғам талқы­лау­ларын әлеуметтік желілер мен қала алаң­дарынан Парламент қабырғасына әкелу қажет екенін айтқан болатын. Осы мақ­сатта Мәжілістің жанынан Қоғамдық пала­та құрылған. Оның құрамына қоғам бел­сенділері, үкіметтік емес ұйымдар мен аза­маттық сектор өкілдері кірді. Сонымен қа­тар азаматтардың талап-тілектеріне же­дел ден қою үшін Мәжілістің Қоғамдық қабылдау бөлмесі ашылған. Бұған қоса, Сенатта «Ұлттық мүдде» диа­лог алаңы жұмысын бастаған болатын. Бірнеше министрлік пен ведомствоның қатысуымен 14 Үкімет сағаты өткен. Келесі Парламент сессиясында пала­талардың жұмысы конституциялық рефор­маларды іске асыруға бағытталатынын айт­қан Мәжіліс Спикері депутаттардың ал­дында 20-дан астам жаңа заң жобасын әзірлеп, қабылдау міндеті тұрғанын айтты. Соның ішінде басты-басты деген маңызды заңдар жыл соңына дейін қабылдануы керек. Сессия кезінде депутаттар өңірлерге 8 рет барып, халықпен 7 200-ге жуық кездесу өт­кізген екен. Демалыс кезінде олардың аймақтарға сапары жалғаспақ. Халық қалаулыларының демалыс кезіндегі басқа да жоспарларын білмек мақсатта хабар­ласып көрген едік. Еділ ЖАҢБЫРШИН, Мәжіліс депутаты: Бұрын бармаған барлық елді мекенді қамтуға тырысамыз
– Шілде айының 1-не дейін Парла­мент­тің кезекті сессиясы аяқталады. Негізгі заң шығару жұмыстарымызда үзіліс болады. Сай­лаушылар депутат екі ай бойы кани­кулға шығып, демалысқа кетеді деп ойлай­ды. Ақиқатында депутат толықтай қыз­ме­тін тоқтатпайды. Алдағы екі ай ішінде де­пу­­тат тиісті демалыс күндерінен басқа өңір­­­лерге шығып, сайлаушылармен кездесіп, өзінің депутаттық міндеттерін атқарады. Өзім туралы айтар болсам, демалы­сымыз­дың негізгі бөлігін елде өткіземіз. Одан басқа, отбасылық мәселелерімізге бай­ла­нысты шетелге барып келуіміз мүм­кін. Сонымен қатар әдеттегідей өзіміз сай­ланған Маңғыстау облысына барамыз. Бару кестесін жасақтап жатырмыз. Негізінен, өңірі­міздің барлық қалалары мен аудан­дарын осыған дейін араладық, қоғамның барлық топтарымен кездесіп жүрміз. Деген­­мен әлі бармаған ауылдарымыз бар. Уақыт жетсе, бұрын бармаған барлық елді мекенді қамтуға тырысамыз. Сайлаушылармен кездесулерімізде бірін­­ші кезекте Парламенттегі атқарылған жұ­мыс­тарды сайлаушыларымызға жеткі­зе­міз. Екіншіден, халыққа елде болып жат­қан саяси және экономикалық рефор­малардан ақпарат береміз. Үшіншіден, ха­лық­пен пікір алмасып, оларды толған­ды­рып жүрген өзекті мәселелерді жинақ­тай­мыз. Ең бастысы, қандай заңдарға немесе заң астындағы нормативтік-құқықтық ак­тілерге өзгеріс жасау керек, солар маңызды. Қазірдің өзінде жұмыссыздық мәселесі, азық-түлік бағасының өсуі, ауызсудың жетіс­пеушілігі, иттердің адамдарға шабуы­лы, энерготарифтердің қымбат­шы­лығы сияқты мәселелерді тұрғындар қайта-қай­та көтеріп жүр. Қажет болған жағдайда Самат Мусабаев екеуміз өңірге тиісті ми­нистрлік пен ұлттық компаниялардың өкіл­дерін шақырып немесе олармен он­лайн кездесулер өткізіп, мәселелерді жедел шешуге болады.
Ерлан САЙЫРОВ, Мәжіліс депутаты: Шекарадағы аудандардың әлеуметтік-экономика­лық ахуалын тағы бір зерделейміз
– Депутаттар демалысқа кетті, бірақ де­­малысқа шығу жұмысты тоқтату деген сөз емес. Биыл Солтүстік Қазақстан, Шығыс Қа­зақстан, Батыс Қазақстандағы өңірлерге барып қайтпақпыз. Ол жақтардағы ең бірін­ші жер мәселесі, яғни жайылым жер мә­селесі өте өзекті болып отыр. Ал енді дәл қазір Шығыс Қазақстан об­лы­сына жұмыс сапарымен келдім. Он­дағы Марқакөл, Катонқарағай, Зайсан, Тар­бағатай аудандарына барып, халықпен кез­­десу жоспарда бар. Зайсан мен Тарба­ға­тай аудандарында Майқапшағай – Омбы тас­жолының Майқапшағай – Қалбатау бөлігін салу өте өзекті болып тұр. Өйткені құры­лыс жұмыстары тым ұзаққа созылып кетті, халықтың шыдамы таусылды деуге де бо­лады. Міне, осы мәселені шешу керек. Сон­дықтан біз жақын арада Тарбағатай, Зай­сан аудандарында министрлік өкіл­дерімен жол салу проблемасына арналған жиын өткізбекпіз. Сонымен қатар Күршім ауданы Марал­ды ауылында жағдай ушығып тұр: сол жақ­­та тұратын халық пен инвесторлар ке­­лі­сімге келе алмай отыр. Біз әрқашан ха­­лықтың мұңын тыңдап, мүддесін қор­ғай­мыз, сондықтан Маралдыға барып, ха­лықпен кездесіп, әлеуметтік-экономикалық жағ­дайынан хабардар болып, сөйлесіп, ин­весторлармен екі арада туындап отырған проб­леманы халықтың мүддесі тұрғы­сы­нан шешуге күш салатын боламыз. Және бұл жақтағы ең өзекті мәселе – ше­карадағы аудандардың әлеуметтік-эко­номикалық ахуалын тағы бір зерделейміз. Шы­ғыс Қазақстан сапары аяқталған соң Сол­түстіктегі пай жерлер және жайылым жерлер мәселесіне назар аударамыз. «AMANAT» партиясы жанынан құрылған «Жер аманаты» комиссиясы құрылған бо­латын, соның құрамында теріскейге барып жұмыс істейтін боламыз.
Жанарбек ӘШІМЖАН, Мәжіліс депутаты: Алдымызда 5 миллион гектар жерді халыққа қайтару міндеті тұр
– Парламенттің біріккен отырысында жетінші шақырылымның биылғы сессиясы қо­рытындыланып, депутаттар демалысқа кетті. Негізінен, белгіленген кесте бар, сол бел­гіленген кесте бойынша депутаттар өңір­лердегі сайлаушыларымен кездеседі. Менің кездесу мерзімім тамыз айына жос­пар­ланған. Тамыздың 16-сынан 26-сына дейін өңірде боламын. Атап айтқанда, Ке­ген ауданы, Еңбекшіқазақ ауданы, Талғар аудандарындағы жұртшылықпен жүз­дес­пекпіз. Енді биылғы әкімшілік-аумақтық өз­герістерге байланысты облыс Алматы және Жетісу болып екіге бөлінді. Мен бұрын 11-12 ауданды аралап қайтатынмын, биыл депутаттар жеке-жеке жүреді, сон­дықтан, әр депутатқа 3-тен, 4-тен аудан бөлі­ніп берілді. Маған бөлінген осы 3 аудан, деген­мен кестеде жоқ Райымбек ауданына да баруға тырысамын. Биыл 4 рет елге барып қайттық, әр екі ай сайын халықпен жүздестік деп айтсақ бо­­лады. Референдумға байланысты ай­ма­қ­тарды аралаған кезде де халық әлеуметтік мә­селелерді қозғап жатты. Сондықтан ең әуе­лі жер мәселесі өзекті болып отыр. Әсі­ре­­се, жайылым, егістік жерлерге қатыс­ты халықтың талап-тілегі көп. Мен «AMANAT» пар­тиясы жанындағы «Жер аманаты» ко­миссиясының мүшесімін. Осы комиссия қазір үлкен жұмыстар атқарып жатыр. Ауыл шаруашылығы министрлігіне қарас­ты Жер комитетімен бірлесіп өңірлердегі игеріл­мей жатқан, заңсыз алынған жер­лерді халыққа қайтару жөнінде үлкен жұмыс­тар басталып кетті. Сонымен қатар ко­миссия құрамында Бас прокуратура сияқ­ты күштік құрылымдардан бастап үл­кен лауазымды тұлғалар бар. Қоғам бел­сенділері бар. Жер мәселесімен айналысып жүрген заңгерлер де бар. Сондықтан бұл ко­миссияның жұмысы жемісті болатыны­нан халық зор үмітті болып отыр. Жақында әріптесім Ерлан Сайыров екеуіміз Түркістан облысына барып қайтқан болатынбыз. Ол жақта бір ғана құрылтайшылығындағы 184 мың гектар жерді Ордабасы ауданы Төрт­күл ауылының Ақсары аталатын бөлім­ше­сін­дегі халықтың талап-тілегі бойынша қайтардық. Бұл – бір ғана мысал. Ал жалпы жыл соңына дейін игерілмей жатқан 5 мил­лион гектар жерді халыққа қайтару керек деген Президенттің тапсырмасы бар. Сол бағытта жұмыс істейтін боламыз. Дәл осы комиссия жұмысымен Алматы облы­сына тамыз айының үшінші онкүндігінде бармақпыз. Ірі жер иеленушілерімен келісімге келеміз. Одан бөлек, жол мәселесі, ауызсу мә­селесі, өңірлердегі мектептің жағдайы да халықты толғандырып отыр. Алдыңғы сапарларымда мектептердің көбінің са­пасы сын көтермейтінін байқап қайтқан едім. Білім беру мекемелері күрделі жөн­деуді қажет еткенінен бөлек, техникалық-базалық жағынан да ақсап тұр. Жалпы, біл­­ім саласы, денсаулық сақтау саласы бар, жалпы әлеуметтік мәселе көп. Сонымен қатар жайылым жерлерді суару, жайылымға су жеткізу мәселесі де бар. Былтыр осы мәселемен айналысқан болатынмын. Осы мәселеге қатысты 5 мил­лиард теңге қаражат бөлінді. Бөлінген ақша кезең-кезеңімен игерілетін болады. Мә­селен, бір ғана Кеген ауданында 11 канал бар, солардың жұмысын толық ретке кел­тіріп, жүйелеген жағдайда аудандағы суармалы жерлердің төңірегіндегі мәселе 90 пайыз шешілетін болады. Одан бөлек, орман қорындағы жерлерді мал жайылымына қайтару бойынша көп­те­ген жұмыс күтіп тұр. Оны халықпен бір­ле­сіп, ақылдаса шешетін боламыз. Басқа алабөтен жоспар жоқ, әр жыл сайын отбасымның қасында және елде боламыз. Шетелге шығу ойда жоқ. Ту­ған-туыс, дос-жаранның қуанышына ор­тақ­тасамыз. Өмір болған соң қуанышы мен қайғысы аралас жүреді, соған байланысты ағайынмен жүздесеміз. Соның бәрін бір жарым айға сыйғызуға тырысамын. Осын­дай қарапайым ғана жоспарларым бар.
Елнұр БЕЙСЕМБАЕВ, Мәжіліс депутаты:
– Демалыс ке­зін­де өңір аралап, Түр­кістан облы­сы­на барамын, Алма­ты қала­сын­дағы, Алматы об­лысындағы халықпен жүз­десемін. Одан бөлек, көтерілген әлеу­меттік-экономи­ка­лық мәселелерді, жайы­лым жерге бай­ла­нысты мәселелерді көтере­тін боламыз. Демалыс уақыты – шамамен екі ай, со­ның бір айын өңір аралауға арнаймын. Одан бөлек, осы жаз айларында баста­ма­­шылық екі заң әзірлеуді ойға алып отыр­мын. Қысқаша айтқанда, жоспарым осын­дай.
Сонымен, депутаттар өздері сайлаған өңірдің халқымен кездесіп, мәселелерін тыңдап, оң шешілуіне атсалысатындарын айтады. Аймақтардағы шешілмей жатқан негізгі мәселелер де бірдей. Халық қалаулылары жоспарларын орындап, жаңа міндет арқалап, қыркүйекте жаңа тыныс, жаңа қарқынмен жұмыстарын жалғастырады деген сенімдеміз.