Шетел компанияларының көші қауіп пе, мүмкіндік пе?

Шетел компанияларының көші қауіп пе, мүмкіндік пе?

Шетел компанияларының көші қауіп пе, мүмкіндік пе?
ашық дереккөзі
Биылғы мамыр айының аяғындағы дерек бойынша, елімізде жұмыс істеп тұрған шетелдік кәсіпорындар саны жыл басынан бері 12,7 пайызға, яғни 25 мыңға дейін өскен. Ұлттық статистика бюросының деректеріне сүйен­ген finprom.kz сарапшылары мұның себебін геосаяси ахуалға байланысты санкциядан қашқан ресейлік компаниялардың жаппай елімізге көшуімен байланыстырған екен. 40,2 мың шетел компаниясы Егер көрсеткіштің айлық өсіміне мән берер бол­сақ, шетелдік компаниялар қатарының өсуі наурыз айында басталған. Нақтырақ тоқталар болсақ, 2022 жылғы наурызда сектордағы өсім – 3,3 пайыз, сәуірде – 4 пайыз, мамырда 4 пайыз болған. Бұл – соңғы жылдардағы ең жоғары көрсеткіш. Былтыр шетелдік компаниялар санының орташа айлық өсу қарқыны бар болғаны 1,1 пайыз болған. Сонымен қатар тіркелген заңды тұлға­лардың, шетел­дің заңды тұлғаларының қаты­сы бар филиалдарының саны мамыр айының соңына қарай 40,2 мыңға жеткен екен. Нақты сандармен дәйектер болсақ, атал­ған биылғы қаң­тар-мамыр айларында 2,4 мың компанияға артты. Компаниялардың негізгі ағыны Ресейден көшіп келген ұйымдардың үлесіне тиесілі екен. Олардың саны – 1,6 мың. Сөйтіп, еліміздегі Ресей компанияларының саны 13 мыңға жетті. Сонымен қатар компаниялар санының өсуі бойынша көшбасшылар үштігіне Өзбек­стан (205 ұйым) және Беларусь (120 ұйым) енді. Ресей мен Беларусь елдерінен келген ком­паниялардың негізгі ағыны санкцияларға байланысты. Қазіргі динамика мен геосаяси дағдарысқа байланысты ресейлік компания­лардың ағыны одан әрі жалғасады деген бол­жам бар. Бұдан бұрын Үкіметтің кезекті отыры­сында Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Бағдат Мусин баяндама жасап, елімізге Ресейдің бірқатар алып компаниясының қызметкерлері көшіп келіп жатқанын мәлімдеген болатын. Соның ішінде Playrix ($17 миллиард, ойын­дар әзірлеу); Tinkoff Bank ($6,3 миллиард, онлайн банк); Nexters ($1,9 миллиард, ойындар әзірлеу); InDriver ($1,2 миллиард, жо­лаушылар тасымалымен айналысатын сервисі); Санкт-Петербор биржасы ($1 мил­лиард, биржа) сияқты ірі компаниялардың қыз­меткерлері бар. Жалпы, еліміз ресейлік 1 мыңнан астам IT маманды көшіріп әкеліп, тіркеуден өткізіп, қолұшын берген екен. Министр Бағдат Мусин отандық IT экожүйені дамыту үшін адами капиталға назар аудару маңызды екеніне тоқталып өтті. Иә, шетелдік мықты компаниялардың қа­зақстан нарығына келе бастауы бір жағы­нан ел эко­но­микасына, қызмет түрлерінің са­па­сына, мамандарға бәсекелестік орта қалыптастыруға жақсы жағынан ықпал етеді деген болжамдар бар. Дегенмен, бұған дейін, әсіресе Ресей ком­панияларының отандық нарықты жау­лаға­нына байланысты отандық компания­лар­дың «тұншығып» қалып жатқаны да талай рет мә­селе ретінде көтерілген бола­тын. Яғни, біз­дің компаниялар шетелдік компаниялармен иық тіресе жұмыс істеуге қауқарсыздау болып тұрғаны айтылып келді. Сырттан кіріп, сыналап жаулағандар Расымен де, геосаяси ахуал шиеленіспей тұрып-ақ елімізде кей салада шетелдік компа­ниялардың, әсіресе Ресей компанияларының дәурені жүріп тұрды деуге әбден негіз бар. Мәселен, қызметкерлері елге келіп жатыр де­ген 2ГИС компаниясы іске қосылғаннан бері біздің елдегі нөмірі бірінші навигаторға ай­налды. Қала тұрғындарының барлығы дер­лік осы жол көрсетіп, пайда табатын бағдар­ламаны қолданады. Компания негізінен сол қосымшаға жар­нама орналастыру арқылы ақша табады. Пай­даланушылар аудиториясы қалың, компания жарнама беріп, ісін дөңгелетудің таптырмас жолын дөп басқан. Мысалы, бағдарламаға кіріп, бір мейрамхананы іздесеңіз, сізге оның ме­кенжайы мен қоса әлеуметтік желідегі парақшаларын, нөмірін, тіпті орташа есеппен қанша ақшаға шығындалуыңыз мүмкін екенін де көрсетеді. Ал бұл ақпаратты бағдарлама ұсын­ғаны үшін мейрамхана иелері компа­нияға ақша төлейді. Бірақ компания еш жерде та­бы­сы жайлы деректермен бөліспеген. Әйтеуір, жыл сайын жарнама берушілердің үлесі 30-40 пайызға артып отырғаны айты­лады. Ал такси нарығын жаулап алған «Яндекс.Такси» бағаны қалағанынша қоятынымен бұған дейін де аз дау тудырмаған еді. Оның бас­ты себебі ретінде бұл салада оған бәсе­келесуге басқа отандық компаниялардың қауқары жетпей жатқаны айтылған болатын. Жыл басында антимонополистер «Яндекске» тексеріс жүргізетінін де мәлімдеген еді. Тіпті, істі болып, мәселені сот та қарағаны есте. Себебі компания жолаушылардан негізсіз қосымша ақы алуды бастаған. Мәселен, үнемді тариф сегменті үшін қосымша – 350 теңге, қалада жүрген әр шақырымға – 50 теңге, ақы­лы күткені минутына 20 теңге алатын бол­ған. Оған қоса, «Яндекс» ірі қалаларда күн құ­былып, көлік кептелісі бола қалса, жолақы­сын шарықтатып жібереді. Дегенмен, сот ісіне байланысты жұмыстағы кідірістерге қарамастан, компания аз уақыттың ішінде қайтадан толыққанды жұмысқа кірісіп кетті. Біз ел нарығындағы ең ықпалды дейтін ком­паниялар ғана тоқталып өттік. Бұл мә­селенің шешімі, әрине, олардың жұмысын шек­теу емес. Дегенмен, пайданың басым бөлігі сұра­нысқа ие компаниялардың еншісінде кете­тіні мәселенің қаншалықты өткір екені­нің дәлелі. Бірақ экономист сарапшы Бауыржан Ысқақов шетел компанияларының ағынынан зиян емес, пайда көп дейді. Бауыржан ЫСҚАҚОВ, экономист: Зиянынан пайдасы көп үрдіс
– Бұл үрдістің зиянынан гөрі пайдасы көп деп айтуға болады. Өйткені еліміз әу бастан өзін ашық экономикалы мемлекет ретінде қалып­тастырған. Жалпы, сол бағытта сырттан инвестиция келетін болса, сырттан қаражат құйы­лып, қосымша жұмыс орындары ашы­лып, салық түсіміне жағдай жасайтын болса, біз бұл жерде оларға тек қана тиімді жағдай жасауымыз керек. Біздің шекарамызға келетін кәсіпорындар бар, сол үшін логистиканы дамытуымыз керек, жалпы басқа елдердің кәсі­порындары алаңсыз жұмыс істеуіне мүм­кіндік берген жөн. Егер олар біздің ішкі сұранысымызды қанағаттандыратындай өнім шы­ғаратын болса, оған қоса біздің елде тір­келетін болса, бұл біздің стратегиялық ба­ғытымызға мүлде кереғар емес. Бірақ біз бір нәрсенің басын ашып анық­тап алуымыз керек. Ол біздің ұлттық мүд­демізге, экономикамызға қызмет ететін кәсіпорындар болуы шарт. Ал егер олар тек қана аты Қазақстанда болып, заты Ресейдің немесе басқа елдің экономикасына жұмыс істейтін болса, бізге бұл жерде нақты шарттар қоюға тура келеді. Яғни, өз экономикамызға қаржы әкелетін кәсіпорын ретінде тіркелетін болса және ол біздің ішкі сұранысымызды қанағаттандырса, оған ешқандай шектеу қоймауымыз керек. Жалпы, санкция екі ел арасындағы шиеле­ніс десек, үшінші немесе басқа да мемле­кеттерге мүмкіндік әкелетін дүние. Осы санк­ция бізге әсерін тікелей тигізбесе де, біз­дің одақтас мемлекетке салынып жат­қан­дықтан, одан тиімді өтудің жолдарын қарас­тыратын бағдарлама әзірленуі керек деп ойлай­мын. Бұл – жалпы әлемдік экономикада қалып­тасқан дәстүр. Сол үшін біз келген кәсіпорындарға лайық­ты жағдай жасай алатындай, маман­дары­мыз бәсекеге қабілетті болатындай инф­рақұрылымды дамытуымыз керек. Ол өнімдер экспортқа шығатын болса, стратегиямыз со­ған сай болуы да – шарт. Бұл дегеніміз – ең алдымен көрші мем­лекеттің қаржысы бізге келеді деген сөз, адами капиталы, білімді адамдары келеді дегенді біл­діреді. Осындай үлкен қаражатқа да, потен­циалға да, инновациялық жағдайға да жауап бере алатындай, соған ыңғайлы инвес­тиция­лық климат бола алатындай жағдай жасауы­мыз керек. Біз осы арқылы өзіміздің инвес­тициялық климатымызды жақсартамыз, ха­лықаралық дәрежедегі имиджімізді көтере аламыз. Яғни, сырттан экономикаға қаражат салып, өнім шығаратын кәсіпорындардың көп болуына қызығушылығы зор мемлекет болуы­мыз керек. Жалпы, Ресей ғана емес, офшорлық зона болмасақ та, Орталық Азиядағы барлық ірі қаржы институты, капиталы бар ірі кәсіп­орындардың экономикамызға келіп, жұмыс істейтіндей ел ретінде танылуымыз керек. Ал егер монополист болып келіп, елде енді ғана өркен жайып, енді ғана көтеріліп келе жат­қан шағын және орта бизнеске кері әсерін тигізетін болса, онда әңгіме басқа. Бізге осы мә­селені де назардан тыс қалдырмаған жөн.
Қорыта айтқанда, бұл мәселенің шешімі, негіз­гі кілті жағдайды өз пайдамызға шеше алу шеберлігінде сияқты. Дағдарыстың мүм­кі­н­дік дейтін де жағы бары анық, ал бұл жерде көрші елге салынып отырған санкцияның салқыны ғана емес, тартуы да болатыны анық. Бұл туралы геосаяси ахуал шиеленіскен ал­ғаш­қы сәттерден-ақ айтылып келеді. Шетелдік ком­паниялар ел нарығына енді ене бастаған осы кезден бастап олардың жұмысына қатыс­ты нақты амал-тетіктерді қарастырып, ой­ластырған опық жегізбейтіні анық.