Президент: «Қазақстан темір жолын» трансформациялайтын уақыт келді
Президент: «Қазақстан темір жолын» трансформациялайтын уақыт келді
Мемлекет басшысының төрағалығымен еліміздің көлік-транзиттік әлеуетін дамыту жөнінде кеңес өтті. Жиынға Үкімет басшылығы, салалық министрліктер мен ведомстволардың, ұлттық компаниялардың басшылары қатысты деп хабарлады turkystan.kz Ақорданың баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Қасым-Жомарт Тоқаев көлік-логистика саласының Қазақстан экономикасында ерекше рөл атқаратынын атап өтті. Оның айтуынша, өңірлердің өзара қарым-қатынасын жандандыру үшін бұл саланың маңызы зор. Дегенмен, геосаяси жағдай мен санкциялық текетірес дәстүрлі көлік-логистика желісін өзгеріске ұшыратты.
Жиын барысында қарым-қатынастар мен жүк жеткізетін балама бағыттарды, сондай-ақ тасымалдау ісін әртараптандыруды пысықтау қажеттігі айтылды.
Қасым-Жомарт Тоқаев «Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясын толықтай жаңғырту қажет деп есептейді.
«Қазақстан темір жолын ұлттық көлік-логистика компаниясы ретінде трансформациялайтын уақыт келді деп ойлаймын. Бұл ҚТЖ-ның мандаты мен міндеттерін кеңейтуге, компанияға еліміздің көлік-транзит әлеуетін дамыту жұмыстарын кешенді түрде жүргізуге мүмкіндік береді», – деді Президент.