Аманаттықтар әлеуметтік маңызы бар тауарлардың бағасын тексерді
Аманаттықтар әлеуметтік маңызы бар тауарлардың бағасын тексерді
АMANAT» партиясының жанындағы Экономика, кәсіпкерлік және аграрлық сектор мәселелері жөніндегі республикалық қоғамдық кеңес мүшелері Алматыдағы Magnum Cash & Carry дүкеніндегі әлеуметтік маңызы бар өнімдердің бағасын тексерді.
Кеңес төрағасы Аманжан Жамаловтың айтуынша, азық-түлік тауарлары бағасына әкімшілік тарапынан жүргізілетін қадағалау дұрыс жүргізілмеу кесірінен, басқа сауда нүктелері өндірушілер мен сауда желілерін жеңілдетілген несиелеу бағдарламасына қатысудан қашып отыр. Әлеуметтік маңызы бар азық-түліктердің бағасын ұстап тұру үшін олар қаражат алады. Соған қарамастан бұл бағдарламаның тиімділігі әлі де болса мардымсыз.
«Баға өсіп кетпеуі үшін бюджеттен ең қажетті және әлеуметтік маңызы бар 19 тауарға ақша бөлінген. Тұрғындардың айтуынша, ақша бөлінгеніне қарамастан, өнімдердің бағасы қымбаттауда. Мәселені шешу үшін қазіргі уақытта басқа шаралар қарастырылып жатыр. Мысалы, мұқтаж отбасыларға азық-түлік алу үшін әлеуметтік карталар арқылы ақшалай көмек беруге болады. Халыққа көмектесудің жолын табу керек», - деді халық қалаулысы.
Айта кету керек, жеңілдетілген несиелендіру бағдарламасы аясында мемлекет сауда кәсіпорындарына жылдық 0,01 пайызбен ақша бөледі. Соның ішінде «Magnum» сауда желісі Алматы қаласының әкімдігімен осындай келісім-шарт жасаған.
Мониторинг жұмысын қорытындылаған партиялықтар қазіргі уақытта жеңілдетілген несие беру бағдарламасына «ТойМарт», «Asyl Meat», «Милихан» ЖК, «Солнечный» сүт зауыты сияқты басқа да сауда желілері мен өндірушілерді тарту жұмыстары қарастырылып жатқанын атап өтті.
Іс-шараға партия қалалық филиалының атқарушы хатшысы Мейіржан Отыншиев, Алматы қалалық мәслихатының депутаты Ерболат Қасымов, «Magnum Cash&Carry» басқарма төрағасы Азамат Османов және салалық ведомстволардың өкілдері қатысты.