«Елорда бәйгесінің» жеңімпазы анықталды

«Елорда бәйгесінің» жеңімпазы анықталды

«Елорда бәйгесінің» жеңімпазы анықталды
ашық дереккөзі
Астана күніне орай «Қазанат» атшабарында «Елорда бәйгесі» республикалық турнирі өтті деп хабарлады turkystan.kz. Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігінің қолдауымен, қалалық Дене шынықтыру және спорт басқармасының ұйымдастыруымен өткен бұл айтулы іс-шараның ашылу салтанатына Премьер-министрдің орынбасары Ералы Тоғжанов, Мәдениет және спорт вице-министрі Серік Жарасбаев, Нұр-Сұлтан қаласы әкімінің орынбасары Берік Жәкенов, Спорт және дене шынықтыру істері комитетінің төрағасы Самат Ерғалиев, Парламент Мәжілісінің депутаты, ақын Аманжол Әлтаев қатысып, жылы лебіздерін білдірді.
«Қазақ халқының рухын көтеріп, арқасын қоздыратын ұлттық спортымыздың бірі – бәйге болса, сол бәйгенің сәнін келтіретін, осынау ұланғайыр далаға иелік етуімізге ересен еңбек сіңірген ұлттық брендіміз – қазақтың қазанаты. Елорда күніне орай осындай аламан бәйге ұйымдастырып, мерекенің сәнін асырып жатқанымыздың өзі үлкен мерей. Бәріңізді қала күнімен құттықтаймын», – деді Ералы Тоғжанов.
Нұр-Сұлтан қаласы әкімінің орынбасары Берік Жәкенов атшабарға жиналған қауымды қала күнімен құттықтап, бас қаламыз одан ары өркендей берсін деген ақ тілегін жеткізді. Елорданың 24 жылдық мерейтойына арнап өткізіліп отырған бұл республикалық бәйгеде Нұр-Сұлтан, Алматы, Шымкент қалалары мен еліміздің барлық облыстарынан 150-ден астам сәйгүлік бақ сынады. Жарыстың жалпы жүлде қоры – 20 миллион теңге. Бәйге ұшқыр бәйге (1 400 және 2 400 метр), құнан бәйге (7 000 және 9 000 метр), кіші аламан (16 шақырым) және аламан бәйге (20 және 21 шақырым) сынды 7 түр бойынша өтті. Нәтижесінде Ұшқыр бәйгемен шымылдығын ашып, одан ары құнан бәйгесімен жалғасын тапқан жарыста қазақтың қазанатының қарымы мен шабыс-шалымын сынайтын аламан бәйгеге де кезек берілді. 20 шақырымдық аламан бәйгеде кілең қазақ жылқысының тұқымынан бапталған 8 сәйгүлік жарыс жолына шығып, мәре сызығын Қостанай облысынан келген Мұрат Исмағамбетовтің Риба есімді тұлпары кесті.