Министр «Жібек жолы» кемесіне қатысты мәлімдеме жасады

Министр «Жібек жолы» кемесіне қатысты мәлімдеме жасады

Министр «Жібек жолы» кемесіне қатысты мәлімдеме жасады
ашық дереккөзі
Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Қайырбек Өскенбаев Үкімет кулуарында Украина тарабының шағымын тудырған «Жібек жолы» кемеге қатысты пікір білдірді деп хабарлады turkystan.kz ҚазАқпаратқа сілтеме жасап. Өскенбаевтың айуынша, «ҚТЖ» ұлттық компаниясына қарасты «Жібек жолы» кемесінің әрекетінен Қазақстанға санкция салынбайды.
«Ол кеме Ресей компанияларына жалға берілген. Жалға алған Ресей компаниясына ешқандай санкция салынған жоқ. Оларға ешқандай шектеу жоқ. Сол себепті, біздің кәсіпкерлер, яғни ҚТЖ-ға қарасты KTZ Express Shipping компаниясы оны жалға берді. Олар не тасығанын өздеріңіз де көріп отырсыздар ғой. Ол бізге де жаңалық болып тұр. Заңды түрде таситын тауар болса, ешқандай шектеу жоқ. Ал бірақ шарт бойынша бір елдің заңын бұзатындай жағдай болса, онда біздің кәсіпкерлер мәселе көтеріп, ол кемені кері қайтаруға құқығы бар», - деді министр.
БАҚ өкілдері «Аталған кеменің әрекетінен Қазақстанға санкция салынуы мүмкін бе?» деп сұрады.
«Бұл жағдай санкция сияқты салдарға апарып соқпайды. Біз жалға бергенде ол кәсіпкер санкцияда болса, басқа да шектеулерге алынған болса, бізге уәж айтуға құқығы бар болатын еді. Бірақ ол компанияға ешқандай шектеу қойылған жоқ. Сол себепті заңды түрде шағым берді. Бірақ ол жақтан заңбұзушылық болса, Түркия немесе Украина бізге ресми түрде баяндама берсе, онда біз де зерттеп, тиісті шара қабылдап, өз шешімімізді белгілейміз», - деді министр.
Сондай-ақ, ол Қазақстан ресейлік компаниямен келісімшартты бұзуы мүмкін екенін айтты.
«Егер кеме Қазақстанда және халықаралық деңгейде қабылданған құқықтық нормаларға сәйкес келмейтін қызметпен (тасымалдаумен) айналысса, әрине, ондай келісімшарт бұзылып, кеме кері қайтарып алынады», - деді Өскенбаев.
Еске салсақ, Түркиядағы Украина елшісі Василий Боднар қазақстандық «Жібек жолы» кемесімен тасымалданған астық жөнінде жергілікті билікке жүгінген еді.