Жаңалықтар

Тұңғыш рет цифрлық медиа менеджерлер еңбек нарығына жол тартады

ашық дереккөзі

Тұңғыш рет цифрлық медиа менеджерлер еңбек нарығына жол тартады

Л. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті 2018-2019 оқу жылында алғаш рет эксперимент ретінде «Цифрлық медиа менеджмент» инновациялық білім беру бағдарламасын қолға алған. Қазіргі таңда білім ордасының қабырғасында 70-ке жуық қазақстандық студент бұл жаңа мамандықты игеруде. Бүгін олардың 10-ы қолдарына дипломдарын алды. Түлектер өздерінің білімдері мен дағдыларын цифрлық медиа орта мен контентті өндірудің жаңа технологиялары жағдайында қолдануға әзір. "Цифрлық медиа менеджменті" білім беру бағдарламасы журналистика, PR, маркетинг және жарнама саласында ғана емес, интернет-ресурстарды жасауға және IT - компаниялар мен жобаларды басқаруға қабілетті мамандарды даярлауға бағытталған. Дәрістерді Ақпараттық технологиялар факультетінің IT-мамандары мен оқытушылары жүргізеді. Олар студенттерді компьютерлік бағдарламаларды пайдалануға үйретеді. Сондай-ақ, студенттер сәулет-құрылыс факультетінің мамандарынан дизайн өнерінің практикасы мен әдістемесін тереңдетіп оқиды. "Біздің міндетіміз - қазіргі заманғы digital-ортада сұранысқа ие білікті мамандарды даярлау. Біз медиаиндустрияның өзгеріп жатқанын көріп отырмыз. Сондықтан бүгінгі таңда мультимедиялық жобаларды басқару, медиа бизнестің құндылықтар тізбегінде конвергентті технологияларды тиімді қолдану, "digital media"стратегияларын құру мәселелері ерекше өзектілікке ие. Биыл 5 жылға аккредиттеуден сәтті өткен "6В03205 сандық медиа менеджменті" бағдарламасы бойынша талапкерлерді қабылдау жұмыстары жалғасуда", - деп атап өтті Журналистика және саясаттану факультетінің деканы Қайрат Сақ. Болашақ кәсіби менеджерлердің қызмет аясы өте кең: сандық экономика, БАҚ, PR, ақпараттық-коммуникациялық бағыттар. Студенттерге мәтіндерді редакциялау, аудио, видео немесе интернет материалдарымен жұмыс істеу, заманауи компьютерлік бағдарламаларды, мобильді құрылғылар мен іздеу жүйелерін қолдана отырып ақпаратты өңдеу дағдылары үйретіледі. Сондай-ақ, болашақ медиа менеджерлерге медиа-жоба тұжырымдамасын, оның моделін, форматы мен дизайнын жасау, мәліметтер базасымен жұмыс істеу және оларды құруға қатысу үшін қажетті алдын-ала ақпаратты жинау мен талдауды үйретеді. "Осы бағдарламаның арқасында біз журналистің дағдыларын меңгеріп қана қоймай, дизайн мен композицияны әзірлеуді, бейнематериалды монтаждауды, бейнеоператорлық істі, әлеуметтік желілерді жүргізуді, тіпті веб-парақшаларды құруды және HTML-де кодтарды жазуды үйрендік. Бір маман бірнеше адамнан тұратын команданы алмастыра алады. Мен қазір қазақстандық спорт командаларына арналған веб-парақшалар мен жаңалықтар сайттарын әзірлеп, спорттық PR саласында белсенді ілгерілеп келемін. 2018 жылы дәл осы цифрлық медиа менеджментті таңдағаныма өте қуаныштымын", - деп атап өтті "Цифрлық медиа менеджменті" білім беру бағдарламасының түлегі Маржан Қалымова. Цифрлық медианы басқару жөніндегі мамандар практикасының негізгі міндеті - болашақ журналистің БАҚ редакциялары, цифрлық экономика және медиаконтент өндірісінің белсенді жұмысын қамтамасыз ететін кәсіби дағдыларды қалыптастыру. Айта кетейік, Л.Гумилев атындағы ЕҰУ жалпы отандық медиа сала үшін  3000-нан астам маманды дайындады.