Ресейдегі қазақ балалары Ақтөбеге келіп, ана тілін үйренді

Ресейдегі қазақ балалары Ақтөбеге келіп, ана тілін үйренді

Ресейдегі қазақ балалары Ақтөбеге келіп, ана тілін үйренді
ашық дереккөзі
Ақтөбе облысының әкімі Оңдасын Оразалин «Ана тілі әлемі» халықаралық тіл лагерінде демалып жатқан балалармен және олардың ата-аналарымен кездесті деп хабарлады turkystan.kz. Ресейде тұратын қазақ балалары ана тілін үйреніп, салт-дәстүрмен танысты. Халықаралық тіл лагері Ақтөбе және Орынбор облыстарының арасындағы ынтымақтастық туралы меморандум аясында ұйымдастырылды. Лагерьде Ресейдің Санкт-Петербург, Орск қалаларында және Орынбор, Саратов, Омбы, Челябі облыстарында және Алтай, Татарстан Республикаларында тұратын этникалық қазақ отбасыларынан шыққан 30 бала демалды. Облыс әкімі балалармен сөйлесіп, екі өңірдің білім саласындағы ынтымақтастық жалғаса беретінін өтап өтті.
«Көңілді демалыс ұйымдастырумен қатар басты міндет сіздерге қазақ тілінде күнделікті қолданылатын қарапайым сөздерді үйрету, ана тілін үйренуге көмектесу болды. Бұл тек басы ғана. Екі өңір арасындағы білім саласындағы ынтымақтастық әрі қарай жалғасатын болады. Мен сіздермен, сіздердің ата-аналарыңызбен және сіздердің тілек-ұсыныстарыңызды тыңдау үшін кездесуді жөн көрдім», - деді Оңдасын Оразалин.
«Қазақ тілі» халықаралық орталығының Орынбордағы өкілдігінің төрайымы Сәуле Таикешова мен ата-аналар облыс басшылығына осы жобаны қолдағаны үшін ризашылығын білдірді. Лагерьге келген балалар тарихи Отанына жасаған сапардың маңызы зор екенін және ерекше әсер қалдырғандарын қазақ тілінде айтып берді. 12 күнге жоспарланған лагерьдің бағдарламасында қазақ тілін үйретуге, қазақ халқының салт-дәстүрлерімен таныстыруға басымдық берілді. Балалар ұлттық қолданбалы өнердің қыр-сырын, домбыра тартуды, жылқыға мінуді, ұлттық ойындар ойнауды үйренді. Бұдан бөлек, мәдени шараларға, өңірдегі киелі орындарға арнайы саяхат ұйымдастырылды. 2 шілдеде балалар Мәртөк ауданының көрікті жерлерін тамашалап, үйлеріне қайтады. Кездесу соңында облыс әкімі балаларға естелік ашық хат пен кәдесыйлар табыс етіп, әрі қарай ана тілдерін үйренуге сәттілік тіледі.

Ақтөбе қаласы, №78 жалпы орта білім беретін гимназиясы

11 «А» сынып оқушысы Бабажанова Құралай