Жаңалықтар

Итаюды борсықпен шатастыратындар көп – Константин Плахов

ашық дереккөзі

Итаюды борсықпен шатастыратындар көп – Константин Плахов

Гиннестің рекордтар кітабы «әлемдегі ең батыл, жүрек жұтқан сүтқоректі» деп баға берген итаюды елімізде де кезіктіруге болады. Жуырда осы бір ерекше аңды далалы жерде маңғыстаулықтар байқап қалған болатын. Бірақ, оны көпшілігі қандай аң, басқалардан несімен ерекше екенін біле бермейтінін аңғардық. Біз осы мақсатта Биоценология және аңтану зертханасының бөлім меңгерушісі Плахов Константин Николаевичпен сұхбаттасқан едік. – Константин Николаевич, жуырда әлеуметтік желіде талқыланған итаю біз үшін таңсық жаратылыс иесі болды. Бұл аң негізінен қай елдерде кездеседі? – Итаю – сусарлар тұқымдасына жататын жыртқыш сүтқоректі аң. Шынашақтай болғанына қарамастан, өзінен әлдеқайда ірі жыртқыштарға дес бермейтін итаю, негізінен, Африка құрлығында мекендейді. Марокко мен Мысырдан бастап, Оңтүстік Африка республикасына дейінгі ауқымды аймақта осы «ержүрек сүтқоректіні» кездестіруге болады. Сонымен қатар итаюлар түрлі климаттық  аймақтарда – жазық далада, орманда, 3 000 метр биіктікке дейінгі таулы аймақтарда да тіршілік етеді. – Бұл сүтқоректілер санатына жататын жыртқыш елімізде де көп пе? – Сусарлар тұқымдасына жататын аңды зерттеушілер Қазақстан аумағында алғаш рет 1983 жылы кездестірген. Елімізде итаюлар негізінен Маңғыстау облысында, Оңтүстік, Оңтүстік-батыс Үстіртте мекендейді. Оны елімізде көп деп айта алмаймын. Қазақстанда 1983 жылдан бері итаюлардың 10-15-і есепке алынған. Ғалымдардың пайымдауынша, қазіргі күнде елімізде бар-жоғы 20 шақты ғана итаю мекен етеді. Жалпы, әлем бойынша жануарлардың саны жылдан-жылға азайып бара жатыр. Дүние жүзінің жабайы жануарлар қорының статистика мәліметтеріне сүйенсек, соңғы 20-30 жылда жабайы жануарлардың саны 60 пайызға кеміген. Әрине, оған көптеген факторлар әсер етіп жатыр. Итаюдың азаюына бірден-бір себеп, көп жағдайда оны борсықпен шатастырады. Сондықтан оның майын алғысы келетіндер жетіп-артылады. Әсіресе далалы жерде көлікпен қуып немесе атып алады. Салдары, өзіміз көріп отырғандай, жануарлардың азаюына алып келеді. – Итаюдың «Қызыл кітапқа» енгені қаншылықты рас? – Иә, сирек кездесетін бұл аң ерекше қорғауға алынып, 1996 жылы Қазақстанның «Қызыл кітабына» енген.   – Биологиялық ерекшеліктеріне тоқталып өтіңізші... – Денесінің ұзындығы 68-75 см. Салмағы 15-20 келіні құрайды. Мығым денелі, жер қазуға бейімделген ұзын әрі өткір тырнақтары бар. Сыртқы терісін сирек қатты түктер жапқан. Арқасы ашық, ақ-сұр түсті болып келетін итаюдың денесінің қалған бөліктері қара, қара-қоңыр түсті. Африканың кей аймақтарында, әсіресе, Конго Демократиялық республикасының солтүстігінде тұла бойы қара түсті болып келетін итаюлар да бар. – Олар немен қоректенеді? Аталған аң жайлы неге ақпарат тапшы? – Итаюлар жыртқыш аңдар санатына жатады, қорек талғамайды. Олар омыртқасыз, омыртқалы (қоян, құмтышқан және т.б.) жануарлар, бөкен, түлкі секілді жануарлардың жас даралары, түрлі құстардың жұмыртқалары, өсімдік тамырларымен және жемістерімен қоректенеді. Иә, бұл аң тіршілік ету ерекшелігіне байланысты аз зерттелген. Себебі кешке қарай немесе түнде белсенді тіршілік етеді. Тәуліктің дәл осы уақыттарында өзіне қорек іздейді және адамдар мекендейтін аймақтардан аулақ жүреді. Өз денесіне лайықты ін қазып, жер астында ұйықтайды. Жер астында өте ұзақ жолды жүріп өтетін итаюлар бір жерде 2 тәуліктен артық тұрақтап қалмайды. Итаюлар – жалғыздықты ұнататын жануарлар, олардың топ болып жүріп өмір сүруі - некен-саяқ.