Түркия мен Ресейдің қарым-қатынасын бұзуды көздеген кім?

Түркия мен Ресейдің қарым-қатынасын бұзуды көздеген кім?

Түркия мен Ресейдің қарым-қатынасын бұзуды көздеген кім?
ашық дереккөзі

Түркиядағы Ресей елшісіне жасалған қастандықтың куәгері болған Қырғызстанның Түркиядағы елшісі оқиғаның қалай болғанын баяндап берді, деп хабарлайды Азаттық.

Желтоқсанның 19-ы күні Анкарадағы Қазіргі заман өнер орталығында "Түріктер көрген Ресей" атты фотокөрмені ашуға барған Түркиядағы Ресей елшісі Андрей Карлов қастандықтан қаза болды. Елшіні тапаншамен атып өлтірген адам полициямен атыс кезінде оққа ұшты деп хабарланды. Түркия билігі шабуыл жасаушының "Анкара полицейі Мевлют Мерт Алтинташ" екенін мәлімдеді.
Жергілікті БАҚ таратқан видеоларда қара түсті костюм-шалбар мен ақ көйлек киіп, қара галстук таққан қастандық жасаушы ер адам "Аллаһу әкбар!" деп айқайлағаны байқалады. Өнер галереясында жасалған шабуыл кезінде бірнеше адам жараланған. Бір күн бұрын Түркияда Ресейдің Сирия президенті Башар Асадты қолдағанын айыптаған қоғамдық наразылық акциясы өткен еді. Ресейдің сыртқы істер министрлігі әуелі Андрей Карловтың шұғыл түрде ауруханаға жеткізілгенін растап, кейін дипломаттың мерт болғаны туралы ресми мәлімет жариялады. Өнер орталығындағы іс-шараға барған Қырғызстанның Түркиядағы елшісі Ибрагим Жунусов қастандық әрекетінің куәсі болған. Азаттыққа берген сұхбатында Жунусов: " Мен, Өзбекстанның елшісі мен [Андрей] Карлов үшеуміз бірге әңгімелесіп тұрғанбыз. Оған (Карловқа - ред.) сөз берілді, біз мінбердің қасында тұрдық. Қасында бір жігіт әрлі-бері жүрді. Күзетші деп ойлағам. Карловқа сөз берілген соң екі минут өтпей жатып, ата бастады. Оқ атқан адам: "Аллаһу Әкбар!" деп айқайлады да, бәрімізге "Жерге жатыңдар!" деп бұйырды. Адамдар қаша бастады. Қайта атыс басталды. Оғы таусылғанын байқап, кетуге ыңғайландым. [Біразымыз] көшеге шығып үлгердік, іште қалғандарды ол жібермей тұрды" деді. Жунусовтың сөзінше, мәдени іс-шараға жүз шақты адам жиналған. Қастандықтан соң іле-шала Түркия президентінің әкімшілігі "Тайып Ердоған Ресей президенті Владимир Путинмен телефон арқылы сөйлесті" деп мәлімдеді. Дипломаттың денесі жеткізілген аурухана алдында журналистерге сұхбат берген Анкараның мэрі Мелих Гокчек "қастандық жасаушының Түркия мен Ресейдің қарым-қатынасын бұзуды көздегенін" айтты.