Бүгін – Abai TV арнасының ашылғанына екі жыл

Бүгін – Abai TV арнасының ашылғанына екі жыл

Бүгін – Abai TV арнасының ашылғанына екі жыл
ашық дереккөзі
Бүгін – Abai TV мәдени-ағарту телеарнасының ашылғанына тұп-тура екі жыл. Осыдан екі жыл бұрын пандемия өршіп тұрған кезде ашылған телеарнаның осы уақыт ішінде атқарған шаруасы қыруар. «Қазақстан» телерадиокорпорациясы құрамына кіретін Abai TV жұмысын бастағалы бері 3 183 эпизодтан тұратын  137 жоба эфирге шығып келеді.
– Телеарнаның ашылғанына екі-ақ жыл болды. Екі жыл – телевизия тәжірибесінде телеарнаны ашуға жұмсалатын уақыт. Коронавирус кәріне мініп тұрған уақытта ашылдық, енді күш алып келеміз. Бір қоғам қайраткері туралы жоба әзірлеп жатқанда ол кісі өмірден өтіп кетті. Тіпті кейбір фильмдерімізде өкінішке қарай бұл фильм монтаждалып біткенше, ол кісі дүниеден өтіп кетті деп жазған қиын кездер болды, – деді Abai TV телеарнасының директоры Азамат Кеңесұлы.
Арна «Otau TV» ұлттық спутниктік операторы, «Alma TV», «ID TV» және 60-тан астам кабельдік желілері арқылы таралады. Сондай-ақ көрермендердің телеарна бағдарламалары мен шығарылымдарын www.abaitv.kz ресми сайты арқылы онлайн көру мүмкіндігі бар. Сондай-ақ шетелдегі қандастар да арнаны тамашалауға ниетті. Бұл ниетті іске асыру ойда барын телеарна директоры да айтып өтті.
– Ә дегенде осыны бірден қолға алғымыз келген. Бірақ сол кезде көңілден шығатын жоба болмады. Шетелден көшіп келіп, қазір еліміз үшін қызмет етіп жатқан азаматтар да, сырттағы қандастар да тура осы ойды айтты. Оның ішінде «Отандастар қорында» жұмыс істейтін қызметкерлерден де ұсыныстар келіп түскен болатын. «Қоржындағы» жобалардың ішінен іріктеп жатырмыз, – деді ол.
Арнаның қоржынында  «Жәдігер», «Дәуір даналары», «Көне дәуір құпиялары», «Қазба қазыналары», «Беймәлім дерек», «Архивтегі аманат», «Музейные историй», «Көненің көзі», «В поисках истины» сияқты 576  эпизоды тарихи жобалар бар.  Одан бөлек, «Зинһар», «Тұлға», «Тәуелсіздік тарландары», «Дәуір даналары», «Бір туынды», «Құдіретті қылқалам», «Есімдер», «Тарихи тұлғалар», «Ер қанаты», «Сана», «Әндіground», «Соңғы муза» сияқты жастарға арналған жобаларға да ерекше тоқталып өту керек. Екі жыл ішінде 53 концерт, 28 спектакль, балет, опера, 29 клип, 35 ролик, 11 арнайы жоба түсірілген.
– Ашылғалы бері жазғы маусымды құр алақан қалдырып жатқан жоқпыз. Жаңа жобалар қосып отырмыз. «Мұра» деген хабар көрерменге жол тапты. «Ұстаз-кейіпкер» деген жобамыз бар,       «Поэзия қағанаты» атты жобаны да жазғы маусымның екінші бөлігіне береміз. Келіп түскен өтініштер менұсыныстар бар, іріктеп дайындап отырмыз. Қыркүйек айынан бастап шыға бастайды. Жалпы әр маусымда қырықтан астам жоба шығады, сонда бір жылдың ішінде сексеннен астам жоба көрерменге ұсынылады, – деді директор.
2022 жылдан бастап апта сайын Елордада және басқа да ірі қалаларда өтіп жатқан мәдени шараларды түсіріп, монтаждап, қысқа сюжет ретінде эфирге беріп жүрміз, алдағы уақытта «Мәдени жаңалықтар» атты хабар дайындап, эфирге шығару жоспарда бар. Елордадан бөлек, ел бойынша ірі лайық іс шараларды беріп жатырмыз, – дейді арна директоры. Ашылғанына көп упақыт өтпесе де, көрерменнің жүрегіне жол тапқан жас телеарнаның бүгінгі бағыты айқын, бағыты нық.  Болашақта арна руханият пен мәдениеттің ошағына айналатынына сенім мол. 

Әлия ТІЛЕУЖАНҚЫЗЫ