Жаңалықтар

Испанияның «Гранада» командасында ойнайтын қазақ

ашық дереккөзі

Испанияның «Гранада» командасында ойнайтын қазақ

Жыл басында футболдан Қазақстан жастар құрамасының 19 жастағы қор­ғаушысы Асқар Сатышев испандық «Гра­нада» командасына ауысқаны туралы жазған болатынбыз. Таразда туып-өскен ол Шым­кент­тегі «Оңтүстік» академиясында жаттығып жүргенде испандық бапкердің көзіне түсіп, оның көмегімен Испанияға барып, әлеуетін танытуға мүмкіндік алған еді. Таразда еңбек демалысында жүрген Асқарға хабарласып, ал­дағы жоспары мен Испанияда жиған тә­жірибесі туралы сұраған едік.

– «Оңтүстік» академиясының түлегі бол­ғандықтан сізді көпшілік доп тебуді Шымкентте үйренді деп ойласа керек.

– Мен – Тараз қаласының перзентімін. Бала күнімнен футболға әуес болдым. Алғаш­қы бапкерім Бекмұрат Маратұлы аулада доп теуіп жүргенімді көріп, Тараз футбол орта­лы­ғында бірге жаттығуға шақырды. 11 жасқа дейін сол орталықта жаттықтым. Бірде коман­да­мен бірге Шымкенттегі «Оңтүстік» акаде­мия­сының алаңында өткен жолдастық кезде­суге қатыстық. Академияның жаңадан ашы­лып, жас ойыншыларды іріктеп жатқан кезі. Ака­демия бапкерлері көп команданы өз алаңында ойнатып, содан соң ойын бары­сында көзге түскен футболшыларға сонда қа­лып, жаттығуға ұсыныс жасайды. Әлгі жолдастық кездесуден соң бапкерім мені мен бір баланы академияға қабылдауға ұсыныс ке­ліп түскенін айтты. Отбасыммен ақылдасып, «Оңтүстік» академиясының тәрбиеленушілері қатарына қосылдым. Академияның басты мақ­саты – жергілікті жас ойыншылардың қа­­білетін ұштап, Еуропаға жіберу. Сондықтан басшылық мықты мамандардың көмегіне жү­гініп, шетелден бапкерлерді шақыртады. Жас категориясы бойынша бөлінген коман­да­ларды Испаниядан арнайы келген бапкер­лер мен олардың көмекшілері – қазақстандық мамандар жаттықтырды. Білуімше, ол кезде испандықтар Қазақстан бойынша тек біздің ака­демияда ғана жұмыс істеді-ау дейімн. Біз­дің командаға Жасинт Магрина жауапты бол­ды.

– Испандық «Гранада» клубының екін­ші командасымен келісімшарт жа­сасуыңызға сол Жасинт Магрина себепші бол­ған екен. Команданың ішінен нелік­тен дәл сізді таңдады деп ойлайсыз?

– Жасинт академия ашылған күннен бас­тап бізге бас-көз болды. Есептеп қарасам, оны­­­мен бес жыл уақыт бірге жұмыс істеппін. Бес жыл аз уақыт емес. Осы бес жыл ішінде ол ме­ні жақсы танып-білді. Академияда бізді жат­тықтырып жүргенде «Жақсы ойнаңдар. Ис­панияға кетіп қалсам, сендерді алдырып ала­мын. Сол жақта ешкімнен кем түс­пей­тіндеріңді дәлелдейсіңдер» деп үнемі айтатын. Бірақ біз бұған әзіл ретінде қарап, аса мән бер­мей ойынды жалғастыра бе­ре­тінбіз. Өзі жаттықтырған 5-6 баланың ішінен таңдауы не­ліктен маған түскенін біл­­меймін. Былтыр «Дұры­сы, үйге қайтқаным жөн» деп, Таразға қайтып, онда Бі­­рін­ші лигада ойнайтын «Та­раз-Қаратау» командасына қа­был­дандым. Мен Таразға қайтқан кез­де Жасинт те Испанияға оралды. Еліне кетсе де ол «Испандықтар кез келген уақытта хабарласуы мүмкін. Дайын жүріңдер. Мүм­кіндік болып жатса, сендерді басқа клуб­тарға да ұсынамын» деп айтып жүретін. Бір күні Жасинттің аудармашысы болған Мұ­за­фар хабарласып: «Жасинт саған Испа­ния­да ой­науға мүмкіндік туып тұрғанын айтты»,– деп бір қуантып қойды. Содан соң Жасинт өзі байланысқа шығып: «Сені «Гранада» клубына ұсындым. Келіп көр. Әлеуетіңді байқап көрген соң жауабын бірден айтады», – деді. Мұны естіген кезде ата-анамның қуанышында шек бол­ған жоқ. Сөйтіп, құжаттар реттелген соң Испанияға жол тарттым. Жасинт әуежайдан өзі күтіп алып, «Гранаданың» спорттық база­сында болған алғашқы 2-3 күнде қасымнан табылып, қолдау білдірді. Сосын ондағы бап­керлер «Жетер. Енді баланың өзін көрейік. Же­ке жүрсін» деген соң өз-өзімді көрсетер уа­қыт келгенін түсіндім. Бір апта бойы жат­тыққан соң бапкерлер: «Тағы бір аптаға қал. Байқап көрейік», – деді. Екінші ап­та­да көзге түсіп, жақсы нәтиже көр­сет­кен соң «Сенімен бес айға келі­сім­шарт жа­­сасамыз» деп айт­қанда қуанға­ным­ды сөзбен ай­тып жеткізе алмаймын. Мұны ести сала ақ­жолтай жаңа­лы­ғым­ды от­ба­сыма жет­кізуге асық­қаным есім­де. Айтпақшы, көбісі «Неге бес ай?» де­ген сұрақты жиі қояды. Олар Қазақстанды фут­болы аса қатты дами қой­маған ел деп та­ниды. «Көрейік. Еуропадағы адап­тациядан қалай өтесің? Бес айда өсесің бе әлде керісінше бола ма? Тілді қалай мең­гересің? Осының бар­л­ығын ескереміз» деген­дей нюанстарды тізіп шықты. – Жаңа командаға ауысқан ойыншы­лар­дың бөтен ортаға сіңуі, ойын жүйе­сіне үйренісуі көп уақыт алатынын біле­міз. Сізде адаптация қалай өтті?

– Ең бірінші жаттығуға келген кезде бап­кер­лер «Орысша сөйлей аласың ба?» деп сұра­ды. Содан соң әкесі – вьетнамдық, анасы – қы­тай­лық, бірақ өзі Мәскеуде туған, орыс тілін же­­тік білетін бір футболшымен таныстырды. Екеуі­міз жақын араласып, ақырында дос болып кеттік. Оның маған көмегі көп тиді. Ол ар­қылы бапкерлер және ойыншылармен тілдестім. Бір сөзбен айтқанда, ол менің аудар­машым болды (күліп). Десе де мен испан тіліндегі футбол терминдерін бұрыннан жат­тап жүрген едім. Шет тілін білмеу жаттығуыңа еш кедергі келтірмейді екен, соны түсіндім. Кейде әлгі досым базада бір аптадай болмай қалады. Ондай кезде бапкерлерге жауап қата ал­масам да, олардың айтқанын екі етпей орын­дап, барынша жоғары нәтиже көрсетуге тырысып бақтым. Тек алғашқы аптада ондағы ойын қарқынына ілесу қиынға түскені бол­ма­са, жаттығу кезінде айтарлықтай кедергілер бол­ған жоқ. Мен Гранада U-19 командасымен келісімшарт жасастым, десе де «Гранада-Б» клу­бындағы ойыншылармен бірге жаттықтым. «Гранаданың» бірінші командасы мен екінші командасы бір базада жаттығатындықтан, бұл жаттығулардың маған берері көп болды. – Осы ретте сұрағымыз келетіні: Фут­бо­лы әлдеқашан көш ілгері кеткен Пире­ней түбегіндегі елдің ойын жүйесіндегі басты ерекшелік деп нені айтар едіңіз?

– Салыстырмалы түрде қарасам, барлығы ойын­шының өзіне байланысты екен. Біздің жігіттерді Испанияға апарып, бір-екі апта бойы жаттықтырса, кез келген стильді «иіріп» әке­тетіне бек сенімдімін. Дейтұрғанмен фут­бол десе ішер асын жерге қоятын испан­дық­тардың деңгейі бірден байқалып-ақ тұрады. Оларда команда көп, тиісінше ойын көп өт­кі­зіледі. Содан соң бәсеке көрігі қыза түсе­тіні айтпаса да түсінікті. Дегенмен олар жасайтын жаттығуды бізде де жасайды, олар қолданатын тактика бізде де бар. Аса қатты айырмашылық жоқ. Қазақстандағы бапкерлерім де «Жүйесі қан­дай? Қалай дайындаласыңдар?», – деп сұрайды. Оларға «Бізден асып түсетін дәнеңе жоқ. Тура біздегідей жүйе»,– дедім. Спорт тілі­мен айтқанда, олар бізден «футболды мен­та­ли­тет» жағынан ғана артық. Біздегілер жас­тайы­нан бокс, күреске қызықса, олар футбол­ға қатты қызығады. Қай жаққа қарасаң да, бар­лығы доп теуіп жүреді. Бір байқағаным, ол жер­де ақша табудың ең оңай жолы – фут­бол­шы болу. Олар жеке кәсіп ашып, табысқа ке­нел­геннен гөрі, футбол әлеміне аяқ басып, мол қаражат тапқанды жөн көреді. «Біздің елде мынадай. Испанияда басқаша» деп айта ал­май­мын. Жоғарыда айтып өт­кен­дей, барлығы фут­бол­шының дайындығына бай­ланысты. Жаңа ортаға түс­кен соң, еш саспай, құд­ды бір өз еліңдегі бұрынғы команда сапында ой­нап жүргендей өнеріңді ортаға салсаң, еш­кімнен кем түспейсің. Бір қызығы, маған ке­зік­кен испандықтардың көбі қазақтардың түр-әлпеті қандай болатынын білмейді екен. Ал­ғашында «Қытайдан келдің бе? Жоқ әлде жа­­пондықсың ба?» деп сұрайтын. Тіпті, кей­бірі Қазақстан туралы ештеңе біл­мейді екен. Қай­тар кезде уругвайлық коман­даласым «Есі­ме түсті. GGG сол елден ғой» дегенде «Ара­мыз­да білетін біреу бар екен-ау» деп қалай қуан­ға­­нымды білсеңіз ғой. Бірақ дүкен­дерге кір­генде Қазақстаннан екенімді сұрап білген Пә­­кістан, Марокко азаматтары біз туралы бар біл­генін бөлісіп, ел туралы жағымды пікір­лер ай­тып, төбеңді көкке бір көтеріп тастайды. Ал біз­дің елді білмейтіндерге интер­неттен Алма­ты мен елорданың көрікті жерлерін көрсетіп, олар­ды таң-тамаша еттім. «Қандай тағам жей­сіңдер сонда? Ұлттық тағамдарың бар шы­­ғар», – деп сұрағанда «жылқы еті» десем, көзі шарасынан шы­ғып, бадырайып «Оның етін қалай жей­сің­дер? Біз жылқыны мінеміз», – дейді. «Біз ша­ба­мыз да, жейміз де», – дедім (күліп). Сосын олар «Бір барғанда қазы алып келші. Дәмін көрейік», – дейді. Бұйырса, ұлт­тық тағамдарды апарып, дәм татқызармын. – Сұхбат алуға хабарласқанымда келі­сім­шарт мерзімі 30 маусым күні бітетінін ай­тып қалдыңыз. Бірақ сіз жыл басында «Гра­надаға» ауысты деп жазғанымызда, ке­лісімшартты екі жылға ұзарту мүм­кін­дігі бар екені есімде қалып қойыпты.

– Егер барлығы жақсы болса, олардың т­а­лабына сәйкес келсем, екі жылға жал­ғаса­тыны жазылған, айлығы, шарты, бәрі-бәрі көрсетілген келісімшарт қолымда. Ал әуелде жасасқан келісімшарттың мерзімі 30 маусым күні бітеді. Клубтың спорт директорымен сөй­лескенде «Егер «Гранаданың» бірінші ко­ман­дасы Испанияның премьер лигасында қалатын болса, сен 80 пайыз біздің клубта қалып тұрсың. Ал егер олар «ұшып» кететін болса, бапкер де, басшы да, спорт дирек­торы да, барлығы ауысады. Жаңадан сай­ланған мамандар ойыншыны өздері таң­дап алады» деген еді. Өкініштісі сол, бірінші командамыз биыл премьер лигадан қалыс қалып, келесі маусымда екінші дивизион са­налатын Сегун­дада ойнайтын болады. Спорт ди­ректоры айтқандай, жаңа басшылар бар­лығын басынан бастап, жаңа құрама жа­сақ­тағалы жатыр екен. Мені танитын маман­дар­дың түгелі ауысып кетіпті. Жасинтке хабар­лас­сам, «Өзіміз де білмей отырмыз. Нақты сөй­лесетін адам жоқ әлі»,– дейді. Бірақ ол ал­дағы 10-15 күн ішінде нақты жауабын айту керек екенін жеткізді. Қазір олардың жауабын күтіп отырмын. Тараздамын. – Бес ай бойы жақсы қырынан та­ныл­саңыз, жаңа құрамаға шақырылатын­дар­дың тізімінде алдыңғы орында тұрған бо­ларсыз...

– Солай деп үміттенемін. Жаңа бапкерлер мені лайық деп таныса керемет болар еді. Бірақ «керемет» деп мұнымен тоқтап қалуға бол­майды. Менің жасым 19-да. Бұл – тек бас­та­масы. Уақытымды зая кетірмей, одан да үлкен белестерге жетуді көздеймін. Біздің спортшылардың бір кемшін тұсы – ел таң­ғалатын жетістікке жетсе болғаны, масайып, алға қарай ілгерілегісі келмей, бір орында тұралап қалады. Мен «Гранадада» әлі ресми түр­де кездесуге қатыспадым. Екі рет жолдас­тық кездесуде алаңға шықтым. Бес ай бойы жат­тықтым. Бірақ олардың талабына сай болуым керек, испан тілін үйренуім қажет. Қа­­зір курсқа қатысып, тілдік қорымды байы­туға бар күш-жігерімді салып жатырмын. Испанияда футбол маусымы аяқ­тал­ған­дықтан, қазір барлығымыз еңбек дема­лысындамыз. Демалыста болсақ та, «Гранададағы» физика­лық дайындыққа жауапты бапкерім «Былай істеңдер. Күні­ге осыны істеңдер. Үйде жатпаң­дар», – деп WhatsApp арқылы тапсырма береді. Екі ел арасындағы төрт сағат уақыт айырма­шы­лы­ғы­на қарамастан, бапкер жасаған график бойын­ша жаттығып жүрмін. Қазір бас­ты мақсат – «Гранадада» қалу. Бар ойым сол. Со­сын карьерамды ары қарай Еуропада жалғас­тыр­ғым келеді. Маған дейін Испанияда жат­тық­қан қазақтар болды ма, жоқ па, білмедім. Испания чемпионатында абыроймен өнер көрсетіп жүрген қазақ атанғым келеді. Айт­пақшы, Испания­ның төменгі дивизионын­да ойнайтын қазақтар бар екен. Бірақ оларда мен­­­дегідей «кәсіби» келісімшарт жоқ. Екі отан­дасыммен сөйлескенімде олар айлық алмай­тынын, бірақ тұратын жері мен тамағы тегін еке­нін айтты. Тәжірибе молайту үшін сонда барған көрінеді. Ал менің діттегенім басқа. – Соңғы бір айда футболдан 21 жасқа дейінгі Қазақстан жастар құрамасында сәтті өнер көрсеткеніңізді білеміз. Ұлт­тық құрамаға «Гранадамен» келісімшарт жа­сасқан соң шақыртылдыңыз ба?

– Иә. Бірақ «Гранадаға» ауысқанға дейін, 19 жасқа дейінгі жастар құрамасында ойна­ғанмын. Кейін бапкерлер 21 жасқа дейінгі ойыншылардың командасына қосылуым керек­тігі туралы ұсыныс айтып, Еуро-2023 іріктеу кезеңі аясында Дания мен Түркия құрамасына қарсы кездесуде ойынға қосты. Алда ұлттық құрама қатарында талай жыл ойнаймын деп сенемін. Осы ретте айта ке­тейін дегенім: Қазақстан футболы соңғы он жыл­да қарқынды дамып келеді. Біздегі инф­рақұрылымның сапасы артып, балалар мен жасөспірімдер футболына көп көңіл бөлініп жатыр. Құдай қаласа, алдағы бес жылда әлем таңғалатын үлкен нәтижеге жетеміз деген үміттемін. Өз басым соған сенемін. Ә дегенде көпшілік «Футболды құрту керек. Ақша салмау ке­рек» деп сынның астына алған еді, ал қазір бар­лығы бір үйдің баласындай алаңда доп теуіп жүрген ойыншыларға болысып, қолдап, қолпаштап отырады. Фанатизм да жоғары дең­гейде. Әсіресе «Ақтөбе» командасы жан­күйер­­лерінің қолдауына барлығы қызыға қарай­ды. Қайыра айтқанда, елдегі футбол ойы­нында қызық болып жатыр. Ұлттық құра­ма Ұлттар Лигасындағы ойында көш бастаған соң, жанкүйерлер қатары көбейіп, футбол­шы­ларға деген сенім арта түскенін өзіңіз де сезген боларсыз. Алдағы уақытта ойыншы­лар­дың ойнау стилі, бас бапкердің қарсылас ко­мандаға қарсы ойластырған тактикасы соңғы ойындағыдай болатын болса, көп кешікпей құрама атауы үздіктермен қатар тұратынына кәміл сенемін. Бес ай сыртта жүрсем де, Қазақ­стан премьер-лигасын бақылап отырамын. Қазақстандық клубтардың да «еуроалаңда» атой салатын күні алыс емес деп ойлаймын. Туыс­тарым мен бапкерлерім «Қазақстанның атын шығар. Елді таныт» деп батасын беріп жа­тыр. Бұйырса, еурокубоктарда Қазақстан­ның атын әйгілейтін клубтар мен ойыншы көп болады деп айтқым келеді.

Сұхбаттасқан Әлия ТІЛЕУЖАНҚЫЗЫ