Бюрократияны жою – маңызды міндет
Бюрократияны жою – маңызды міндет
Қазақстан Республикасының Президенті Қ.Тоқаевтың «Мемлекеттік аппараттың қызметін бюрократиядан арылту жөніндегі шаралар туралы» 2022 жылғы 13 сәуірдегі № 872 Жарлығы мемлекеттік қызмет жүйесін заман талабына сай жетілдіру жөніндегі кезекті реформаға құқықтық негіз қалап, осы жолда атқарылып жатқан іргелі істердің қисынды жалғасы болды. Бұлай дейтін себебіміз, «мемлекеттік қызмет» ұғымы алғаш рет айналымға енгізілген 1995 жылдан бері бұл саланың дамуын тежеп, реттелуін қиындататын кедергілерді жою бойынша ауқымды шаралар іске асырылып келеді.
Атап айтқанда, өткен отыз жылға жуық уақыт ішінде салалық заң үш рет жаңартылып қабылданған. 1999 жылғы екінші заңнан кейін 2015 жылы «100 нақты қадам» Ұлт жоспарының бірінші бөлігінде белгіленген міндеттерді іске асыру үшін «Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызметі туралы» жаңа заң әзірленіп, мемлекеттік аппаратты кәсіби және автономды етуге бағытталған негізгі шаралар іске асырылды.
Ұзақ уақыт Президент Әкімшілігінде Кадр саясаты қызметін басқарып, V, VI сайланған Парламент Мәжілісінің депутаты болған Ерсұлтан Бектұрғанов – аталған салада бүгінгі күнге дейін іске асырылған реформаларға бастан-аяқ қатысып, заңнамалық базасын жасауға, практикада іске асырылуын үйлестіруге тікелей атсалысқан мамандардың бірі. Қазіргі № 872 Жарлықтың маңызына өте жоғары баға беріп отырған ол кез келген процестің даму барысына уақытылы мониторинг жасап, кемшілігі мен олқылығынан дер кезінде арылтып, болашақ бағдарын дұрыс белгілеп тұрса, оң нәтижеге қол жеткізу қиын болмайтынына сенімді.
Жоғарыда айтқанымыздай, Ерсұлтан Өтеғұлұлы – осы саладағы білікті сарапшылардың бірі. 2019 жылы өзі де депутаттық құқығын пайдаланып, мемлекеттік қызметтегі бюрократияны жоюға бағытталған «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне мемлекеттік қызмет және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Қазақстан Республикасының заңына бастама жасап, оны талқылау жөніндегі жұмыс тобына жетекшілік еткен. Мәжіліс пен Сенат депутаттарының алдында бас баяндамашы ретінде жобаны қорғаған.
– Сол кезде үшінші заңның қабылданғанына 3 жылдан енді асып, оның оң нәтижелері көріне бастаған еді, – дейді ол, – мәселен, үш сатылы конкурстан өткен
8 мыңнан астам адам алғаш рет мемлекеттік қызметке кірді. Ішкі конкурстардың қорытындысы бойынша 6 мың 167 қызметші төмен тұрған лауазымдардан жоғары тұрған лауазымдарға көтерілді. Басқа мемлекеттік органдардан ауыстыру ретімен келетіндердің саны он шақты есе қысқартылып, конкурстан тыс тағайындау саны барынша азайтылды. Заңда енгізілген Әдеп жөніндегі уәкіл қызметі оң нәтиже беріп, 2018 жылдың өзінде 5 мыңға жуық мемлекеттік қызметші олардан қажетті консультация мен көмек алған.
Дегенмен уақыт бір орында тұрған жоқ, оның үстіне осы екі ортада заңнамаға орталық және жергілікті мемлекеттік органдардың жауапкершілігі мен дербестігін күшейту, мемлекеттік билікті орталықсыздандыру және кейбір функцияларды мемлекеттік органдарға беру бойынша енгізілген өзгерістер мемлекеттік қызмет туралы қолданыстағы заңнамаға түзету енгізу қажеттігін алға тартты. Осыған орай, Мәжіліс пен Сенаттың бірнеше депутаты бірлесіп, өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы заң жобасына бастама жасадық.
Жобада көзделген негізгі түзетулерге тоқталар болсақ, біріншіден, тиісті өңірлік мемлекеттік органдардың басшылары лауазымына конкурстық іріктеуден ойдағыдай өткен кандидаттарды уәкілетті орталық мемлекеттік органдармен келісу практикасы алып тасталды. Себебі «Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызметі туралы» заңға сәйкес конкурстық комиссияның оң қорытындысын алған үміткер тиісті лауазымға сөзсіз орналасу мүмкіндігіне ие болады. Анығырақ айтқанда, конкурстық комиссияның шешімі конкурс жеңімпазын бос лауазымға тағайындауға негіз болады және бұл қосымша келісуді талап етпейді. Дегенмен министрліктер, орталық уәкілетті органдар бұл процестен тыс қалмайды, олар бұған конкурсқа дейінгі іс-шаралар (біліктілік талаптарын дайындап, бекіту кезінде және конкурстық комиссияның жұмысына қатысу) арқылы қатыса алады.
Екіншіден, соған дейін сынақ мерзімі арнаулы тексерудің оң нәтижесі алынғаннан кейін ғана есептеле бастайтын. Дәл сол кезден бастап конкурстан өтіп, қызметке кірген адам мемлекеттік қызметші болып саналатын. Кейде арнаулы тексеру жүргізу мерзімі үш айға дейін созылып кететін. Ал сынақ мерзімінің үш айдан алты айға дейін уақыт алуы ықтимал еді. Соның салдарынан азаматтар тоғыз айға дейін лауазымға тағайындалмай, өзіне тиесілі әлеуметтік қолдаулардан құр қалатын. Осыған байланысты біз сынақ мерзімін еңбек шарты қолданыла бастаған кезден немесе конкурстан өтіп келген азаматтың жұмысқа келген күнінен бастап есептеуді ұсындық.
Үшіншіден, бұрын мемлекеттік органның басшысы әрбір конкурстық іріктеу өткізген сайын конкурстық комиссияны қайтадан құрып жататын. Бұл қосымша қағазбастылықты көбейтіп, комиссияның жоспарлы жұмыс істеуіне кедергі жасайтын. Сондықтан оны конкурстық рәсімдер аясынан шығарып, тұрақты түрде жұмыс істейтін конкурстық комиссиялар құру және олардың жұмыс істеуін оңтайландыру ұсынылды.
Төртіншіден, мемлекеттік қызмет істері жөніндегі уәкілетті органға өңіраралық ротацияны үйлестіру мәселесін жүктеу көзделді.
Бесіншіден, мемлекеттік қызметшінің қандай жағдайда мемлекеттік қызметке қайтадан кіруші болып табылмайтынын айқындайтын нормалар нақтыланды. Бұл түзетуге басқа мемлекеттік органға орналасу үшін конкурстан өтсе де, таза объективті себептермен бір күн ішінде бір мемлекеттік органнан шығып, басқа органға ресімделіп үлгермейтін мемлекеттік қызметшінің жағдайы негіз болды. Аталған түзету мемлекеттік қызметшінің бұрынғы лауазымынан шыққаннан кейін келесі күні басқа лауазымға орналасуына мүмкіндік береді. Бұл оны қайтадан арнаулы тексеруден өтуден, сынақ мерзімінен және салықтық декларация тапсырудан босатады.
Сонымен қатар қарамағында қызмет істейтін адам сыбайлас жемқорлық құқықбұзушылық жасаған кезде басшының жеке тәртіптік жауапкершілігін арттыруға, сондай-ақ квазимемлекеттік секторда сатып алу саласында жұмыс істейтін адамдарды сыбайлас жемқорлық субъектілеріне жатқызуға байланысты нормалар және басқа да мәселелер қаралды.
Бүгінгі күні Ерсұлтан Өтеғұлұлы бастама жасаған нормалардың барлығы салалық заңға енгізіліп, практикада қолданылып, оң нәтижесін беруде. Әрине, оның өзі айтқандай, цифрлық технологиялар дамып, мемлекеттік қызметтердің көрсетілу жылдамдығы мен сапасына қойылатын талаптар күн санап күшейіп келе жатқан қазіргі жағдайда соған сай әрекет ету – аса қажет әрі өте маңызды міндет. Сондықтан №872 Жарлық сияқты бюрократиядан арылтатын құжаттар қоғам өмірінің барлық саласында қабылданса, құба-құп болар еді.
Марат САДЫҚОВ, тарихшы, заңгер