Бюрократияны жою – маңызды міндет

Бюрократияны жою – маңызды міндет

Бюрократияны жою – маңызды міндет
ашық дереккөзі
Қазақстан Республикасының Президенті Қ.Тоқаевтың «Мемлекет­тік аппараттың қызметін бюрократиядан арылту жөніндегі шаралар туралы» 2022 жылғы 13 сәуірдегі № 872 Жарлығы мемлекеттік қызмет жүйе­сін заман талабына сай жетілдіру жөніндегі кезекті реформаға құқықтық негіз қалап, осы жолда атқарылып жатқан іргелі істердің қисынды жалғасы болды. Бұлай дейтін себебіміз, «мемлекеттік қызмет» ұғымы алғаш рет айналымға енгізілген 1995 жылдан бері бұл саланың дамуын тежеп, реттелуін қиындататын кедергілерді жою бойынша ауқымды шаралар іске асырылып келеді. Атап айтқанда, өткен отыз жылға жуық уақыт ішінде салалық заң үш рет жаңар­ты­лып қабылданған. 1999 жылғы екінші заң­нан кейін 2015 жылы «100 нақты қадам» Ұлт жоспарының бірінші бөлігінде белгі­лен­ген міндеттерді іске асыру үшін «Қазақ­стан Республикасының мемлекеттік қыз­меті туралы» жаңа заң әзірленіп, мем­ле­кет­тік аппаратты кәсіби және автономды етуге ба­ғытталған негізгі шаралар іске асырылды. Ұзақ уақыт Президент Әкімшілігінде Кадр саясаты қызметін басқарып, V, VI сай­ланған Парламент Мәжілісінің депу­та­ты болған Ерсұлтан Бектұрғанов – атал­ған салада бүгінгі күнге дейін іске асы­рыл­ған реформаларға бастан-аяқ қатысып, заң­­­намалық базасын жасауға, практикада іс­ке асырылуын үйлестіруге тікелей атса­лыс­қан мамандардың бірі. Қазіргі № 872 Жар­лықтың маңызына өте жоғары баға беріп отырған ол кез келген процестің даму барысына уақытылы мониторинг жасап, кемшілігі мен олқылығынан дер кезінде арылтып, болашақ бағдарын дұрыс белгілеп тұрса, оң нәтижеге қол жеткізу қиын бол­май­тынына сенімді. Жоғарыда айтқанымыздай, Ерсұл­тан Өтеғұлұлы – осы саладағы бі­лік­ті сарапшылардың бірі. 2019 жылы өзі де депутаттық құқығын пайдаланып, мем­ле­­кеттік қызметтегі бюрократияны жоюға бағытталған «Қазақстан Рес­пуб­ликасының кейбір заңнамалық ак­ті­леріне мемлекеттік қызмет және сыбайлас жем­қорлыққа қарсы іс-қимыл мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар ен­гізу туралы» Қазақстан Республикасының заңы­на бастама жасап, оны талқылау жө­нін­дегі жұмыс тобына жетекшілік еткен. Мәжі­ліс пен Сенат депутаттарының алдын­да бас баяндамашы ретінде жобаны қорға­ған. – Сол кезде үшінші заңның қабыл­дан­ға­­­нына 3 жылдан енді асып, оның оң нә­ти­желері көріне бастаған еді, – дейді ол, – мә­селен, үш сатылы конкурстан өткен 8 мың­нан астам адам алғаш рет мемлекеттік қыз­метке кірді. Ішкі конкурстардың қо­ры­тындысы бойынша 6 мың 167 қызметші тө­мен тұрған лауазымдардан жоғары тұр­ған лауазымдарға көтерілді. Басқа мем­ле­кеттік органдардан ауыстыру ретімен ке­ле­тіндердің саны он шақты есе қысқартылып, конкурстан тыс тағайындау саны барынша азайтылды. Заңда енгізілген Әдеп жөніндегі уәкіл қызметі оң нәтиже беріп, 2018 жыл­дың өзінде 5 мыңға жуық мемлекеттік қыз­метші олардан қажетті консультация мен көмек алған. Дегенмен уақыт бір орында тұрған жоқ, оның үстіне осы екі ортада заң­­­намаға орталық және жергілікті мем­ле­кет­тік органдардың жауапкершілігі мен дер­бестігін күшейту, мемлекеттік билікті ор­талықсыздандыру және кейбір функ­ция­ларды мемлекеттік органдарға беру бойын­ша енгізілген өзгерістер мемлекеттік қызмет туралы қолданыстағы заңнамаға түзету ен­гізу қажеттігін алға тартты. Осыған орай, Мә­жіліс пен Сенаттың бірнеше депутаты бір­лесіп, өзгерістер мен толықтырулар ен­гізу туралы заң жобасына бастама жасадық. Жобада көзделген негізгі түзетулерге тоқталар болсақ, біріншіден, тиіс­ті өңірлік мемлекеттік органдардың бас­шы­лары лауазымына конкурстық іріктеуден ой­дағыдай өткен кандидаттарды уәкілетті ор­та­лық мемлекеттік органдармен келісу прак­тикасы алып тасталды. Себебі «Қазақ­стан Республикасының мемлекеттік қыз­ме­ті туралы» заңға сәйкес конкурстық ко­мис­сияның оң қорытындысын алған үміткер тиіс­ті лауазымға сөзсіз орналасу мүм­кін­ді­гі­не ие болады. Анығырақ айтқанда, кон­курс­тық комиссияның шешімі конкурс жеңім­пазын бос лауазымға тағайындауға не­гіз болады және бұл қосымша ке­лісуді талап етпейді. Дегенмен министр­лік­тер, орталық уәкілетті органдар бұл про­цестен тыс қалмайды, олар бұған кон­курсқа дейінгі іс-шаралар (біліктілік талап­та­рын дайын­дап, бекіту кезінде және кон­курс­тық комис­сияның жұмысына қатысу) ар­қылы қатыса алады. Екіншіден, соған дейін сынақ мерзімі арнаулы тексерудің оң нәтижесі алын­­­ғаннан кейін ғана есептеле бастайтын. Дәл сол кезден бастап конкурстан өтіп, қыз­мет­ке кірген адам мемлекеттік қызметші бо­лып саналатын. Кейде арнаулы тексеру жүр­­гізу мерзімі үш айға дейін созылып ке­тетін. Ал сынақ мерзімінің үш айдан алты ай­ға дейін уақыт алуы ықтимал еді. Соның сал­дарынан азаматтар тоғыз айға дейін лауа­зымға тағайындалмай, өзіне тиесілі әлеу­меттік қолдаулардан құр қалатын. Осы­ған байланысты біз сынақ мерзімін еңбек шарты қолданыла бастаған кезден немесе кон­курстан өтіп келген азаматтың жұмысқа кел­ген күнінен бастап есептеуді ұсындық. Үшіншіден, бұрын мемлекеттік ор­ган­ның басшысы әрбір конкурстық іріктеу өткізген сайын конкурстық комис­си­я­ны қайтадан құрып жататын. Бұл қо­сым­ша қағазбастылықты көбейтіп, комис­сияның жоспарлы жұмыс істеуіне кедергі жа­сайтын. Сондықтан оны конкурстық рә­сімдер аясынан шығарып, тұрақты түрде жұ­мыс істейтін конкурстық комиссиялар құру және олардың жұмыс істеуін оңтай­лан­дыру ұсынылды. Төртіншіден, мемлекеттік қызмет іс­тері жөніндегі уәкілетті органға өң­ірара­лық ротацияны үйлестіру мәселесін жүк­теу көзделді. Бесіншіден, мемлекеттік қызметшінің қан­дай жағдайда мемлекеттік қыз­метке қайтадан кіруші болып табылмайты­нын айқындайтын нормалар нақтыланды. Бұл түзетуге басқа мемлекеттік органға ор­наласу үшін конкурстан өтсе де, таза объек­тивті себептермен бір күн ішінде бір мем­лекеттік органнан шығып, басқа ор­ганға ресімделіп үлгермейтін мемлекеттік қыз­метшінің жағдайы негіз болды. Аталған тү­зету мемлекеттік қызметшінің бұрынғы лауа­зымынан шыққаннан кейін келесі күні бас­қа лауазымға орналасуына мүмкіндік бере­ді. Бұл оны қайтадан арнаулы тексеру­ден өтуден, сынақ мерзімінен және салық­тық декларация тапсырудан босатады. Сонымен қатар қарамағында қызмет істейтін адам сыбайлас жемқорлық құ­қықбұзушылық жасаған кезде басшының же­ке тәртіптік жауапкершілігін арттыруға, сон­дай-ақ квазимемлекеттік секторда са­тып алу саласында жұмыс істейтін адам­дар­ды сыбайлас жемқорлық субъектілеріне жат­қызуға байланысты нормалар және бас­қа да мәселелер қаралды. Бүгінгі күні Ерсұлтан Өтеғұлұлы бас­тама жасаған нормалардың барлығы сала­лық заңға енгізіліп, практикада қолда­ны­­лып, оң нәтижесін беруде. Әрине, оның өзі айтқандай, цифрлық технологиялар да­мып, мемлекеттік қызметтердің көрсетілу жыл­­дамдығы мен сапасына қойылатын та­­лап­тар күн санап күшейіп келе жатқан қа­­зіргі жағдайда соған сай әрекет ету – аса қа­­жет әрі өте маңызды міндет. Сондықтан №872 Жарлық сияқты бюрократиядан арыл­­татын құжаттар қоғам өмірінің бар­лық саласында қабылданса, құба-құп болар еді.

Марат САДЫҚОВ, тарихшы, заңгер