Жаңалықтар

Ғылым академиясына мемлекеттік мәртебесінің қайтарылуы ғалымдардың еңсесін көтеріп тастады

ашық дереккөзі

Ғылым академиясына мемлекеттік мәртебесінің қайтарылуы ғалымдардың еңсесін көтеріп тастады

Бүкіл әлем жаңа технологиялар дәуірі­не өткен бүгінгі тұста ғылыми білім­нің маңызы артып отыр. Ғылым өр­ке­ниеттің қалыптасуындағы маңызды фактор бол­са, білім қоғамында ғылыми білімсіз бір­де-бір сала дамымайды. Бұл тұрғыда ғылым мен ғылыми ойдың ошағы – қоғамның интел­лек­туалдық әлеуетін қалыптастырушы маңыз­ды әлеуметтік институт – ғылыми меке­ме­лер­дің рөлі ерекше. Жуырда Президент Қ.Тоқаевтың жарлығымен кезінде қоғамдық ұйым­ға айналған Қазақ Ұлттық ғылым ака­демиясына мемлекеттік мәртебесі қайта беріл­ді. Осыған орай, белгілі ғалым, қазақ инже­нер­лік ғылымының шежірешісі, философия ғы­лымдарының докторы, профессор, ҚР Ұлт­тық жаратылыстану ғылымдары акаде­мия­сының академигі Ұлықпан Сыдықовпен отан­дық инженерлік ғылымның қалыптасуы мен қазіргі жағдайы жайында әңгімелескен едік. – Ұлықпан Есілханұлы, қазір ақ­параттық технологиялар, ин­фор­матика, нанотехнология, биотехно­ло­гия деп әрқайсысы жеке салаға ай­­­налған ғылымдардың түп төркіні жаратылыстану, техника және тех­нология ғылымдары екені мәлім. Жал­пы техника ғылымы Қазақстанда қай кезден бастап қалыптасты? – Қазақ техника ғылымдарының қа­лып­тасуында 1934 жылы құрылған Алма­ты тау-кен металлургиясы институтының рөлі зор. Бұл институт 1932 жылы Семей­де ашылған Геология-барлау институты­ның негізінде құрылды. Кеңес Одағының елді индустрияландыру саясаты аясында Қа­зақстанның аумағындағы пайдалы кен қорын игеру міндеті қойылды. 1933 жылы 20 қазанда КСРО Халық комиссариаты қау­лысымен Алматыда Қазақ тау-кен ме­таллургия институты құрылды. Басты мақ­сат – Қазақстанның кен орындарын ашу үшін жергілікті кадрлар даярлау. 1934 жылы 19 қыркүйекте алғашқы қоңырау шырыл­дап, тау-кен институтының ауди­тория­сына 146 студент сабаққа кірді. Міне, дәл осы күн – Қазақстанда техни­ка­лық ғылымның негізі қаланған күн бо­лып есептеледі. Институт директоры 28 жастағы Әшір Бүркітбаев болатын. Ол Свердлов өнеркәсіп институттын бітірген, комсомолда хатшы болған. Жамбыл об­лысы Сарысу ауданының тумасы, жас­тай жетім қалып, өзінің еті тірілігімен білім алған жігіт. Институт басшылығына Сә­кен Сейфуллин ұсынған екен. Бастап­қы­да институтта 7 кафедра құрылды, 16 мұ­ғалім дәріс берді. Негізінен, эвакуа­ция­мен Алматыға қоныс аударған өзге ұлт ға­лым­дары болатын, қазақ кадрлары бір­тіндеп көбейді. Оқытушылардың ара­сында тұңғыш математик қазақ, про­фес­сор, жоғары математикадан қазақ тілін­де­гі оқулықтың авторы, Томск политех­ни­калық институтының түлегі Әлімхан Ер­меков болғанын мақтанышпен айта­мыз. – Институтты құрудың мақсаты жер­гілікті кадрлар даярлау дедіңіз. Тех­никалық білім саласының қазақ ті­ліне көшуі қалай және қай кезде бас­талып еді? – Ұлттық кадрларды қалыптастыру ісі болашақты көздеп, мақсатты түрде қол­ға алынды. Бұл үрдістің басында әйгілі ака­демик Қаныш Сәтбаев тұр. Техника ғы­лымын қазақтандыру қазақ кадрларын даяр­лау арқылы жүргізілді. Қазақ техни­калық интеллигенциясының қалыптасу жолы оңай болған жоқ. Небір тар жол, тай­ғақ кешуден өтті. Небір кедергілер бол­ды. Бәрі ерен еңбек етті, бәрі ұлтшыл бол­­ды. Сол қиын-қыстау кезеңде өмір­ле­рін қауіп-қатерге тіге жүріп, ұлтын ойла­ды. Осы жылдары институтта тұңғыш дом­бырашылар ансамблі құрылды. Осын­дай әрекеттері үшін Әшір Бүркітбаев 1937 жылы Сталиндік репрессия құрбаны бо­лып, 32 жасында атылып кетті. Басқа­лары­ның да тағдыры оңай болған жоқ. Кеңес өкіметі тұсында бүкіл оқу жүйе­сі тек орыс тілінде болатын. Ауыл­дардан келген талантты жастар тех­никалық пәндерді үздік тапсырғанмен, кө­бісі орыс тілінен емтиханда сүрініп кету­ші еді. Талай талантты жас соның сал­дарынан басқа салаға кетті. Ол кезде ор­та мектепті алтын медальмен бітір­ген­дер институтқа емтихансыз түседі. Мы­са­лы, Баян Рақышев қазақ мектебін алтын ме­дальмен бітіріп келіп, орыс тілінен емтихан тапсырмай түсіп кетті. Міштай Ба­тырбеков те солай түсті. Мен түскен «Автоматтандыру және электронды есеп­теу машиналары» мамандығында оқитын 50 баланың 49-ы орысша оқыған болса, оның үшеуі ғана қазақ еді. Оның ішінде қазақ мектебін бітірген мен ғана бола­тын­мын. Бұл қазіргі ІТ – ақпараттық тех­­но­логиялар деп жүрген мамандығы­мыз ғой. – Оқу үдерісінің, бүкіл оқулықтың орыс тілінде болуы жастарымыздың инженерлік білімге бойлап баруына ке­дергі болып, кіріптар күй кеш­кіз­гені рас. Осы салаға қазақ жастары­ның көптеп келуіне ықпал еткен тұл­ғаларды атап өтсеңіз. – Техника саласын қазақтандыруда тау-кен инженері, ғалым техника ғы­лым­дарының докторы, Қазақстан Ұлттық ғы­лым академиясының академигі Өмір­хан Байқоңыровтың сіңірген еңбегі зор. Байқоңыровтың өзінің ғылым жолына түсуіне Қаныш Сәтбаев ықпал еткен. Қарсақпай мыс зауытында еңбек жолын бас­таған Өмірхан ағамыз институт бас­шылығына дейін өсті, академик атанды. 1952 жылдың қараша айында Ө.Бай­қоңыров Қазақ тау-кен металлургия инс­титутының директоры болып тағайын­далды. Өмірхан Аймағамбетұлы осы инс­титуттың ректоры болып қызмет істе­ген 1960 жылдары техника ғылымына ұлт­тық кадрлар тартуда аянбай еңбек етті. Ө.Байқоңыров институтқа қабылдау ережесін өзгертіп, қазақ жастары үшін қабылдау емтихандарын ана тілінде жүргізуге бұйрық берді. Сөйтіп, ауылдың жастары алдыңғы қатардағы техникалық жоғары оқу орнынан білім алуға мүм­кіндік алды. 1959-1960 жылдары қазақ жас­тары институт студенттерінің 40 пайы­зын құрады. Осылайша, техника сала­с­ын қазақ меңгеретін күнге жеттік. Қазақ политехникалық инсти­ту­ты­ның жаңа ғимаратын салдырған да Өмір­хан Байқоңыров болатын. Ол кезде инс­титут Мәскеуге қарайды, Өмірхан Ай­ма­ғамбетұлы құзырлы орындардан талап етіп жүріп, қаражат бөлгізді. Аяғына керзі етік киіп алып, таң бозынан келіп құры­лысты өзі қадағалайтын еді. Тау-кен инс­титутын политехникалық институтқа айнал­дырған да сол кісі. Мәскеуге қараған институтты Қазақстанға қаратқан сол кісі. Неткен ерлік десеңші! «Мен істедім» де­ген жоқ, кеудесін кермейтін, өте зиялы, па­расатты жан еді. Политехникалық инс­титутта еңбек еткен, дәріс берген қазақ ға­лымдарының әрқайсысы ғалымдығы­мен де, адамдығымен де өнегелі адамдар болды. Геомеханика дейтін саланы қа­лыптастырған Ақжан Машани қандай ғұлама ғалым еді! – Ұлықпан Есілханұлы, Тәуел­сіз­дік алып, ана тілімізге мемлекеттік мәр­тебе берілгеннен кейін техника са­ласында қандай өзгерістер болды? Кеңестік кезең түгілі, қазір де «қазақ тілі ғылым тілі емес» деген теріс пі­кірлер бар ғой. – Жетпіс жыл жастардың тілін сын­дырып, тек орыс тілінде білім берген по­л­итехникалық институтта 1986 жылғы Жел­тоқсан лебімен жаңа үрдістің желі есті. Теxникалық білімді қазақ тілінде беру­ге ниет еткен институт басшылы­ғы­ның ұсынысын Шәмшиден Әбдіраманов сынды ұлтқа жанашыр азаматтар іліп әкет­кен еді. 1989 жылы қазақша білім бере­тін 4 топ ашылды. 1990 жылы универ­ситетте теxникалық пәндерді оқыту жө­ніндегі кеңес құрылды. Ш.Әбдіраманов осы кеңес төрағасының орынбасары ре­тінде жұмысқа белсене кірісті. Алғаш ашылған төрт қазақ тобы студенттерінің үлгерімі бастапқы екі жыл ішінде-ақ қа­лалық студенттердің деңгейіне жетті. Кәсі­би техникалық білімді қазақ тілінде де игеруге болатынын шәкірттеріміз осы­лай дәлелдеді. Доцент Ш.Әбдіраман 1991 жылы «Ана тілі» баспасынан «Жерасты кен қазу процестерін есептеу» атты қазақ­ша оқу құралын шығарды. Бұл «Инже­нер­лер де қазақ тілінде оқытылсын» деген Үкі­мет қаулысынан кейін іске асырылған, кен ісі саласына арналған жалғыз оқулық болатын. 1993 жылы Ш.Әбдіраман өн­дірістің кәнігі мамандарын қатыстыра отырып, алты мыңға тарта ұғымды қам­тыған «Кен ісінің терминологиялық сөз­дігін» шығарып, техника ғылымын қазақ­шалауға серпін берді. Кейін осы кітаптың негізінде кен ісіне арналған ағылшын, қазақ және орыс тіліндегі көп томдық тер­миндік атаулар сөздігі шықты. Тех­ника саласын қазақтандырудың басында тұр­ған тұлғалар осылай жанкешті және рия­сыз еңбек етті. – Академия қоғамдық ұйымның са­натында болған тұста ғылым да дағ­дарысқа ұшырағаны белгілі. Ин­женерлік ғылымдар саласының жай-күйі қалай? – Қазақ Ұлттық ғылым академиясы ресми түрде 1946 жылы құрылды. Қаныш Сәтбаевқа сенімді серік, адал шәкірт болған азаматтар академияның аяғынан нық тұрғызды. Кеңестік жыл­дары Қазақ ҰҒА одақтағы алдыңғы қатар­дағы ғы­лыми орта ретінде мойындалды. Қазіргі Қ.Сәтбаев атындағы университет рес­пуб­ликадағы инженерлік білім бере­тін ең басты оқу ордасы болды. Институт геоло­гия, тау-кен ісі, металлургия сала­сында өте маңызды рөл атқарды. Ғалым­дарымыз тау-кен және металлургиялық өндірісте жаңа технологияларды ұйым­дастыруға сүбелі үлес қосты. Ұлттық ғылым акаде­мия­­сының Жер туралы ғы­лымдар бөлі­мі­нің базасы Қ.Сәтбаев атын­дағы ҚазҰТУ болды. Қазір Сәтбаев Уни­верситеті (Satbayev University) – елі­міз­де инженер ма­ман даярлайтын ең ірі оқу орны. Бүгінгі күні университетте бір­неше ғылыми-зерт­теу институты, ғы­лыми зертханалар, тех­нопарк бар. Рас, соңғы жылдары басқа ғылым са­ла­лары секілді инженерлік ғылымдар да дағдарысқа ұшырады. Білім мен ғылым саласына келген әрбір жаңа министр өз реформасын жүргізіп, бір қалыпқа түсіре алмады. Қ.Сәтбаев пен оның ізбасарлары зор күшпен құрған академия қоғамдық ұйым болып қалды, ғылыми-зерттеу инс­титуттары өлмешінің күнін кешті. Дис­сертациялық кеңестер жабылды. Жас­тар бизнеске кетті. Болон жүйесіне көштік. Докторлық қорғауды шетелге тәуелді етіп қойды, шетелдік журналдарға мақала шығару деген шықты. Оның сапасына қарап жатқан ешкім жоқ. Грант бөлуде де әділетсіздік болды. Ғылымның иісі мұр­нына бармайтын адамдар универси­тет басшылығына келді. Нағыз ғалымдар­ды жұмыстан қуып, олардың орнын кез­дейсоқ адамдар басты. Тіпті, инже­нерлік мамандықтың әліппесі саналатын сызба геометриясы және басқа маңызды пәндер білім беру бағдарламасынан алы­нып тасталды. «Сәтбаевтың мерейтойы­ның не қажеті бар?» деген басшыны да көрдік. Енді біртіндеп сол кемшіліктер түзетіліп жатыр. – Жуырда Президент Қ.Тоқаев ғы­­лым академиясына бұрынғы мем­лекеттік мәртебесін қайтарып берді. Бұл жаңалық техника ғылымдары са­ласына не бере алады? – Техника ғылымдары – адам ақыл-ойы­ның жемісі. Ол нағыз шығармашылық ең­бекке жатады. Инженерлік ғылымның құдіре­ті сол, уақыт, кеңістік, жазықтық, ма­терия дейтін төрт өлшемде жұмыс іс­тей­ді. Инженерлердің ойлау жүйесі бөлек болады. Металлургия, тау-кен, пайдалы қаз­балар саласын дамыту – еліміздің стра­тегиялық маңызды басым бағытының бірі. Сондықтан инженерлік ғылымдарға жеткілікті көңіл бөлінуі, ғылым мен өндірістің арасындағы байланыс күшеюі тиіс. Техникалық саланы қазақшалау, оқу­лықтарды қазақша аудару, жазу жұ­мысы да жалғасын табуы керек. Жалпы ғы­лым саласында атақты ғалымдары­мыздың осыған дейінгі құнды тәжіри­бесін ескере отырып, осы заманға сай дамытқан дұрыс. Политехника инсти­туты ашылғанда Сәкен Сейфуллиннің: «Өздеріңнің қара бастарыңның қамы үшін емес, халыққа қызмет етіңдер» деген аманаты қазіргі жастарға да басты ұста­ным болуы тиіс. Президентіміз Қ.Тоқаевтың Ғылым ака­демиясын мемлекет қамқорлығына алуы – үлкен жаңалық. Ғылым дамуына жа­салған оң қадам, жаңа белес, жаңа ке­зең. Енді инженерлік ғылымдар серпінді да­миды деген сенімдеміз. – Әңгімеңізге рақмет!

Әңгімелескен Дина ИМАМБАЙ