Әлиханның серті
Әлиханның серті
Кейінгі кезде билік өкілдерінің көбі ХХ ғасыр басындағы Алаш оқығандарының сөзінен мысал келтіріп, елге Алаш ұстанымын айтып жататынын көз көрді. Өте дұрыс, құптарлық іс. Баянды болғай дедік. Сосын ойланып та қалдық. Сондағы ой – Отанды сүю, мемлекет ісіне адал болу мәселесі. Көпке Алаш сөзін айтып, өнеге көрсеткісі келетіндерге өткен тарихымыздан бір оқиғаны мысалға келтірейін.
1913 жылы «Қазақ» газетіне «Жиһанша Әлмұхамедұлы Сейдалинге» деген мақала басылады. Авторы – Әлихан Бөкейхан. Жалпықазақ съезін шұғыл ұйымдастырайық, әр облыстан делегат шақырайық деп ұран тастаған Жиһанша Сейдалинге жауап ретінде жазылған материал-тұғын.
Ұлт көсемі осы мақаласын «Тірі болсам, хан баласында қазақтың хақысы бар еді, қазаққа қызмет қылмай қоймаймын» деп аяқтаған. Асылында, дегдар бұл сөзді тек жазып қана қойған жоқ, ақтық демі таусылғанша қазағына, еліне қызмет етіп, ақырында сол қазақ хақысы үшін, мүддесі үшін ату жазасына кесілді. Біздің сөз еткелі отырған мәселеміз сол – Әлихан Бөкейханның халқына берген серті төңірегінде.
Киіз туырлықты ұлтымыз үшін ежелден серт, ант, сөз беру, уәде деген сөздердің мәні мен мағынасы бөлек. Айрықша сипатқа ие. Ата-бабамыз ұстанған асыл дініміз – ислам низамында да серт пен уәденің жөні ерек. Сертке, уәдеге берік болу, айтқан сөзіңде тұру, орындау – азаматтың адамгершілігін, іскерлігін, жауапкершілігін көрсететін жақсы қасиеттер.
Дін ислам тарихында уәде, серт туралы көптеген ғибрат аларлық тағылымдар жеткілікті. Қасиетті Құран Кәрім кітабында: «Олар, Аллаға берген уәдесін орындағандар және берген сөздерінен айнымағандар» («Рағыд» сүресі, 20 аят) делінген. Біздің көсем халқына берген сертінен танбаған, Аллаға берген уәдесін орындаған азамат.
Әлихан Бөкейхан – төре тұқымынан. Шыңғыс ханның жиырма жетінші ұрпағы. Ұлы атасы Барақ сұлтан, одан Бөкей. Шыңғыс хан құрған ұлы қағанаттың уығы ыдырап, ақ босағасы шайқалып, перзенттері тақ пен билік үшін бір-біріне қарсы шығып, бірін-бірі өлтірген-ді.
Төрткүл дүниені уысына ұстаған қағанаттың тақ мұрагерлігіне кісі қанын аяусыз төгіп, көз жасын арқалап отырған Әбілқайыр Шайбанидың зұлымдығы мен қысастығына шыдамай, Орыс ханның Жәнібегі мен Керей сұлтан Алмалыққа, Жетісуға ығысып, Шайбан ұлысына қараған бүгінгі қазақ руларын бөліп алып, Қазақ хандығының ордасын көтеріп еді. Шу бойындағы келелі кеңеске қатысқан мұқым қазақтың игі жақсылары екі сұлтанның сөзіне құлақ асып, ортаға қамшы тастап, ақ киізге Керейді хан деп көтеріп ұлықтаған. Бүткіл қазақ баласы сол кезде төре зәузатынан шыққан хан перзенттеріне сеніп, тағдырын аманаттап берген-ді. Кейін, өкінішке қарай, ішкі алауыздық пен сырттың ашкөздігінен Қазақ ордасының да шаңырағы ортасына түсіп, Ресей империясының бодандығына өтіп едік...
Міне, осындай тарихи-саяси жағдайларды жақсы білген көсем қазақ мүддесін қорғау үшін, бодандықтың сорына белшесінен батқан мешеу елін өркениетті ұлысқа айналдырамын деп теңдік жолында ант берген болатын. Бұл – жай сөз емес, еліне, «Алаш» деп соңынан ерген халқына берген жүрек сөзі, уәдесі еді. Өйткені «уәде – Құдай сөзі». Әлихан Нұрмұхамедұлы сауатын алғаш рет Тоқырауын болысындағы ауыл молдасынан, сосын өз әкесі Мұқан төреден («Мұқан төре» деп ел атаған. Азан шақырып қойған есімі – Нұрмұхамед – Е.Т.) тәлім алған жан. Уәде, серт дегеннің жауапкершілігін толық сезінген, жан-жүйесімен ұғынған.
Неге бұлай уәде берді екен деген сұрақ тууы заңдылық. ХХ ғасырдың алғашқы онжылдығында қазақ оқығандарының арасында өзара түсініспеушілік, жеке бас араздығы сияқты пікір қайшылықтары болған. Оқығандардың жартысы «отырықшы ел болайық» десе, қалған бөлігі «еуропалық сипатта дамиық» деген ұстанымды ұстады. Мәселен, төре тұқымынан шыққан үлкен оқымысты Бақытжан Қаратайұлы бастаған топ мерзімді басылымдар арқылы «Алаш» идеясын көтерген Әлихан Бөкейханды және оның идеялас-мақсаттас серіктерін сынап-мінеп жатқан-ды. Әлихан сардардың айтқан осы сөзі – қарсыластарына берген жауабы ғана емес, ұлт қайғысын түсінген жанның намысты шері.
Әлиханмен пікірі жараспаған адамның бірі – Жиһанша Сейдалин де хан ұрығынан тараған оқыған, тегеурінді азамат. Арғы атасы – Әбілқайыр хан. Кіші жүз ханы болған Нұралының шөбересі. Әкесі Әлмұхамед оқыған, өз заманының көзі ашық дәулетті кісісі болыпты. «Таста тамыр жоқ, төреде бауыр жоқ» деген Шыңғыс бабасының аталы сөзін мықтап ұстанған Әлихан қаны туыс өз бауырларымен қосылып, рулық, аталықты желеу етпей, барша қазақтың намысы мен мүддесі үшін күресті.
Бізге саяси тұлғаның осы таңдауы, ұстанымы – үлгі, өнеге. Мысалы, Әлиханның туған інісі Смахан естелігінде: «Әлекең «оқыдым» деп басына пайда қылмаған, мал жимаған, үй салмаған, үй тігіп, қымыз ішіп, қазақша дәурен сүрмеген. «Қазағым, елім!» – деп кеткен. Пара алмаған, қазақтың елін, жерін аралап көрген. Өмірін «қазақты ел қыламын» деп сарп еткен...» деп жазған. Естелік арқылы оның қандай азамат болғанын байқап, өмірлік арман-мұратын ұғуға болады. Шындығында, саяси элитаның серкесі дүние-мүлік жимаған, тек ел мұратын арқалаған адам болатын. Ол керісінше ғұмыр бойы ілім-білім жиып, ғылыми жұмыстармен айналысып, көп оқып, көп ізденген кісі. Қарап отырсаңыз, осының өзі – ғибратты ғұмыр. Қызылды-жасыл дүниеге қызықпаған, аманат ретінде берілген уақытын тиімді пайдаланып, Алла Тағала жақсы көретін ғылым жолында еңбек еткен, ел басына қауіп төнгенде халқы үшін саясат ісіне араласып, оқ пен оттың ортасын көрген.
Алла Тағала Құран Кәрімінде: «Берген уәделеріңді және жасасқан келісімшарттарыңды орындаңдар. Өйткені уәде беру жауапкершілікті міндеттейді» дейді («Исра» сүресі, 34 аят). Дін ілімін жетік меңгерген, дүние ғылымын тауысқан, тоғыз тілде емін-еркін әрі жазып әрі сөйлей білген Әлихан – еліне шын пейілмен тілеулес болған аса ірі саяси қайраткер.
Атам қазақ айтыпты: «Айтылған сөз атылған оқпен тең». Рас, Әлихан Бөкейханның осы сөзі – бодандық езгісін тартқан, жөнсіз алым-салық төлеген, рухани мешеу, не ғылымы, не ілімі жоқ, жаһандық өркендеу мен даму көшінен қалыс қалған еліне азаттық жолын жақындатқан, бостандық таңын атырған қуатты әрі жауапты сөз еді.
Уәдесіне берік болған ердің өміріне қатысты тағы бір маңызды оқиғаны айту парыз. Бірінші жаһан соғысы басталып, Ресей империясы абдырап, ІІ Николай 19-43 жас аралығындағы ер азаматтар соғысқа алынсын деп атақты «Июнь» жарлығын шығарған кезде қазақ қоғамы дүрлігіп, оқымаған қараңғы ел соғысқа барып өлгенше, жарлыққа қарсы шығып өлеміз деп жер-жерде көтеріліс ұйымдастырып жатқан-ды. Жалаң қылыш, құр садақпен ғана күреске шыққан қазақтың аянышты хәліне жаны ашыған Әлекең «Қазақ» газеті арқылы қайта-қайта отты сөзін жеткізіп, «елді босқа дүрліктірмей, майдан даласына барайық, әскерді өзім бастап барайын, кепілдік беремін» деді.
Сөйтіп, Күнбатыс майданы, сонау Минск даласына қазақтың жасағы соғысқа аттанды. Әлихан Бөкейхан қасына серіктерін де ерткен. Олардың арасында оқыған дәрігер, сауатты мұғалім, дін білімін тауысқан қарилар да бар еді. Бұлар – арнайы жасақ. Оқымаған, шала сауатты қазақ әскеріне бас-көз болып, туыстарына хат жазып, «Қазақ» газетіне штабтан хабар беріп тұратын соғыс даласындағы өкілдер еді.
Күнбатыс майданына бара жатқан қазақтың бұрын-соңды өзінің туған жері мен ауыл-аймағынан алысқа ұзап шығып көрмеген жастарына (әскеріне) үнқағаз (листовка) тараттырды. «Көбің әлі жассыңдар. Біздің ақылымыз: мұндағы маржаларға [жезөкшелер – Ә.Б.] жолай көрмеңдер. Мұнан құтылудың бір шарасы – шаршағанша жұмыс қылу. Өздеріңді өздерің билей алмасаңдар, ауру жұқтырып, бірінші өздерің қор боласыңдар, екінші – елге, үйлеріңе алып қайтасыңдар. Білесіңдер, біздің елде доктор кем, ауруды жайып, елдің елдігін кетіресіңдер. Мұны ойлаңдар. Халқымыздың гүлі, үміті сендерсіңдер», – деп жанашырлықпен әр сарбазға жеке бас гигиенасы, тазалық пен салауатты өмір салты туралы айтқан. Міне, елшіл перзенттің сөзі! Әр жауынгер үшін өз басын кепілдікке қойып, дүйім жұртқа уәде беріп, майдан шебіне өзі бірінші болып барып еді. Соғыстан соң, өзі жетекшілік еткен әскердің тең жартысын аман-есен елге жеткізген болатын.
Әлихан – Алланың хикметін сезген, Құран сөзін білген және халқын шексіз сүйген сойы бөлек жігіт сырттаны. Ойымызды жинақтай келгенде айтарымыз – бүгінгінің я ертеңгінің жігіттері Әлихан Бөкейхан және оның үзеңгілес серіктері сияқты Алланың сөзін шын ұғынған, уәдесіне берік ерлердің сапынан болайық! Себебі Алла Тағала: «Уәделеріңе берік болыңдар, сонда мен де өз уәдемді орындаймын» («Бақара» сүресі, 40 аят) деген.
Елдос ТОҚТАРБАЙ