Төрегелді ШАРМАНОВ: Еңбегі халқының кәдесіне жараған адам – бақытты адам

Төрегелді ШАРМАНОВ: Еңбегі халқының кәдесіне жараған адам – бақытты адам

Төрегелді ШАРМАНОВ: Еңбегі халқының кәдесіне жараған адам – бақытты адам
ашық дереккөзі
Кейінгілерге алдағылардың өмірлік тәжірибесі мен өнегесі қашанда баға жетпес құндылық. Ал ұзақ жасап қа­на қоймай тұлғаға айналғандардың ұлты­на тигізер пайдасы мол. Солардың бірі – аты елімізге ғана емес, шетелдерге танымал гигиенист-нутрициолог ғалым, медицина ғылымдарының докторы, профессор, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Қазақ тағамтану академия­сы­ның президенті, Ресей Медицина ғылым академиясының және Қазақстан Ұлттық ғылым академиясының академигі, Мем­лекеттік сыйлықтың иегері Төрегелді Шар­манов. Ғылымдағы жетістіктері мен еліне сіңірген ерен еңбегі үшін жақында ғана Қазақстанның Еңбек Ері атағына ие болған ақсақалмен сұхбаттасудың сәті түсіп, халқына қадірлі абзал азаматтың өмір жолындағы кездескен қиындықтар мен жеткен жетістіктері жайында әңгі­мелескен едік. Өмірімнің біраз уақыты туған жерімде өтті – Қазақ елінің өзге аймақтары секілді, ме­нің кіндік қаным тамған Ұлытау өңірі де ұлт тарихында орны бар киелі мекен. Атымен ғана емес, тұлғасымен де әлем тарихына бел­гілі Шыңғыс ханның үлкен ұлы Жошы хан­ның кесенесі көне заманның тозбас ескерт­кі­шіндей көкірекке мақтаныш сезімін ұяла­тады. Сондай-ақ, Алаша хан, Домбауыл ба­тыр­лар кесенелері де бар, аты әйгілі тарихи тұл­ғалар – Едіге мен Тоқтамыс та, Асанқайғы да осында жерленген. Атағы мен айбары дү­ниені дүр сілкіндірген Әмір Темір де осында бол­ғаны туралы тасқа жазып қалдырған. Ұлы Даланың орталығындағы таудың Ұлытау атануының да өзіндік маңызы бар, мұнда ежелгі Ғұндардың Тәңірқұты – Оғыз қағанның жаз жайлауы болған деседі кө­не тарихта. Ал Ұлытаудың ең биік менің ар­ғы атамыздың құрметіне орай Жаңбыршы деп аталған. Мен осы маңайдағы Төреқонған де­ген жерде, Қарасу дейтін кішкен өзеннің жа­ғасында, атамыз Бейсембайдың атымен ата­латын ауылда 1930 жылдың 30 қазанында туып­пын. Әкемнің аты – Шарман, анамның аты – Нәзипа. Соңымнан ерген жалғыз қарындасым бар еді, жас кезімізде ойнап жүріп да­­­лада ұйықтап қалып, содан өкпесіне суық тиіп науқастанып, 1946 жылы мен он алтыға тол­ғанда жастай қайтыс болды. Әкем өз за­ма­нының көзі ашық адамдарының бірі бо­латын, арабша, латынша, кирилше хат та­ни­тын. Ауыл советінде, колхозда, тұтынушылар ода­ғында басшылық қызметтер атқарды. Қиын кезеңде Калинин колхозын басқарып, өзенге тоған салдырып, картоп ектіріп, ха­лық­ты ашаршылықтан аман алып қалуға көп еңбек сіңірген. Солай болса да, отызыншы жыл­дардағы репрессия тұсында мемлекеттің сай­лаудың ережесі жазылған газетке махорка орап темекі тартты деп, оған саяси астар бе­ріп, әкемді түн ішінде келіп қамауға алып кет­кені әлі есімде, әйтеуір, Құдай сақтап, аты­лып кетуден аман қалды. Соғыс кезінде ор­ган қызметкерлерінің жанына «соғыстан қаш­қандарды ұстау» жұмысына жегілді, бірақ бір адамды да ұстап бермеді. Кішкене кезімнен ата-анама қолғабыс жа­садым. Жалғыз бала болсам да олар­ға үй шаруасына көмектесетінмін, буы­ным қатып, іске жарай бастаған шағымда бір ша­қырым жерден иінағашпен су тасып, ше­шеме үй жинауға көмегімді тигіздім. Ойын ба­ла­сы кезімнен арбамен отын тасып, әкем­нің қолғанаты болдым. Әкем мені еркелетіп өсіре тұра, бетіммен жібермей, дұрыс тәрбие берді. Мектепті үздік бітірген соң менің Ал­ма­тыға оқуға барамын дегеніме қар­сы болмаған әкем, туыстары «жалғыз ба­­лаңды көзден таса қылма» дегеніне қара­мас­тан, менің талабымды қолдады. Білім алып, үлкен азамат болып елге пайдам тиге­нін қалады. «Жолыңнан қалма» деп батасын беріп алыс Алматыға, аттандырып салды. Әкелік мейірімі ерекше еді. Алматыда оқып жүргенімде қыстыгүні маған айтпай ұшақпен ұшып келіп, сонда Шалдыбаев Мағзұм деген на­ғашымның үйіне апарып қасымда үш күн бо­лып кеткені бар. Алматыда бір жыл оқыған соң Қара­ған­дыда медицина институты ашылып, ауылыма жа­қын деп, оқуымды соған ауыстырдым. Инс­­титутты қызыл дипломмен бітіріп, ас­пи­ран­турада оқып жүргенде өзіммен бірге оқы­ған Күлзиямен отбасын құрдым. Қызым Ал­ма туғанда ата-анам қасымда болып, Қара­ғандыда тұрдық. Асприантураны бітірген соң туған жерім Ұлытау аудандық ауруханасында өзім бас дәрігер, жұбайым Күлзия рентгонолог болып жұмыс істедік. Сол жерде үлкен ұлым Алмаз өмірге келді. Бұдан кейін ғылымға бет бұ­рып, диссертациялық жұмысымды жал­ғастыру үшін Қазақ ССР Өлкелік патология ғылыми-зерттеу институтына зертхана мең­герушісі болып жұмысқа тұрып, адамгершілігі биік ғалым Бахия Атшабаровтың жетек­ші­лі­гімен еңбек еттім. Қиыншылықтар болды, әке-шешем, екі балам бар, әйелім науқаста­нып, үйде бір өзім жұмыс істедім. Сонда әкем тұр­ған жерімізге жақын мақта-мата ком­би­натында күзетші болып жұмысқа тұрды. Сөй­тіп, 38 жасыма дейінгі еңбек жолым мені ал­дағы үлкен асулардан шаршамай, шал­дықпай өтуге дайындап, шыңдады. Үлкен іске үлкен тәуекел керектігін түсіндім Өмір болған соң бәрі болады. Жетіс­тік­ке де жетесің, кедергіге де тап бо­ла­сың. Бірақ соған мойымай алға ұмтылу­дан танбаған адам ғана мақсатына жетеді. Оны өз өмірімнен көріп-білген адаммын. 1968 жылы Ақтөбе медициналық инс­титутына ректор болып тағайындалдым. Бұл қызметті үш жылдай атқарған соң, 1971 жы­лы Қазақ ССР Денсаулық сақтау министрі бо­лып, ол қызметті он бір жылдан аса уақыт бойы атқардым. Бұл менің алған білімімді ел игі­лігіне жұмсаған, жастықтың жалынды ке­зеңінде халқыма шын ниетіммен, адал көңі­ліммен қызмет етіп, бойдағы бар күш-жігерімді еліме арнаған өмірімнің ең бір шуақты кезеңі деп санаймын. Басшылық қызметте ешкімге жама­натты көрінбей, тыныш қана жұмы­сың­ды атқарып жүре беруге болады. Өзіңнен жоғарыдағылардың тынышын алмай, солардың айтқанымен жүріп-тұрып та жағдайыңды жасап, кеудеңе орден-медаль тағып абыройлы болып та көріну де аса қиын шаруа емес. Бірақ көкірегінде халқымның мерейін көтерсем, елімді танытсам деген арманы бар адамға тыныш жүру қиын. Кеңестік кезде бәрін Мәскеудегі орта­лық үкімет шешіп отырғаны белгілі. Ал ол жақта қай жерде нені өткізу керек еке­­нін өздері біледі, ұлттық республика­лар­дың басшыларымен ойласып та жатпайды. Сондай өктемдіктің кесірінен талай рет өзі­мізге тиесілі сыбағамыздан қағылған кездері­міз де аз болмады. Бірақ арқаңда қабырғалы елің тұрғанда халқыңның абыройы үшін неге болса да тәуекел етуге болады. 1976 жылы Швейцарияның Женева қала­сын­да Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы (ДДСҰ) өзінің жылжымалы медициналық жедел жәрдем мәселесіне арналған кезекті кон­ференциясын КСРО-да өткізу туралы ше­шім қабылдады. Жасыратыны жоқ, бұл кезд­е капиталистік елдер мен социалистік ба­ғыттағы мемлекеттер арасындағы қыр­ғи­қа­бақ соғыстың күшейіп тұрған шағы еді. Сон­дықтан он бес ұлттық республикадан құрал­ған Кеңестер Одағы өздерін ел ішіндегі сая­сатта әділ қылып көрсеткісі келген болар, кон­ференцияны Ресей, Украина не Беларусь сияқты елдің еуропалық бөлігінде емес, азиялық жағында өткізгісі келген. Сөйтіп, КСРО Денсаулық сақтау министрі Б.Пет­ровс­кий жоғарғы жаққа халықаралық ауқым­ды конференцияны Өзбекстанның аста­насы Ташкент қаласында өткізу туралы ұсы­нысын өткізеді. Біз бұған үнсіз мойын­сұнып отыр­ғымыз келмеді. Қазақстанның Денсаулық ми­нистрі ретінде мен де оның өз елім­де өт­ке­нін қаладым да, Қазақ ССР-інің сол кездегі бас­шысы Дінмұхамед Қонаевқа ба­рып, халықаралық конференцияны Алма­ты­да өткізсек деген ұсынысымды айттым. Ол кісі сол кезде біздің елдің ғана басшысы емес, СОКП Орталық комитетінің Саяси бюро­сы­ның мүшесі. Қонаев Саяси Бюроның мүшесі ретінде бұл мәселеде Қазақстанды ашық қол­дай алмайтынын, мұндай аса маңызды жағ­дайда барлығына тең көзқараста болуға тиіс екенін айтты. Былайша айтқанда, кон­­фе­ренцияны Алматыда өткізуге қолдау табу өзіме байланысты екенін ұқтырды. Ал мен Ди­ме­кеңе конференцияны өткізу орнын бел­гілеген кезде оған үміткер ретінде Алма­тының алынып тасталмауы керек екенін, со­ған ғана ықпал етуін сұрап, қалғанын өз мой­ныма аламын дедім. Сөйтіп, орталыққа Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының жыл­жымалы медициналық жедел жәрдем мә­селесіне арналған кезекті конференциясын Ал­матыда өткізуге болатынын, оған біздің рес­публикамыздың әлеуеті жететінін дә­лел­деп, мақсатымызды іске асырдық. Хал­қы­мыздың өзіндік ерекшелігі бар ұлт екенін, та­биғатының тамаша, ғылым-білімі өркен­де­ген ел екенін көрсетіп, медицина саласын­да­ғы кадрларының біліктілігін танытуға жол аш­тық. Әрине, мұның маңызы зор, ол кезде, қа­ласақ, ондай шараны өткізуді мойынға ала­тын қазіргідей тәуелсіз ел емеспіз ғой. КСРО кезінде үлкен жиынды елімізде өткізу де­ген әлемнің түкпір-түкпірінен келетін адам­дарға Қазақстанды танытумен барабар іс еді. Әрине, халықаралық жиынды өткізуге рұқсат алу бір басқа да, соған лайық­ты дайындалып, оны жоғары дәрежеде атқа­рып шығуға талпыну – бөлек дүние. Сон­дықтан біз оның жауапкершілігін терең сезіндік, хал­қымыздың, еліміздің абыройын ойладық. Істелуге тиіс нәрсенің бәрін есептеп, тыңғы­лық­ты дайындалдық. «Театр киім ілгіштен басталады» деген сөз бар ғой, мәдениетті, дамыған елдер тазалыққа қатты мән береді, медицина саласында екі­бастан солай. Біз де оны естен шығармадық. Ең алдымен тәртіп мәселесін нықтап алу ке­рек болды. Мен бүкіл еліміздегі медицина ме­кемелерінің басшыларын шақырып алып тап­сырма бердім. Конференцияға келетін қонақтарға қызмет етуге бір секунд та ке­шікпеу керек екенін, барлық жерде таза­лық­тың қатаң сақталуы керек екенін ескерттім. Сөйтіп, дайындық жұмыстары қарқынды жүре бастады. Оны жеке өзім тексеріп отыр­дым. Дайындық барысында қонақтарды қа­был­дайтын, шай беретін жерлерге көп мән беріліп, оларға ең алдымен әжетхана, жуы­нып-шайынатын жерлердің кір-қоңнан, иіс-қоңыстан ада болуын қатаң тапсырдым. Сырт­тан келген қонақтың әжетханаға қарап таза­лығына баға беретінін түсіндірдім. Сонда жұрттың «Шармановтың министр болған­да­ғы қауқары әжетхана тазалығына жеткені ме?» дегендей сөз айтып, күлгені бар. Мен олар­ға мұның кісі күлетін нәрсе емес екенін, сырт­тан келген адам сенің әдемі киіміңе, та­мақ беретін ыдысыңның жалтырап тұ­р­ға­ны­на емес, дәл сол әжетханаңның таза­лы­ғына мән беретінін, өйткені түрлі мик­роб­тар­дың содан тарайтынын, ал шетелден ке­ле­тіндер басқа емес, медицина мамандары еке­нін ұқтырдым. Айтқанымдай, орталықтан кел­ген өкілдер Алматыға келіп, конференция өту­ге тиіс Республика сарайына барып, ең ал­дымен әжетхана тазалығын тексергенде барып жұрттың менің айтқанымның мәніне кө­зі жетті. Санитарлық-гигиеналық тазалық­қа өзге елден келгендердің қалай қарайтынын өз көздерімен көрді. Мұның бәрі бір қара­ған­да майда-шүйде әңгіме сияқты ғой, ал шы­нында адам өмірінде тазалықтың рөлі зор екенін естен шығармауымыз керек. Сөйтіп, Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы мен ЮНИСЕФ-тiң қолдауымен Алматы қаласында алғашқы дәрiгерлiк кө­мектi жетiлдiруге арналған халықаралық кон­ференция қазақ елінің бас қаласында та­бысты өтті. Оған әлемнің танымал ғалым­дары келді. Арасында аты әлемге белгілі АҚШ-тың 35-президенті президенті Джон Кен­недидің туған бауыры, сенатор Эдуард Кен­неди де болды. Конференция құжаттарын ДДСҰ-мен біріге отырып дайындадық. Соның нә­ти­жесiнде елімізді танытқан атақты «Ал­ма­ты Декларациясы» дүниеге келдi. Бұл бойын­ша Біріккен Ұлттар Ұйымы сол жылы ар­найы қарар қабылдап, онда сөйлеген ДДСҰ-ның сол кездегі президенті Хальфдан Тео­дор Малер «Алматы декларациясы – ден­сау­лық сақтау ісінің ХХ ғасырдағы ұлы хар­тиясы» деп жоғары баға берді. Солайша, еліміздің атын шығарар үл­кен іске үлкен тәуекелмен барып, оны абыроймен атқардық. Тағдыр жолы тақтайдай тегіс емес Алматы конференциясын өткізуіміз оңайға соқпады. Делегаттарды күтуге артық шы­ғын жұмсалды дегендер болды. Мәселен, конференцияны өткізер алдында орталықтан келген өкілдерді күтіп алғанда «оларға берген гүлі­мізге дейін артық шығын шығардыңдар» деп кінәлағандар болды. Ал оларды меди­ци­на­лық мекемелердің өзі ұйымдастырған бо­латын. Тіпті, Дінмұхаммед Қонаевтың өзі ор­­талықтың адамдарын «неге менімен ойлас­пай шақырасың» деп ренжіді. Шынында, олар­дың өзі дайындығымызды тексеруге кел­­ген еді. Ал конференция өткен соң мені мем­­лекеттің қаражатын артық шығын шы­ғарды, қаржыны есепсіз шашты деп жұ­мы­сымнан алып тастады. Сөйтіп, кешегі ми­нистр бүгін жұмыссыз адамға айналды. Бір сөз­­бен айтқанда қудалауға түстім. КСРО-да Ал­маты конференциясының жетістігі лайық­ты бағасын алмады. Ол ол ма, денсаулық сақтау­дағы бірқатар реформалардың баста­ма­шысы, КСРО Денсаулық сақтау министрі және Алматы конференциясының төрағасы, академик Борис Петровский конферен­ция­дан соң көп ұзамай отставкаға кетті... Шүкір, менің жанашыр достарым жоқ емес, соның бірі – қазақтың аса көр­нек­ті жазушысы Әбдіжәміл Нұрпейісов ма­ған қауіп төніп тұрғанын ескертіп, Қа­зақ­станнан кетуіме кеңес берді. Кейін менің жұ­мыссыз отырғанымды естіген өзге рес­пуб­ликадағы медицина саласының басшылары хабарласа бастады, өзбек, қырғыздар өз­деріне шақырды, өз салама байланысты жұмыс беретінін айтты. Сосын Димаш Ах­метұлына барып, Мәскеуге кеткім келе­тінін айттым, ол кісі: «Төре келді, төре кетті дейміз ғой сонда», – деді даусын созып сөйлеп. Ол кісіге «маған қарсы жасалып жатқан әре­кет­терді тоқтатуға шара қолданылса, елімнен без­бейтінімді, мұның шарасыздық екенін» жет­кіздім. Сөйтіп жүргенде, маған КСРО Ден­саулық сақтау министрінен Мәскеудегі дәрі­герлер білімін жетілдіру институтының рек­торы болуға келіңіз деген ұсыныс түсті. Бір ай конкурс болады, сосын нәтиже шық­қан соң бір айт күту керек деді. Мен Мәскеуге бар­дым, бір айдан соң шыдай алмай ол жерден кететін болдым. Кремльдің жанында әскери медициналық мекемедегі достар бар еді, солар шақырып «бізге келіңіз, сізге пәтер бергіземіз, жалақы береміз. Белоктардың бейімділігінің әсерін ашу бағытында жұмыс іс­тейсіз», – деді. Мен: «бұл – іргелі ғылым, ме­нің салам басқа», – деп келіспедім. Деген­мен олар: «жұмысқа орналасқаныңызша біз сізге ставка беріп қоямыз, келмесеңіз де өзіңіз білесіз. Біз сізді сыйлаймыз», – деді жа­на­шырлық білдіріп. Оларға кезінде менің де көмегім тиген, соның жақсылығын қай­тарып отыр. Мен 1982 жылдан Ресей Меди­ци­на академиясының мүшесімін ғой, сон­дық­тан олар өздерінің бір ғалымын қол­дауым­ды өтінді. Мен, әрине, лайықты кісіге қол­дау білдірдім. Солайша, менің ғалым ретіндегі бе­делімді Мәскеудің ғылыми ортасы қор­ғап қалды. Қиын күнде қолдау білдіріп, өз елімде жұмыссыз қалған кезімде жұмыс беріп, мені қудалаудан құтқарды. Мәскеуде бол­ған кезімде академик ретінде әлемнің көп­теген елінде болдым, мәртебелі ғы­лыми жиындарға қатыстым. «Іздеушісі жоқ ел жетім» дейді ғой халық, мен Мәскеуге жүргенде Қазақстанның түрлі об­лыстарынан медицина саласының қызмет­керлері мені іздеп келіп, өздерінің риза­шы­лық­тарын білдіріп жатты. «Сіздің осындай жағ­дайда жүргенде хал-жағдайыңызды біліп, қол­дауымызды білдіруді өзімізге парыз деп са­най­мыз», – деді олар. Бұл да болса өзіңнің адами құныңды, еліңе керек екеніңді таны­татын нәрсе ғой, мен ол азаматтарға алғыс білдіремін. Тағдырдың жолы үнемі тақтайдай тегіс болып келе бермейді ғой, өмірдің бұра­лаңы көп, тек содан сүрінбей аман өтіп кетуге білімің мен жігерің ғана көмектеседі, тек әділет теріс қарамаса болғаны. Ел үшін еткен еңбек текке кетпейді Мәскеуде мен төрт жыл тұрдым, кейін мені Қазақстан Компартиясының ор­талық комитеті елге шақырды. Бірақ мәс­кеулік достарым маған сол кезде елге оралу­дың қажеті жоқ екенін айтты. Олар Дін­мұхам­мед Қонаевтың биліктен кететінінен ха­бардар екен. «Ертең оның орнына келген кісі сізді Қонаевтың адамы деп қудалап, қай­тадан жағдайыңыз қиындап қалуы мүмкін», – деді. Кейін Қазақстан билігіне Назарбаев келген соң қайтадан шақырды. Сөйтіп, елге келдім. Ол кісі де мені соншалық жақсы көргеннен шақыра қоймаған шығар, тек ол Қонаевтың ке­зінде қудаланған адамдарды қолдаған бо­латын... Елге қайтып келген соң қайтадан та­ғам­тану мәселелерімен айналыса бас­тадым. Қазақ тағамтану академиясы Орталық Азия аймағындағы тамақтанудың медициналық-биологиялық мәселелерінің іргелі және тәжірибе жүзінде қолданылатын ғылыми-зерттеулерін жүзеге асыратын ғы­лыми орталық қой. Ол алғашында КСРО Ме­дицина ғылым академиясы Тағамтану институтының Қазақ бөлімшесі болып 1973 жылы Алматы қаласында ашылған болатын. Қонаевтың мені ұнатпауы сол кезден бас­талды негізі. Маған «көп қаражатты бекер ысы­рап қылып жатырсың» деп жақтырмай сөйлеген. Сонда мен ол кісіге: «Денсаулықты сақ­тау дегеніміз – тамақтың зиянынан адам­ды арашалап қалу. Мен қымыздың ден­саулыққа пайдасын зерттеп жатырмын. Оны пайдасы көп, тек соны ғылыми жолмен дә­лелдеу керек», – дедім. Ол кісі менің айтқа­ны­ма ашуланып, «Нан мен май. Ет пен сүт бол­са, тағамтану ғылымы деген сол» деген еді. Мен де сөзімнен қайта қоймай, «Көп адам еттің бәрі бір деп ойлайды. Ал қазақ сол еттің қорытылуы жайында «Қойдың еті – ертеңгі күн батқанша, сиыр еті – таң сарғайып ат­қан­ша, жылқы еті – төсек салып жатқанша» деген. Бұл менің тапқаным емес, ата-бабадан қал­ған сөз, менікі тек соны ғылыми жолмен дәлелдеу ғана», – дедім. Сол кезде көптеген адам «жылқы еті пайдалы дейсің, ол қымбат, оған кез кел­геннің қолы жете бермейді» деп менің ғылыми-зерттеулерімді ұнатпайтын. Сонда мен «неге пайдалы нәрсе арзан болуы керек? Оның пайдасы ең алдымен мал өсіру­мен айналысатын ауылдағы қазаққа тимей ме? Неге мал бағатындар өсірген ма­лының игілігін көрмеуі керек», – дедім. Әрине, нан мен май да, сүт пен жұ­мырт­қа да адамға қажет. Бірақ ол аш өзекті ғана жалғайтын өлмес тамақ қой, аз қа­зақты көбейтудің жолы дұрыс тамақтануды жол­ға қойып, олардың өмірін ұзарту емес пе? Со­ны мемлекеттік деңгейде ойлап, жүзеге асыр­масақ, біздің ғылымымыздың жұртқа не пай­дасы бар? Осыны әлі күнге түсінбейтін, тү­сінгісі келмейтін адамдар көп екені өкініш­ті. Бірақ шүкір, халқымыз бүгінде дұрыс та­мақтанудың не екенін түсініп келеді. Бұл біз­дің еңбегіміздің ақталғаны деп білемін. Ғылым жолында төккен теріміз текке кет­кен жоқ, мемлекет те еңбегімізді ба­ға­лап жатыр. Әлі күнге дейін әлемде маңы­зын жоймаған Алматы конференциясын өт­кізген еңбегім бағаланып, маған 2005 жы­лы Дүниежүзі денсаулық сақтау ассам­блея­сы­ның Леон Бернард атындағы сыйлығы берілді. Бұл сыйлықпен қазірге дейін әлем бойын­ша 42 адам ғана марапатталғанын айтсам, салмағын түсінерсің. Ал биыл Қа­зақ­стан президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жарлығымен «Қазақстанның Еңбек Ері» атағының иесі болдым, омырауыма «Алтын жұлдыз» белгісі мен «Отан» ордені тағылды. Мұның бәрі менің ғылымдағы ісімнің әлемде де, елімде бағаланғаны деп білемін. Мен бірақ денсаулық сақтау саласындағы жұмысымды атақ-марапат үшін емес, халқыма титтей де болса пайдам тисін деген мақсатпен істеген адаммын. Сол үшін мақтау-марапатқа бас қатырмай, құдайдың берген қабілетін еліңнің игілігіне жарата білсең, адал, пайдалы еңбек өз бағасын алмай тұрмайды ойлаймын. Ғылыми-зерттеуден басқа эссе жа­за­мын. Ғылыми бағытта 300-ден аса ең­бек жазып, 15 монографиямды шығардым. Тағы отыз шақты өнертапқыштық ұсыныс жа­сап, олар ғылыми айналымға енді. Со­ның арқасында «Денсаулыққа жалпы құқық және оны әре елде жүзеге асыру», «Сақтандыру медицинасы: ізгілігі мен қатері», «Медицина ғы­лымын не күтіп тұр», «Денсаулық құқы­ғы­на ұзақ өрлеу», «Замандастарымның бейне­сі­не шолу», «Қас қағым» секілді кітаптарым ба­сылып шығып, оқырмандардың қолына тиді. Өмірдің барлық кезеңінде халқың үшін еңбек ету керек, ол адамдық па­рыз. Сондықтан ғылым жолында төккен те­рім халқымның кәдесіне жараса, мен үшін одан асқан бақыт жоқ деймін.

Әңгімені жазып алған Ахмет ӨМІРЗАҚ