Ғылымсыз жорамал жарға жығады

Ғылымсыз жорамал жарға жығады

Ғылымсыз жорамал жарға жығады
ашық дереккөзі
Ақиқат пен жалған пайым арасындағы тінді түстеп тану үшін дәлел керек. Онсыз қай нәрсе де басы ашық жорамал күйде қала бермек. Қисынға келетін тұжырым жетерлік болғанмен, «Ғылыми ойлау сатысы болып табылатын гипотеза мен болжамға қарағанда қарапайым ойлау сатысына көбірек жақын тұратын жорамалда жалқылықтан гөрі, жалпылық басым». Олай болса, сол жалпылық шегінен де шығып, ұлттың тұнығын лайлап, ілкі түсініктерді талқандай бастаған, дәстүрге орынсыз жасалған бір жорамалдың жайын қарастырып көрейік. Кейінгі кезде дін мен дәстүр арасында түсініксіз үдеріс жүріп жатқаны бай­қа­лады. Әуелде діни көзқарастан туындап, бық­сып, басылмай келе жатқан «хиджап пен ора­мал» жайының өзі неге тұрады?! Әрине, оның түп төркінінде жат пиғыл жатқаны жа­с­ырын емес. Кеңес Одағы тұсында «Дін – апиын!» деген ұран болушы еді. Мөлшерден асырып жіберсе дін түгіл дәстүрдің де оп-оңай «апиынға» айналып шыға келуі қас қа­ғым сәт. Жалпы, еліміздегі 3658 діни бір­лес­тік, 3464 ғибадатхана арқылы үнемі әрі үде­мелі жүргізіліп келе жатқан уағыздың ық­пал-әсері зерделеніп отыр ма? Ат төбеліндей қазақ үшін бұл тым аз ба, әлде шамадан тыс көп пе? Ұрпақ сенімін, ұлт танымын заңды түрде құрақ көрпенің бе­тіндей етіп осыншама қиқалап тастау деген сұм­дық емес пе? Неге үнемі дін мен дәстүрді қар­сы қойып, гүж-гүждеп, араздық отын тұта­тып отыруға құмар топтың пиғылын кеу-кеулеген дүдәмал деректерді талқыға тү­сіріп, дәстүрді бұрмалауға тырысатындар көбейіп кеткен? Айналып келгенде, осының бәрі ғылыми ойлау жүйесіндегі кемшіндік, дүниетанымдағы ақаулық атаулы құбылып, үдей бастағанының белгісі емес пе? Маман жоқ жерде амал көп Бұл өзі әбден таптаурын болған та­қы­рып сияқты көрінгенмен, үңілген сайын бауырына бүккен сыры мүлдем басқа қырынан ашыла түсетін тым нәзік сала. Бел­гілі ағартушы Ы.Алтынсарин, фольклорист А.Диваев материалдары арасынан, талай жауһар­ды бұла бастаудан жазып алған А.Лев­шин, В.Радлов, Г.Потанин еңбектерінен, сон­дай-ақ С.Броневский, Н.Гродеков, Р.Карутц зерттеулерінен этнографияға қа­тысты іздегеніңді толық табуға болады. Оны қиынсынғандар үшін отандық ғалымдар жиып-терген «Күйеу келтір, қыз ұзат» (1992), «Казахские национальные обычай и тра­ди­ции» (2002), «Қазақ халқының дәстүрлері мен әдет-ғұрыптары» (2005), «Казахская тра­­­­диционная культура в собраниях кунсткамеры» (2008), «Қазақтың этног­ра­фия­лық категориялар, ұғымдар мен атау­лары­ның дәстүрлі жүйесі» (2011) жинақ­тарының өзі неге тұрады? Бірақ ай астынан жаңалық іздейтіндердің ғылыммен шаруасы шамалы ғой. Тіпті болмаса, «дайын асқа тік қасық» әдетпен Н.Қазыбековтың «Дала өр­нектері» (1994), Қ.Тәкежанұлының «Қа­зақ­тың ежелгі әдет-ғұрыптары» (2005), Е.Ос­панұлының «Қазақ халқының салт-дәс­түрлері» (2009) сияқты бірнеше кітапты оқып алып, этнография жайын сосын сөз ет­се де жолынан жаңылмас еді-ау. Кейінгі кез­де «Келін қандай жағдайда сәлем сал­май­ды?» деген тақырыппен мәселе көтеріп, елді дүрліктіріп жүргендер қатарынан ғылыммен жүзтаныс ешкімді көрмейсің. Әрине, өзі шатасса бір жөн, өзгені көзін алған көбелек кейіп­ке түсіру жақсы емес. Жалпы, қай сала­да болсын, ғылымсыз өсу жоқ. Аталған ғы­лыми-көпшілік еңбектер қатарында эт­нограф С.Кенжеахметұлы жүйелеген «Қазақ хал­қының салт-дәстүрлері» (350 нұсқа) жи­нағы мен фольклортанушы А.Сейдім­бектің «Қазақтың ауызша тарихы» зерттеуін өз алдына ерекше атаған жөн. Осы қос кітап­тың бетін ашқан кім-кім де керегін сол жер­ден таба кетер еді-ау. Қарсы алдыңда отырып, көзіңді ба­қырайтып сөйлетіп қойып, білгеніңді дым қалдырмай сауып алып, соның бәрін өз сө­зіндей етіп бере салу – өкінішке қарай, қа­­­­зіргі журна­лис­тиканың қасіретіне ай­на­лып болды. Мәлімет кө­зін аталмыш жи­нақ­тардан алып, өз сөзіндей етіп жымын біл­дірмей жіберетін авторларды айтпағанда, өңі өз­геріп, кейде бәз қалпында жа­рияланып жүр­ген дәстүрге қатысты мәтін­нен мың сан мысал келтіруге болар еді. Бірақ бұл жерде оған жер тар. Иә, ой еңбегін то­наушы пла­гиат­тар өркені өскен елде заң­мен жазаға тар­тылатынын түсінбейінше, біреу­дің ха­қын жеу бүгін-ертең тоқтай қала­ды деу қиын ғой. Мұнан да қиыны – дәстүрге қатысты жеке таным-түсінік пен ғылыми пайым­нан тыс көзқарасын көптің талқы­сына тастай салу. Тәрбие, тәлім трендін на­си­хаттап жүрген Зейнеп Ахметованың осын­дай бір пікірін бұл күнде әркім өзінше трак­товка жасап, мақсатына сай пайдалана бере­тін қолжаулыққа айналдырып отыр. «Қай уақытта қазақ келінге сәлем салдыр­ма­ған?» («Kaz.nur.kz» 23. 10. 2015) деген мақала авторы Адина Жусупова «Қандай жағдайда келін сәлем салмайды?» деген сауалына «Ба­балар аманаты» кітабынан алғанын ай­тып, «Күйеуі қайтыс болған жағдайда сәлем салу­дан үлкендер жағы келінді біржола босат­қан» деген пікір келтіреді. Ал З. Ахметованың сөзі сәл басқашалау еді: «...қосағынан айры­лып, жесір қалған қамкөңіл әйелдердің сә­лем салмауына қариялар өздері жол беріпті» (З.Ахметова. Бабалар аманаты: Естелік-эссе. Алматы, 2012. 179-б.). Десе де, «қариялар өздері жол беріпті» деген дүдәмал тұжырымды куәлан­дыра­тын дерек жоқ. Ол болмаған жердің бәрі болжам екенін ашып айтқан жөн. Әри­не, мұны жеке авторлық пайым ретінде қа­былдаған дұрыс еді. Одан әрі «Отағасынан ай­рылып, еңсесі түскен жабырқаулы жанды жұбату, әрі «ағайыннан алыстамасын» деген ...халқымыздың тектілігінен шыққан ғұрпы екен» дейді қадірменді апамыз. Амал жоқ, қай­талап айтуға тура келеді. Бұл – ұлттық дәс­түр де, ғұрып та емес, З.Ахметованың дәс­түрге деген жеке көзқарасы ғана. Осы жора­малдағы «Ағайыннан алыстамасын» деген лирикалық шегіністің өзі-ақ көп нәр­сені түсіндіре түсетін, дәстүрге қатысы жоқ, қан­ша қайнаса сорпасы қосылмайтын анах­ронизм. Автордың кітабына сілтеме жасай оты­рып, мәтінді басқа мәлімет көзінен алып, ор­наластыра салғаны журналистің әрекеті тіп­ті таңғалдырады. Ғылымилық принцип­тен ада жердің жағдаяты осыдан артық деп айту қиын, әрине. Демек, бұл күнде қоғамдық ре­зонанс тудырып тұрған «Келін қандай жағ­дайда сәлем салмауы мүмкін?» деген мә­се­ле осыдан 10 жыл бұрын З.Ахметова апа­мыздың жора­малынан кейін күн тәртібіне көтерілгені бай­қалады. Содан бері тал­қы­лаудан түспепті. Әр­кім өңін өзгертіп, мәтінге жиендік жасап, жабыла жариялай бастаған. Тіпті, «Бұл да болса, хал­қымыздың тек­ті­лігі­нен шыққан ғұрпы екен» деген әсіре сөзге еш­кім мән беріп қарамаған. Сонда қалай, дәстүр ұғымына то­лайым кереғар әрекет тектілікті білдіретін бол­ғаны ма? Осыдан бір жыл бұрын әуелгі пікірінің өңін өзгертіп, «Келін сәлемінің сыры» мақаласының «Қандай жағдайда ке­лін сәлем салмайды?» («Bilim-all.kz», 06.11. 2021) бөлімінде З.Ахметова ойын былайша же­тіктіріп, қайта жариялады: «Күйеуі қайтыс бол­ған жағдайда сәлем салудан үлкендер ж­ағы келінді біржола босатқан. «Ендігі жерде ба­сың иілмесін! Жүзің төмен түспесін! Қы­зы­мыздай бол!» деген үлкендер тарапынан көр­сетілер үлкендік деп түсінген жөн... Әрі отағасынан айырылған жабырқаулы жанды жұбатудың, арақатынастарының алшақтап кетпеуінің белгісі ретінде іш тартудың әрі ағайын-туыстан алыстап кетпеудің өзіндік үлгісі деп қабылдау керек мұны». Әуелгі бол­жам, бұл жолы нақтылық сипатқа көшкен. Міне, қоғамды қоздырған шытырман мәселенің бар тетігі осы жерден, атал­мыш пікірден кейін қайта бұрқ ете түсті. Мұның дәстүрге жат, ұлттық таныммен қа­быс­пайтын құр жорамал екені трактовкадағы авторлық түсіндірмеден де анық аңғарылады. Ал осы тақырыпты жұрт біткен жабыла «жыр­лап» кетуде не мән бар, астарында қан­дай тылсым сыр жатыр? Неге екені белгісіз, жалпақ жұртты осы төңіректегі көп сауал ерекше толғандыратынын байқадық. Жұрт аңсарын аудырған жағдай Жақында Қаншагүл есімді желі қол­дану­шы өз парақшасында «Қазақ әйе­лі сәлемді күйеуінің амандығы үшін са­латынын білуі керек. Ал күйеуі қайтыс бол­ған әйел иіліп сәлем салмайды. Иә, солай» деген жазба қалдырып, талқыға түсіп бара жат­­қан соң пікірін өшіріп тастады. Арандап қа­ла жаздағанын тез түсіне қойса керек. Дәс­түрге қатысты бұлайша қате жорамал жа­сауға болмайды, әрине. Ендігі әңгіме жал­ғыз Қаншагүлге емес, қазақта қанша гүл бол­са, сонша Гүлге арналады. Сонау бір жылдары «Келіннің сәлем салуы харам ба?» деген тақырыппен қо­­­ғамдық мәселе көтерілгенде менің Бал­ғын­бек інім «...намазда рукуғке, яғни Алла­ның алдында бел бүгіп еңкеюге ұқсап кетсе, он­да харам деп ойлаймын» деп жауап беріп­ті. Кезінде «Adyrna.kz» солай деп жазды. Жал­пы, осы сыртқы ұқсастық қоғамда әлі күнге дейін жиі талқыға түсіп келе жатқан мә­селенің бірі. Оған жауап іздеп арамтер болу­дың өзі аса бір сауаттылықтың белгісі емес. Иә, несін айтасыз, Қазақстан әлемге есігін ай­қара ашып тастағаннан кейін мұның кө­кесіндей жорамалдарды естіп келе жат­қаны­мыз жасырын емес қой. «Сәлем салу салты ғой бұрынғының» («Қа­залы», 19.11.2019) деген мақаласын Ұл­бол­сын Талапбаева «этнографтың айтуынша» деген сілтейсалды сөзбен сыдыртып өте шы­ғыпты. Тақырыпшалар да ортақ: «Келін қан­дай жағдайда сәлем салмайды?». Құдай-ау, осылар мәселе көтеру үшін біреуден ар­найы тапсырма алғаннан сау ма? Сөйтіп, «Мұн­дай жағдайда келінді әулеттің үлкендері сә­лем салу салтынан біржолата босатқан» де­ген жойқын жорамал жасайды. Алдымен, сә­лем – салт емес, дәстүр екенімен де шаруа­сы шамалы. Оның іргесіндегі шоқпарбас сауал­дар да басы ашық күйде қала береді. Содан соң өз атынан З.Ахметованың сөзін қай­талап, ойын «...Мұның барлығы қазақтың тә­лім-тәрбиесі мен үлкенге деген сый-құр­меттің көрнекі үлгісі» деп үстей түседі. Пах, шір­кін, сөз болғаныңа. Жалпы, осындай ойдан, қырдан құрап алған қисынсыз жорамал­дар­ға қалай илануға болады? Мұнан арғысы тіпті сорақы: «Мәселен, ата салты бойынша жүк­ті әйелге иіліп сәлем салмауына рұқсат бер­ген». Сонда, мына қарындастың айтып отыр­ғаны жұрт білмейтін қай ата салты? Ері өл­гені былай тұрсын, сонда жүкті қатын да сәлем салмайтын болғаны ма? Бұл не деген әсіре де­мократия? Жалпы, мына трафарет мә­­тін­нің өңін өзгертіп, пиғылына сай пай­далан­атын жалғыз бұл емес. Тек тақырып­ша­ға ғана назар аударып көріңіз: «Сәлем салу Алла­ға серік қосуға жата ма?». Бірінен екін­шісі көшіріп алып, ыңғайына қарай қондыра сал­ған. Осы газет бетіндегі Ақерке Еділдің «Қа­зақтың келіні екі жағдайда сәлем сал­май­ды» («Қазалы», 13.08.2019) деген көріп­кел­дік­пен жасаған жорамалының сиқы мынау: «...отағасынан айрылған жесір әйел сәлем сал­майды. Сонымен қатар, қайтыс болған үй­де келіндер сәлем салмайды. Енесі, абы­сын­дары, жезделері келінмен рулас болса сә­лем салмайды». Міне, ХХI ғасыр табал­дыры­­ғында тұрған қазалылық журналис­тердің «ашқан жаңағы». «Сәлем салу. Дәстүр әр өңірде қалай сақ­талған?» («Tengrinews.kz», 05.09.2018) та­қыры­бы аясында тарихшы Жамбыл Ар­тық­баевпен сұхбат құрған тілші де сауалға дейін­гі кіріспе сөзін «Ата-бабаларымыз ...күйеуі қайтыс болған келіншекті біржола сәлем салудан босатқан екен» деп бастапты. Әй­теуір, қай өтіріктің де куәсі, сол баяғы, қор бол­ған ата-баба. Этнограф бұл дәстүрдің ауқы­мы түркі ғана емес, еуропа жұртын қам­ти­тынын, біздің заманымызға дейінгі 2–3 мыңжылдықтан бастау алатынын, «Ұлыб­ритания, Англия корольдік отба­сы­ларында келіндер әлі күнге дейін сәлем са­ла­тынын» айта келе, «тәжім жасау» (тәжім ету. – авт.) деген сәлемнің ер адамдар арасын­дағы ерекше түріне тоқталыпты. Дәстүрден ада кейінгі жеңгетайлар «Күйеу де сәлем салады» деп жүргені осының әуселесі болса ке­рек. Басқа ештеңе де емес. Күйеу сәлем сал­майды, басын сәл иіп тәжім етеді! «Әр өңірдің сәлемі әр басқа» («Оңтүстік Рабат», 26.09.2018) екенін айтып, аймақтық ерек­шелікке тоқталуға талпынған Айя Мү­тәлі «Сәлем салудан кімдер босатылады?» де­ген тұста Гүлжан Назарбекова есімді мұға­ли­м­аның сөзін уәж етіп, «Ардагер әжеміздің айтуынша, күйеуі бақилық болған келіндерді сәлем салу салтынан босатқан» дей салыпты. Ал әлгі әжесінің сәлем – салт емес, дәстүр еке­німен де шаруасы жоқ сияқты. А.Мүтәлі де қазалылық Ұ.Талапбаева сияқты З.Ах­метова трактовкасын қайталайды. Өздері кім­нен көшіріп отырғанымен шаруасы ша­малы, «Мақаланы көшіріп басқанда гипер­сілтеме көрсету міндетті» деп авторлық құ­қыққа қатысты заң тармақтарын көлденең тартуды ұмытпайды. Ал бұл дәстүрді шариғатпен шектегісі ке­летін дінмен әуейі қоғамдық ой-сананың тірел­ген тұсын әшкере еткендер «Қазақ салт-дәстүр, әдет ғұрыптарының ислам шариға­ты­мен үйлесімі» кітабынан алып, «Келіннің сә­лемі өз күйеуінің амандығы мен абыройы­на деген қатынасын көрсетеді» («unmet.kz», 23.09.2021) деген пәтуа беріп, «ислам шари­ғатындағы харам-халалға, сондай-ақ ақида мә­селесіне тікелей қатысы жоқ тұрмыстық мә­селе» екенін негіздеп, сәлемге қатысты «ши­рк», «харам» деген пікірлер уахабилік идео­логия әсері екенін ашық айтыпты. «Күйеуінің бәле-жаладан аман болғанын ті­лейтін келін сәлем салады» («Ernur.kz», 08.10.2018) деп мақала жариялаған Әмина Уәли­ханқызының уәжі тіпті қисынсыз: «Үл­кендердің айтуынша, келін босағадан атта­ған соң ерінің амандығын тілеу мақсатында сәлем салады». Тағы да сол «үлкендерге» сіл­тей салған жосықсыз жорамал. «Осыдан ба­рып, «ері қайтқан әйел сәлем салмайды» дегеннің қайдан шыққанын түсінуге болады» дей­ді. Міне, жорамалдың көкесі керек болса. Екі күмәнді ойдан дүдәмал тұжырым жасай салған. «Ұлы Адай ұрпақтары» парақшасының иесі: «Келіндер, айналайындар, тек сәлем етіңіз­дер. «Сәлем бердік» деп күйеуі қайтыс бол­ған адамдар ғана айтады» (02.04.2019) деп, айды аспаннан бір-ақ шығарыпты. Міне, осындай, қайдан шыққаны, әуелде кім айтқаны белгісіз жөнсіздіктен тіпті аяқ алып жүргісіз. Ең сұмдығы, өзге жұрт осындай теріс жорамалды малданып, насихаттауға құш­тар. Ал Алтыншаш Құрмашеваның «Сә­лем салудың сыры неде?» («Аtr.kz», 28.04.2020) мақаласындағы болжамы мынау: «Ұлынынан айырылған ана келініне «Ей, қарағым! / Құ­лынымнан айырылдым, / Қанатымнан қайы­рылдым. / Саған қонған бақытың, / Төбең­нен ұшып кетті ғой, / Сәлем салудан айырылдың» деп хабар жеткізген екен. Осы күннен бастап оны сәлем салудан босатады». Басқасын былай қойғанда, ене келінге қазалы хабар жеткізді деуі ешқандай қисын­ға келмейді. Сонда бұлардың бәріне не бол­ған? «Келін қандай жағдайда сәлем салмаған?» («Tengrinews.kz», 22.08.2019) тақырыбы ая­сында тарихшы Жұлдыз Орманова «Күйеуі қайтыс болған жағдайда келін сәлем салудан біржола босатылған...» дей келе, «Көбі жесір әйел cәлем салуы керек пе, салмауы керек пе?» деп сұрап жатады. Бірақ салтымыз бойын­ша келіндер мұндай қайғылы жағ­дайда сәлем салудан босатылуға тиіс. Оның еш айыбы жоқ, құрметсіздік танытты деп айыптауға болмайды» деген өзіндік көз­қара­сын таңады. Елдің шатасуына осындай шалақарпылған жорамалдар себеп болып жүргені аңғарылады. Міне, сәлемнің жайын жабыла жазып, жұрттың құлағын көтеріп, ма­засын май ішкендей етіп жүргендердің жайы осындай, плагиат мақала авторлары­ның да айтар зымиян ойы белгілі. Қоғамдық мәселе әбден ушығып тұр­ған шақта Нұргүл Абай «Сәлем салу: ескіліктің сарқыншағы ма, жоқ әлде әдеп­ті­лік белгісі ме?» («Sputnik.kz», 11.01.2019) де­ген тақырыппен тағы мәселе көтеріпті. Бұл жолы, әйтеуір, маманға жолыққан сияқты. Этнограф Досымбек Қатран «Келін қандай жағдайда сәлем салмайды?» деген көкейтесті сауалға «күйеуі қайтыс болған әйелге жылын бергенше, бір жыл бойы сәлем салмауға рұқ­сат етіледі» депті. Одан әрі ой да, тұжырым да мық шегедей: «Бір жыл бойы аза тұтады. Жылын берген соң, аза тұту аяқталады... Осы­дан кейін дәстүрлі ортада әмеңгерлік сал­тымен жесір әйел қайын ағасына немесе қайын інісіне күйеуге шығуға тиіс». Иә, «әулет­тегі еркек кіндіктің біріне тигенше, сә­лем салмайды». Міне, ағайын, қанша жылдан бері дау-далабаға айналып, елдің сана­сын лайлап жүрген сөздің бір түйіні осы жерден табылды. Демек, басы қаралы жанға ерінің жылы өткенше дәстүрді сақтамауға уақытша рұқ­сат етілуі мүмкін екен. Мұның өзі дәлелі кем­шін, әзірге табан тірей тұруға болатын көп жора­малдың бірі ғана. Ғылымға жүгінудің жөні бөлек Дәстүрлі қоғамда ері дүние салған әйел, әмеңгерлікпен қайтадан ерге шық­қаны екібастан, егде тартқан кейуаналар да сәлем етуін тоқтатпаған. Өйткені ливи­рат­тық үрдіс бойынша әйел – рудың меншігі. Алланың әмірімен бақиға озған жан көзі тірісінде Құдайды куә етіп екеуара байлаған неке заңы енді бұзылмайтын болғандықтан, қазақ баталы жердің дәстүрін «нийоги» заңы­на ұқсас мызғымайтын низамдарға бай­лап, мызғымастай етіп жіберген. Әрине, дәс­түрден жұрдай, айырылысу мен қосылу тәртібін бейәдеп жолға түсіріп алған бүгінгі қоғам­дастарымыз үшін бұл қағида жүрмеуі мүмкін. Бірақ ол басқа әңгіменің еншісі. Сол үшін де сәлемге қатысты кәпір ойдан аулақ болған дұрыс. Салт-дәстүр жиынын С.Кенжеах­мет­ұлы 7 топқа бөліп қарастырады. Тал­бе­сік пен жербесік арасындағы ғұмыр осы салт, дәстүр, әдет, ғұрып, ырым, кәде, тыйым, жоралғы, тәрбие, әдеп, ойын, өнер түр­лері­мен тығыз байланыста өтетіні анық. Соның ішін­де келін «Қыз айттыру» дәстүрінен бас­та­лып, «Қыз көру», «Қыз таңдау» салтымен ұш­тасып, ақыры «Шеге шапан» – құда болуға ба­таласқан екі жақтың алыс-беріс кәдесіне жал­ғасатын ұшы-қиыры жоқ «Құда түсу», «Бата аяқ» жасау, «Құда тартар» салтынан кейін «Қалың мал» беріп, «Киіт» кигізіп, «Құй­­рық-бауыр» жеп, «Өлі-тірі» кәдесін жасап, «Қынаменде» дәстүрі негізінде ұрын ке­ліп, қызға «Сәукеле кигізу» арқылы жұ­байлық кезеңді естен кетпестей етіп бекітіп, «Күйеу киімі», «Той малы», «Қапқа салар» жорал­ғыларын пісенттеп, «Сүтақы» кәде­сінен кейін «Сыңсу» айтқан қызды «Ұзату» сал­тынан соң «Неке қияр» ғұрпын өткізіп, «Қош­тасу» айтып, «Қыз көшінде» ұзатылған ке­лін­нің «Шаңырақ түйесін» шөгеріп, «Келін түсіру» салтының бәрінен өтіп болған соң «Бета­шар» дәстүрінен кейін түскен жерінің тай-тұяғын қалдырмай сәлем етеді. Бүгін­гілер мойындағысы келсін, мейлі келмесін, есте жоқ ескі күндерден есіліп келе жатқан жол – осы! Ал ерінің талқаны таусылған әйелдің ал­дындағы жалғыз аяқ сүрлеу – әмеңгерлік. «Дәстүр бойынша, балаларды жетімсіретпеу үшін ер адам әмеңгеріне үйленуге, әйел әмең­герге тұрмысқа шығуға міндетті болған» (А.Сейдімбек. Қазақтың ауызша тарихы: Зерттеу. Астана, Фолиант, 2008. – 186-б.). Мың­даған жылдық тәжірибеден өткен дала заңы – осы. Өмір бар жерде қаза барын мүл­тіксіз түсінген баба қазақ қара тігілген үйден тұл аударып, соңғы жоқтауын айтқызып, қара жығып, марқұмның теріс киімін оң қара­тып, әйелі мен қыздары басындағы бүр­кейін алып, қаралы теңді бұзып, тағдырға мойын ұсынған екен. Осының бүге-шігесін біліп, кепиетінен қорыққандар «сәлем сал­мау» деген кесір сөзді тілі­нің ұшына да сал­мапты. Мұндай қисын­сыздық дефиниция­сын қазақ дәстүрінен шаммен іздесең де таба ал­майсың. С.Кенжеахметұлының пайымынша, «Халқымыздың бұрынғы салты бойынша күйеуі қайтыс болғанда оның жесірі «Ерден кетсе де, елден кеткен жоқ», «Аға өлсе іні мұра» деген қағидамен, әмеңгерлік жолмен күйеуі­нің ағасы не інісінің біреуіне өзінің таңдауы бойынша тұрмысқа шығады» (С.Кен­жеахметұлы. Қазақ халқының салт-дәс­түрлері. Алматы, «Алматыкітап» ЖШС, 2005. – 105-б.). Көрдіңіз бе, дала демокра­тиясы кімге тиетіні жөнінде таңдауды әйелге қал­дырған. Таңдау жасаған әйел әулет иелеріне «сәлем беріп», әрі қарай да енелеріне «сәлем етуін» тоқтатпаған. Этнограф бұл дәстүрдің туыстан бөлінбеу, қауыммен бірге тәрбие­лену, тұрмыста қиындық көрмеу жағын ерек­ше атап өтеді. Сондай-ақ жесірдің кетуі сол елге мін саналғаны, егер басқа біреуге шық­са, бұрынғы күйеуінің мал-мүлкінен үлес ала алмай, «Іргеден шығару» дәстүрі бойын­ша рудың меншігінен кетіру жазасына кесілетінін жазады. Ақылы кемел қазақ әйелі мұн­дай сүйекке таңба болатын ызалы жерді баспаған. Этнограф нақтылағандай, «Қазақтың отбасылық, жұбайлық салтында ері өлген әйел сол елдің меншігіндегі адам бо­лып есептеледі...». Келін бас еркін сұрайтын өте сирек жағдайдан басқа жерде әйелдің же­сір отырмауы міндет саналған. Тойып се­кірген бүгінгіні білмедік, тоңып секірген бұрын­ғы дәстүрлі қазақ қоғамында тіріні бы­лай қойғанда, бақилық адамның отбасын үлестен құр қалдырмай егіннен – кеусен, мал­дан – көгендік, мүліктен – шүлен, балық­тан – өлі сыбаға беретін ел ішінің бұлжымас ғұрыпты заңының дәурені жүріп тұрған кезде дәстүр осындай ерекше маңызға ие еді. Кейінгі жылдары елдің берекесін алып, дәстүрге жорамал жасаушылар кө­бейді. Бұл тарапта ғалым С.Кенжеах­ме­т­ұлы­­ның уәжі өте нақты. Этнограф сәлемнің 3 түрін бөліп атайды. Бірінші – бел­гілі би, діл­мар шешендердің бір-біріне сәлем бере баруы, жолаушы мен сол ауыл тұрғы­ны­ның ақсақалға, белгілі адамдарға әдейі із­деп келіп сәлем беруі, «алыстан алты жасар ба­ла келсе, алпыстағы шал келіп сәлем бере­ді» қағида­сына сай жөн білетін естінің жас таң­дамай, барып сәлемдесетін жолы. Екінші – сыйлы ата-ене, қайын аға, абысын-ажынды көр­генде, егде кісілердің алдынан табақ қайт­қан­да иіліп сәлем қылуы. Үшінші – ырым­ға қатысты сәлемнің ерекше түрі – кер­без адамның сыртынан сәлем қылу. Мұн­дағы бір ескеретін тұжырым, сәлем ер адам­ға қатысты болса «сәлем берді», ал әйел­ге «сәлем етті» дей­ді екен. Ерлі-зайыпты жұпқа ежелден ерекше жауапкершілік жүктелген. А.Сей­дімбек қазақ байлары келіннің қалыңмал құ­нына мыңдаған жылқы төленгені жайын­да жазады. Кедейдің де өз өлшемі болған. Қа­лай десек те, отбасында қадірсіз қыз болса да, тұрмыс құрғанда қалыңсыз келін бол­ма­ған. Олай болса, бүгінгі далалық мәдениеттегі маңыз­­ды фактор – дәстүрдің экономикалық тиім­ділігі мен тиімсіздігі жағын ерекше ескеру қажет сияқты. Дала заңы бата бұзып, бұй­дасын түріп, өте сирек жағдайда қалауы­мен кеткен келінге төленген қалыңмалдың тең жартысын кері қайтаруға міндеттеген. Ливират үрдісі қалың малы төленген ру мен­шігін әулетте қалуды міндеттеген. Сол ар­қылы тегіне қатысты мәліметтерді жойып алмай, ұрпағын тексіз атандырмау қағидасы қатаң сақталған. Сөйтіп, дала жұрты бүгінде заманауи қазақтар сот арқылы шеше алмай жүр­ген талай түйінді мәселені оңай тарқа­тып отырыпты. Ілтипат білдіріп, иіліп сәлем еткісі кел­мейтін, тіпті сәлем беруді намыс көре­тін кердең келіндер үшін сыныққа сылтау көп. Ал сәлемі түзелгенде ерлі-зайыптының әлемі түзелетінін білетін көргенділер бұл дәс­түрдің ұлағаты өзі түгіл ұрпағын жарыл­қайтынын білуі тиіс. Олай болса, ұлттың сән-салтанатына айналған «сөз анасын» сан-саққа жүгіртпей, тек жүргенге не жетсін, шір­кін?!

Берік ЖҮСІПОВ, фольклортанушы