Жаңалықтар

Абай облысы әкімінің алғашқы жұмыс сапары Абай ауданынан басталды

ашық дереккөзі

Абай облысы әкімінің алғашқы жұмыс сапары Абай ауданынан басталды

Өңір басшысы «Абай-Шәкәрім» мемориалдық кешеніне, Ұлы Абайдың мұражай үйіне барды деп хабарлады turkystan.kz. Қарауыл ауылында Нұрлан Ұранхаев «Абай» саябағын, «Шыңғыстау» спорт кешенін аралап, тұрғын үйлер құрылысының барысымен танысты. Сондай-ақ жұмыс сапардың негізгі нүктелерінің бірі Бөрілідегі М. Әуезовтің мұражай-үйінде болды. Мұражай үйінің экспозициясы ұлы жазушының өмірі мен шығармашылығынан сыр шертеді. 2015 және 2020 жылдары мұнда күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілді. Бүгінгі таңда мұражайға мемлекеттік маңызы бар ескерткіш мәртебесі берілді. Өңір басшысы биыл Мұхтар Әуезовтің 125 жылдық мерейтойын мерекелеудің маңыздылығын атап өтті.

Облыс әкімі жол мәселесіне де тоқталып өтті. “Қонақтарымызды қасиетті қорымға қара жолмен апарған дұрыс емес. Ол жерге де асфальт төселуі керек. Жалпы, менің ойымша, келешекте Семей мен Қарауылдың арасында үлкен төрт жолақты даңғыл жол болуы керек. Бұл жергілікті халыққа да, туристерге де, жалпы, барыс-келіске өте ыңғайлы болады деп есептеймін”, — деп атап өтті.

Облыс әкімі Абай ауданын ұзақ жылдар басқарған және ауданның дамуы мен гүлденуіне елеулі үлес қосқан Хафиз Матаевтың құрметіне арналған мемориалдық тақтаның ашылу рәсіміне қатысты.