Бір аяқ, бір қолмен әлемді мойындатқан спортшы

Бір аяқ, бір қолмен әлемді мойындатқан спортшы

Бір аяқ, бір қолмен әлемді мойындатқан спортшы
ашық дереккөзі

Ауылда достарымен ойнап жүрген болашақ чемпион абайсызда тоқ сымына түсіп, бір қол, бір аяқтан айырылам деп мүлде ойламаған еді. Бірақ бұл оқыс оқиға қайсар балаға кедергі бола алмады. Қаншама сынақты бастан өткеріп, еліміздің көк туын талай әлемдік додада тік көтерген Ержан Сәлімгереевтің тағдыры мен тартыс жолы талайды таңдай қақтырары сөзсіз. Бүгінде ол халықаралық дәрежедегі спорт шебері, әлем кубогының иегері, Азия ойындарының екі мәрте жеңімпазы. Бірақ спортшы көңіліне бұл марапаттар медеу емес. Оны алаңдатар жайт пен қынжылтар дүние мүлде басқа. 

 width=

 – Сіз халықаралық деңгейдегі үздік спортшылардың бірі ғана емес, ерекше тағдырдың да иесісіз. Өзіңіз «9 жасымда менің балалық шағыма нүкте қойылды» деп сипаттайтын оқиғадан соң жарты жылдай ғана арбада отырып, балдақпен жүруге көшіпсіз. Сізді сол қадамға, аяққа тұруға итермелеген қандай күш? – Балалықтың қызуы басқа түскен қиындықты ойлап, мұңайып отыруға мүмкіндік бермейді. Ештеңеге қарамастан ойнағың келеді, тұрғың келеді, жүргің келеді. Мені арбада ұзақ отырғызбаған да сол сезім. Жалпы, мен кішкентайымнан өте елгезек бала болдым. Барлығын тез ұғып, үйреніп алатынмын. Адамдар есейген сайын көп тәуекелге барудан қорқып, қорғаншақ бола бастайды ғой. Ал бала кезде мүмкін емес ештеңе жоқ сияқты көрінеді. Қорқыныш пен қайғыға балалық амбиция да мүмкіндік бермейді. Дегенмен бір-ақ сәтте өмірімді 180 градусқа айналдырып жіберген жағдайдан алғашында «шок» алып қалғаным рас. Бұл мені тез есейтті. Ары қарай қазіргі болмысымды қалай бар, солай қабылдап, өмірге басқаша бейімделуге көштім. Дәл осы оқиғадан соң маған өмірдегі басқа қиындықтың бәрі түкке тұрғысыз болып қалды. «Жүзу – ол қозғалыстағы медитация» деген сөз бар екен. Адамның жаны мен тәнін де қатар емдей алатын қабілетке ие бұл спорт түріне қызығушылығыңыз қай кезде оянды? – Мен – Жайықтың жағасында өскен жігітпін. Үйіміз өзеннің жанында еді. Бала кезден сонда барып шомылатынбыз. Кейін де «аяғым жоқ, қолым жоқ» деп қол қусырып отырмадым. Жалпы, еш әрекетсіз бір жерде отыру маған тән қасиет емес. Бүкіл дене мүшесі сау адам жасай алмайтын дүниені мен бір аяқ, бір қолмен жасап тастайтынмын. Мен үшін мүмкін емес биік те, алынбайтын қамал да жоқ.  

– «Өмірге құлшынысымды арттырған – спорт» деп айтыпсыз бір сұхбатыңызда. Кезінде түйе балуан болып, күрестен 3 рет Атырау чемпионы атанған әкеңіздің спортқа бетбұруыңызға әсері болды деп ойлайсыз ба? – Менің ең алғаш спортқа деген қызығушылығымды арттырған ол – футбол. Себебі біздің ауылда «Атырау» құрама командасының базасы болған. Сол базада балдақпен жүріп жаттықтым. Таңғы шайымды іше сала маршруттан маршрутқа мініп, сондағы ойыншылардың ойынын көруге кететінмін. Ал әкем мен мендегі спортқа деген құштарлықты байланыстыратын нәрсе бойдағы қан деп ойлаймын. Қазақта «қаннан келген», «қаннан дарыған қасиет» деген сөз бар емес пе... – Әлем кубогында 100 метрде баттерфляй әдісімен жүзуде 1:21,61 нәтижесімен қарсылас шақ келтірмей чемпион атанған едіңіз. Баттерфляй – жылдамдық жағынан крольден кейін екінші орында тұрған жүзудің ең қиын стильдерінің бірі екен. Бұл әдісті үйрену де оңайға түспеген болар? – Мен негізі 100 метрдің емес, 50 метрдің майталманымын. Бұл әдісті меңгеру өте қиын болды. Қазірде де оңай емес. Өйткені оны дәл мүгедек жандарға арнап үйрететін кәсіби мамандар жоқ. Осының әсерінен жарыстарда зардап шеккен кезіміз көп болды. Дәл осы саланың дамуы әлі кенжелеп тұр. Мысалы, күрес, бокс сияқты спорт түрлерінің тарихы кемі 300 жылды қамтыса, баттерфляй жүзу әдісі 10 жылдықты ғана қамтиды. Осы кезге дейін БАҚ өкілдерінің параспорт бапкерлері мен олардың бұл салаға келу жолы мен мүгедек жандармен жұмыс жасау деңгейі туралы зерттегенін, ашып жазғанын көрген емеспін. Бұл салада еш тәжірибесі жоқ, бойынан біз көрген қиындықтың бірі де өтпеген мамандармен бірге жаттығудың қандай ауыр болатынын елестетіп көріңізші. Кәсіби білігі аз, бізбен қалай жұмыс жасарын білмей олар тұрады, нағыз бапкердің қолдауы мен көмегіне мұқтаж боп біз тұрамыз. Сондай сәттерде осы мүгедек жандармен жұмыс жасайтын мамандарды арнайы оқытатын, дайындайтын уақыт туа ма екен деген ойға қаламын. Басында қиналғанбыз, әлі де қиындықтар бар. Біздің көрсетер нәтижеміз бапкерлердің кәсібилігіне тікелей байланысты. Егер мен он екі мүшесі түгел адам болсам, кез келген спорт секциясына жазылып, қатыса беруші едім. Ол жердегі мамандар да білікті, бәрінен хабардар. Ал мүгедек адам қандай спортпен айналыса алады? Оған кім көмектеседі? Мамандар былай тұрсын, ол спорт түрі де Қазақстанда жоқ болып шығуы мүмкін. Сіз маған сұрақ қойып отырсыз. Енді сізге мен бір сұрақ қояйыншы? – Иә, әрине. – Біздің елдегі экономика қандай жағдайда дамиды деп ойлайсыз? Дамыған 30 мемлекеттің қатарына қай кезде кіреміз? – Ауыл шаруашылығын дамыту, елге қажетті кәсіпорындарды ашу... – Жоқ, сіз айтқанның ешқайсысы да емес. Біз қай кезде дамимыз? Мүгедек жандарға көшеге еш қиындықсыз шығып, дүкеннен өзіне қажетті затын сатып ала алатын жағдай жасалғанда. Олар еш жерде, ешкімнен қысым, еш жерден кедергі көрмей еркін жүріп-тұрғанын қалаймын. Мысалы, зағип жандарға арналған арнайы жол болуы керек. Ал арбамен жүретін адамға кез келген қоғамдық орындарда пандустар орнатылу керек. Міне, сол кезде ғана мемлекеттің әлеуеті де, экономикасы да дамиды. Сондай уақытқа қашан жетеміз? Мені мазалайтын көп сұрақтың бірі – осы! Менің мақсатым – аты аңызға айналған спортшы болу емес, бай болу емес, елдегі жарымжан жандардың жағдайын түзеуге үлес қосу, солардың тағдыры үшін күресу. Сол үшін осы саланы бастадым. Егер ақшаны, атақты қаласам, осы кезге дейін шетелден түрлі ұсыныстар түсті. Иран, Дубай, Америка Құрама Штаттарына да шақырды. Ал мен неге Қазақстанда жүрмін? Маған қомақты ақша да берілген емес, тұрақты жалақы, жеке бизнес те жоқ. Тіпті, осы күнге дейін спонсорым да болмаған. Басқа дені сау спортшыларды қарасаң, бір басында бірнеше демеушіден бар. Өйткені қоғам бізге тек паралимпиада кезінде ғана назар аударады да, басқа уақытта ешкімге керек емеспіз. Тіпті, жетістікке жеткен паралимпиада жеңімпаздарының өзіне дұрыс көңіл бөлінбейді. Тек сайыс кезінде, арнайы тапсырма берілгенде болмаса, журналистердің өзі біз туралы көп нәрсе біле бермейді, білгісі де келмейді. Бұған дейін талай телеканалға бардым, көп журналиспен жақын таныс болдым, содан түйгенім – осы. Қолдауды көбіне қол-аяғы сау, дені спортшыларға көрсетеді. Миллиондаған ақша да соларға бөлінеді. Ал біз «жыртығымызға жамау» таба алмай жүреміз. Содан кейін мүгедек спортшылардың көңілі қалып, бәрінен күдер үзе бастайды. – Жүзуден басқа қандай хоббиіңіз бар? Сіздің әдемі қоңыр даусыңыз бар дейді. Және бұрын ән де шығарған екенсіз. – Кейбір жерде «Спорт менің өмірімді түбегейлі өзгертті» деп жазады. Оған келіспеймін. Мен жүзуге бет бұрғанға дейін де өзімді өзге салаларда қалыптастырып үлгерген едім. Өзімді жан-жақтан сынап көруден ешқашан жалықпадым. Қазір мысалы өз көлігімді өзім жүргізіп жүрмін. Спортқа келместен бұрын «Жастар саясатында» да жақсы жұмыс істедім. Бір бөлімнің жетекшісі лауазымына дейін көтерілдім. «Нұр Отан» делегациясымен бірге үлкен қалалардағы жиналыстарға қатыстым. Ал өнер саласына келсек, Ақылбек Жеменей сияқты эстрада жұлдызымен бірге ән шырқап, ол кісі мені Алматыға шақырып, продюсерім болуға да ұсыныс жасады. Оқу оқып жүргесін, әрі ата-анамды ойлап Атырауда қалдым. Кейін де түрлі ұсыныстар болды. Бірақ мен «мұнда ақша бар, мұнда атақ бар» деген жылтыраған дүниенің бәріне жүгірген емеспін. Қай жерде шындық пен әділет бар, мен сол жердемін. Сол кезде ғана өмірің де, көңілің де жарқын. Ал егер адам өзгені алдап-арбап, арамдық ойлап жетістікке жететін болса, ар алдында да, құдай алдында да жүрегі тыныш бола алмайды. – Бір аяқпен жүгіріп, жаттығу жасап жүргеніңізді көріп едім инстаграм парақшаңыздан. 24 кг-дық гір тасын көтеріп жатқаныңызды да байқап қалдым. Жалпы, балдақсыз жүгіру, жаттығуға қалай дағдыландыңыз? – Бала кезімнен балдақпен жүріп футбол ойнадым, жүгірдім, жүздім. Соның бәрі бойымдағы спортқа қажет бейімшілдік, шапшаңдық, төзімділік сияқты қасиеттерді дамытты. Өз қатарластарымнан бөлек, ересек балалармен бірге жүретінмін. Олар жасаған жаттығуды, балдақпен жүрген мен де жасайтынмын. Тоққа түскенге дейін қандай шапшаң, қабілетті болсам, аяқ-қолымнан айырылғаннан кейін де ол маған кедергі бола алмады. Әлі де сол өз-өзімді шыңдау мен қайраудың нәтижесінде жүріп келемін.  

– «Әр түрлі мотивациялық кештерге барамын. Олардың ешқайсысынан бас тартпаймын. Себебі менің жағдайымды бастан кешіп жатқан қаншама адам бар. Олар маған қарап, еңселерін көтеруі тиіс» депсіз. Сізден мотивация алып, өмірін өзгерткен адамдар бар ма? – Ондай адамдардың көп болғаны соншалық, санын айта алмаймын. Мені қанаттандыратын да сол жандардың сөздері мен тілектері. Үнемі әлеуметтік желілерден өз оқиғаларын айтып, пікірлерімен бөліседі. Тіпті, ағайын-туыстары арқылы хабарласып жатады. Осы кезге дейін жүздеген кездесу өткізіп тастаған шығармын. Мүмкіндігі шектеулі жандардан бастап, бизнесмен, кәсіпкерлерге дейін түрлі тренингтер өттім. – Токио Олимпиадасынан соң спорттық мансапты аяқтап, қоғамға пайдасы бар істермен шұғылдануды жоспарлаған екенсіз. Қазір немен айналысып жүрсіз? – Қазір жастармен, мектеп оқушыларымен қоғамдық кездесулер өткіземін. Және олардың бәріне тегін барамын, ақы алған емеспін. Түрлі жобалар жасап, қолдарында көп қаржы жүретін азаматтардың әлеуметтік видеоларына да түсіп бердім. Олардан да бір тиын алған емеспін. Елдегі әр отбасыда бір қиын жағдай табылады. Бірінің әкесі арақ ішеді, бірінің жарымжан баласы бар, бірі көмекке мұқтаж. Сол жандарға сөздерім мен әрекеттерім арқылы қолдау көрсеткім келеді, үйінен, қоғамнан ала алмаған жылуды бергім келеді. Сондай мақсатпен барлық шақыртуларға тегін барамын. – Өте өзекті мәселелерді айттыңыз, Ержан мырза. Уақыт бөліп, сұқбат бергеніңізге көп рақмет!