Қастандық жасалған Ресейдің Түркиядағы елшісі қайтыс болды

Ресейдің Түркиядағы елшісі Андрей Карловқа қастандық жасалғандығы туралы көптеген түрік басылымдары, соның ішінде CNN Turk хабарлаған еді. 

Мәліметтер бойынша, дипломатқа оқ атылып, елші ауыр халде ауруханаға жеткізілген. Бұдан соң түрік телеарналары Ресейдің Анкарадағы елшісі Андрей Карловқа шабуыл жасалған сәтті көрсететін видеоны жариялады. Бейнебаяннан костюм, ақ көйлек киген және галстук таққан жас жігіттің дипломатқа оқ атып, сосын бірнеше оқты аспанға атқаны көрінеді. Кей мәліметтер бойынша, ол оқиға болған ғимаратқа полицей куәлігін көрсетіп кірген.

Қастандық Заманауи өнер галереясында жасалған. Бұл жерде «Ресей түріктердің көзімен» атты фотокөрме өтіп жатқан. Оқиғаға куә болған адамдардың сөзіне қарағанда, ғимаратқа қару ұстаған әлдебір адам кіріп келіп, сөзін енді сөйлеп бола берген Андрей Карловтың арқа тұсынан оқ атқан.Түрік полицейлері Ресейдің Анкарадағы елшісі Андрей Карловқа шабуыл жасаған адамды жойды. Бұл туралы Түркияның NTV телеарнасы хабарлады. Кей мәліметтер бойынша, атыс кезінде үш адам зардап шеккен.

Ал көп ұзамай Ресей елшісі Андрей Карлов ауруханада қайтыс болды. Ақпаратты Ресей Сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Мария Захарова растады. Захарованың айтуынша, Мәскеу аталған оқиғаны террорлық акт деп бағалайды. «Ресей Федерациясы елшісінің Түркияда өлтірілуі БҰҰ Қауіпсіздік кеңесі мүшелерінің алдына қойылатын болады» деді ол. Сонымен қатар ол Түркияның ресейлік дипломатқа қастандық ұйымдастырушыларды жазалауға уәде бергенін айтты.

Lenta.ru хабары бойынша, 62 жастағы Карлов Ресейдің Түркиядағы Төтенше және өкілетті елшісі болып 2013 жылы тағайындалған.

Back to top button