Жаңалықтар

«AMANAT»: ауылға қатысты түйткілді мәселе көп

ашық дереккөзі

«AMANAT»: ауылға қатысты түйткілді мәселе көп

Аманаттықтар «Ауыл – ел бесігі» және «Дипломмен ауылға» жобаларын қайта қарауды ұсынды деп хабарлады turkystan.kz.    Партия мүшелері ауылдық жерлерде жұмыс орындарын ашып қана қоймай,  жас мамандарды тарту үшін сапалы материалдық-техникалық база, әлеуметтік және инженерлік инфрақұрылым құрылуы тиіс деп санайды. Комитеттің мәліметінше, «Дипломмен ауылға» жобасы іске қосылған 12 жылдың ішінде 85 мыңнан астам маман 14,1 млрд.теңге көлемінде көтерме жәрдемақы алған.  Ал 40 мыңнан астам маманға тұрғын үй сатып алу үшін 123,5 млрд.теңге көлемінде бюджеттік несие берілген. Ұлттық экономика вице-министрі Бауыржан Омарбековтың айтуынша, биыл 576 ауылда жобаларды іске асыруға республикалық бюджеттен 127,9 млрд.теңге бөлінген. «Қазіргі уақытта тұжырымдамалық шешімді қажет ететін бірқатар мәселе бар. Ауылды дамыту жөніндегі іс-шаралар бірнеше ұлттық жоба шеңберінде іске асырылады және жауапты мемлекеттік органдардың құзыретін тиісті үйлестірусіз, жүйелендірмей елді мекендердің өмірі мен экономикалық белсенділігінің әр түрлі аспектілеріне бағытталған. Бұдан басқа, бюджеттік қаржыландыру үшін жобаларды іріктеу тетігі реттелмеген», – деді ол. Партиялық бақылау комитетінің төрағасы, Мәжілістегі «AMANAT» фракциясының мүшесі Артур Платоновтың айтуынша, «Ауыл – ел бесігі» және «Дипломмен ауылға» жобалары бойынша ақпараттық қамтамасыз ету жұмыстары мардымсыз. Ол бұл олқылықтарды түзететін уақыт жеткенін айтты. «Әрбір елді мекеннің және әрбір нақты қатысушының жеке ерекшеліктерін ескеру қажет. Жас мамандар үшін қажетті сапалы әлеуметтік инфрақұрылым  жоқ. Көптеген құрылыс жұмысы сапасыз, стандарттарға сай орындалмаған. Тек қана ақша құрту сияқты. Бұл – жүйелі формализмнің және мемлекеттік бағдарламалардың беделін түсірудің көрінісі», – деп түйіндеді Артур Платонов.