«Бидай қымбат»: солтүстіктің диірмендері үш айдан бері тоқтап тұр

«Бидай қымбат»: солтүстіктің диірмендері үш айдан бері тоқтап тұр

«Бидай қымбат»: солтүстіктің диірмендері үш айдан бері тоқтап тұр
ашық дереккөзі
Қызылжарда экспортқа жұмыс істейтін ірі диірмендер бірнеше айдан бері тұралап қалды. Себебі, аймақта бидайдың бағасы тым шарықтап кеткен. Теріскейде астықтың бір тоннасы 180 мың теңгеге дейін жетті деп хабарлады turkystan.kz.    Бидай өңдеу кәсіпорындары не істерін білмей дал. Қазақстан – ұн экспорты бойынша әлемде екінші орында. Алайда, жақын арада еліміз үздіктердің қатарында болмауы мүмкін. Ауғанстанды тұтастай ұнмен қамтамасыз еткен солтүстіктің алпауыт диірмендері үш айдан бері тоқтап тұр. Ресей бидай экспортын доғарған соң, Қазақстанда бидай құны лезде қымбаттап кетті дейді. Осының салдарынан кәсіпорындар арзан шикізатқа қол жеткізе алмай қалған делінген Astana.tv сюжетінде.
«Ресейлік астық Қазақстандікімен салыстырғанда 10-15 мыңға арзандау болды. Теріскейдегі көршіміз экспортты жапқан соң, біздің диқандар былтыр жиналған бидайдың құнын себепсіз көтеріп жіберді. Қазір бидайдың тоннасы 160-180 мың теңгенің аралығында саудаланып жатыр. Ал ұнның бағасы шетел нарықтарында 185 мыңнан сатылуда. 5 теңге  айырмашылық біздің шығынды ақтамайды», – дейді диірменнің коммерциялық директоры Таисия Коллегова.
Ал танап басындағы шаруалар  шығын  көп болған соң бидайдың бағасын көтергенін айтады.
«Қазір мемлекет субсидияны аямай төлеп жатыр, дизельдік отынды да төмендетілген бағамен ұсынады. Бірақ техниканың бөлшектеріне деген баға соңғы уақытта екі есе қымбаттады. Ал тыңайтқыштардың құны геосаяси тұрақсыздықтың салдарынан 50 процентке көтерілді. Осының барлығы астық бағасының шарықтауына әкеп соқты. Бұл – нарық талабы. Ешкім қымбатшылықты қолдан жасап отырған жоқ», – дейді диқаншы Олег Адам.
Былтыр еліміздегі диқандар 12 миллион тоннаға жуық астық жинаған. 7 миллионнан астам тонна бидай  экспортқа жіберілсе, қалғаны ішкі нарықта. Сарапшы Евгений Карабановтың айтуынша, астықтың қымбаттауы қалыпты жағдай.
«Өткен жылы қуаңшылық болып, бізде егін аз жиналды. Шаруалар біразын сатып, қазір азғантай бөлігін сақтап отыр. Осыған дейін отандық бидай экспортқа шығарылды. Ал жергілікті диірмендер ресейлік арзан бидайдың арқасында пайда көріп отырды. Қазір ресейлік экспорт болмаған  соң, ішкі бидайға сұраныс артып, баға көтерілді. Бұл уақытша құбылыс деп ойлаймын. Жақын арада жағдай тұрақталады», – дейді Қазақстан бидай одағының ресми өкілі Евгений Карабанов.