Елімізде 5 мыңнан астам БАҚ тіркелген
Елімізде 5 мыңнан астам БАҚ тіркелген
Бұл туралы Ақпарат және қоғамдық даму министрі Асқар Омаров Үкімет отырысында айтты деп хабарлады turkystan.kz.
Қазір БАҚ-та қазақ және орыс тілдері жиі қолданылады. Нақтырақ айтқанда, олардың жалпы саны – 1 852, оның ішінде 853-і – орыс тілінде, 693-і – қазақ тілінде, 1 512-і үш тілде ақпарат таратады.
Министр өз сөзінде қазақстандықтар қандай ақпарат көздеріне көбірек сенім білдіретінін мәлімдеді.
«Қазақстандықтар үшін танымал әрі сенімді ақпарат көздері қайсы деген мәселеге келер болсақ, онда Internews in Kazakhstan деректерінің статистикасын мысал ретінде айтсақ болады. Қазақстандықтардың басым бөлігі теледидарға сенеді (58,1%), екінші орында – интернет-сайттар (34,3%). Бұқараның жартысынан көбі мемлекеттік медиаға сенеді (51,4 %), тек 9,6%-ы жеке адамдарға сенеді, ал ешкімге сенбейтіндердің үлесі – 39%», – деді министр.
Сондай-ақ Үкімет отырысында ақпарат саласын дамытудың 2020-2022 жылдарға арналған ұлттық жоспарын жүзеге асыру бойынша бірқатар мәлімет айтылды.
«Бұл жоспар мемлекет пен медиа саласының жүйелі шешімдерін талап ететін БАҚ саласындағы өзекті мәселелерді шешу мақсатында әзірленді. 2021 жылдың қорытындысы бойынша мынадай іс-шаралар өткізілді. Журналистердің құқықтарын қорғаудың қосымша тетіктерін әзірлеу және олардың қызмет жағдайларын жақсарту мақсатында Журналистерді тіркеу қағидасы (2021 жылғы 11 наурыздағы №90), Журналистердің құқықтары бұзылған жағдайда олардың құқықтарын қорғау жөніндегі регламент (2021 жылғы қараша) әзірленіп, бекітілді», – деді ведомство басшысы.
Бұдан бөлек, министрлік цифрлық-эфирлік телерадио хабарларын таратуды дамыту шеңберінде жоспарлы жұмыс жүргізіп жатқанын жеткізді.
«Бүгінде Қазақстан халқының 92,43%-ы цифрлық-эфирлік телерадио хабарларын таратумен (бұдан әрі – ЦЭТХТ) қамтылған. 11 өңір толығымен ЦЭТХТ-қа көшті. Қалған 6 өңірге 2023 жылға дейін ЦЭТХТ-қа толық көшу жоспарланып отыр. ЦЭТХТ-қа көшу халық үшін облыстық және республикалық маңызы бар қалаларда (30-ға дейінгі), облыс орталығынан төмен деңгейде 15-ке дейінгі телеарнаны трансляциялауға мүмкіндік береді», – деді Асқар Омаров.
Министрдің айтуынша, халықтың БАҚ саласындағы мемлекеттік саясатқа қанағаттану деңгейі 2021 жылдың қорытындысы бойынша 68,58%-ды құрады.