Ғалымдар қазақ тіл білімінің мәселелерін талқылады
Ғалымдар қазақ тіл білімінің мәселелерін талқылады
Еуразия ұлттық университеті "Жаңа Қазақстандағы тіл білімі және сөзжасам мәселелері" халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференциясын өткізді.
Басқосуға көрнекті отандық және шетелдік филолог ғалымдар, мемлекет қайраткерлері, оқытушылар қатысты. Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті" КеАҚ Басқарма төрағасы - ректоры Ерлан Сыдықов өз сөзінде тіл үнемі дамитынын атап өтті.
"Тіл - тірі организм, оны дамыту керек. Қазақ тілі - әлемдегі ең бай тілдердің бірі. Тілдің дамуымен тарихи өзіндік сана мен рухани ой да алға басады. Уақыт өте келе қазақ тілі әлем тілдерінің біріне айналады деп үміттенемін", - деді академик.
Профессор Шерубай Құрманбайұлы зерттеулерге сәйкес, қазақ тілінің лексикалық қорында 361 мың термин қолданылатынын айтты. Филолог терминологиялық қор лексикалық қордан екі есе көп екеніне тоқталды.
"Ғалымдардың айтуынша, біздің тілімізге енгізілген жаңа сөздердің 82 пайызы - терминдер", - деді ол.
Бұл ретте профессор Анар Салқынбай сөзжасам ғылымын зерттеу қажет екенін айтты.
"Қазақ тілін дамыту үшін сөзжасам ғылымын зерттеу керек. Бұл саланы кеңес кезеңінде зерттеуге рұқсат етілмеді. Егер түркі халықтары сөзжасам ғылымын зерттеуді 40-50-ші жылдары бастаған болса, біздің ғалымдар олардан 40 жылға артта қалды", - деп атап өтті профессор.
Форум барысында ҚР Ұлттық Ғылым академиясының мүшелері З. Базарбаева, Е. Қажыбек, Қ. Құрманалиев, еліміздің жетекші ғалымдары А. Салқынбай, Ж. Балтабаева, Б. Қасым, Б. Момынова, Ж. Сүлейменова, Т.Ермекова, Қ. Есенова тіл білімінің қазіргі жағдайы мен болашақ зерттеулердің бағыттары, қазақ тіліндегі сөзжасам туралы баяндамаларын оқыды.
Конференция аясында 60 жылдық мерейтойын атап өткен ҚР ҰҒА академигі Кәрімбек Құрманәлиевтің "Қазақ тіліндегі сөзжасамдық ұя: теория және практика" кітабының тұсаукесері өтті.