Елордада ерекше балаларды қолдауға арналған халықаралық фестиваль өтіп жатыр
Елордада ерекше балаларды қолдауға арналған халықаралық фестиваль өтіп жатыр
Бүгін елордада Балалар жылы аясында "Қазіргі қоғамдағы мүмкіндігі шектеулі балаларды қолдау басымдықтары" тақырыбында тұңғыш ғылыми халықаралық фестиваль жұмысын бастады. Жиынға жақын шет елдерден келген мүмкіндігі шектеулі балалар және ғылыми қауымдастық өкілдері қатысып отыр.
Фестивальді Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті және "NASLEDIE" қоғамдық бірлестігі бірлесе ұйымдастырды. Келелі басқосу Өзбекстан, Қарақалпақстан, Грузия, Қырғызстан және Ресей елдерінің сарапшыларын, үкіметтік емес ұйымдары мен қорлардың өкілдерін, ата-аналарымен бірге келген мүмкіндігі шектеулі балаларды тоғыстырды.
Фестиваль қатысушылары инклюзивті білім беруді дамыту, даму ерекшеліктері бар балаларды әлеуметтендіру және оңалтудың тиімді әдістерін талқылады.
Фестиваль жұмысын ашқан "Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті" КеАҚ Басқарма Төрағасы - ректоры Ерлан Сыдықов университет келешегін білім берумен және ғылыми қызметпен байланыстырғысы келетіндердің барлығына тең жағдай жасалғаныын атап өтті.
"Маңызды іс-шараның біздің университет қабырғасында өтуінің символдық мәні бар. Академиялық қауымдастық қызметінің негізгі бағыттарының бірі - өскелең ұрпақтың қабілеттерін дамыту. Біздің студенттер арасында халықаралық параолимпиадалық жарыстардың жеңімпаздары бар: Жүзуден Әнуар Ахметов пен Сиязбек Далиев, жеңіл атлетші Бейбарыс Болат, теннисшілер Александра Степанова мен Балзия Таш және басқалар. Бүгінгі фестиваль әртүрлі елдердің ғалымдары мен зерттеушілер қауымдастығы арасындағы диалогты ілгерілетуге, инклюзивті білім беруді дамыту мәселелері бойынша жан - жақты ынтымақтастықты нығайтуға құнды үлес қосатынына сенімдімін", - деп түйіндеді сөзін академик.
Форумға қатысушылар мүмкіндігі шектеулі балаларды медициналық, әлеуметтік, қаржылық тұрғыда қамтамасыз ету және бұл бағыттарда нормативтік-құқықтық базаны одан әрі жетілдіру бойынша өзара тәжірибе алмасты.
"Бүгінгі фестиваль бізге мүмкіндігі шектеулі балаларды дамытудың заманауи әдістерімен және жаңа жолдарымен танысуға, сондай-ақ өз тәжірибемізбен бөлісуге мүмкіндік береді. Біздің орталық - балаларды оңалту және инклюзиялау мәселелерімен айналысқан Қырғызстандағы алғашқы ұйым", - деді Бішкек қаласындағы "Үміт-Надежда" балаларды оңалту орталығының өкілі Оксана Анарбаева.
Өзбекстанда да инклюзия мәселелеріне үлкен көңіл бөлінуде. Ерекше балаларға көмек көрсету үшін түрлі орталықтар жұмыс істейді. Бұл туралы форумда Йимон ата-аналар клубының төрайымы Наргиз Махмудова айтты.
"Біз Даун синдромы және басқа ееркше балаларға, сондай-ақ олардың ата-аналарына әлеуметтік бейімделуге көмек көрсету орталығын құрдық. Қазақстандағы халықаралық фестивальде ата-аналар мен орталықтар мүмкіндігі шектеулі балаларды дамытуға байланысты көптеген мәселелерді қандай жолдармен шешетінін, қандай бағытта жұмыс істейтінін білгіміз келеді. Әрине, бізде бұл мәселеде ілгерілеу бар. Бірақ басқа елдердің тәжірибесі біз үшін пайдалы болар еді", - деді өзбекстандық сарапшы.
Нұр-Сұлтан қаласындағы Ерекше балалардың ата-аналар одағы өкілі Сергей Головацкийдің айтуынша, көптеген ата-аналар үшін өздерінің ерекше балаларымен ортақ тіл табу оңайға соқпайды.
"Фестивальдегі белсенді тәжірибе алмасу балалармен тіл табысудың жаңа тәсілдерін білуге мүмкіндік береді деп ойлаймын. Ерекше балалар мен олардың ата - аналары өзара түсіністікке қол жеткізген кезде, біздің қызметіміздің нәтижесі туралы айтуға болады", - деп атап өтті ол.
Фестивальге ерекше балалар ата-аналарының сүйемелдеуімен түрлі елдерден келді, олар өткізілген іс-шарадан алған әсерлерімен бөлісті.
"Біз осындай ауқымды халықаралық фестивальге алғаш рет ерекше балаларды қолдау мақсатында қатысып отырмыз. Мұндай кездесулер пайдалы. Себебі басқа ата-аналармен тәжірибе алмасуға мүмкіндік бар. Олардың ерекше балаларды дамыту мәселелерін қалай шешетінін біліп отырмыз. Біздің балаларымыз үшін осындай іс-шараларды өткізу соншалықты жағымды эмоциялар береді, олармен бірге қуанасың", - деді Нукус қаласынан (Қарақалпақстан) келген Гүлчехра Раимова.
Грузиядағы "Миракулум" интегративті медицина орталығының директоры Андрей Максимов негізгі немесе қосалқы ауруларды диагностикалау және түзету жайлы сөз қозғады.
Мүмкіндігі шектеулі балалармен жұмыста М.Монтессори әдісін қолдану туралы Ресейдегі балалар мен жасөспірімдерді тәрбиелеу бойынша мұғалім Анна Ющенко әңгімеледі.
Фестиваль аясында түрлі елдерден келген балаларға арналған екі күндік мәдени-сауықтыру бағдарламасы ұйымдастырылды. Үздік мамандардың қатысуымен арт-терапия жұмыстары жүргізіліп, мотивациялық фильмдер мен мультфильмдер көрсетіледі.