Халық сөзін айтатын биік мінбер: «Miras» отырысы өтті
Халық сөзін айтатын биік мінбер: «Miras» отырысы өтті
«AMANAT» партиясының «Miras» кеңесінде Ұлттық құрылтайдың мақсаты мен міндеті талқыланды деп хабарлады turkystan.kz.
16 маусым күні ел тарихында тұңғыш рет ұлт ордасы Ұлытауда елдің елеулі азаматтарының басын қосқан Ұлттық құрылтай өткені белгілі. Осы орайда Кеңес төрағасы, Мәжіліс депутаты Аманжол Әлтай құрылтайдың мақсаты мен міндетіне тоқталды.
«Құрылтай – ата-бабамыздан келе жатқан аса маңызды шешім қабылдайтын ұлық жиын. Ол – дала демократиясының жарқын көрінісі. Біз ата-баба аманатын арқалап, жолын жалғап, көне дәстүрді жаңғырттық. Арада ғасырлар өтсе де, мақсатымыз ортақ – бірлікті бекем етіп, алқалы жиында ұлтымыздың болашағын айқындайтын шешімдер қабылдау», – деді ол.
Өз кезегінде «Егемен Қазақстан» АҚ Басқармасының төрағасы, «AMANAT» партиясы Саяси бюросының мүшесі Дархан Қыдырәлі құрылтайды ашық қоғамның тағы бір көрінісі деп бағалап, оның өзге кеңесу алаңдарынан айырмашылығын кеңінен тарқатып айтты.
Оның айтуынша, қазір «Құрылтай» деп аталатын арнайы мобильді қосымша жасалып жатыр. Ол күзде іске қосылады. Мобильді қосымша арқылы кез келген азамат өз ұсынысын құрылтайға жолдай алады.
«Құрылтайдың Ұлттық кеңестен артықшылығы мұнда аймақтардағы кеңестердің өкілдері қатысады. Жергілікті жерлердегі мәселелер де тыс қалмауы үшін арнайы телевизиялық жоба қолға алынады. Ол – «Хабар» және «Qazaqstan» телеарналарының ұйымдастыруымен өтетін үлкен бағдарлама. Яғни, Ұлттық құрылтай мәселелерді жылына бір рет болатын жиында талқылап қоймай, үздіксіз жұмыс істейтін үлкен алаң болады», – деді Б.Жексенбай.
Өз кезегінде «Хабар» агенттігі» АҚ Басқарма төрағасы Берік Уәли телеарнада «Ұлттық құрылтай» деп аталатын арнайы телемарафон және Мемлекет басшысы айтқан еңбек адамына құрметті насихаттау үшін арнайы жобалар дайындалып жатқанын жеткізді.