Жаңалықтар

«Әлі сенбей жүрмін»: 100 олимпиада жеңімпазы марапатталды

ашық дереккөзі

«Әлі сенбей жүрмін»: 100 олимпиада жеңімпазы марапатталды

Елордада IQanat республикалық оқушылар слеті өтіп, оған еліміздің барлық облысындағы 164 аудан-ауылдарынан 750 оқушы қатысты. Слеттің әр күнінде түрлі тренинг-шара мен балалар үшін қызықты, танымдық семинарлар ұйымдастырылды  деп хабарлады turkystan.kz.    Слеттің соңғы күні де мазмұнды әрі жоғары деңгейде өтті. Балалар білім саласындағы алғаш «Оскар» марапаттау рәсіміне қатысты. «IQANAT білім беру қоры» ҚҚ атқарушы директоры Камила Башарова слетке қатысқан барлық бала «жүзден жүйрік, мыңнан тұлпар» екенін, сол үшін де осындай үлкен шараға қатысып отырғандарын атап өтті. «Мұнда жеңіліс тапқандар жоқ, сіздердің әрқайсыларыңыз – көптеген кедергілерді жеңіп, осы жерде бас қосып отырсыздар. Барлығыңызды слеттің сәтті аяқталуымен құттықтай отырып, білім мен жаңалыққа деген құштарлықтарыңызды оята алдық деген сенімдеміз. 100 бала ғана мектебімізге грант алғанымен, қалған 650-і біздің олимпиадалық білім беру бағдарламаларымен қамтылады және оларды 11-сыныпқа дейін ҰБТ-ны табысты тапсыруға жеткізетін боламыз», – деп атап өтті Камила Башарова. Бұл слеттің әр қатысушы үшін маңызы болғаны сөзсіз. Тіпті, жеңімпаздар қатарынан көрінбеген балалар да дән риза. «Жүз жеңімпаз қатарына кіре алмағаныма қарамастан, өте қуаныштымын. Өйткені еліміздің астанасында осындай үлкен мерекеге қатыстым. Оқу-ағарту министрі Асхат Аймағамбетовпен кездесуде ол біздің, яғни қазіргі балалар үшін көптеген мүмкіндіктер бар екенін айтты. Сондықтан мен өз арманымды орындау үшін барлық мүмкіндікті пайдаланатын боламын», – дейді Солтүстік Қазақстан облысы Айыртау ауданы Саумалкөл ауылынан келген Дильназ Жақыпова.