Досаев алматылықтарға үндеу жасады

Досаев алматылықтарға үндеу жасады

Досаев алматылықтарға үндеу жасады
ашық дереккөзі
Алматы қаласының әкімдігі мен «Алматы қаласын дамыту орталығы» АҚ «Алматы қаласын дамытудың 2025 жылға дейінгі жоспарының негізгі басымдықтары және 2030 жылға дейінгі орта мерзімді перспективалары» атты жобаны жалпы талқылауға ұсынды деп хабарлады turkystan.kz. Құжат жобасы «Алматы қаласын дамыту орталығы» АҚ сайтында жарияланған. Құжатта Алматының тарихи рөлін, оның мәртебесін, экономикалық әлеуетін және ағымдағы ахуалды ескере отырып анықталған қаланы дамытудың қысқа және орта мерзімді басымдықтары көрсетілген. Құжаттың мазмұны Алматы қаласын дамытудың 2025 жылға дейінгі жоспары мен оның 2030 жылға дейінгі орта мерзімді перспективалары, Алматының 2040 жылға дейінгі Бас жоспары және Алматы агломерациясын 2030 жылға дейін дамытудың Кешенді жоспары сынды жобаларды одан әрі пысықтау мен қабылдау үшін негізге алынбақ. Жоба 7 бөлімнен тұрады – «Жайлы қалалық орта», «Тұрақты экономикалық өсу», «Басқарылатын урбанизация», «Әлеуметтік орнықтылық пен тұрақтылық», «Жасыл Алматы», «Смарт сити», «Қауіпсіз қала». Құжатта көрініс тапқан бастамаларды іске асыру қаланың үйлесімді кешенді дамуына қол жеткізуге мүмкіндік береді, оның басты мақсаты жайлы, инклюзивті және қауіпсіз қалалық орта құру болып табылады. Қала әкімі Ерболат Досаев тұрғындарды аталған жобаны белсене талқылауға шақырды.
«Біз қаланың болашақ дамуын әр түрлі саладағы белсенділермен және сарапшылармен талқыладық, тұрғындарымыздың мыңдаған өтініштеріне талдау жасадық, қала өмірінің барлық салаларының жағдайын зерттедік. Бұл – Алматыны жақсы білетін және жақсы көретін, оның өзгеруін, одан әрі дамуын және сапалы өсуін қалайтын 40-тан астам тәуелсіз сарапшылар жұмыс жасаған біздің ұсыныстарымыз. Біздің басты мақсатымыз – мегаполистің барлық тұрғындарының өмір сүру деңгейін сапалы арттыру. Бүгін Сіздерге ағымдағы ахуал мен алдағы сын-тегеуріндердің шынайылығын ескере отырып, Алматының 2030 жылға дейінгі даму жолдары мен перспективалары нақтылы ұсынылды», - деді Досаев.
Жобаны қоғамдық талқылауға қаланың әрбір тұрғыны қатыса алады,  7 бөлімнің әрқайсысы бойынша пікір білдіріп, ой бөлісуге болады. Жиналған деректер «Алматы қаласының 2025 жылға дейінгі даму жоспарын және оның орта мерзімді перспективаларын» талқылау және пысықтау кезінде кешенді түрде өңделіп, пайдаланылатын болады. Сондай-ақ, сайтта құжатқа сілтемені әлеуметтік желілерде және мессенджерлерде бөлісу мүмкіндігі қарастырылған. Құжат 1 шілдеге дейін жалпы талқылауда болады.