Түркия университетінің делегациясы ҚазҰУ-де қонақ болды

Түркия университетінің делегациясы ҚазҰУ-де қонақ болды

Түркия университетінің делегациясы ҚазҰУ-де қонақ болды
ашық дереккөзі
Түркиядағы Ибн Халдун университетінің делегациясы әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетіне арнайы сапармен келді деп хабарлады turkystan.kz. Құрметті меймандар қатарында Ибн Халдун университетінің ректоры, профессор Атилла Аркан, Қамқоршылық кеңесінің төрағасы, доктор Ирфан Гүндүз, төраға орынбасары Біләл Ердоған, халықаралық байланыстар бөлімінің директоры Енес Иалман және Гейдар Әлиев атындағы Еуразиялық зерттеулер орталығының директоры, профессор Яшар Сары бар.  width= Қос тарап шағын құрамда кездесу өткізіп, ортақ мәселелерді талқылады. Жүздесуде Ибн Халдун университеті Қамқоршылық кеңесі төрағасының орынбасары Біләл Ердоған QS WUR рейтингінде жоғары жетістікке жеткен ҚазҰУ ұжымын құттықтады.
«Әл-Фараби орта ғасырдың аса көрнекті ойшылы ретінде түркі халықтарының рухани мәдениетінде айрықша із қалдырды. Осы орайда, Қазақстанның көшбасшы университеті – ҚазҰУ-дің әл-Фараби есімімен аталуы үлкен мәртебе. Президент Режеп Тайып Ердоғанмен кездесуде Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев екі ел арасындағы серіктестік күн санап дамып келе жатқанын атап өткен болатын. Екі ел басшыларының ресми кездесуі нәтижесінде 15 келісімге қол қойылды. Соның ішінде білім беру саласына ерекше назар аударылған еді. Бүгінгі кездесуден соң Ибн Халдун мен ҚазҰУ арасында оқытушылар мен студент алмасу бойынша бірқатар бағдарлама іске асырылатынын атап өткім келеді», – деді  Нежмеддин Біләл Ердоған.
Сонымен қатар кездесуде сөз сөйлеген Ибн Халдун университеті Қамқоршылық кеңесінің төрағасы Ирфан Гүндүз ғылым мен білім саласындағы ынтымақтастық бойынша бірқатар ұсыныстарын жеткізіп, ҚазҰУ-мен серіктестікті дамытуға дайын екенін жеткізді. Өз кезегінде әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің ректоры Жансейіт Түймебаев білім ордасында атқарылған жұмыстар мен алдағы мақсаттарына тоқталды. Бүгінде білім ордасы әлемнің 500-ден астам университетімен, соның ішінде Түркияның 21 жоғары оқу орнымен табысты ынтымақтастық орнатқан. Қазір оқу ордасында 32 түркиялық студент білім алуда. Өзара тәжірибе алмасу мақсатында ҚазҰУ-де Түркияның түрлі университеттерінен 49 профессор дәріс оқып, PhD докторанттарға ғылыми жетекшілік етті.
«Осы жылдың мамыр айында Қазақстан Президентінің Түркия мен Қырғыз Республикасына мемлекеттік сапары аясында біз Ыстамбұл және Бішкек қалаларында ҚазҰУ-дің филиалын аштық. Алдағы жұмыстар білім беру сапасын түбегейлі жақсартуға және елдің әлеуметтік-экономикалық дамуындағы ғылым үлесін арттыруға бағытталады», – деді университет басшысы.
Жансейіт Түймебаев өз сөзінде ынтымақтастық пен өзара іс-қимылды кеңейтуге бағытталған бастамаларды қолдауға ниетті екенін атап өтті. Шара соңында Ибн Халдун университеті мен әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті академиялық білім беру туралы келісімге қол қойды.