Қазақ топырағын басқанда ғана өзіңнің кім екеніңді толық сезіне аласың – Үмітхан Гүлерюз, Түркия қазағы
Қазақ топырағын басқанда ғана өзіңнің кім екеніңді толық сезіне аласың – Үмітхан Гүлерюз, Түркия қазағы
Өткен аптада әлемнің тоғыз елінде тұратын 30-ға жуық қазақ жастары жаңа тынысы ашылған Семей жерінде бас қосты. Сыртта жүрсе де, Қазақстан десе елең етпей қоймайтын олар «Отандастар қорының» ұйымдастыруымен Алаш астанасында өткен «Киелі Қазақстан – 2022» жобасына қатысты. Онда Түркиядан келген қандасымыз Үмітхан Гүлерюз Қазақстанның түрлі аймағына түрік кәсіпкерлерін тартып, екі ел арасындағы мәдениет және сауда-саттық елшісі болғысы келетінін жеткізді. Семейден Ыстанбұлға оралғанына алты күн болса да, атажұртқа алғаш жасаған сапарынан алған әсерін айтып тауыса алмай жүрген Үмітханға хабарласып, әңгімелескен едік.
Семейде бас қосқан қандастар[/caption]
– Қор өкілдері Қазақстанға түрік кәсіпкерлерін тартуды бірінші болып бастама көтерген сіз екенін айтады.
– Мен Қазақстан мен Түркияның арасында мәдениет және сауда елшісі болғым келеді. Түркиядағы кәсіпкер достарыммен жиі кездесіп тұрамын, сондай кездесулерде олардың Қазақстанда бизнес ашқан тиімді екенін, екі ел кәсіпкерлері арасындағы жұмыс жемісті болатынын үнемі айтып жүрмін. Қазақстан мен Түркияның туыстас қалалары арасындағы байланысты нығайтқымыз келеді. Осылайша, Түркия мен Қазақстан арасындағы қарым-қатынас беки түседі. Қазақстан мен Түркия – достығы жарасқан, бауырлас елдер. Бәрінен бұрын Қазақстан – біздің атажұртымыз. Қазақстан дамыса, түрік әлемі де қарқынды дамиды. Түріктер де Қазақстанды көргісі, жақыннан танып-білгісі келеді. Қазақстан мен Түркия арасындағы ынтымақтастық нәтижесінде іске асырылатын әр жоба түрік әлемінің ілгерілеуіне үлкен үлес қосатыны айтпаса да түсінікті. Одан бөлек, менің идеям іске асса, Қазақстанда жұмыс орындары да көбейеді. Бауырларымыз өзіне қызық іспен шұғылдана алады. Діттегенімді іске асыру үшін алдымен Ыстанбұлдағы консулмен ақылдастым. Сондай-ақ кезінде Қазақстанның Түркиядағы Төтенше және өкілетті елшісі болған, қазір «Отандастар қорын» басқаратын Абзал Сапарбекұлымен жақсы араластық. Қандай істі қолға алсақ та, алдымен ол кісіні іздеп, онымен ақылдасуға асығамыз. Түркиядағы қазақтардың түгелі Абзал мырзаны жақсы таниды әрі ерекше құрметтейді. Сондықтан ішімде пісіп жүрген бұл идеяны ол кісіге де айттым. Бұйырса, келесі айда Түркиядан он беске жуық кәсіпкер Қазақстанға бармақ. Мен өз тарапымнан түрік кәсіпкерлерінің Қазақстанға іскерлік және мәдени турлар аясында жиі келуін қамтамасыз етуге тырысамын.
– Семейден Ыстанбұлға оралғаныңызға алты күн болса да, бұл сапардан алған әсеріңізді айтып тауыса алмай жүргеніңізді байқадық.
– Қазақстанға алғаш рет келгендіктен, расымен есімді әлі жия алмай жүрмін. Атажұртымыздың мәдениет пен тарихқа бай екеніне көзім жетті. Қазақстанға барғанда түсінгенім – Қазақстанға бармаған сырттағы қазақ өзін «қазақпын» деп ойламасын. Неге десеңіз, Қазақстанға барғанда ғана өзіңнің кім екеніңді толық сезе аласың. Топырағына табаным тиген сәттегі әсерімді сөзбен айтып жеткізе алмаймын. Киелі Семей жері қазақ екенімді ерекше сезіндірді. Семейдің табиғатын өзім туып-өскен Алтайға қатты ұқсаттым. Семейде туған ауылымда жүргендей күй кештім. Тіпті, біз барған бір ауылдағы үйді көргенде ауылдағы үйді көргендей болдым. Ұйымдастырушылар Шәкәрім университетіне, Абайдың «Жидебай-Бөрілі» мемлекеттік қорық мұражайына, сондай-ақ Абай ауданында орналасқан Жидебайға апарып, әкелді. Осы сапарда ұлы Абай туралы көп мәліметке қанығып қайттым. Біз үшін ол туып-өскен жердің топырағын басудың өзі бір бақыт. Одан бөлек, қазақ жастарымен бірге ән шырқадық. Ертіс өзенінің бойын араладық. Айтпақшы, Шәкәрім университетіне барған кезде үш студент қыз жоқтау өлең айтты. Бұл өлең бізге әсер етпей қоймады. Көзімізге жас алып, ерекше күй кештік. Семей сөзбен сипаттап жеткізе алмайтын «тәтті» сәттермен есімізде қалды. Қайтар күні бізді кешке асқа шақырған Семей қаласы әкімінің орынбасары айрықша қонақжайлылық танытты. Мұндай мейірімді жандар өзі қалаған биіктен асып түскенін қалаймын. Осы ретте біздің асты-үстімізге түсіп, көңілімізді баққан семейліктерге зор алғыс білдіргім келеді. 30 жыл ішінде бұрын-соңды мұндай эмоцияны бастан кешірмегенмін. Төбем көкке екі елі жетпей, қатты қуандым. Ондағылар Орта жүздегі біз тарайтын Керейлер Семейде көп тұратынын айтты. Сондықтан ата-бабаларымның жерінде жүрмін деп есептеп, көкірегім толғанша атажұрттың саф ауасын сіміре жұтып, рақаттанып жүрдім. Тіпті, сағатқа да қарамадым. Мен үшін күн мен түн бірдей болды. Көпке дейін ұйықтамай, ерекше жерді кезіп, көп қыдырдым. Елшілікте жұмыс істеген Мерей деген бауырымыздың үйлену тойына бардық. Осылайша, қазақ тойы қалай өтетінін көріп, марқайып қайттық. Бір қызығы, Түркияда үйлену тойын Қазақстандағыдай өткізбейді. Үстелге қойылатын тағам түрлері аз, Қазақстандағыдай ойындар ойнатылмайды, көп ән де айтылмайды. Сіздерде тойда тіпті әкесі, анасы, әпкесі, бауыры бәрі-бәрі ортаға шығып, ақ жарма тілегін айтады екен. Ал Түркияда олай емес. Тойға келген барлық кісінің жастарға деген игі тілегін, аппақ ниетін жеткізгеніне риза болдым. Сосын тағы бір айта кететін жайт, сіздерде той сағат түнгі бір жарымда аяқталады екен. Ондағылар «бұл қайта ерте қайтқанымыз ғой» дейді. Ал бізде тойға келгендер түнгі он бір жарымда тарқайды. Ұмытып барады екенмін, Франция, Германия, Ресей, Өзбекстан, Иран, Моңғолия, Қырғыз Республикасы, Беларусь елдерінен келген 30 белсенді қазақпен таныстырған да – осы Семей жері.