Тарихтың көшін сүйреген

Тарихтың көшін сүйреген

Тарихтың көшін сүйреген
ашық дереккөзі
1991 жыл. Әрине, қазақ халқы үшін қасиетті де қастерлі бұл жылды оқырманға таныстырып жатудың өзі ар­тық. Нақ осы жылдың наурыз айында біздің бүгінгі кейіп­кері­міз Тұяқбай Зейітұлының ғылыми-педагогикалық қызметінің жаңа бір кезеңі басталды. Тарқатып айтсақ, ол осы жылы әл-Фара­би атындағы ҚазМУ-ды тәмам­да­­­ғаннан кейін өзінің еңбек жолын бастаған А.Пушкин атындағы Орал педагогикалық инс­титутының тізгінін ұстап, ректорлық лауа­зымға жайғасқан еді. Көп ұзамай ата-бабамыз ғасырлар бойы аңсаған азаттықтың ақ таңы­ның атуы – қырық­тың қырқасына шық­қан қыр­ма сақал жігіттің мойнына атан тарт­пас ауыр жүкті бір­ге ала келді. Сол уақыт үшін жас ғылым док­­­торының алдында отар­шылдықтан әбден езіліп, жаншылған қазақ хал­қының ұлттық тарихи санасын жергілікті жерде қалыптас­тыру жолында қыруар жұмыс күтіп тұрды. Иә, ел тәуелсіздігі һәм «бостандық же­лі­нің есуімен» бірге қоғамның есті бө­лігінің жаппай тарих жазуға құлшына кіріс­кені сондай – өлкетанушы да, жазушы да, зейнеткер де, инженер де бір-бірінен еш қалысқан жоқ. Бұл заңдылық еді. Хакім Абай «Өлеңге әркімнің де бар таласы» деп айт­пақшы, сол бір елең-алаң шақта қазақ хал­қының ата тарихына деген сұранысы жой­қын болатын. Өкініштісі, сол кезде еліміз­де, соның ішінде аймақтарда өз ісінің «жілігін шағып, майын ішетін» кәсіби тарихшылар же­тіспей жатты. Осы ретте өңірлердегі осын­дай мамандар жетіспеушілігін дер кезінде аң­ғарған Тұяқбай Рысбековтің өз заман­дас­тары­ның арасында орны оқшау, шоқтығы биік. Олай дейтін себебіміз, көп ұзамай алыс­ты болжап, қиядағыны шолатын қырағы бас­шының мұрындық болуымен 1991 жылы Ба­тыс Қазақстан мемлекеттік универ­си­те­­тін­де Қазақстан тарихы кафедрасы құрылған-ды. Иә, тағы да өткенге сәл шегініс жа­сайық. Осыдан 25 жыл бұрын Тұяқ­бай Зейітұлының 50 жылдық мерейтойына ар­нал­ған торқалы тойда оның «Өскен өлке тарихы» атты еңбегінің тұсауы кесілген бола­тын. Сол жолы Ақжайық топырағына Кеңес Нұрпейісов, Хангелді Әбжанов бастаған елі­мізге танымал мүйізі қарағайдай ғалым­дар­дың ат басын бұруы, олардың конференцияда жа­саған баяндамалары мен дөңгелек үстелде жер­гілікті зиялы қауыммен кездесуі – сол кез­дегі республикамыздың бір бүйірінде тып-ты­ныш жатқан провинциялық қала үшін әжеп­тәуір жаңалық болған-ды. Беделді ғалым һәм білікті басшының ұйытқы болуымен бір­те-бірте үлкен ғылыми орталықтағы көр­некті ғалымдармен байланыс аясы кеңейіп, М.Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік университеті жанынан Отан тарихы (Қазақстан Республикасы тарихы) ма­мандығы бойынша алғашында кан­ди­дат­тық, кейін докторлық диссертациялық кеңес ашылып, тұрақты жұмыс істей бастады. Бұл аймақтарда ғылымға қанат қаққан жас із­денушілерді орталыққа барып қорғау қиын­дығынан құтқарып, оларға материалдық һәм моральдық тұрғыдан зор қолдау көрсеткен игі­лікті іс болып шықты. Академик Т.Рыс­беков ғылымға құлшыныс білдірген қазақтың өрімдей жастарын қанатының астына алып, ғылымдағы әкелік қамқорлығын еш аямады. Соның нәтижесінде ол ғылымға ынтасы мен табиғи икемі бар көкөрім қазақ жастарына бағыт-бағдар беріп, өлке тарихының тыны­сын ашты. Шәкірттері де ұстаздарының үмітін ақтауға ұмтылып, ұзақ ізденістен кейін, бірінен кейін бірі кандидаттық, қайсыбірі докторлық диссертацияларын сәтті қорғап жатты. Оларды балапанынан бауы­рына басып тәрбиелеп, қанаттарын қа­тайтты және осы жылдар ішінде өзінің де қо­лынан қаламы еш түскен жоқ. Ондаған кітап жазып, өлке тарихшыларының көшін бастады. Сайып келгенде, Ақжайық өңірінде соны сүрлеуге түскен жас тарихшы-ға­лым­дардың шоғыры пайда болып, ака­демик Т.Рысбековтің тарихи мектебі қалыптасты. Мұны мойындамау – ақиқатқа қиянат. Сөйтіп, Тұяқбай Зейітұлы университет ректоры ретінде сан салалы жұмыстарымен бірге, ғылыми істі ұйымдастырушылық ба­ғытта да жарқырай көрініп, тек Батыс ай­маққа емес, республикаға танымал ірі ғы­лыми мектептің іргетасын қалады. Сөз жоқ, Отан тарихы ғылымының арналы саласының бірі – өлке тарихы. Туған өлке тарихының түйт­кілдерін толық тарқату бүкіл Қазақ тарихымен тұтасқанда ғана ұлттың жасам­паздық рухы екі есе асқақтайды. Өлке тарихын – Отан тарихынан әсте бөліп қарауға болмайды. Білетіні­міз­ден білмейтініміз мол, сыр-жұмбағын ішіне бүгіп жатқан өлке тарихының қатпар-қатпар қыртыстарына сарабдалдықпен тереңдеп, салиқалылықпен ден қою – зерттеушілік ғұ­мырын өлке тарихына арнаған, тарих ғылымдарының докторы, профессор, ака­демик Т.Рысбековтің өнегелі өмір жолына тән. Қазіргі уақыт – бірегей тұлғаның зерттеуші ғалым ретінде жиған-терген білім кенінің, ақыл-парасатының һәм соны пайымдарының әбден толысқан кемел шағы. Соңғы жыл­дар­дағы еңбектері тәжірибелі ғалымның ұзақ жылға созылған ғылыми ізденістерінің қоры­тылып-екшеленген, әбден жүйеленіп-сараланған жемісі десек артық айтқанымыз емес. Өйткені Тұяқбай Рысбеков жай не әуес­қой тарихшы емес, кәнігі тіс қаққан кәсіби тарихшы. Әрине, ғалым шығармаларының жұ­лын тұтасын құрайтын оның өлке тари­хына арналған еңбектері. Иә, басшылық, ашып айтсақ 20 жылға жуық ректорлық қыз­метте жүріп ғылыммен, соның ішінде негі­зінен өлке тарихымен үзіліссіз айналысу біз­дің бүгінгі кейіпкеріміздің мамандығына де­ген адалдығы мен шексіз махаббаты деп тү­сінеміз. Мұқият зерделеген жанға өте жауапты екі саланы қоса алып жүру – әлемдік жә­не өз тәжірибемізде де бар үрдіс. Мәселен, неміс классикалық философиясының және ро­мантизм философиясының негіздеушісі Георг Вильгельм Фридрих Гегель (1770-1831) Берлин университетінің ректоры бола жүріп, фи­лософиялық жүйесі мен диалектикалық әдісін аяқтап үлгерген-ді. Осы ретте қазақтың біртуар перзенті Санжар Асфендияровтың Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық уни­верситеті болып құрылған Қазақ мем­лекеттік университетінің алғашқы ректоры (1928-1931), Алматы медицина институты­ның ұйымдастырушысы және тұңғыш рек­торы (1931-1933) қызметімен қоса қаншама ғы­лыми еңбек жазғанын еске түсірсек те жет­кілікті. Сөздің қысқасы, тарихшы-ғалым ұзақ жыл ЖОО-ғы ұйымдастырушылық-бас­шылық қызметтен қол үзбей жүріп, өзінің бүкіл-болмысымен, жан дүниесімен сүйетін Қазақстан тарихын жанына мәңгілік серік етіп, екі тізгін, бір шылбырды тең ұстады. Атам қазақтың «Екі кеме құйрығын. Ұста, жетсе бұйрығың» деген қанатты сөзі бекер­ден-бекер айтылмаса керек. Сайып келгенде, ұрпақтар сабақтастығын жадынан шы­ғармаған тәжірибелі ғалым «үндемей жүріп, үлкен іс бітіріп», тәуелсіздіктің 30 жылында өлке тарихының «жапырағын жайған алып бәй­терегіне» айналып, өңірімізде аяғынан қаз тұрған ғылыми мектептің ырғақты жұмыс істеуіне жағдай жасады. Тәуелсіздігіміздің таңсәрісінде ұлт тари­хының туын ұстаған академик Ма­наш Қозыбаев «Менің жұлдызым» атты мемуарлық еңбегінде еліміз бойынша өңір тарих­шыларының көшін бастап жүрген тарих­шылардың алдыңғы сапында Т.Рыс­бековтің есімін атаған болатын. Тегінде «ұлы дариялардың ағысы білінбей терең, арналы ағады» деген даналық нақыл осындай жайсаң жан­дарға арналса керек-ті. Жазарыңыз таусылмасын, ұлағатты Ұстаз!

Жаңабек ЖАҚСЫҒАЛИЕВ, М.Өтемісов атындағы БҚУ-дің доценті, тарих ғылымдарының кандидаты