Наурызбектің өнері шетел қазақтарына қалай жетті?

Наурызбектің өнері шетел қазақтарына қалай жетті?

Наурызбектің өнері шетел қазақтарына қалай жетті?
ашық дереккөзі
Бесқала қазақтарының мақам-саздары, оның ­ішін­де Наурызбек жырау саздары Қарақал­пақстан өңірі­нен асып, байтақ қазақ жеріне 1970 жыл­дары жет­ті. Оның таралуына қызылордалық Бо­лат­бек Ердәу­ле­тов, батысқазақстандық Жақ­сы­лық Сәрсенғалиев, Қа­ламқас Орашевалар көп үлес қос­ты. Ақтөбе өңірінен ар­найы іздеп барған Орда­бай (Бақтыгерей) Санды­бай­ұлы жыраудан Наурыз­бек­тен көптеген мақам-саз үйре­ніп, 1992 жылы жыр­шылар студиясын ашып, жастарды жыр­шылық өнер­ге баулыды. Осылайша, Бесқала қазақ­тарының му­зыкалық мәдениеті жайылып, күллі қазақ­тың құ­лағына сіңе бастады. Ал дүниежүзі қазақтарына та­ралуына 1989 жылы 22-23 шілде күндері қазіргі Рес­публика сарайында тұңғыш рет өткен респуб­ли­калық таң­даулы жыршылардың байқауында үздік өнерімен көзге түскен белгілі жырау, Нау­рызбектің шәкірті Өсербай Сәрсенбайұлының әсері көп болды. Сол кон­церт­те ерекше орындау шебер­лігімен тыңдау­шы­ларды бір серпілткен Өсербайды халық сахнаға үш рет шақырып қайта-қайта терме орындатқаны YouTube желісінде тұр. Аталған жыр­шылар концертінің бейне­жаз­басы кезінде Еуропа қазақтарына кең тараған. Наурыз­бек жыраудың шәкірті Өсербай Сәрсенбайұлы­ның 2019 жылы жарық көрген «Ақсүйек домбырамды қолға алайын» кітабында Наурызбек саз-мақам­дары­ның Еуропа қазақтарына жайылғаны жайында бы­лайша әңгі­мелейді: «Осы естелігіме тағы бір маңыз­ды оқи­ғаны қос­қым келеді. Алматыда Қуан­дық деген жерлес ініміз­дің үйлену тойы болып, келін­нің бетін ашуға және бір-екі терме айтуға бардым. Беташар өтіп, той бас­тал­ды. Қуандық ініміз Астанада бір айтулы жерде қызмет атқарады. Соған орай қызметтегі достары, жақындары көп келген. Жақын және алыс шетелден келген қонақ­тар да баршылық. Той­дың ортасына келгенде асаба ме­нен халыққа тер­ме айтып беруімді өтінді. Домбырам­ды алып, микрофонға жақындап, жырымды бастадым. Халық тыңдап жатыр, бірақ ықыласы онша емес секілді. 9-10 минут жырлап, енді кетуге ыңғайланып жатқа­ным­да төрден бір жігіт жүгіріп келіп, мені құшақтап аман­дасты. Қолында 100 доллары бар бұл бала шетелден кел­ген қандас екен. Микрофонды алып: «Сіздер Өсербай ағаның қа­дірін білмейсіздер. Бұл кісі жыр айтқанда жақ­сылап тыңдау керек. «Алтынның қолда барда қадірі жоқ» деген. Бірақ Өсекең біздің елде қадірлі. Еуропа қазақтары әр екі-үш айда бас қосып жиналамыз, сонда осы Өсербай ағаның жырын тыңдаймыз. 1989 жылы Республика сарайында айтқан жыры­ның көшірме лентасы бізде бар. Соны бүкіл Еуропа қа­зақтары Германияның Кельн қаласында тың­дағанбыз. Түркия қазақтары да жиналып тыңдайды. Сіздер жырау ағамызды жақсылап тыңдап, қадірлей біліңіздер», – деп халыққа, әсіресе жастарға өкініші мен өтінішін білдірген болатын. Мен алыстағы қандастардың бұл ықылас-пейіліне риза болып, бір марқайдым. 1989 жылы конкурс біткеннен кейін Ыстанбұлдың бір белгілі азаматы сондағы лентаға түскен жыр-термемнің көшірмесін алып кетті деп естіп едім. Мүмкін, бұлар соны көбейтіп алған шығар деп ойладым. Жоғарыда айтылған Еуропа қазақтарының мені танып, құрметтеуіне де сол себеп болса керек. Ол уақытта мен қарақалпақ қазақтары атынан қатысқанмын. Жүргізуші де «Қарақалпақ демесең келген жері, Өсербай да өнердің шын жүйрігі» деп бір шумақ өлеңмен таныстырған болатын. Ол кезде Кеңес Үкіметінің уақыты. Аллаға сыйыну, біссіміллә айту, ру айту деген жоқ кез. Сонда да Алла жар болсын деп халықты бір сілкіндіріп алу үшін өзімнің таныстыру толғауымнан бастадым, халық жақсы тыңдады, сахнадан жібермеді. Тағы бір рет орындап ем, сонда да зал жібермей, үшінші рет Кенен атамыздың «Қазақтан өткен талайлар» деген толғауымен аяқтап, сол жарыста «Үздік жыршы» атанғанмын. Сол кезде айтқан термелерім сонша жылдан бері бүкіл алашқа танытты, әлі де абыройымды асырып, көтеріп келеді». (Ө.Сәрсенбайұлы. Ақсүйек домбырамды қолға алайын. Алматы, 2019. 44-45-беттер). 2011 жылы колледжде бірге оқыған шығыстүркістандық Жарқын Рақымқашұлының үйлену тойына шақырылып, Іле аймағының Тоғыз­тарау ауданы Жырғалаң елді мекенінде мейман болдық. Арадан бір-екі күн өте бере сол Жырғалаңның ішінде бір жасы үлкендер «Қазақстаннан өнерпаз жастар келді деп естіп жатырмыз, бізге де келсін, шаңырағымыздан дәм татсын» деп сәлем айтып жіберіпті. Жолбасшыға ілесіп, домбырамызды қолымызға алып, шақырған үйге екі-үш адам болып бардық, бізді үй иесі есік алдына тігілген киіз үйде қар­сы алды. Амандасып жатырмыз, олар да «Аймағымызға қош кел­діңдер!» деп жылы шыраймен күтіп алып, киіз үйге кіргізді. Киіз үйдің төрінде дене бітімі толықтау келген бір жасы үлкен қария мен жас шамасы елулерден өткен орта бойлы бір кісі отыр. Бізді шақыртқандар солар екен. Амандасып, қолынан алып, қастарына барып жайғастық. Сауалдарына қарай, жауап беріп, өзімізді таныстырып, Алматыдан тойға келген қонақ екенімізді айтып жатырмыз. Көп ұзамай «Бұл – Камал Мақайұлы деген күйші аталарың» деп жасы кішісі қасындағы қарт адамды таныстырды. Өзін де таныстырып еді, есімі есімде қал­мапты. Сонымен, біршама әңгіме айтылып, шай ішіп бола бере олар біздің өнер көрсетуімізді сұрады. Мен екі-үш терме айтып бола бер­генім­де күйшінің қасында отырғаны «Ә, Наурызбек, Өсербай жыраулардың әуенімен айтады екенсің ғой, жақсы екен» деп ризашылығын білдіріп жатыр. Әму бойының саз-мақамдарын сонау Іле аймағындағы қазақ­тардың танып, біліп отырғанына таңданып: «Наурызбек, Өсербай жы­рауларды білетін бе едіңіз?» деп едім, ол кісі: «Иә, олардың орын­дауынан жазылған дыбыс жазбалар кезінде бұл өңірге көп тарады, ол жыраулардың терме-толғауларын талай тыңдадық қой», – деді. Көп дүниеден хабарсыз жас кезіміз ғой, Наурызбек мақамдары сырт­тағы қазақтарға беймәлім шығар деп ойлайтынмын. Расында, олай емес екен. Жалпы, шетелдегі қандастарымыз қазақтың ұлттық өнеріне, оның ішінде домбырамен қосылып шырқайтын халық әндері мен термелерді құмарта тыңдайтынын байқаймыз. Бірақ ол жақтағылар дәл Наурызбек жырауды біледі, тыңдайды деп ойламаппын. Ал ақын Ахмет Өмірзақ ағамыз айтқан мына бір әңгіме мені таң­ғалдырды: «Мен 1987 жылдың 6 тамызы мен 1989 жылдың 11 қаң­тарына дейін Кеңес армиясының Ауғанстандағы шектеулі кон­тингенті құрамындағы 40 армияның 108-Баграм дивизиясына қарас­ты Жабал-ус-сарадж деген жердегі полктың 3-батальоны, 8-ротасында әскери қызметімді өтедім. Ротамыз Ауғанстандағы әйгілі Саланг тауындағы асуда орналасқан тоннелдің жанында орналасқан. Біз ротадан 5-6 шақырымдай төменде, жол бойындағы заставада тұрдық. Сол кезде заставалардағы солдаттарға сырттан хабарласып, түрлі нәр­се сатып жүретін ауған саудагерлері болатын. Жеңіл автокөлікпен келіп тапсырыс қабылдап, оны кейін әкеліп беріп тұратын. Әрине, олар тым еркін емес, офицерлердің көзіне түспеуге тырысатын. Бірде солар келгенде әркім әртүрлі нәрсеге тапсырыс беріп жатты: біреу шетелдік спорт киімін, біреу сол кезде қолға түсе бермейтін жапон магнитофонын, тағы біреу тағы бірдеңені әкелуін сұрады. Ал мен қазақша әндер жазылған кассета керек дедім. Әрине, осылар соны табады дейсің бе деген де ой болды. Біздің айтқандарымызды қағазға жазып алып кеткен олар бір аптадан соң тапсырысымызды әкеліп берді. Маған екі кассета әкеліпті. Сеніңкіремей «мұны қайдан таптыңдар?» дегенімде «Кабулда тұратын қазақтарда бар екен, солар­дан көшіріп алдық», – деді. Расын айтсам, сенер-сенбесімді білмедім. Жалпы, Ауғанстанда қазақтар бар дегенді естігеніммен, көзіммен көр­мегем ғой. Сөйтіп, кейін кассетаны заставадағы магнитофонға қойып көрсем, расымен қазақша! Біреуіне «Тамаша» театрының әзіл-сықақтары мен сонда орындалған әндер, екіншісіне термелер жазы­лыпты. Терме болғанда да Наурызбектің орындауындағы термелер! Таңғалдым. Қасымдағы өзбек, орыс, латыш ұлтының жігіттеріне «это мой земляк, жырау, который исполняют народные песни» деп та­ныс­тырып жатырмын. Өкініштісі сол, екі-үш рет тыңдағаннан кейін сол кассеталарды жоғалтып алдым. Қыстың күні бушлат киіп, соның қалтасына салып жүргенімде түсіп қалыпты... Сөйтіп, Нәукеңнің даусын ауған жерінде де тыңдағанмын. Бала кезіңнен термесі құла­ғыңа сіңіп қалған жыраудың даусын жат елде жүргенде естудің әсері сұмдық болады екен. Ауылым, онда жүріп магнитофоннан терме тыңдаған кездер есіме түсіп, біраз көңілім босаған». Міне, бір жарым жылға жуық ауған елінде әскери қызметін өтеп, аман-сау елге жетіп, бүгінде поэзия мен журналистикада бір кісідей еңбек етіп жүрген Ахмет ағамыз осылай дейді. Демек, жарықтық Нәукеңнің даусы сонау Ауғанстан қазақтарына дейін жеткен болып тұр ғой. Жоғарыдағы әңгімеге қайта оралсақ, Наурызбек жырау шығар­ма­шы­лығының туған жерінен асып, әлем қазақтарына кеңірек таралуына Өсербай Сәрсенбайұлы зор еңбек етті, ол 1989 жылы Қарақалпақстаннан Өзбекстанның Жизақ уәлаятының Мырзашөл ауданына көшіп барды. Мырзашөл ауданының орталығы Гагарин қаласындағы мәдениет үйінің жанынан жыршылар мектебін ашып, жастарға Наурызбек жыраудың мақам-саздарын үйретті. Бірақ ол мектеп Өсербай Сәрсенбайұлының Алматыға көшуіне байланысты 1994 жылы жұмысын тоқтатты. Мырзашөлде 1989-1994 жылдары жұмыс істеген бұл мектептен де көптеген жас жыршы тәрбиеленіп шықты, олардың бірқатары бүгін­де ел арасында Наурызбек жырау мұраларын дәріптеп жүр, олар­дың арасынан Абылай, Ахат Бөріхановтарды бөліп, ерекше атай аламыз. Өсербай Сәрсенбайұлы Наурызбек жырау мақамдарын на­сихаттау мақсатында 2001 жылы Ақтау қаласындағы халық шығар­машылығы орталығынан да жыршылар мектебін ашты. Ақтаудағы аталған өнер мектебі 2001-2005 жылдары жұмыс істеп, бұл жерден де көптеген шәкірт тәрбиеленіп шықты. Осылайша, Өсербай Сәрсенбайұлы Наурызбек мұраларын жырлау арқылы ғана емес, өзі ұйымдастырған жыршылар мектебінде жастарға оқыту арқылы да кеңінен насихаттады. Наурызбек жыраудың терме-толғауларын, мақам-саздарын, жыр­лаған жырларын тек өз қазағы ғана емес, Әму бойын жайлаған қара­қалпақ, өзбек, түрікмендер де ықыластана тыңдап, сый-сияпатын жасап, тойларына арнайы шақырып, жырлатып отырған. Бұл оның қазаққа ғана емес, туысқан саналатын өзге де түркі халықтарына да сыйлы болғанын аңғартады. Қарақалпақстанның халық жырауы Алдаберген Тасқынбайұлының (1926-2007) шәкірті, белгілі жыршы Еркінбай Бабақұлов Наурызбек жырауды түрікмендердің де зор ықыласпен тыңдағаны жайлы мынадай қызықты әңгіме айтып берген еді: «Ташауыз облысында түрікмен ұлтынан шыққан Социалистік Еңбек Ері Әшір Қақабаев той беріп, Наурызбекті арнайы шақырыпты. Нәукең жырлап болған соң баяғы ақшамен он жеті мың сом ақша түс­кен екен. Той аяқталып, орамал ортада түюлі тұрған уақытта той иесі жырауға жап-жаңа қызыл «Жигули» жеңіл автокөлігін әкеліпті. Ол кезде құрға түскен ақшаның бір бөлігі той иесіне беріліп, бір бөлігін жырау алатын болған. Сол үрдіспен Нәукең Қақабаевқа «мынау тойдікі» деп ақшаны бергенде той иесі: «Мынау «Жигули» де, ақша да сенікі. Маған «Қақабаевтың тойына Наурызбек жырау келіп жырлады» деген атақтың өзі – абырой, жетпей жатқан дүние жоқ» депті. Әшір Қақабаев Түрікменстанның Көне Үргеніш ауданында колхоз бастық болған адам екен. Нәукеңнің жырлағанына қатты риза болған бір түрікмен делебесі қозып, «қатырдың, қазақ, қатырдың» деп басындағы шөгірмесін лақтырып жіберген деген де әңгіме бар». Белгілі журналист Қали Жолдасов Наурызбек мақамдары Бұхара, Науайы аймағындағы қазақтарға да танылғанын, ондағы жұртшылықтың зор ықыласпен тыңдағанын айта келіп: «Наурызбек жыраудың мақамын тұңғыш рет біз сонау 1970 жылдары, Тауелібайдың (қазіргі Өзбекстанның Науайы облысының түгелдей қазақтар мекендеген Тамды, Кенимех, Үшқұдық аудандары) танымал жыршысы Қалдаш (Қалдыбек Сәдіров) ағадан естідік. «Енді Бесқаланың даңғайыр жырауы Наурызбектің сөзінен тыңдаңыздар…» деп орындалу стилі біз күнде тыңдап жүрген әуен­дерден жылдам, сөзі түйдек-түйдек, ерекше әуенді термелерді төге жөнелгенде арқаланып отырып тыңдайтынбыз» деп еске алады. Осылайша, Наурызбек жыраудың даңқы Әму бойын жайлаған қа­­зақ, қарақалпақ, өзбек, түрікмен халықтары арасына ғана емес, Еуропа, Қытай, Ауғанстан қазақтарына да белгілі болды. Жырауды өзі туып-өскен Бесқала өңірінен өзге Өзбекстанның Науайы, Тамды, Үшқұдық, Бұхар, Хорезм, Хиуа, Гүрлен, Хазарасп, Самарқанд, Кат­тақорған өңірлеріндегі қазақтар да тойларына жиі шақырып, бірнеше күндеп жырлатса, Түрікменстанның Ташауыз, Көнеүргеніш, Қасқа­жол, Ашхабат, Мары, Шаржау аймақтары да көп шақырып, көп жыр­лат­ты. Қарақалпақстан, Өзбекстан, Түрікменстан Республикаларындағы қа­зақтар көп шоғырланған өңірлердің бәрі де Наурызбек жыраудың алуан түрлі сазбен орындаған терме-жырларын ықыластана тыңдады, ешкімге ұқсамас орындаушылық өнерімен ерекшеленген әйгілі жырау Қазақстан және Орталық Азия аймақтарында үлкен құрметке ие болды.

Күнқожа ҚАЙРУЛЛА, Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясының аға оқытушысы