Наурызбектің өнері шетел қазақтарына қалай жетті?
Наурызбектің өнері шетел қазақтарына қалай жетті?
Бесқала қазақтарының мақам-саздары, оның ішінде Наурызбек жырау саздары Қарақалпақстан өңірінен асып, байтақ қазақ жеріне 1970 жылдары жетті. Оның таралуына қызылордалық Болатбек Ердәулетов, батысқазақстандық Жақсылық Сәрсенғалиев, Қаламқас Орашевалар көп үлес қосты. Ақтөбе өңірінен арнайы іздеп барған Ордабай (Бақтыгерей) Сандыбайұлы жыраудан Наурызбектен көптеген мақам-саз үйреніп, 1992 жылы жыршылар студиясын ашып, жастарды жыршылық өнерге баулыды. Осылайша, Бесқала қазақтарының музыкалық мәдениеті жайылып, күллі қазақтың құлағына сіңе бастады. Ал дүниежүзі қазақтарына таралуына 1989 жылы 22-23 шілде күндері қазіргі Республика сарайында тұңғыш рет өткен республикалық таңдаулы жыршылардың байқауында үздік өнерімен көзге түскен белгілі жырау, Наурызбектің шәкірті Өсербай Сәрсенбайұлының әсері көп болды. Сол концертте ерекше орындау шеберлігімен тыңдаушыларды бір серпілткен Өсербайды халық сахнаға үш рет шақырып қайта-қайта терме орындатқаны YouTube желісінде тұр. Аталған жыршылар концертінің бейнежазбасы кезінде Еуропа қазақтарына кең тараған. Наурызбек жыраудың шәкірті Өсербай Сәрсенбайұлының 2019 жылы жарық көрген «Ақсүйек домбырамды қолға алайын» кітабында Наурызбек саз-мақамдарының Еуропа қазақтарына жайылғаны жайында былайша әңгімелейді: «Осы естелігіме тағы бір маңызды оқиғаны қосқым келеді. Алматыда Қуандық деген жерлес ініміздің үйлену тойы болып, келіннің бетін ашуға және бір-екі терме айтуға бардым. Беташар өтіп, той басталды. Қуандық ініміз Астанада бір айтулы жерде қызмет атқарады. Соған орай қызметтегі достары, жақындары көп келген. Жақын және алыс шетелден келген қонақтар да баршылық. Тойдың ортасына келгенде асаба менен халыққа терме айтып беруімді өтінді.
Домбырамды алып, микрофонға жақындап, жырымды бастадым. Халық тыңдап жатыр, бірақ ықыласы онша емес секілді. 9-10 минут жырлап, енді кетуге ыңғайланып жатқанымда төрден бір жігіт жүгіріп келіп, мені құшақтап амандасты. Қолында 100 доллары бар бұл бала шетелден келген қандас екен.
Микрофонды алып: «Сіздер Өсербай ағаның қадірін білмейсіздер. Бұл кісі жыр айтқанда жақсылап тыңдау керек. «Алтынның қолда барда қадірі жоқ» деген. Бірақ Өсекең біздің елде қадірлі. Еуропа қазақтары әр екі-үш айда бас қосып жиналамыз, сонда осы Өсербай ағаның жырын тыңдаймыз. 1989 жылы Республика сарайында айтқан жырының көшірме лентасы бізде бар. Соны бүкіл Еуропа қазақтары Германияның Кельн қаласында тыңдағанбыз. Түркия қазақтары да жиналып тыңдайды. Сіздер жырау ағамызды жақсылап тыңдап, қадірлей біліңіздер», – деп халыққа, әсіресе жастарға өкініші мен өтінішін білдірген болатын. Мен алыстағы қандастардың бұл ықылас-пейіліне риза болып, бір марқайдым.
1989 жылы конкурс біткеннен кейін Ыстанбұлдың бір белгілі азаматы сондағы лентаға түскен жыр-термемнің көшірмесін алып кетті деп естіп едім. Мүмкін, бұлар соны көбейтіп алған шығар деп ойладым. Жоғарыда айтылған Еуропа қазақтарының мені танып, құрметтеуіне де сол себеп болса керек. Ол уақытта мен қарақалпақ қазақтары атынан қатысқанмын. Жүргізуші де «Қарақалпақ демесең келген жері, Өсербай да өнердің шын жүйрігі» деп бір шумақ өлеңмен таныстырған болатын. Ол кезде Кеңес Үкіметінің уақыты. Аллаға сыйыну, біссіміллә айту, ру айту деген жоқ кез. Сонда да Алла жар болсын деп халықты бір сілкіндіріп алу үшін өзімнің таныстыру толғауымнан бастадым, халық жақсы тыңдады, сахнадан жібермеді. Тағы бір рет орындап ем, сонда да зал жібермей, үшінші рет Кенен атамыздың «Қазақтан өткен талайлар» деген толғауымен аяқтап, сол жарыста «Үздік жыршы» атанғанмын. Сол кезде айтқан термелерім сонша жылдан бері бүкіл алашқа танытты, әлі де абыройымды асырып, көтеріп келеді». (Ө.Сәрсенбайұлы. Ақсүйек домбырамды қолға алайын. Алматы, 2019. 44-45-беттер).
2011 жылы колледжде бірге оқыған шығыстүркістандық Жарқын Рақымқашұлының үйлену тойына шақырылып, Іле аймағының Тоғызтарау ауданы Жырғалаң елді мекенінде мейман болдық. Арадан бір-екі күн өте бере сол Жырғалаңның ішінде бір жасы үлкендер «Қазақстаннан өнерпаз жастар келді деп естіп жатырмыз, бізге де келсін, шаңырағымыздан дәм татсын» деп сәлем айтып жіберіпті. Жолбасшыға ілесіп, домбырамызды қолымызға алып, шақырған үйге екі-үш адам болып бардық, бізді үй иесі есік алдына тігілген киіз үйде қарсы алды. Амандасып жатырмыз, олар да «Аймағымызға қош келдіңдер!» деп жылы шыраймен күтіп алып, киіз үйге кіргізді. Киіз үйдің төрінде дене бітімі толықтау келген бір жасы үлкен қария мен жас шамасы елулерден өткен орта бойлы бір кісі отыр. Бізді шақыртқандар солар екен. Амандасып, қолынан алып, қастарына барып жайғастық. Сауалдарына қарай, жауап беріп, өзімізді таныстырып, Алматыдан тойға келген қонақ екенімізді айтып жатырмыз. Көп ұзамай «Бұл – Камал Мақайұлы деген күйші аталарың» деп жасы кішісі қасындағы қарт адамды таныстырды. Өзін де таныстырып еді, есімі есімде қалмапты. Сонымен, біршама әңгіме айтылып, шай ішіп бола бере олар біздің өнер көрсетуімізді сұрады. Мен екі-үш терме айтып бола бергенімде күйшінің қасында отырғаны «Ә, Наурызбек, Өсербай жыраулардың әуенімен айтады екенсің ғой, жақсы екен» деп ризашылығын білдіріп жатыр.
Әму бойының саз-мақамдарын сонау Іле аймағындағы қазақтардың танып, біліп отырғанына таңданып: «Наурызбек, Өсербай жырауларды білетін бе едіңіз?» деп едім, ол кісі: «Иә, олардың орындауынан жазылған дыбыс жазбалар кезінде бұл өңірге көп тарады, ол жыраулардың терме-толғауларын талай тыңдадық қой», – деді. Көп дүниеден хабарсыз жас кезіміз ғой, Наурызбек мақамдары сырттағы қазақтарға беймәлім шығар деп ойлайтынмын. Расында, олай емес екен.
Жалпы, шетелдегі қандастарымыз қазақтың ұлттық өнеріне, оның ішінде домбырамен қосылып шырқайтын халық әндері мен термелерді құмарта тыңдайтынын байқаймыз. Бірақ ол жақтағылар дәл Наурызбек жырауды біледі, тыңдайды деп ойламаппын.
Ал ақын Ахмет Өмірзақ ағамыз айтқан мына бір әңгіме мені таңғалдырды: «Мен 1987 жылдың 6 тамызы мен 1989 жылдың 11 қаңтарына дейін Кеңес армиясының Ауғанстандағы шектеулі контингенті құрамындағы 40 армияның 108-Баграм дивизиясына қарасты Жабал-ус-сарадж деген жердегі полктың 3-батальоны, 8-ротасында әскери қызметімді өтедім. Ротамыз Ауғанстандағы әйгілі Саланг тауындағы асуда орналасқан тоннелдің жанында орналасқан. Біз ротадан 5-6 шақырымдай төменде, жол бойындағы заставада тұрдық. Сол кезде заставалардағы солдаттарға сырттан хабарласып, түрлі нәрсе сатып жүретін ауған саудагерлері болатын. Жеңіл автокөлікпен келіп тапсырыс қабылдап, оны кейін әкеліп беріп тұратын. Әрине, олар тым еркін емес, офицерлердің көзіне түспеуге тырысатын.
Бірде солар келгенде әркім әртүрлі нәрсеге тапсырыс беріп жатты: біреу шетелдік спорт киімін, біреу сол кезде қолға түсе бермейтін жапон магнитофонын, тағы біреу тағы бірдеңені әкелуін сұрады. Ал мен қазақша әндер жазылған кассета керек дедім. Әрине, осылар соны табады дейсің бе деген де ой болды. Біздің айтқандарымызды қағазға жазып алып кеткен олар бір аптадан соң тапсырысымызды әкеліп берді. Маған екі кассета әкеліпті. Сеніңкіремей «мұны қайдан таптыңдар?» дегенімде «Кабулда тұратын қазақтарда бар екен, солардан көшіріп алдық», – деді. Расын айтсам, сенер-сенбесімді білмедім. Жалпы, Ауғанстанда қазақтар бар дегенді естігеніммен, көзіммен көрмегем ғой. Сөйтіп, кейін кассетаны заставадағы магнитофонға қойып көрсем, расымен қазақша! Біреуіне «Тамаша» театрының әзіл-сықақтары мен сонда орындалған әндер, екіншісіне термелер жазылыпты. Терме болғанда да Наурызбектің орындауындағы термелер! Таңғалдым. Қасымдағы өзбек, орыс, латыш ұлтының жігіттеріне «это мой земляк, жырау, который исполняют народные песни» деп таныстырып жатырмын. Өкініштісі сол, екі-үш рет тыңдағаннан кейін сол кассеталарды жоғалтып алдым. Қыстың күні бушлат киіп, соның қалтасына салып жүргенімде түсіп қалыпты... Сөйтіп, Нәукеңнің даусын ауған жерінде де тыңдағанмын. Бала кезіңнен термесі құлағыңа сіңіп қалған жыраудың даусын жат елде жүргенде естудің әсері сұмдық болады екен. Ауылым, онда жүріп магнитофоннан терме тыңдаған кездер есіме түсіп, біраз көңілім босаған». Міне, бір жарым жылға жуық ауған елінде әскери қызметін өтеп, аман-сау елге жетіп, бүгінде поэзия мен журналистикада бір кісідей еңбек етіп жүрген Ахмет ағамыз осылай дейді. Демек, жарықтық Нәукеңнің даусы сонау Ауғанстан қазақтарына дейін жеткен болып тұр ғой.
Жоғарыдағы әңгімеге қайта оралсақ, Наурызбек жырау шығармашылығының туған жерінен асып, әлем қазақтарына кеңірек таралуына Өсербай Сәрсенбайұлы зор еңбек етті, ол 1989 жылы Қарақалпақстаннан Өзбекстанның Жизақ уәлаятының Мырзашөл ауданына көшіп барды. Мырзашөл ауданының орталығы Гагарин қаласындағы мәдениет үйінің жанынан жыршылар мектебін ашып, жастарға Наурызбек жыраудың мақам-саздарын үйретті. Бірақ ол мектеп Өсербай Сәрсенбайұлының Алматыға көшуіне байланысты 1994 жылы жұмысын тоқтатты.
Мырзашөлде 1989-1994 жылдары жұмыс істеген бұл мектептен де көптеген жас жыршы тәрбиеленіп шықты, олардың бірқатары бүгінде ел арасында Наурызбек жырау мұраларын дәріптеп жүр, олардың арасынан Абылай, Ахат Бөріхановтарды бөліп, ерекше атай аламыз. Өсербай Сәрсенбайұлы Наурызбек жырау мақамдарын насихаттау мақсатында 2001 жылы Ақтау қаласындағы халық шығармашылығы орталығынан да жыршылар мектебін ашты. Ақтаудағы аталған өнер мектебі 2001-2005 жылдары жұмыс істеп, бұл жерден де көптеген шәкірт тәрбиеленіп шықты. Осылайша, Өсербай Сәрсенбайұлы Наурызбек мұраларын жырлау арқылы ғана емес, өзі ұйымдастырған жыршылар мектебінде жастарға оқыту арқылы да кеңінен насихаттады.
Наурызбек жыраудың терме-толғауларын, мақам-саздарын, жырлаған жырларын тек өз қазағы ғана емес, Әму бойын жайлаған қарақалпақ, өзбек, түрікмендер де ықыластана тыңдап, сый-сияпатын жасап, тойларына арнайы шақырып, жырлатып отырған. Бұл оның қазаққа ғана емес, туысқан саналатын өзге де түркі халықтарына да сыйлы болғанын аңғартады. Қарақалпақстанның халық жырауы Алдаберген Тасқынбайұлының (1926-2007) шәкірті, белгілі жыршы Еркінбай Бабақұлов Наурызбек жырауды түрікмендердің де зор ықыласпен тыңдағаны жайлы мынадай қызықты әңгіме айтып берген еді: «Ташауыз облысында түрікмен ұлтынан шыққан Социалистік Еңбек Ері Әшір Қақабаев той беріп, Наурызбекті арнайы шақырыпты. Нәукең жырлап болған соң баяғы ақшамен он жеті мың сом ақша түскен екен. Той аяқталып, орамал ортада түюлі тұрған уақытта той иесі жырауға жап-жаңа қызыл «Жигули» жеңіл автокөлігін әкеліпті. Ол кезде құрға түскен ақшаның бір бөлігі той иесіне беріліп, бір бөлігін жырау алатын болған. Сол үрдіспен Нәукең Қақабаевқа «мынау тойдікі» деп ақшаны бергенде той иесі: «Мынау «Жигули» де, ақша да сенікі. Маған «Қақабаевтың тойына Наурызбек жырау келіп жырлады» деген атақтың өзі – абырой, жетпей жатқан дүние жоқ» депті. Әшір Қақабаев Түрікменстанның Көне Үргеніш ауданында колхоз бастық болған адам екен. Нәукеңнің жырлағанына қатты риза болған бір түрікмен делебесі қозып, «қатырдың, қазақ, қатырдың» деп басындағы шөгірмесін лақтырып жіберген деген де әңгіме бар». Белгілі журналист Қали Жолдасов Наурызбек мақамдары Бұхара, Науайы аймағындағы қазақтарға да танылғанын, ондағы жұртшылықтың зор ықыласпен тыңдағанын айта келіп: «Наурызбек жыраудың мақамын тұңғыш рет біз сонау 1970 жылдары, Тауелібайдың (қазіргі Өзбекстанның Науайы облысының түгелдей қазақтар мекендеген Тамды, Кенимех, Үшқұдық аудандары) танымал жыршысы Қалдаш (Қалдыбек Сәдіров) ағадан естідік. «Енді Бесқаланың даңғайыр жырауы Наурызбектің сөзінен тыңдаңыздар…» деп орындалу стилі біз күнде тыңдап жүрген әуендерден жылдам, сөзі түйдек-түйдек, ерекше әуенді термелерді төге жөнелгенде арқаланып отырып тыңдайтынбыз» деп еске алады.
Осылайша, Наурызбек жыраудың даңқы Әму бойын жайлаған қазақ, қарақалпақ, өзбек, түрікмен халықтары арасына ғана емес, Еуропа, Қытай, Ауғанстан қазақтарына да белгілі болды. Жырауды өзі туып-өскен Бесқала өңірінен өзге Өзбекстанның Науайы, Тамды, Үшқұдық, Бұхар, Хорезм, Хиуа, Гүрлен, Хазарасп, Самарқанд, Каттақорған өңірлеріндегі қазақтар да тойларына жиі шақырып, бірнеше күндеп жырлатса, Түрікменстанның Ташауыз, Көнеүргеніш, Қасқажол, Ашхабат, Мары, Шаржау аймақтары да көп шақырып, көп жырлатты.
Қарақалпақстан, Өзбекстан, Түрікменстан Республикаларындағы қазақтар көп шоғырланған өңірлердің бәрі де Наурызбек жыраудың алуан түрлі сазбен орындаған терме-жырларын ықыластана тыңдады, ешкімге ұқсамас орындаушылық өнерімен ерекшеленген әйгілі жырау Қазақстан және Орталық Азия аймақтарында үлкен құрметке ие болды.
Күнқожа ҚАЙРУЛЛА, Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясының аға оқытушысы