Мұхтар Шаханов шындығы
Мұхтар Шаханов шындығы
ТЕРЕЗЕСІ ЖОҚ ҚОҒАМ – МЕҢІРЕУ ҚОҒАМ
Біз естігенімізбен өмір сүреміз. Есту шындық үшін қосалқы есік те, өтірік үшін үшін басты есік. Шындықты біз көбіне көзбен көреміз, бірақ оны аз естиміз, ал таза қалпында мүлде естімейміз, себебі онда біреулердің қоспалары болады. Шындықтың мөрі басылған қауырсын парағы бізге осы жерде керек!
Әділ көзден ешқандай кемшілік таса қалмайды, ол алтынға оранып, мәуітіге малынып тұрса да, білінбей қала алмайды. Мұндайда жағымпаздықтың өзі мүсәпір күйде қалатынын өткен өмір көрсетіп берді. Себебі бізде оны күлге айналдырып жіберетін рух күші бар. Рух күші дене қайратынан басым, семсер сияқты. Ол – адамның қалқаны. Әлемде рухтың әлсіздігінен қаншама адам батылсыздықтан өлікке ұқсап күй кешіп жатыр. Бірақ бәрі бірдей емес, егер оған қол қойсақ, кешегі өткен батыр бабаларымыздың аманатын қайда қоямыз?! 1986 жылғы Желтоқсан көтерілісі қазақ батылдығын, тұтас ел болуға қабілеттілігін дәлелдеп берген сол рух күші болатын. Коммунистік билік құрылымы қазақты құл етуді қалады. Бірақ ол қитұрқы саясат өз дегеніне жетпеді. Қазақ өзінің ар-ұяты, намысы, рухы барын көрсетіп, авторитарлық билікке қарсы шықты. Осы табанды қарсылығымен «төңкеріске икемді ел ауру емес, төңкеріске қабілетсіз елдің ауру екенін» (Самюэль Хантингтон) іс жүзінде дәлелдеп берді. Алайда өз жеңілісін ешуақытта мойындап көрмеген коммунистік режим айдай әлемге «қазақ ұлтшылдығын» таңды. Онымен күресу керек болды. Оны жоғарғы мінберде айтып, қорғау керек болғанда ұлт қайраткері, ақын Мұхтар Шаханов үлкен батылдыққа барды.
Билікке ойындағысын бүкпесіз ашып айтты. Мұқаңның күрескер ретіндегі табандылығы – 1986 жылғы Желтоқсан көтерілісі кезіндегі басты ерлігі. Оны біз өз елімізде дәріптемесек те, өзгелер ашық айтып, көп жазды. Олардың бәрінде Мұқаң басты фигурант ретінде көрініс тапты. Біз осы жолда Мәскеу басылымдарында жарияланған біраз кітапты шолып шықтық. Мәселен, жазушы-журналист Александр Шевякиннің «17 таин Лубянки» кітабында «Тринадцатая тайна. После холодной войны. Горячее, горячее...» бөлімінде Алматыда болған оқиға салдары туралы 1989 жылы 6 маусымда КСРО халық депутаттарының І съезінде тұңғыш айтылып, арнайы комиссия құрылғаны туралы баяндалған. (Мәскеу, 2007 жыл, 276-бет). Сондай-ақ КСРО Қауіпсіздік комитеті төрағасының бірінші орынбасары, Алматыдағы «Метель» құрықтау операциясының жетекшісі болған армия генералы Ф.Бобковтың «КГБ и Власть» кітабының «Памятный декабрь 1986 года» бөлімінде де, Мұхтар Шахановтың қайсарлығы туралы жан-жақты айтылған. («КГБ и Власть» Мәскеу, «ЭКСМО», «Алгоритм – книга», 354-366-беттер).
Желтоқсан көтерілісін зерттеуші, Орталықтан келген тергеушілер тобының жетекшісі, КСРО Бас прокуратурасының аса маңызды істер бойынша тергеушісі В.Калиниченко өзінің «Дело о 140 миллиардах или 7 060 дней из жизни следователя» шығармасында «Д.А.Қонаев. Закат политической карьеры» бөлімінде Желтоқсан көтерілісі туралы арнайы комиссия құрылып, оған көрнекті мәдениет қайраткері М.Шахановтың басшылық жасағанын айтады. Атышулы тергеуші өз шығармасында Мұхтар Шахановтың ұсынысымен СОКП ОК-нің атышулы қаулысының («Қазақ ұлтшылдығы». авт) өзгертілуіне әкеліп соққанына қынжылыс танытады. Алайда оқиғаны зерттеу комиссияның құқық қорғау органдарындағы ұлты орыс қызметкерлеріне сенім көрсетілмей, оларға қысым жасалғанын да жасырмайды. Одан өзінің де таса қалғанын ескертеді. («Дело о 140 миллиардах, или 7060 дней из жизни следователя», Мәскеу, Центрполиграф 2017 жыл, 311-345-беттер).
Сол күндері Қазақстан Компартиясы ОК-нің бірінші хатшысы Колбиннің алаңға әскер кіргізу туралы ұсынысын қабылдамаған Орталық Азия әскерлерінің қолбасшысы генерал-полковник В.Лобов та өз естелігінде Мұқаңның ерлік істерін айтып өткен. Демек, Мұқаңды олардың мойындағаны. Қай шығарманы алмайық, олардың авторлары сол тұста комиссияның жұмысынан қаймыққанын байқайсың.
Мұхтар Шаханов КСРО Жоғарғы Кеңесінің депутаты ретінде олардың атақ-даңқына қарамай, кез келгенінен жоғары тұрды. Өзінің дискерциялық билігіне (лауазымды адамның немесе мемлекеттік органның өз қалауы бойынша әрекет етуі) қарай, олардың кез келгенін жауапқа тартуына болатын еді. Бірақ ол жоғарыдан келген эмиссарлармен компромиске бармады. Реваншистік күштер мен ревизионистердің ойлаған іс-қимылдарының жолын кесті. Әйтсе де, жымысқы іс-әрекеттерді ойлағандар өз ішімізден табылып жатты. 1986 жылы Жоғарғы Сот төрағасы қызметін атқарған Тамас Айтмұхамбетов өзінің «Арыс» баспасынан 2020 жылы шыққан «Мәңгілік мұрат» атты ғұмырнамалық кітабында: «...Шындық түбі бір шығады, айтылады... Желтоқсандықтардың тезірек босанып, ертерек ақталуына Орталық комитеттің әкімшілік органдары бөлімінің меңгерушісі Ефимовтың жеке басының қарсылығы, тосқауыл кедергісі болды. Сондай-ақ жоғарыда да айтып кеттім, орынбасарларым Пушечиников пен Ямалутдинов шамалары келгенше қарсыласып бақты. Жоғарғы Сот мүшелері арасынан төрт-бес адам Желтоқсан сарбаздарын түрмеден босатуға, олардың жазаларын жеңілдетуге ақырына дейін қарсы болумен өтті. Өкінішке қарай, сол себепті көп іс кейінге қалдырылып, талай уақытқа дейін оң шешімін таба алмай келді.
Ақиқат тек аздаған адамның үлесі, ал адасу кең таралған. Адасу болды, ақыры қайыр, «ештен кеш жақсы» деген, жастарымыз бостандыққа шықты, толықтай ақталды. Басын өлімге байлап, КСРО депутаттарының бірінші съезінде мінбеге шығып, бар шындықтың бетін ашқан Мұхтар Шаханұлының ерлігіне бас июіміз қажет. Ер туса, сондай болсын!» дейді. Бұл орайда Қазақстан Жоғарғы Сотының төрағасы шындығын айтқан.
ЛАКЕЙ БОЛУДАН БАС ТАРТТЫ
Ағысқа қарсы жүзу ниеті қашанда қауіпті. Сол күндері Мұқаңның сыртынан күндіз-түні қарауыл қойылды. Жоғары билік орындары онымен аз да болса компромиске баруға тиімді жолдар іздеді. Бұл жолда талайлардың бет-бейнесі айқындалып, миы шайқалды. Ақын бас шұлғыса болды, оның қалауы орындалатын еді. Алайда қайраткер алтын табақпен тартылатын тағамның бойына сіңбейтінін, ішегінің жұқа, оған үйренбегенін және өзінің жоғары қызметтер үшін жаратылмағанын айтты. Ол үшін шындық ақыл-ойдың ең жоғары қабаты болды. Сондықтан Мұқаң олардың алдында лакей болудан бас тартты. Әйтсе де, «қаппаса» да, «үріп» қалатындар табылып жатты. Сол кезде Мұқаңның жүрегі ауырмады ма?! Ауырғанда қандай, сол жүрек әлі де сырқатынан жазылған жоқ.
Атақты философ Марк Орэл өзінің «Ойлар» атты еңбегінде: «Күнде таңертең адамдар арасына барып қосылғанда: бүгін мен адам бейнесіндегі кейбір жыртқыштармен кездесем, оларды ызаландырмай, өзім таланбай, үйіме аман-есен оралуым керек» деген талап ұстанамын», – дейді. Мұқаң да сол күндері сәт сайын осындай тұжырым ұстанғаны аян.
Мұқаң – сұңғыла қайраткер. Оны қазақша тәпсірлесек, сұңғыла, яғни ғылыми тұрғыда айтсақ, «энтелехия» деп аталады. Философ Флоренскийдің пайымдауынша, энтелехия дегеніміз – белгілі бір ұлттың мыңдаған, миллиондаған жыл үзбей тірнектеп жинап, жанкештілігімен жетілдірген аса қымбат энергиялық өрісі. Яғни, жеке этностың өзін-өзі сақтаушы қуат қорғаны, имани иммунитеті, салт-дәстүрін ассимиляциядан сақтайтын берік қамалы. Энтелехиялық қуат күші әлсіреген халықтың болашағы күмәнді, ол тіпті белгілі қорғаны болмаса жер бетінен жоғалып кетуі мүмкін. Бұл бағытта біз бір құндылықты ескермедік. Тәуелсіздігімізді жариялай отырып, экономиканы жолға қоюмен қатар сананың отарсыздануы бойынша ревизия жасауымыз керек еді. Осыдан келіп түрлі мәселе туындады. Қоғам мен адамзаттың ар-намысына сүйенетін негізгі іргетасымызды дамыту кенжелеп қалды. Кей тұста ол әдейі жасалды.
Өткен өмірде Мұқаңды қолдағандардан гөрі сынағандар көп болды. Бірақ оның майданға әскерсіз қол бастап шыққан қолбасшы сияқты қоғамда болған келеңсіздіктермен жалғыз күресуіне тура келді. Онымен әлі де күресіп келеді. Бұл жолда онымен ымыраға келу машақаттың машақаты болып тұр. Ол машақат, әсіресе тілге қатысты. Ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлының: «Тілі жойылған ұлттың өзі де жоғалады» деген сөзін ту етіп көтерген. Ұлт қайраткерінің осы туды көтеріп келе жатқанына, міне – 35 жыл! Тіл бірлігі бұзылған жерде бірін-бірі түсінгісі, яғни мойындағысы келмейтін этностық-әлеуметтік топтардың пайда болып отырғаны да осыдан. Зерттеуші Дэвид Кристал: «Тіл жойыларда қостілділік пайда болады. Екі тілді ерткен екі мәдениет өзара шайқасқа түседі. Ақырында жеңімпаз мәдениеттің тілінде сөйлеушілер көбейеді. Ал әлгі жеңілген шағын мәдениеттің тілінде сөйлеуден басқа емес, өзінің жас ұрпағы ұяла бастайды. Ана тілінде сөйлеуге қысылатын сол ұрпақ «жеңімпаз мәдениеттің» аяғына жығылады. Аға ұрпақ – ата-ана қанша әуреленсе де, өз баласына ана тілін үйретуге шамасы жетпейді. Ең өкініштісі де осы», – дейді.
Ұрпақ сабақтастығы – үнемі жалғасып отыратын процесс. Француздың атақты ойшылы Жан Жак Руссо: «Өз балаларымызды ұлттық патриоттық рухта тәрбиелеу керек. Мен әр бала әріп танып, оқуды үйренісімен бірінші оқитыны өз елі туралы болса екен деймін. Әуелі бала өз мемлекеті не өндіретінін білсін. 12 жасқа келгенде Отанындағы қалалардан тартып, қара жолдарына дейін жатқа білетін болсын. 15 жасында тарихын меңгерсін, 16 жаста барлық заңынан хабардар болсын» депті. Тәрбие бесігі осылай болса керек. Ақынның басты бас, жүрек ауруы да осы алаң!
Бүгінде жек көруден гөрі сыпайылықпен көбірек кек алуға болады. Өзінің жауы туралы жағымды сөз айтатын адам кез келген мақтаудан жоғары тұрады. Қаһарман жалақордан өзінің айбыны мен ерлігі арқылы кек алады. Ал бұл қасиеттер ең бір ауыр күншілдікті де жеңіп шығады. Демек, айбын керек! Айтпақшы, фин халқында мағынасы тура аударуға келмейтін «сису» деген айбатты бір сөз бар. Ол сөздің мағынасы біздің өр мінезді, рухы мықты, еңсесі биік, ауызбіршілік дегенге келеді. Фин ғұламалары «сису» сөзін ұлттың табиғатына сай, еңсені көтеру сөзіне орайластырған. Бір кездері ұлт басына төнген дағдарыс кезінде финдерді осы өр рух «сису» сөзі алып шығыпты. Бұл сөз өзге Еуропа халықтарында, тіпті төркіні финдерге жақын Балтық бойы халықтарында да жоқ көрінеді. Ол тек қана бізде, қазақтарда ғана болып шықты. «Сису» сөзінің төркіні біздің «еңсеңді тіктемей, рухың көтерілмейді», «еңсең жығылмасын» дегенге келеді екен. Ал Азия белдігінде еңсесін биік ұстаған жапондар «Еуропа білімі, жапон рухы!» деген бір ғана формуламен даму жолына түсіп отыр. Күншығыс елі техникалық прогреске жетсе де, тілін, ділін, рухын сақтап қалды. Өршіл ақынның аңсауы да осы!
Мұхтар Шаханов туралы жазылған жағымды мақалалардан гөрі жағымсыз мақала көп. Олардың бәрі нысанаға дөп тимей жатты. Жағымды мақалалардың бірі ретінде қоғам қайраткері Сәпен Аңсатовтың «Алтынға сатылмайтын алып» мақаласынан үзінді келтіре кетейік: «...Мұхтар Шахановтың ерлігіндей ерлік қолынан келетін алыптар Қазақстанда болса төртеу-бесеу ғана. Кеңес өкіметі құламай тұрғанда – 1989 жылы Жоғарғы Кеңестің Мәскеудегі сессиясында «Арал проблемасын айтамын» деген «қулықпен» қазақстандық 19 депутаттың қолын қойғызып үш минутқа ғана мінбеге шығуға алған мүмкіндігін пайдаланып, 1986 жылғы Желтоқсан оқиғасындағы көтерілісшілерді аяусыз жаныштаған Мәскеудің құнқұйлы әрекетін әшкере еткен Мұхтар Шахановтың ерлігіне сүйсініп, «Мен бүгіннен бастап Шахановтың қойының кезегіне барамын» деген екен азаматтығымен де биік тұлға, академик Рымғали Нұрғали марқұм. Біз Шахановтың қойының кезегіне бармақ түгілі жариялы түрде қолдау білдірмейміз. Оның қайраткерлік қадамдарын іштей ғана құптап, кездесулерде залда отырып қол шапалақтаудан әріге бармай жүрміз». («Төртінші билік» №7, 10 сәуір).
Тәуелсіздіктен кейінгі жылдардағы қиындық, барар бағыттың айқындалмауы, жалпылама айтылған жазғырулар мен билікті кінәлау қатерлі сипат алып жатты. Ел билігінің көзі мен құлағы керенаулық дертіне ұшырады. 2009 жылы сол кездегі Мемлекет басшысы Қазақстанды «Америкалық ұлт» үлгісімен «Қазақстандық ұлт» жасағысы келген тұста Мұқаң оған тосқауыл ретінде жеке-дара аштық жариялады. Оны қолдаушылардың саны бірнеше мыңнан асып кетті. Бұл әрекет билікті алған бағытынан қайтарды. Осыдан соң қайраткер биліктің жағымсыз персонажына айналды. Үлкен үйде одан әдемі құтылудың жолы қарастырылды. Бұл – өмірде ежелден бар тәжірибе.
Адамзат тарихынан біз алдыңғы қатарлы, озық ақыл-ой иелерінің тағдырларынан біршама хабардармыз. Ежелгі грек қоғамында өмірге жаңа көзқарас пен таным алып келген Сократ өз отандастарының қолынан өлім құшқанын білеміз. Лермонтов орыс қоғамын сынға алғаны үшін Кавказға жер аударылып, жекпе-жек атыстан қаза болғанын, ал Грибоедовтың Санкт-Петербор сапарнамасын жазғаны үшін Иранға елшілікке қызметке жіберіліп, осы жерде парсылардың қолынан қаза болған оқиғаларын білетінбіз. Сол іспетті коммунистік жүйенің күйреу кезеңінен кейін ақын Мұхтар Шахановтың да өрекпіген үнін өшіру үшін қырғыз еліне тыныш елшілік қызметке жіберілгені де белгілі. Ал бұл қызмет барған жеріңнен рұқсатсыз өз еркіңмен бір қадам аяқ баспауға болмайтын үйқамақтың мәдениетті лауазымды қызмет түрі еді. Демек, ақынды уақытша оқшауда ұстау қажет болды.
ХХІ ғасыр адамзат баласының алдына күрделі де іргелі мәселелерді қойып отыр. Әлем жаһандану дәуіріне қадам басумен бірге тұтастану, бірігу үдерісіне батыл бет бұруда. Оған сырттай да, іштей де қарсылықтардың болатыны айқын. Мұндайда батыл ұстанымдар қажет. Оның бастауы – патриотизм! Егер патриотизм болмаса, мемлекет дербес өмір сүре алмай, өз ішінен дезинтеграцияға ұшырайды. Оның алдын алатын ұлттың патриоттары.
Рухани азғындықты заңмен түзей алмайсың. Осы бір талмауыр кезде Мұқаң ұлт зиялыларын ұлттық идеяларға мән беруге шақырды. Сол бір кезеңдерде қазақ ұлты дәстүрлі мәдениетті ұмытып, ұлттық санадан ажырап бара жатқан-ды. Әрине, материалдық тұрғыдан ешкім кедей бол деп айтпасы анық. Алайда қоғам материалдық өнім көлемін ұлғайтып, соның ықпалымен адами құндылықтарды байытуды да ұмытпауы тиіс еді. Бүгінде Тәуелсіздік алғанымызға 30 жыл толып отыр. Бірақ осы жылдары Батысқа еліктеп, қоғамның күйреу процесіне жол ашып алдық. Ата-бабаларымыз қалыптастырған рухани тіршілікке оралу қажет екенін еске алмадық. Мейлінше таза тіршілік ете отырып, рухани бай болуға негіз жасамадық. Қанау, озбырлық, тонау, алаяқтық, ашкөздік, тойымсыздық, ұрлық, тонау азғындыққа жол ашып берді. Кезінде өркениет әлеміне қол жеткізген талай елдің азып-тозып кеткен оқиғалары болған. Монтескьенің «Римнің құлауы» деген еңбегінде: «Рим керемет империя (қала) болған. Ол тек байлықты, билікті ойлағанның арқасында адамгершілік мұраттарынан, кісіліктен айырылып қалғандықтан құлады», – дейді. Одан сақтанған елдер де болды. Біз оған 30 жыл кешіктік!
АҚЫН БАҚЫТЫ
Бүгінгі түркі ұрпағы үшін ежелгі идеологиялық ұстын «Мәңгілік ел» идеясын жаңғырту – заман талабы. Өйткені адамзат тарихын түркілік мәдениетсіз, түркілік санасыз, түркілік тарихсыз елестету мүмкін емес. Асқар Сүлейменов: «Өмір – тән, өнер – жан. Тән тұншыққанда – жан шыңғырады», дейді. Мұқаңның шақыруы сол шақыру. Осы шақырулардың бәрін түптеп келгенде, Мұқаңның шығармаларынан оқи аламыз. Ақынның «Өркениеттің адасуы», «Жазагер жады космоформуласы» деген өлеңмен жазылған романдары ЮНЕСКО халықаралық ұйымының бастамасымен насихатталып, шығарма әлемнің көптеген тіліне аударылғаның көз алдыңызға елестетіп көріңізші! Мұндай бақыт бұған дейін әлемнің бірде-бір ақынына бұйырмаған екен. Бұл – әлем халқына соғылған қоңырау!
Ақын үшін ең қорқынышты
дүние – мәнсіз, мағынасыз ғұмыр кешу. Сондықтан ол бүкіл ғұмырын күреспен өткізіп келеді. Мұқаңның өз сөзімен айтсақ, «Ерлікті жасамаудан бағаламау әлдеқайда қауіпті». Тарихшы, ғұлама-ғалым Леонардо Брунидің 1416 жылы «История» еңбегінің алғашқы кітабы жарық көргенде Грек – Рим билігі оны ұлтқа сіңірген еңбегі үшін өмір бойы салықтан босатыпты. Бір-ақ кітап!? Біз баршамыз Мұқаңа биліктің атышулы «қазақ ұлтшылдығы» деген жалған айыптауды алып тастауға бастамашылдық танытқаны үшін де қарыздармыз.
Мұқаң өзінің бір сөзінде: «Отан – біздің үлкен анамыз. Әркім өз анасына сіңірген еңбегі үшін құрмет дәметпеуі керек!» дейді. Әйтсе де, ақын шетелдердің берген сыйлығынан құралақан емес. Оны Қазақстанға жасалған құрмет деп біледі.
Мұхтар Шахановтың жақынға дейін Қазақ Үкіметінен алған «Қазақстанның Халық жазушысы» деген жалғыз атағы болды. Жақында Ұлытау төрінде өткен Ұлттық құрылтайда Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Мұхтар Шахановты 80 жылдық мерейтойымен құттықтап, оған «Қазақстанның Еңбек Ері» атағын беріп, кеудесіне «Алтын жұлдыз» белгісін тақты. Бұл бүгінде дамудың жаңа бағытына бет бұрып, тұлғалы азаматтарының еңбегін лайықты бағалап жатқан қазақ билігінің қайсар ақынды мемлекеттік дәрежеде құрметтеуі деп білеміз.
Ермек ЗӘҢГІРОВ, Қазақстанның құрметті журналисі
ӘЛЕМ МҰХТАР ШАХАНОВ ТУРАЛЫ * * * «Мұхтар Шаханов – өзiнiң адасқақ дүлей дәуiрiнiң белсендi ар-ожданы. Оны билiк тұғырындағылар бағалай қояр ма екен? Бiрақ мен осындай азаматтың өзiме жақын дос екенiн мақтан етемiн». Расул ҒАМЗАТОВ, Дағыстан ақыны * * * «Ол – жаңаша ойлау дүниесiнiң өренi. Менiң пайымдауымша, мұндай өзгеше мән-мазмұнға ие ақын бүгiнге дейiн күллi Азия әдебиетiнде болған жоқ. Бұған көз жеткiзгiңiз келсе, оның поэмалардан құралған «Жазагер жады космоформуласы» («Шыңғыс ханның пенделiк құпиясы») атты алып тынысты романын оқыңыз. Нақ осындай заңғар деңгейдегi ақын ХХ ғасыр мен ХХI ғасыр аралығында бой көрсетуi керек-ақ едi. Ол ақынның Мұхтар Шаханов екенi даусыз». Шыңғыс АЙТМАТОВ, қырғыз жазушысы * * * Құдайым әр ақынға өз ұлтына осы Мұхтар Шахановтай еңбек етуді жазсын. Джон ЭШБЕРИ, Америка ақыны * * * Ашық айтар болсақ, бүгінгі өз замандастары арасында Еуропада Шахановқа тең келер ақын жоқ. Роберто ЧИУЛИ * * * Шахановтың «Өркениеттің адасуы» – нағыз шыншыл рухани дабылдар эпопеясы, ол – Орталық Азиядан оянған домалақ найзағайдай Батыс Еуропа кеңістігіндегі қара түнек ойларды селк еткізді. Фридрих ХИТЦЕР, неміс жазушысы * * * ...Мен «Өркениеттің адасуы» поэмасын оқып, поэзияға деген адалдық пен ризашылықты сезіндім. Бәрекелді, Мұхтар! Олжас СҮЛЕЙМЕНОВ, қазақ ақыны * * * Мұхтар Шаханов – өте терең қазақ ақыны, бірақ оған ұлттық шектеулілік жат, сондықтан мен оны үлкен болашақ күтіп тұр деп ойлаймын, өйткені ақын Шаханов өз халқының фольклорлық сарындарын, тарихи және заманауи даналығын сақтай отырып, оны әлемдік рухтың биіктігіне көтеруге тырысады. Евгений ЕВТУШЕНКО, орыс ақыны * * * О.Шпенглердің «Еуропаның күйреуі», А.Дж.Тойнбидің «Тарихты меңгеруі» – менің сүйікті кітаптарым. Енді менің кітап сөремде солардың қасында Мұхтар Шахановтың «Өркениеттің адасуы» тұр. Оскар Ариас САНЧЕС, Нобель сыйлығының лауреаты, Коста-Рика республикасының экс-президенті * * * Бакудың екі драма театрында Мұхтар Шахановтың «Сократты ескеру түні» (Шыңғыс Айтматовпен бірлесіп жазылған) және «Шыңғыс ханның пенделік құпиясы» шығармалары бойынша қойылған спектакльдер зор табыспен өтіп жатыр. Бұл ақынымыздың тек түрік дүниесінде ғана емес, күллі әлемдік поэзияда да алар орны ерекше екені белгілі. Полад БЮЛЬБЮЛЬОГЛЫ, Әзербайжан әншісі, актер, композитор Мұхтар Шаханов жер бетіндегі ең биік рухани ар-ождан ғана басқа адамдардың қайғысына төтеп бере алады, барлық әлемдік катаклизмдерді, тіпті Шыңғысхан секілділерді де жеңе алады деп уағыздайды. Мұхтар-қазақтың халқының философ-ақыны, демек оның поэзиясы да, халқының эпосы да мәңгілік. Иван ДРАЧ, украин Халық ақыны * * * Шаханов – қазіргі әлемдік өркениетті түсінуге өзінің қайталанбас қолтаңбасын қалдырған, біріктіруші талантқа ие ақын-философ. Сондықтан біз оны академиямыздың мүшесі етіп сайладық. Бір қызығы, «Өркениеттің адасуы» сияқты, «Жазагер жады космоформуласы» адам өмірінің көптеген моральдық принципін мүлдем басқа бағытта – кең поэтикалық-ғылыми-философиялық түсіндірмемен ұсынады. Автордың бұл ерекше әдісі, үлкен романдардың сюжеттері екі-үш беттен тұратын поэтикалық жолдарға енген кезде біздің компьютер дәуірінде поэтикалық сөздің жаңа мүмкіндіктеріне үлкен үміт оятады.Михаил БАХМУТСКИЙ, академик, халықаралық Калифорния Ғылым академиясының президенті