Жаңалықтар

Алаштың жарық жұлдызы

ашық дереккөзі

Алаштың жарық жұлдызы

Уақыт – төреші. Уақыт та, тарих та көр­­­­­сет­кен­дей, туған ұлты үшін ба­сын бәйгеге тік­­кен Алаш азаматтары қай­та­дан руханият кө­гі­не шықты. *** Барлыбек Сырттанұлы! Алаш ұранды рухты жылдардың қайт­пас қай­сар тұлғасы еді! Елінің мүддесі үшін, же­рінің тұтас­тығы үшін басын қатерге тік­­кен, шовинистік-им­периялық қысым­ның құр­баны болған азамат тағ­дыры – ме­нің ғы­лыми шығармашылық іздені­сімнің негізгі көкөзегіне айналған, күні-түні тол­ған­дыратын мәселе. Өйткені оның аза­мат­тық бол­мысы, ұстанымы мен туған елі­не берген жігіт­тік серті, арман-аңсары, мақ­сат-мұраты – бәрі тек азат­тық үшін ба­ғытталған ғұмыр болатын. Барлыбек Сырттанұлы (1866-1914) – ХХ ғасыр ба­сындағы еліне қорған болған үркердей шо­ғыр­дың өкілі. За­ма­ны­на сай білім алып, өркениеттің ордасы бол­ған Петербор, Ташкент, Орынбор, Ом­бы сияқ­ты шаһарлар да жастық шағы, аза­­­­маттық-қай­раткерлік қалыптасу ке­зең­дері өткен. Орыстың ағар­тушы, демократ, саяси тұлғаларымен қоян-қол­тық аралас­қан. Пікірлес, мәжілістес болып, өзара тал­­қы құрып, ой жарыстырған. Жетісудан шыққан сардар да бо­дан­дық бұғауындағы бейқам хал­қын өркениеттің өріне сүйреген кө­сем­дер мен серкелердің сойынан еді. «Алаш!» деп ұран айтқан жігіттердің көзге ерек ша­лынар асыл қасиеттері – «сегіз қырлы, бір сырлылығы». Барлыбек – шығыстанушы, пуб­лицист, әрі ғалым, әрі дәрігер, әрі саяси қай­раткер, заңгер. Барлыбек ел тізгінін ерте қолына ұстаған-ды. «Бір адам таққа отырса, қы­рық адам адам атқа қонады» деген сөз бар. Барлыбек – осы сөзді шындыққа ай­нал­дырған ғұмыр иесі. Ол кісі Ташкенттен Ал­матыға қызмет ауыстырған соң Же­тісу­ды қоныс еткен бар түркітілдес ұлт пен ұлыс­тың айы оңынан туды ма дерсің! Мы­салы, ол ең алдымен Алматыны қа­за­қы­ландыруға құлшына кірісті. Болыстық, уездік мектептердің санын көбейтті. Қазақ ба­лаларының гимназияда оқуы үшін бө­ліне­тін квота көлемін арттырды. Екіншіден, қа­ладағы қазақтар үшін «Мұсылман кі­тап­ха­насын» ұйымдастырды. Мешіт пенен мед­реселерге ілінген II Николай патшаның портретін шариғат талабына сай емес деп алдыртты. Үшіншіден, не оқусыз, не жұ­мыс­сыз, қам-қарекетіз жүрген адамдарды оқуға тартты, жұмысқа орналастырды. Төр­­­тіншіден, Облыстық Әскери губернатор кеңсесіне қарасты мекемелерге орыс тілін білетін қазақ жастарын жұмысқа кіргізді. Бесін­шіден, отарлық езгінің алым-салық зар­дабын тартқан қарашаның жақтасы бо­лып, қанаушы старшындар мен болыс­тарға әділ билігін жүргізді. Төрелігі – әділ, кө­зқарасы – тура. Кімге болса да ақиқатын ке­сіп айтатын, тіліп айтатын. Оның ұлт тарихындағы баға жетпес еңбегі, шоқтығы биік зор ісі – 1911 жылғы 13 маусымда жазған «Қазақ елінің Уставы» конституциялық мұрасы. Жетісу өлкесінде туған нар тұлға Бар­лыбек Сырттанұлы да отар­лық саясатының құрсауында қалған елінің тағдыры жолында күресіп, Қазақ мем­ле­ке­тін құру идеясын көтерген реформатор ре­тінде танылды. Конституция тарихын, тео­риясын, нормасын зерттеп жүрген ака­демик Сәкен Өзбекұлы, профессор Шолпан Тле­пина сияқты заңгерлердің тұжырымына сүйен­сек, 1911 жылы жазылған алғашқы заң жобасы – еуропалық стильдегі қазақ құқық­тық-саяси ой-көзқарасының даму көр­сеткіші, жеткен жетістігі. Уақыт өтсе де, өзінің құндылығы мен маз­мұнын, мән-мағынасын жой­май, керісінше жалпыұлттық деңгейге ай­на­лып, сипаты халықтық қолданысқа еніп кететін дүниелер болады. Мұның анық та, ай­қын мысалы – біздің сүйікті кейіпкеріміз жаз­ған «Қазақ елінің Уставы» консти­ту­ция­лық еңбегі дер едік. Асылы, бұл еңбек – бүгінгі қазақ құқықтық-заң ілімі тарихы­ның төлбасы. «Қазақ елінің Уставы» – дәуір тудырған сая­си құжат. Анығында, шығыстанушы Бар­лыбекті саясат сахнасына шығарғанда бо­дандық құрсауындағы Алаш жұртының ба­қытсыз тіршілігі, құлдық қамыттың тақ­сіре­ті еді. 1905 жылдың жазында өткен «Қоян­ды» жәрмеңкесіндегі қазақ оқы­ған­дарының жабық құрылтайы оның са­на­сы­на, көзқарасына зор ықпал етті. Ауыр хал­дегі халқының тұрмысына алаңдап, елі үшін, азаттық үшін Әлихан Бөкейхан, Жа­қып Ақбайұлы, Ахмет Байтұрсынұлы, Мір­жақып Дулатұлы сынды пассионар тұл­ғалармен тонның ішкі бауындай ара­ла­сып, бір идеяға қызмет етуге келісті. «Қазақ елінің Уставы» – ұлт миссиясын ар­қалаған құқықтық низам. Оқымысты ар­ғы тарихымыздағы Тәуке ханның «Жеті Жар­ғысы», Есім ханның «Ескі жолы», Қа­сым ханның «Қасқа жолы» сынды Ұлы да­­­ланың ар-намысқа, ер мұратына негіз­дел­ген көшпенділердің дәстүрлі жөн-жо­сы­ғын жетік білетін. Өзіне дейін ғұмыр кеш­кен хан, билердің және ақын-жырау­лар­дың ой-толғамдарын ескеріп, жаңа заң прин­циптеріне арқау еткен. Қыр баласы қазақ елінде бұрын-соңды болмаған һәм Алаш ұлысына таңсық еуропалық стан­дарттағы заңнаманың ой-ұғым, термин мен тезаурусы қамтылған жаңа да соны саяси құжатты ұсынды. Бұл – реформатор тұлғаның қоғамын алға сүйреудегі, елін азат қылудағы батыл қадамы. Барлыбек Сырттанұлы – ұлттық мем­ле­кет құруды жан-тәнімен аңсаған азаттық жар­шысы. Оның еңбегінде «Ұлттық мем­ле­кет», «Ұлт мәжілісі», «Президент», «Вице Пре­зидент», «Министр», «Присяжный суд» ту­ралы жаңа терминдер бірінші рет ғы­лыми айналымға енді. Ол – мемлекет тео­риясының негізін, шартын түзуші. Заң­гер­дің 4 бөлім 28 баптан тұратын Уставының әрбір тармағына зер салып қарасаңыз, Сырт­танұлының арман-мұратын түсінесіз. Барлыбек жазған конституциялық еңбектің мәні отарлық саясаттың зар­дабын тартқан қазақ елін өз алдына дер­бес мемлекет қылу болатын. Авторға осы идеяны өзінің құрдасы, қазақ саяси эли­тасының көшбасшысы Әлихан Бө­кей­хан берген. Барлыбек түзген Уставтың не­гіз­гі платформасы мен идеясы кейіннен Алашорда үкіметінің бағдарламасына тірек болып, көрініс тапты. Барлыбек Петербор императорлық университетінде оқып жүргенінде «халықаралық құқық», «конституциялық құ­қық теориясы», «қылмыстық құқық», «ха­лықаралық қатынас», «экономикалық құ­қық», «полицейлік құқық» сияқты іргелі пән­дерді оқыған. Қазақ ойшылы уни­вер­ситет қабырғасында игерген теориялық білі­мін практикамен ұштастырады. Орыс пат­шалығы тарихында бұрын-соңды болмаған құбылыс қылаң беріп, қараңғы жұрттың бас көтерер азаматы монархиялы би­лікке айбат танытты. Сөйтіп, Петербор шаһарында алғаш рет бұратана аз ұлт өкі-лі – қазақ жұртының профессионалды Уст­а­вы өмірге келді. 111 жыл бұрын Петерборда ұлт көсемі Әлихан Бөкейханның пәтерінде, бір түн ішін­де адам бостандығы мен құқы, мем­лекет қалпы мен құрылымы туралы ха­лық­аралық нормаға сай жазылған заманауи ең­бектің мәні, идеясы әлі күнге дейін өмір­шең, жасампаз. Тәуелсіз Қазақстанның саяси процесі де, жүйрек уақытта аталған заң­ның құндылығы мен маңызын айқын көр­сетті. Конституциялық еңбектің басты ерек­шелігі – қазақылығында. Яғни, қара­пайым әрі ұғынықты тілде жазылуы. Бәл­кім, осы қарапайымдылығынан болар, әр қазақтың жүрегіне «жылы тиіп» отыр­ға­ны. Қазір жазылып жатқан түрлі құқық­тық-заң құжаттары мен нормаларын оқи оты­рып, «қазақшасын» түсіне алмай, орыс ті­­­­лін­де жазылған түпнұсқасына жүгі­не­ті­німіз өтірік емес. Егер біздің заң фа­куль­теті­нің профессор-оқытушылар құрамы Барлыбек Сырттанұлы жазған немесе бас­қа да Алаш зиялыларының құқықтық ба­ғыт­тағы мұраларымен танысса, сол ең­бек­тердің тіліне, қазақы сөз саптау мәйе­гіне, тілдік айшықтарына назар аударса, болашақ заңгерлеріміз бүгінгі олқылықтың орнын толтырар ма еді?! «Қазақылығында» де­генімізге тағы бір рет оралсақ, қайран Бә­кең қазақ жері, сот турасында кесек-кесек ордалы сөздерді ортаға салыпты. «18. Қазақ жері оның меншігінде болады. 19. Қазақ елінің жері саудаға түспейді, құдай оны адам баласына пайдалану үшін жарат­ты. 20. Жердің кені, орман, су, көлі һәм тау­лары қазақ елінің иесінде. Мал жаю, егін өсіру, үй салу, жерді өңдеу һәм жерді пай­да­лы іс мақсатында қазынаға қайтару хүк­мет рұхсатымен болады» деген екен. Не деген көрегендік десеңізші! Сол қазақтың бір уыс топырағы, сайын даласының тағ­дыры – бүгінде көз біткенді телміртіп, тара­зы басына тартылып тұр емес пе... Ал, сот қызметі турасындағы көзқарасы («24. Қазақ еліндегі бар судьялар Ұлт мәжілісінде өмір бойы сайланады. Законды бұзған һәм орын­дамаған судьялар орындарынан алы­нады. 26. Судьялар қазақ тілін білуі шарт. Басқа нәсілдердің сотта өз тілдерінде сөй­леуге хұқы бар. 27. Присяжный соты ауыр қылмысты істерді шешуге хұқылы. При­сяж­­ный саны 7 адам. 28. Сот орындарында партиялар болмауы шарт. Судьялар пар­тияға кіру құқынан айырылады. Жасырын мүше болса, орнынан алынады») дәл қазіргі сот жүйесінің принциптерімен жанасып тұр екен. Бұл құжатта көтерілген мәселелер мен идея­лардың әлі күнге дейін өзекті, жасам­паз болуының басты себебі – адами капи­тал, жеке адамның бас бостандығы мен зайырлығына айрықша көңіл бөлінгенінде. Автор конституциялық құжат даярлау барысында шетелдік танымал заңгер, фи­лософ, социологтардың еңбегімен жіті та­ныс­қаны анық байқалады. Мысалы, ав­тордың әлеуметтік прогресс, парламенттік мемлекет, адам құқы мен бостандығы тура­лы сарабдал ойларының күретамыры Ш. Монтаскье, Т. Джефферсон, Дж.Локк еңбектері болған. Устав жазылғаннан бері ғасырдан ас­там уақыт өтті. 2018 жылы Пре­зи­дент шешімімен Конституциялық ре­форма даярланып, билік тармақтары қай­­­тадан бөлінді. Яғни, Барлыбек атап көр­сеткендей, негізгі жұмыс орталық ат­қарушы орган – министрліктерге беріліп, олар­дың өкілеттігін қарау, есеп алу, ба­қылау жұмыстары Парламент құзырына өт­ті. Саяси-құқықтық идеяның заманауи си­­­паты – тәуелсіз Қазақстан республи­ка­сы­н­ың қажетіне қызмет етуі. Ал жуырда ға­на өткен референдумнан соң да Ата Заңы­мызға бірқыдыру толықтыру, түзету ене­тіні белгілі болды. Алаш оқымыстысының құқықтық көз­қарасының концепциясы түрлі нысанда (ма­қала, баяндама, саяси-теориялық сарап­та­ма, конституциялық құжат) жазыл­ға­ны­мен, ортақ мақсаты қазақ елінің азат­ты­ғы­на қызмет етуге бағытталған, ұлттық мем­­­лекет құрудағы ғылыми доктрина дәре­жесіне жеткенін мойындауымыз ке­рек. Барлыбек жазған заң жобасы ресми бе­кітілмесе де, бұл құжатты сол заманның идея­л­ық-теориялық ілімінің жетістігі деп қарауымыз ләзім. *** Барлыбек Сырттанұлы – жаугершілік дәуір­ден кейінгі қаламмен, парасат-пайыммен күреске шыққан буынның басы. Пат­­шалық астанасы Петербор өрке­ние­ті­мен танысқан, небір ғұлама, атақты орыс ға­лымдарының лекциясын алып, білім көк­жиегін кеңейткен оның отаршылдыққа қар­­сы күрес танымы да өзгеше еді. Өз жұр­ты­ның саяси санасын өсіру, халықты ағар­ту оның ең басты көксегені болды. Шы­ғыс­тану мамандығын бітіріп, заң іліміне жетік бол­ған үлкен оқымыстының бостандық тұ­ғырнамасы – «Қазақ елінің Уставын» жазуы да сондықтан. Барлыбек – өз заманындағы алдыңғы қа­тарлы азамат. Ол 8 тілді еркін игеріп, жиған ілім-білімін елінің тұрмысын жақсартуға, әлеуетін арттыруға жұмсады. (Бар­лыбек – 8 тілді емін-еркін меңгерген IQ жоғары қазақтың бірегейі. Ол қазақ ті­лінен бөлек, орыс, неміс, француз, түрік, араб, парсы, татар тілдерінде таза әрі әдеби көр­кем сөйлеген). Тәңірдің өзіне берген өл­шеулі ғұмырында бар парасатын елі үшін кәдеге жаратты. *** Барлыбек Сырттанұлы – «Қазақ елінің Уставы», «Ынтымақ ережесі», «Дәрі­лік өсімдіктер» (Оның қолданылу тәртібі мен емдік қасиеті) сынды іргелі ең­бектердің авторы. Егемендікті қастерлеудің бір ұстыны өткен тарихты ұғыну, азаттық жо­лында құрбан болған аяулы азаматтардың атын біліп, өмірінен өнеге алу. Ел тари­хы­ның ескі парақтарын ақтарсақ, азат­тық пен еркіндік үшін қаншама арыс отар­шыл­дық саясатқа қарсы шығып, атойлы күрес, рухты дүрбелең тудырғанын білеміз. Им­пе­риялық саясатты әшкерелеп, бодандық­тан құтылудың жоба-жоспарын құрып, өзі­мен ниеті бір, мақсаты өзектес оқыған­дар­мен тізе қосып, ой жарыстырғанын түй­сінеміз. Егер патриоттық сана, отаншыл та­ным қандай болуы тиіс деген сұрақ қойылса, біз оны осы – Барлыбек ғұмыры­нан аңғарамыз. Барлыбектің саналы ғұ­мыры – жастар мен жасөспірімдерге тағы­лым, өнеге. Бүгінгі ұрпақ Барлыбектей оқу­ға ынтық болған азаматтардан үлгі алып, солардай болуға бел бууы керек. Осы сөзімізді Петербор университетінің Заң фа­культетін үздік бітірген заңгер, Бірінші жә­не Екінші Мемлекеттік думаның де­пу­таты болған, мемлекет және қоғам қай­рат­кері Бақытжан Қаратаевтың «Меніңше, жал­ғыз сен ғана халықтың сеніміне ие бол­дың, жалғыз сенің ғана «халық үшін ең­бек еттім» деп айтуға хақың бар», – деп Барлыбек Сырттанұлына берген бағасы қуаттайды. *** Патша үкіметі де, Совет үкіметі де Алаш­тың аймаңдай ұлдарын ұмыт­тыруға барын салды. Ең­бектерін, ер­ліктерін айтқызбауға тырыс­ты. Олар жай­лы естелік айтқан немесе жақ­сы сөз бі­л­дірген кісілерді де жазық­сыз­дан-жазық­сыз түрмеге қамап тастады. «Шаш ал десе, бас алған» кер заман еді ғой... Барлыбекті де атып өлтірген. Бірақ та... Оны қанша жерден туған хал­қына көрсетпей, есімін айтқызбай тыйым сал­с­а да, «алтын пышақ қап түбінде жат­пай­ды» дегендей, оның аты мәңгілікке қай­та жаңғырды. Себебі ол ақиқат еді. Ол ата тарихымыздан сұрыпталып алға шық­қан қайраткер еді. Ол Алаш аспанының жарық жұлдызы еді.

Елдос ТОҚТАРБАЙ