Батыс Қазақстанда тырысқақ ауруы таралып жатыр

Батыс Қазақстанда тырысқақ ауруы таралып жатыр

Батыс Қазақстанда тырысқақ ауруы таралып жатыр
ашық дереккөзі
Батыс Қазақстанда өзендерден тырысқақ қоздырғышы табылды. Бұл жағымсыз жаңалықты жергілікті санитар дәрігерлер растады деп хабарлады turkystan.kz КТК арнасына сілтеме жасап. Жаз маусымы басталғалы бері өңірдегі өзен-көлдерден алынған 73 сынаманың 14-інде тырысқақ дертінің таяқшалары табылған. Бірақ, бұл кеселден келер қауіп жоқ деп отыр мамандар. Өйткені өзге де жұқпалы аурулар сияқты бұл індеттің де көптеген штаммы бар. Судан табылған тырысқақтың таяқшаларынан тек іш өтеді екен. Сондықтан, дәрігерлер тұрғындарды дүрлікпеуге шақырады. Десе де тазалыққа аса мән беріп, өзен-көлге шомылғанда су жұтып қоймау керектігін айтты. Әзірге, облыста кесел жұқтырған науқас тіркелмеген.
 «Бұл таяқшалар облыстағы ашық су көздерінің барлығында кездеседі. Жыл сайын тіркеледі. Сондықтан, тұрғындарға қайнатылған болмаса бөтелкедегі суды ішуге кеңес береміз. Дәретханаға барған соң міндетті түрде қолды жуу қажет. Жұқпалы дерт лас жерден жұғатынын естен шығармаған жөн», – деді БҚО Санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары Нұрлыбек Мұстаев.