Қазақстандық блогерлер Антарктиданың ең биік шыңынан құттықтау жолдады

Қазақстандық блогерлер Антарктиданың ең биік шыңынан құттықтау жолдады

Қазақстандық блогерлер Антарктиданың ең биік шыңынан құттықтау жолдады
ашық дереккөзі

ҚазГео тобы қазақстандықтарды Тәуелсіздік күнімен Антарктиданың ең биік нүктесінен құттықтады, деп хабарлайды ҚазАқпарат. 

Тәуелсіздік күні «Тәуелсіздік полюсі» экспедициясының қатысушылары Мағжан Сағымбаев пен Ілияс Ғалымбеков Антарктиданың ең биік нүктесі - Винсон шыңынан (4892 м) қазақстандықтарды мерекемен құттықтап, Қазақстан туын орнатты. Сол мезетте Аргентинаның Росарио қаласында ҚазГео командасы Бразилия Федеративті Республикасы мен Аргентина Республикасындағы Қазақстан Республикасының Төтенше және өкілетті елшісі Қайрат Саржановпен кездесіп, Тәуелсіздік күнін бірге тойлады.

«Біздің елшілік барлық Оңтүстік Америка елдері үшін жауап береді және олардың Қазақстанмен ынтымақтастық орнатуына қатысады. Бүгінгі шара біз үшін өте маңызды. Қазақстан Тәуелсіздігінің 25 жылдығында Мемлекеттік Тудың көтерілуі - елеулі оқиға. Біздің Мемлекеттік әнұран Отанымыздан 15 мың шақырым қашықтықта ойнады», - деді қазақстандық елші.

1 желтоқсан күні экспедиция қатысушыларымен бірге Алматыдан Пунта-Аренас қаласына блогерлер тобы да бірге ұшқан еді. Олар альпинистердің Чилиден Антарктидаға ұшуға дайындық сәтін жариялады. Олардың арасында Қазақстан блогерлер альянсының өкілдері Асқар Жапаров пен Ілияс Астахов, Айнұр Еспанова, Ерлан Тәжібаев және ҚазГео өкілі Вагида Сәлімова бар. Олар экспедиция қатысушыларын шығарып салған соң, Қазақ географиялық қоғамы ұйымдастырған Латын Америкасына блог-турды бастады.

 «Тәуелсіздік полюсі - оның әрбір қатысушысы үшін үлкен сынаққа айналған батыл да ауқымды экспедиция. Біз полярлық экспедициялардың қалай дайындалып, жүзеге асырылатындығын және оның қатысушыларының қандай киім үлгісін киіп, қандай қажеттіліктермен жарақтанатынын алғаш рет көрдік. Мен осы жобаға қатысып жатқаныма шын жүректен ризамын. Команда мүшелерін Антарктикаға шығарып салғаннан кейінгі біздің мақсатымыз Тәуелсіздік күнін Латын Америкасында тұрып жатқан қазақстандықтармен бірге қарсы алу болатын»,-дейді блогер Айнұр Еспанова.