Елордада Олимпиада күні аталып өтті

Елордада Олимпиада күні аталып өтті

Елордада Олимпиада күні аталып өтті
ашық дереккөзі
Маусым айының ортасында Ұлттық Олимпиада комитетінің мұрындық болуымен Қазақстан аймақтарында басталған Халықаралық Олимпиада күнінің эстафетасы бүгін елордадағы Триатлон саябағында мерекелік спорт мерекесімен аяқталды деп хабарлады turkystan.kz. 23 маусымда Олимпиадалық қозғалысты насихаттау және бүкіл әлемде спортты танымал ету мақсатында Халықаралық Олимпиада күні аталып өтеді. Қазақстан Ұлттық Олимпиадалық комитеті әлемде өтіп жатқан акцияның белсенді қатысушысы. Айтулы дата елімізде осымен 29-шы рет мерекеленіп отыр. Бұл жолы Халықаралық Олимпиада күні Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев жариялаған Балалар жылы аясында аталып өтті. Елорда тұрғындары мен қонақтары эстафеталық жарыстарға қатысып, үстел теннисін ойнап, 3х3 баскетбол, текбол сияқты жаңа спорт түрлерінен бақтарын сынап, қазақстандық брейк-дансшылардың өнерін тамашалады. Сондай-ақ, әртүрлі жастағы балалар арасындағы дзюдо мен таэквондодан көрсетілім жекпе-жектері ұйымдастырылды. Жас қатысушылар үшін шеберлік сабақтарын Ұлттық құрама мүшелері мен Қазақстанның атақты спортшылары 2012 жылғы Лондон Олимпиадасының чемпионы, боксшы Серік Сәпиев, әйелдер күресінен үш дүркін Олимпиада жүлдегері Гүзел Манюрова, 2022 жылғы Бейжің Олимпиадасында Қазақстан құрамасының капитаны, шорт-трекші Абзал Әжғалиев, бокстан 2016 жылғы Олимпиаданың күміс жүлдегері Василий Левит, бокстан әлем және Азия чемпионы Мерей Ақшалов, боксшы әрі Олимпиада жеңімпазы Қанат Әбутәліпов және күрестен 2022 жылғы Азия чемпионы Мәдина Бақбергенова қатысты. «Ұлттық Олимпиадалық комитеті баршаңызды Халықаралық Олимпиада күнімен құттықтайды! Бұл жолы біз бұл мерекені барынша қызықты әрі есте қаларлықтай етіп өткізуге тырыстық. Әсіресе біздің жас спортшыларымыз үшін қызықты болды деп ойлаймын. Балалардың олимпиадалық спорт түрлеріне деген қызығушылықтары артып, қазақстандық чемпиондармен кездескісі келетінін көргенде ерекше әсерде боласың. Бүлдіршін, жас атлеттердің көздері жанып, Қазақстанның батыры болу, бүгін ортамызға жиналған спортшылардай мықты спортшы болуды армандайды. Жалындаған жастармен кез келген шараға қатысып, болашақ чемпиондармен әрқашан бірге болып, ортасынан табылғаныма қуаныштымын. Біз бүгінде Қазақстанның жас спортшы ұрпағы бізден күшті және мықты болуы үшін бәрін істеуіміз керек деп ойлаймын. Жалпы, мереке өте сәтті, жғымды эмоцяға толы болып өтті. Осы қуанышымызды бөлісуге келгендердің барлығына рахмет. Баршаңызға мереке құтты болсын!» - деді Серік Сәпиев. Жас спортшылар олимпиадалық спорт түрлері тақырыбындағы викторинаға, сондай-ақ «Көңілді старттар» эстафетасына қатысты. Барлығы дерлік спортта өз білімі мен шеберлігін көрсетіп, ҚР Ұлттық Олимпиадалық комитетінің бағалы сыйлықтарын ұтып алды. Мерекелік бағдарлама соңында жақында Францияда өткен мектеп оқушылары арасындағы Дүниежүзілік Гимназиаданың жеңімпаздары мен жүлдегерлері марапатталды. Қатысушыларға естелік сыйлықтар мен ҚР ҰОК дипломдарын қазақстандық Олимпиада чемпиондары мен жүлдегерлері салтанатты түрде табыс етті. Спорт мерекесін ұйымдастыруда ҚР ҰОК серіктестері Нұр-Сұлтан қаласының әкімдігі мен Ұлттық спорттық федерациялар болды. Сондай-ақ, 2022 жылғы Олимпиада күнін ұйымдастыруда Қазақстанның ҰОК серіктестері Туризм және спорт саласын қолдау қоры "Sport Qory" мен Toyota Motors ең белсенді қатысушыларды арнайы сыйлықтармен марапаттады.